Отағасы Мақсұт Омаров 1957 жылы Мойынқұм ауылында туған. Жамбыл гидромелиорация құрылыс және Тараз педагогикалық институттарын бітірген жоғары санатты тарих пәнінің мұғалімі. Білім саласында 40 жыл еңбек етіп, зейнетке шыққан ардагер ұстаз. Мақсұт үнемі ізденіп, алға ұмтылып жүреді. 1998 жылы «Қуаныш» отбасылық фольклорлық ансамблін құрған. Ұл-қыздары ұлттық аспаптардың кез келгенінде шебер орындағанымен қатар, эстрада жанрында әндерді нақышына келтіре орындайды.
Республикалық, облыстық, аудандық байқаулардың жеңімпаздары. Сонымен қатар немерелерін де өнерге тәрбиелеп, ансамбль мүшелерін толықтырудағы еңбегі ерекше. Облыс орталығында өтетін Мойынқұм ауданының мәдениеті мен өнер күндеріне, аудан орталығында өтетін мәдени іс-шараларға тұрақты және белсене атсалысып келеді. Зейнетке шықса да өнерден қол үзбей, ұлттық өнерді дамытудағы еңбегі ерекше.
Отанасы Ләззат Мерекенова 1958 жылы Мойынқұм ауданы, Кіші Қамқалы ауылында дүниеге келген. 1980 жылы Тараз педагогикалық институтын аяқтап, 42 жыл ұстаздық еткен. «Күміс алқа» медалінің иегері. Тұңғыштары Зуһра Мақсұтқызы 1981 жылы дүниеге келген. Білімі жоғары. Ол Асқар Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрында кадр бөлімінің басшысы болып еңбек еткен. Қазіргі таңда театр музейінің меңгерушісі қызметін атқарады.
Зухрадан кейінгі қызы Назира Мойынқұм аудандық өнер мектебінің хореографы. Қуаныш Мақсұтұлы – жоғары білімді архитектор.Тараз қаласы «Қазақтелеком ААҚ» жобалаушы инженері қызметін атқарады. Ержан Мақсұтұлы – Мойынқұм музыка мектебінің мұғалімі. Ерлан Мақсұтұлы жеке жұмыстармен шұғылданады. Нұрбол Мақсұтұлы – Мойынқұм аудандық мәдениет үйінің әншісі, өнер және қосымша білім беру мектебінің вокал пәнінің мұғалімі. Жанұяның 4 ұл-қызы, 12 немересі отбасылық «Қуаныш» ансамблінде өнер көрсетеді.
Шымкентте өткен республикалық байқаудың І орын иегері. Отағасының өткен өмір жолына, отбасына берген тәрбиесіне көңілі толады.
«Қырық жыл бойы балаларға білім беру, еліміздің болашағын тәрбиелеу маңдайыма жазылыпты. Оның 30 жылында Тәуелсіз Қазақ елінің білімді ұрпақтарын әзірлеуге еңбегімді арнадым. Осы жылдар ішінде жүздеген шәкірттерді ұядан ұшырыппын. Солардың көпшілігі өздерінің сапалы білім, ұлағатты тәрбиелерімен өмірдің әр бұрышына жол тауып, еліміздің сан саласынан орын тапты. Яғни, өмірге кірпіш болып қаланды. Сол үшін өзімді бақытты ұстазбын деп есептеймін. Өзім тарих пәні мұғалімі болсам да, өнерге жақын болдым. Отбасылық «Қуаныш» ансамблін аштым. Мұндағы негізгі мақсат байқаулардан бас жүлде алып көзге түсу емес. Бәлкім, ол да керек. Негізгі мақсат – отбасылық ансамбльде жүріп балаларым мен бауырларым тату болса, бір-бірлерін құрметтеп, бағалап өссе деген тілек. Сол тілек бізді биіктерге жетелеп келеді. Қазір аталған ансамбль облысқа танымал. Республикалық деңгейде де алған жүлделеріміз жетерлік. Қазір мен зейнеттемін. Осы ансамбльді мықтап қолға алып, ұйымдастыру жұмыстарын жүргізе бастадым. Өз отбасым жақсы тәрбиемен өсіп жатқанына қуанамын. Бұл жетістік менің ғана жетістігім емес, отбасы мүшелерінің тегіс жеңісі. Біздің шаңырақта тәрбие мәселесі бірінші орында. Ағайын-туыс, жекжат үйге келсе, оларға ізетпен қызмет ету – біздің үйдің дағдысы. Бұрынғы бабаларымыз «Жұбайың жақсы болса үйіңе көп кісі келеді, жұбайың жаман болса келген кісінің кеткісі келеді» депті ғой. Өте дұрыс айтқан. Сондықтан мені түсінген, 46 жыл бойы отбасыма жылу берген асыл жарым Ләззат Шәкірқызына айтар алғысым шексіз. Ұлдарымызға бірігіп берген тәрбиеміз келешекте жемісін береді деген ойдамын. Бізде көршілермен де байланыс жақсы. «Қиямет күні қоңсыдан» дейді ғой.
Көршілермен жақсы араласып, жағдайларын біліп тұрамыз. Кейде кешкі шайды көршілермен әңгімелесіп отырып бірге ішеміз.
«Ағайынның аты озғанша, ауылдастың тайы озсын» дейді. Ол сөз де бекер айтылмаған. Көршінің балаларымен менің балаларым тату. Ол жағы бізге ұнайды. Қысқасы, үлгілі отбасы болайық деген жоқпыз. Отбасымыздың ізгі мұраты озат шаңырақ болуға жетеледі. «Мерейлі отбасы» байқауының аудандық кезеңінде жеңімпаз болғанымызға, облыстық кезеңге өткенімізге қуанамын. Байқаудан жүлде алмасақ та бақыттымыз. Осы үшін Жаратушыға мың шүкір. Би болайын, басшы болайын деп сұраған емеспін. Осы қуанышқа толы өміріме, бақытқа толы отбасыма ризамын», – дейді отағасы Мақсұт Жиреншеұлы.
Мұндай ұлағатты отбасының ұл-қыздары ертең еліміздің нұрлы болашағы боларына күмәніміз жоқ.
Есет ДОСАЛЫ
Мойынқұм ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Екпені тейлериоз ауруы тіркелмей егу керек
- 4 желтоқсан, 2025
Мүгедектердің құқықтарын қамтамасызетудің жайы қалай?
- 4 желтоқсан, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




