«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жаңа белестерге бастаған оқу жылы

Жаңа белестерге бастаған оқу жылы
Автор
Т.Рысқұлов ауданы Луговой ауылындағы Т.Рысқұлов атындағы мектеп-лицейі базасында Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетімен бірлескен жұмыс жүзеге асырылып келеді. Яғни, аталған мектеп пен университет арасындағы меморандум негізінде «Математика», «Физика» пәндері бойынша аудан мектептерінің, 10-11-сынып оқушылары арасында олимпиада ұйымдастырылады. 2021 жылдан бері дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан олимпиада екі кезеңмен өткізіліп, оқушылардың білімі сынға түседі. Алғашқы кезеңде оқушылар тест тапсырмалары арқылы жалпы 25 сұраққа 50 минут ішінде жауап беріп, II кезеңде 3 есептен тұратын жазбаша тапсырманы 40 минут ішінде орындап, өз білімдерін көрсетеді. Нәтижесінде бірінші орынға ие болған оқушылар аталған оқу орнында оқудың 100 пайыз жеңілдігін, екінші орын иегері 75 пайыз және үшінші орынды алған жеңімпаз 50 пайыз жеңілдікті жеңіп алып, арнайы сертификатпен марапатталады.

Т. Рысқұлов атындағы мектеплицейі өткен оқу жылын табысты қорытындылап, биылғы оқу жылын жаңа жоспар-мақсатпен бастап отыр. Мектеп директоры Ербол Кайпулдаев мұндағы педагогтер мен оқушылар бүгінге дейін қол жеткізген жетістіктерді алдағы уақытта да жалғастырып, жаңашылдықпен дамыта отырып, жаңа оқу жылын бастағандарын айтты.

– Өткен оқу жылы мектебіміз үшін ерекше табысты, жарқын және нәтижелі жыл ретінде тарихта қалды. Бұл жыл бойы ұстаздарымыз білім мен тәрбие сапасын арттыру жолында талмай еңбектенсе, оқушыларымыз ғылым мен өнер, спорт пен қоғамдық жұмыстарда түрлі деңгейде жетістікке қол жеткізді. Білім беру саласындағы өзгерістерге бейімделе отырып, мектебіміз сапалы білім мен саналы тәрбие беруді басты мақсат етіп қойып, оқу-тәрбие процесіне жаңа технологиялар мен әдіс-тәсілдерді белсенді енгізді. 2024-2025 оқу жылында оқушыларымыз аудандық, облыстық, республикалық және халықаралық білім сайыстарында мектеп абыройын асқақтатып, үздік нәтиже көрсетті. Мектеп оқушылары аудандық пәндік олимпиадаларға қатысып, жүлделі орындарды иеленді. Облыстық олимпиадаға жолдама алған оқушыларымыз мектебіміздің намысын абыроймен қорғады. Халықаралық лингвистикалық олимпиадада тіл білімінің терең қабаттарын зерттеуге құштар, логикалық ойлауы мен тілге деген сүйіспеншілігі жоғары оқушыларымыз байқауға қатысты. Бұл олимпиадада Маржан Мұхан ІІІ орынды иеленді. Маржан бұл сыннан сүрінбей өтіп, еліміздің намысын қорғауға мүмкіндік алды. Олимпиада тапсырмалары – түрлі тілдердегі грамматикалық құрылымдарды, тілдік заңдылықтарды логикалық жолмен шешуді талап етеді. Маржан тапсырмалардың күрделілігіне қарамастан, ерекше білімпаздығын, талдау дағдысын және төзімділігін көрсетті. Білім мен еңбектің нәтижесі – үлкен жетістік. 2024-2025 оқу жылының ең айтулы жетістіктерінің бірі – мектебіміздің озат оқушылары Президент олимпиадасында жүлделі орынды иеленгені болды. Бұл білім сайысы – еліміздегі ең беделді әрі интеллектуалдық деңгейі жоғары олимпиадалардың бірі. Президент олимпиадасына 11-сынып оқушысы қатысып, математика пәні бойынша білімін сынға салды. Олимпиаданың мақсаты – жаратылыстану-математика бағытындағы дарынды оқушыларды анықтау және қолдау. Мектебіміздің мақтанышы – Айғаным Керімбек аудандық іріктеу кезеңінен сүрінбей өтіп, облыстық деңгейде өз білімін дәлелдеп, ІІІ орынның биігінен көрінді. Бұл – оқушылардың жүйелі дайындық пен терең ізденісінің, сондай-ақ олардың жетекші ұстаздарының кәсіби еңбегінің жемісі. Президент олимпиадасынан орын алу – тек жеке жетістік емес, ол – мектептің білім беру сапасының, ұстаздар еңбегінің және оқушылар ынтасының көрсеткіші, – дейді Ербол Талантұлы.

Кеше ғана басталған оқу жылына бұл мектеп-лицей үлкен әзірлікпен кірісті. Кітапхана меңгерушісі Гүлбайра Танысхожаева барлық оқушылар түгелдей қажетті кітаптармен қамтамасыз етілгенін жеткізді. ؘ

– Білімнің бастауы – кітап. Онсыз толыққанды ілім алу мүмкін емес. Мемлекетіміздің жас жеткіншектерге көрсетіп отырған үлкен қолдауының бірі – мектеп оқушыларын 100 пайыз қажетті оқулықтарымен қамтамасыз етіп отырғаны деуге болады. Қыркүйек айы басталмай тұрып, оқушыларға қажетті кітаптарды үлестірдік. Мектебіміздегі оқушыларымыздың білім бәйгелеріндегі жетістіктері – бәрімізге ортақ абырой. Алда биік белестер бар. Президент олимпиадасындағы жеңістер жас ұрпақтың ғылымға деген қызығушылығының артып келе жатқанын көрсетеді. Мектебіміздің дарынды жастары білімнің биік шыңдарын бағындыруды жалғастыра беретініне сенімдіміз. Сонымен қатар биылғы оқу жылында тек оқу ғана емес, оқушыларымыздың шығармашылық қабілеттерін дамыту да мектеп ұжымының басты назарында. Ол – тәрбие жұмысының маңызды бағыты. Мектепте көркем өнер, театр, вокал, би, қолөнер үйірмелері жүйелі жұмыс істейді. Спорт саласында да мектеп оқушылары белсенділік танытып, түрлі жарыстарда жетістіктерге жетті. Ұстаздар мен оқушылардың білім мен ғылым жолындағы ізденістеріне кітапхана да өз тарапынан қолдауын аямайды, – дейді Гүлбайра Беделханқызы.

Жаңа оқу жылын бұл ұжым жаңа биіктерге жол ашқан, жетістікке толы маңызды кезең деп санайды. Бұл табыстар – мұғалімдердің қажырлы еңбегі, оқушылардың талпынысы және ата-аналардың қолдауының жемісі. Алдағы оқу жылында да ұжым болып бірігіп, білім беру мен тәрбие ісінде жаңа белестерді бағындыра береміз дейді мұндағы педагогтер.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА

Т. Рысқұлов ауданы

 

Ұқсас жаңалықтар