«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Заң саласында жаңашылдық жетерлік

Заң саласында жаңашылдық жетерлік
Автор
Маусым айынан бастап Әділет министрлігінің «Әділет» ақпараттыққұқықтық жүйесінде (АҚЖ) кез келген құқықтық сұраққа онлайн режимде жауап алуға мүмкіндік беретін жасанды интеллект негізіндегі «Цифрлық көмекші» чат-боты іске қосылды. Өңірлік коммункациялар қызметі алаңында өткен баспасөз брифингінде облыстық Әділет департаментінің басшысы Нұрғали Андасов аталған жүйенің жұмысын таныстырып өткен болатын.

«Әділет» АҚЖ-не енгізілген бұл чат-бот қойылған сұрақтар бойынша заңнамалық актілердің нормаларына сілтеме береді. «E-Zan Komegi» ақпараттық жүйесі қазіргі уақытта Android жүйесінде iOCu қосымшасы арқылы қолжетімді. Бұл кез келген пайдаланушыға өмірлік жағдайларды шешу үшін заңгерлік қауымдастыққа жүгінуге мүмкіндік береді. Аталған жүйе азаматтардың адвокаттар мен заң кеңесшілерінің қатысуымен білікті заң көмегіне қолжетімділігін қамтамасыз ету мен жеңілдетуге бағытталған.

– «Әділет» АҚЖ интернетке қосылған кез келген ұялы телефон немесе компьютер құрылғысы арқылы қолжетімді. Чат-ботты пайдалану үшін adilet.zan.kz ресми порталына өтіп, басты бетте төменгі сол жақ бұрыштағы чат боты белгішесін басу керек. Ашылған терезеде азаматтар өзін қызықтыратын сұрақты енгізеді. Жауап автоматты түрде беріледі, қажет болған жағдайда чат бот нақтырақ ақпарат беру үшін сұрақты нақтылауды ұсынады. Қызмет тәулік бойы, үзіліссіз және демалыссыз қолжетімді, тіркеуді қажет етпейді және толығымен тегін жүргізіледі. «Цифрлық көмекші» азаматтарға кез келген құқықтық сұрақ бойынша жедел әрі қолжетімді заңгерлік кеңес бере алады. Осыған қоса, халықты заң көмегін онлайн түрде алу және көрсетуге арналған бірыңғай ақпараттық жүйе – «E-Zan Komegi» туралы хабардар ету бойынша Әділет департаменті жүйелі түрде жұмыс жүргізуде, – дейді облыстық Әділет департаментінің басшысы Нұрғали Андасов.

Департамент басшысының сөзінше, портал аясында азаматтарға тәулік бойы құқықтық кеңес беретін құқықтық ақпарат қызметінің операторларымен «Бейнеқоңырау» функциясы іске қосылған. Жасанды интеллект негізіндегі цифрлық көмекшіні енгізу мен пайдалану – ел азаматтарына заң көмегінің қолжетімділігін арттырып, құқықтық қызметтерді автоматтандыруды көздейтін Digital Justice (Цифрлық әділет) бастамасының бір бөлігі саналады.

Бұдан бөлек департамент басшысы «Цифрлық нотариат» жобасына да тоқталып өтті. Бүгінде еліміз сенімхат беруді цифрлық форматқа аударған әлемдегі алғашқы мемлекеттердің бірі саналады. Аталған қызмет нотариус куәландыратын мүлікке билік етуден басқа сенімхат түрлері, ерлізайыптылардың келісімдері, некенің жоқтығы туралы өтініштер, консультациялар құжаттарды ресімдеуді онлайн форматқа ауыстыруға мүмкіндік береді. Қызмет e-Gov Mobile мобильді қосымшасының «E-notary» бөлімінде қолжетімді.

«Цифрлық нотариат» жобасын енгізу Нотариаттық қызметтерді алу процесін цифрландыруға, сондайақ азаматтардың орналасқан жеріне қарамастан, оның ішінде шетелде жүрген азаматтар үшін ыңғайлылықты жеңілдетуге және арттыруға мүмкіндік береді. Ол үшін E-gov Mobile-ға кіріп, нотариусқа бейне қоңырау шалу жеткілікті. Тиісті тексеру биометриялық сәйкестендіру және ЭЦҚға қол қою арқылы жүзеге асырылатын болады.

– Цифрлық сенімхатты рәсімдеу үшін алдымен «eGov Mobile» қосымшасына кіру қажет. Одан кейін өтінімді толтырып, оған электронды цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) көмегімен қол қоюы керек. Артынша жеке басын растау үшін қосымшаның көмегімен нотариусқа бейне қоңырау шалады. Белгіленген тариф бойынша нотариустың қызметтеріне ақы төлейді. Соңында «Цифрлық құжаттар» бөлімінде цифрлық сенімхат дайын тұрады. Нотариаттық қызметті онлайн форматқа ауыстыру – уақыттың талабы. Өйткені елімізде бұл қызмет түріне деген сұраныс жоғары. Мәселен, 2022 жылы ел тұрғындарынан сенімхатты нотариалды түрде растауға 2 миллионнан астам өтініш келіп түскен. Ал өткен жылы 1 қаңтарынан бері Жамбыл нотариаттық округінің нотариустары 2 352 онлайнсенімхат 6 онлайн-консультация, 757 онлайн келісім рәсімдеген. Облыста 208 нотариус бар. Жыл басынан бері нотариустар 500 367 нотариаттық ісәрекет жасап, бюджетке 283 077 284 теңге аударды. Орта есеппен әр нотариус айына 200 нотариаттық іс-әрекет орындайды. Нотариат саласында табысты іске асырылған «Цифрлық нотариат» жобасы ерекше атап өтуге лайық. Азаматтар бұл қызметтерді нотариусқа бармай-ақ, бейнеқоңырау арқылы ала алады. Барлық құжаттар «Цифрлық құжаттар» жүйесінде сақталады, – дейді Нұрғали Есіркепұлы.

Айта кетейік, бұл қызметті кез келген нотариус өтініш берген сәтте еркін көрсете алады. «Цифрлық сенімхатты» мемлекеттік органдардың барлығында немесе талап ету орны бойынша қағаз түріндегі баламасымен теңестіруге болады.

Бұл ретте, қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында «eGov Mobile» қосымшасында авторизациялау кезінде де, өтінімге қол қою кезінде де пайдаланушының биометриялық деректерін қолдана отырып электронды цифрлық қолтаңба пайдаланылады. Бетті дайындаған

 

Нұрболат АМАНБЕК

Ұқсас жаңалықтар