«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Темір жолдың тарланбозы

Темір жолдың тарланбозы
Автор
Болат жолдың бойында байланып, тереңге тамыр жіберіп, қалаған істің тұтқасын ұстап, бар ғұмырын осы салада өткізіп, өркені өскен өрелі өмірдің биігінде жүрген бір азамат бар. Болат жолды өмірлікке өзек етіп, оның ыстық-суығына төтеп берген, қара майдың иісінен шабыт алып, самайын ағартқан асыл ағаның сайын даладағы ерлікке бергісіз еңбегі мен төккен теріне тәнті болмау мүмкін емес. Ол азамат шойын жолда шоқтығы биік болып, тарланбоз атанған дара тұлға – Қалтай Сәмбетов екендігі даусыз.

Қалтай аға Свердлов ауданындағы №1 қызылша совхозының Ақбұлым ауылында дүниеге келген. Әкесі Жыланкөз осы шаруашылықта жұмысшы, анасы Махташ қызылша өсіретін бригаданың жетекшісі болып еңбек етті. 1956 жылы қызылша совхозында орта мектепті, 1958 жылы Жамбыл стансасындағы №12 техникалық училищені электр механик мамандығы бойынша бітіреді. Одан кейін Ташкент қаласындағы темір жол көлігі инженерлерін даярлайтын институтын тәмамдайды.

18 жасынан темір жолдағы үлкен дүрмекке қосылып, жүрек қалаған мамандықты меңгеріп қана қоймай самғап шығар биігіне талпынды. Еңбек жолын Аягөз сигнал беру және байланыс дистанциясында электр монтері болып бастады. Жас маманның өндірістегі білімпаздық пен алғырлық үстемдігі Шу қаласына алып келді. Осындағы сигнал беру және байланыс дистанциясының бас инженері, бірер жылдан соң кәсіпорын басшысы болып қызмет атқарды.

Болат жолда құрыштай құйылып, тастүйін тірлік танытып, оқ бойы озық көрініп, талаптың тұлпарын танытқан жанға жарқын жол ашылды. Басшылық қызметін Жамбыл дистанциясында жалғастырды. Кезінде Мойынты-Шу-Жамбыл-Арыс және Алматы-Шу учаскелері арасындағы жол қатынасы біршама қиындық туғызып келген болатын.

Осы қиындықтарды шешу жолында қаншама тер төгілді десеңізші. Бұл учаскелерде екінші жол құрылыс жұмыстары, автоматика, телемеханика және байланыстың жаңа техникаларын енгізу жұмыстары қарқынды жалғасын тапты. Қалтай ағамыз осы маңызды әрі күрделі істердің басы-қасынан табылып, ойдағыдай аяқталуына бар күш-жігерін жұмсады. Қазақ темір жолының сигнал беру және байланыс қызметінің Бас инженері қызметін теміржолдың сыннан өткен тәжірибелі маманы ретінде қабылдады. Алматы темір жолы бөлімшесі басшысының бірінші орынбасары – бас инженері, кейіннен осы бөлімшенің басшысы қызметіне бекітілді.

«Қазақстан темір жолы» республикалық мемлекеттік кәсіпорны Бас директорының бірінші орынбасары, «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының бірінші вице-президенті қызметтерін үлкен жауапкершілікпен атқарды. 1976-1982 жылдары Қазақ ССР Халықтық бақылау комитетінің көлік және байланыс бөліміне басшылық етті. Одан кейін Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің көлік және байланыс бөлімі басшысының орынбасарлығына жоғарылатылды.

Бұл жылдар Қалтай ағамыз үшін мемлекеттік міндеттер мен мәселелерді меңгеру мектебіне айналды. Темір жол саласында күрмеуі қиын түйінді мәселелер де аз болған жоқ. Соның бірі АрысШу-Алматы учаскесін электрлендіру мәселесі болатын. Кеңестер одағы күйреген тұста жағдай мәз емес еді. Тәуелсіз Қазақстанның бұл жобаны жүзеге асыруға қаржысы жоқ болатын. Бұл кезде Қалтай Сәмбетов Алматы темір жолы басшысының бірінші орынбасары әрі бас инженері қызметін атқаратын.

Бас экономист міндеті қоса жүктелді. Алға қойылған мақсат қаржыны үнемдеп жұмсау болса, бұл міндет үдесінен шығу жауапкершілігі екі есе арта түскені белгілі. Ол күндіз-түні құрылыс басынан шықпады. Бәріне шыдады, бәріне көнді. Белгіленген учаскелер өз уақытында іске қосылып, пайдалануға берілді. 1995 жылдың 4 қаңтарында солтүстік пен оңтүстік арасындағы учаскелерді электрлендіру процесі аяқталды. Оның салтанатты ашылуына еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев қатысты.

Осынау аса ауқымды халықтық құрылысқа лайықты үлесін қосқан әрі қайрат-жігерін аямаған Қалекеңе «Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері» атағы берілді. Жаңа темір жол салу және оны жетілдіру, электрлендіру нысандарын, жаңа темір жол тораптарын пайдалануға беру секілді толып жатқан толайым істердің бәрінде Қалтай аға бастаған қайсар жандар жүргендігін айта кету керек. Әлеуметтік-тұрмыстық нысандар, вокзалдар, теміржолшыларға арналған тұрғын үйлер, балабақшалар, тағы басқа нысандардың бой көтеруіне мұрындық болып, елеулі қолтаңба қалдырғаны ақиқат.

Соңғы жылдары ол АлматыШу учаскесінде екінші жол құрылысының барысын қадағалап, ақыл-кеңестерін беруден танған емес. Оның ерекше елгезектігі мен табандылығы, мақсатқа жету жолындағы талап-талпыныстары осы салада жүргендерге етене таныс болатын.

Бұл күндері ол пойызбен жаңадан салынған болат жолдармен жүріп өткенді жаны қалайды. Оған жол бойындағы әрбір разъезд, электр желісінің постылары, тағы басқа темір жолға қатысты белгілер өте жақын әрі өте ыстық көрінеді. Шойын жолда шыныққан аға ТМД елдері темір жол көлігі жөніндегі Кеңестің құрылуының бастауында тұрғандығын айта кеткен орынды.

17 жыл бойы Кеңестің мәжілістерінде Қазақстанның мүддесін қорғап, толымды пікірлерімен бөлісті. Ресеймен, Өзбекстанмен, Қырғызстанмен, тағы басқа елдермен қарым-қатынасты сақтап қалуға үлес қосты. Темір жол әкімшілігінің қызметін ойдағыдай үйлестіріп отырды.

2001 жылдың қараша айында жолаушылар мен жүктерді тасымалдау, халықаралық жол қатынасында темір жол көлігінің тиімді жұмысын қамтамасыз ету ісінде темір жол әкімшілігінің өзара ісқимылы мен ынтымақтастығын одан ары дамытуға және нығайтуға айтарлықтай үлес қосқаны үшін аталған Кеңес Қалекеңді Құрмет грамотасымен марапаттады.

Бүгінде ол Достық-Мойынты учаскесінің екінші жол құрылысына жиі шығып тұрады. Дружба /Достық/-Алашанькоу халықаралық темір жолының салынуын құп көріп, мақтан етеді. Өткен жылдары алғашқы күндерден бастап, Дружба стансасын қалпына келтіру жұмыстарына, Дружба-Ақтоғай учаскесі арасындағы темір жол құрылысына, осы екі арадағы халықаралық қарым-қатынастың өткізу қабілетін жетілдіруге және кеңейтуге жетекшілік етті. Кейінірек ол еліміздің транзиттік әлеуетін арттыру жөніндегі мақсатты жүзеге асыруға қатысты. Соның нәтижесінде Жетіген-Хоргос және Алтынкөл-Хоргос екінші өтпелі шекаралық жол салынды. Үнемі жол бойында өмірін өткізген дала перзенті 365 күннің 270 күнін іссапарда өткізгенін не десек болады? Ал 86 жас ғұмырында қаншама шақырым жол жүрді десеңізші! Алда атқарылатын міндеттер де ауқымды. Қазақстан темір жол саласы бүгінде жаңарту кезеңіне қадам басып отыр.

2029 жылға дейін 5 мың шақырым жаңа жол құрылысы мен модернизация жүргізіліп, 11 мың шақырым жол жөнделеді. 7 мыңнан аса жаңа жүк вагонын сатып алу жоспарланған. Бұл жүк тасымалының артып келе жатқан әлеуетін сақтауға және дамытуға мүмкіндік береді. Ол әлі де алдыңғы қатарда келе жатқан ардагер. «ҚТЖ» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының Консультативтік кеңесінің мүшесі. Өзінің кәсіби бай тәжірибесіне сүйене отырып, компанияның өміріне белсене араласып келеді.

Кәсіби пікір айта білу, жаңалықты сезіну, алдағы айқын мақсаттарды белгілеу, жөн-жобалар мен жаңа идеялармен бөлісу секілді нәрселердің барлығы да Қалтай ағасыз болмайтындығы, кез келген іс-шара Қалтай ағасыз өтпейтіндігі белгілі. Ардагер ағамызды болат жолдың бапкері десек те болатын шығар. Салмақты саланың қол бастаған әрі іргелі істерге жетелеген ірі тұлғасы десек те артық айтқандық болмас. Артынан ерген қаншама шәкірттері бар. Өзі де әуел баста шәкірт болып, талай ұстаздан тәлім алды. Талай әріптестерімен тізе қосып еңбек етті. Ыстық пен суықты бастан өткерді.

Темір жолдың үстінде табанын нық ұстап, барлық қиындыққа төтеп берді. Талай сынақтан сынбай өтіп, темірдей тәртіппен теміржолшылар туын биік ұстап келеді. Бүгінде болат жол ерлерін тілге тиек етпеу мүмкін емес. Саладағы сенімді серіктестері Нығметжан Исинғарин, Юрий Лавриненко, Марат Хамзин, Амангелді Селбаев, Амангелді Омаров, Әби Сарқыншақов, Әуезхан Салықбаев, Александр Стародуб және тағы басқалар темір жолды өздерінің қажырлы еңбектерімен нығайтты, экономиканың күретамырына айналдырды.

Қалтай ағамызға елімізге танымал темір жол тарландарымен бірге қызмет ету бақыты бұйырды. Жамбыл темір жол бөлімшесін басқарған атақты Байзақ Пірманов, Байзақ ағаның шәкірті әрі осы бөлімшеге басшылық еткен Сағынбек Ақшалов, Қазақ темір жолының басшысы Геннадий Виноградов, теміржол кәсіподағының төрағасы Рымбек Тұрғанбаев, сигнал беру және байланыс қызметінің бастығы Николай Спирин және басқалармен қоян-қолтық араласып, ерен еңбектерімен ел есінде қалды. Әсіресе, Құдайберген Көпжасаровтың берген тәлімі мен өнегесі айрықша болды.

Осы кісінің қамқорлығы мен ұстаздығының арқасында көптеген белесті бағындырды. Сәмбетов есімі бүгінде темір жолдың брэндіне айналды. Жол бойында өрілген ғұмырдың тамаша кезеңдері артта қалғанымен бақытты шақтары да аз болмапты. Жүректі кернеген қуаныштар оған ерекше шабыт бергендей. Ол еңбек қуанышы екендігі даусыз. 66 жыл еңбек өтілі бар ардақты ағамыз елінің берген сый-сияпатынан кенде қалған жоқ. Қалтқысыз қызметімен Қазақстанның Құрметті теміржолшысы, Шу ауданы және Жамбыл облысының Құрметті азаматы атанды. Екі мәрте «Парасат» орденімен және «Құрмет» орденімен, екі мәрте Еңбек Қызыл Ту орденімен және медальдармен марапатталды.

Жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қалтай ағаны «Қазақстанның Еңбек Ері» атағымен марапаттап, кеудесіне алтын жұлдызды қадады. Бұл атақ болат жол бойындағы өлшеусіз сіңірген еңбегі мен темір жол саласының дамуына айырықша қосқан үлесі үшін берілді. – Осынау мәртебелі үлкен наградаға ие болу мен үшін құрмет әрі бақытты сәттерімнің бірі деп білемін. Еңбегімнің бағаланғанын мақтан етемін. Дәл осы сәтте темір жолға барынша беріліп, туған халқыма және Отаныма адал қызмет етіп жүргенімді ойладым.

Ең алдымен ауызыма:

«Елім өсіп, өркендеп, гүлдене берсін. Қажырлы еңбектеріміз ел игілігіне жарай берсін. Көркейсін, жасасын Қазақстан!» деген сөздер оралды», – дейді болат жолда бағы жанған Қалтай ағамыз.

Құрыш қалай шынықса, Қалекең де солай шынықты. Бұл саланың иыққа артқан жүгі ауыр болғанымен, барлық кедергі-қиындықтарды жеңіп, темір жолды өрге сүйреп келе жатқан жайы бар. Пойыздар жүйткіген мынау өлкеде туған даласының тынысын кеңейтуге, елінің игілігін тасытуға, тасымалдың кідірмеуіне әлі де күш салып келеді.

 

Мақұлбек МАЛДАРБЕКОВ

Қазақстанның Құрметті журналисі.

Ұқсас жаңалықтар