«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Шығыс пен Батысты, Оңтүстік пен Солтүстікті байланыстырған шаңырақ

Шығыс пен Батысты, Оңтүстік пен Солтүстікті байланыстырған шаңырақ
Автор
Ел Президенті биылғы жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялады. Бұл бастама – еңбек адамын дәріптеу, қарапайым жұмысшының қоғамдағы мәртебесін арттыру жолындағы маңызды қадам. Өйткені елдің дамуы, халықтың әлауқаты ең алдымен адал еңбекке, кәсіби шеберлікке сүйенеді. Жұмысшы мамандығы – тек кәсіп қана емес, ол – қоғамның қозғаушы күші, өмірдің тірегі. Сондықтан бұл жыл жас ұрпақты еңбекке баулуға, жұмысшы мамандықтарының маңызын ұғындыруға бағытталған үлкен мүмкіндік болып отыр.

Жұмысшы мамандықтарының ішінде теміржолшы еңбегінің орны ерекше. Теміржолшылар – еліміздің күретамыры саналатын теміржолды үздіксіз жұмыс істетіп, халықтың күнделікті қатынасы мен тұрмысын қамтамасыз етіп отырған жандар. Олардың еңбегі – уақытпен санаспайтын, үлкен жауапкершілікті талап ететін қажырлы қызмет. Теміржолшы отбасылары – шыдамдылықтың, еңбекқорлықтың, адалдықтың үлгісі. Сондықтан бұл мақалада біз теміржолшылардың қоғамдағы маңыздылығына және олардың отбасылық құндылықтарына тоқталамыз.

Жазбамызға арқау болып отырған – Бакеновтер отбасы. «Қазақстан Теміржолы «ҰК» АҚ-ы – «Жүк тасымалы» ЖШС филиалы Жамбыл бөлімшесіне қарасты Жамбыл локомотив пайдалану депосында жұмыс істейтін Ерлан Бакенов пен Гүлмира Бакенова темір жол колледжінде оқып жүргенде танысқан.

Бүгінде төрт бала тәрбиелеп отыр. Теміржолшылар отбасынан шыққан олар:

«Бала кезден көргеніміз де, естігеніміз де теміржол болғандықтан болар, біз басқа мамандық туралы ойланбадық та. Ата-анамыз темір жолда жұмыс істейтіндіктен, біздің де автоматты түрде сол жолмен жүруіміз керек секілді көрінетін», – дейді.

100 жылдан аса тарихы бар Жамбыл локомотив пайдалану депосы – өңірдегі тұрақты және тиімді көлік қатынасын қамтамасыз ету тізбегінің маңызды буыны. Ашылғалы бері белсенді дамып келе жатқан кәсіпорын 1924 жылы, 7 қарашада «Әулие-Ата паровоз депосы» ретінде құрылған. – Атам Сағитжан Жусупов 1940 жылғы. Орта білімнен кейін Ташкент Темір жол училищесінде оқып, «вагон шаруашылығы» мамандығын игеріп шыққан.

Еңбек жолын Сексеуіл Қазалы темір жол аймағынан бастаған. Жамбыл темір жол бөлімшесінде көп жыл ревизор қызметін атқарған. Ол заманда ревизор деген мықты қызмет саналатын. Кейін 41-ші жолдың бастығы болып, соңғы жылдары жүк вагонын жөндеу депосында қызмет атқарып, зейнетке шықты. Бүкіл өмірін теміржолға арнап, оның үздіксіз жүруіне көп тер төкті десем болады. Атам екі ұлын да теміржолшыларды оқытатын оқу орнында оқытқан.

Осылайша көкем мен әкем де атамның жолымен темір жолда жұмыс істейді. Көкем Мұратбек Жусупов Жамбыл жол бөлімшесіне қарасты Жамбыл-Қаратау-Жаңатас учаскесінде пойыз диспетчері қызметін 16 жыл атқарған. Оған дейін сол учаскедегі барлық бекеттердің бастығы болған. Ал әкем Рыспай Жусупов Жамбыл вагон пайдалану депосында вагон қараушы болған. Өзіңіз білетіндей, пойыз әр бекетке келіп тоқтағанда, тақ-тақ етіп әр вагонның астында бір тетікті қағып жүретін маман болады. Олар дыбыс арқылы-ақ пойыз дөңгелектерінде ақау бар-жоғын білетін болған.

Міне, менің әкем де көрген көзге оңай көрінгенімен, бірақ жауапкершілігі ауыр сондай жұмыс атқарған. Анам Гүлбану Жусупова Жамбыл электрмен жабдықтау дистанциясында контролер болып жұмыс істеп, зейнетке шықты, – деген Гүлмираның әңгімесі оның теміржолшылар династиясынан шыққандығын дәлелдей түсті.

Жолдасы Ерлан да темір жолға кездейсоқ келмеген. Анасы Ақсұлу Бакенова «Қамқор» локомотив жөндеу депосында 20 жылдан астам уақыт жұмыс істеп, зейнетке шыққан. Ол кісінің міндетіне – электровоздың астындағы темірі мен дөңгелегін өлшеу жататын болған. Ерлан 2004 жылы Тараздағы Темір жол көлік колледжін тәмамдап, машинистің көмекшісі болып жұмысқа орналасады. Содан бері 20 жыл өтіпті. Қазір «Тальго» жолаушылар пойызының 1 санатты машинисі болып жұмыс істейді.

– Біздің мамандық аса үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Өйткені мен жүргізіп бара жатқан пойызда жүздеген адамның тағдыры, олардың өмірі тұр. Әр секундта, әр шешімде сол жауапкершілікті сезініп отырасың. Сондықтан жұмысқа барынша мұқият әрі тиянақты қарау – мен үшін басты қағида. Өз мамандығымды мақтан етемін. Пойызды қауіпсіз жеткізіп, жолаушылардың аман-есен діттеген жеріне жетуі – ең үлкен жетістігім, – дейді ол.

Бұл салада тәулік пен түннің, мереке мен демалыстың айырмашылығы жоқ. Қысқы аязда да, жаздың ыстығында да теміржолшылар рельсті тексеріп, пойыздардың қозғалыс кестесін қадағалап отырады. Олардың тынымсыз еңбегінің арқасында пойыздар белгіленген уақытта межелі жерге жетіп, жолаушылар да, жүк те қауіпсіз жеткізіледі. От анасы Гүлмираның жұмысы о сы қауіпсіздікпен тікелей байланысты.

Бүгінгі күні ол Жамбыл локомотив пайдалану депосында жылдамдық таспасын талдаушы инженер болып жұмыс істейді. Яғни, ол машинистердің барып келген сапары жазылған кассета, флешкаларды компьютерге жүктеп, тексереді. Олардың қандай жылдамдықпен жүргендігін, қай бекеттерде қанша уақыт тұрғандығын, жүру тәртібі бұзылды ма, жоқ па, пойызда техникалық ақаулықтар болмады ма, соның бәрін тексеріп отырады. Тараздағы Темір жол көлік колледжін бітірген соң, Ерлан мен Гүлмира Алматыдағы Қазақ көлік қатынас жолдары Академиясында тағы 3 жыл оқып, білімдерін жетілдіреді.

– Біздің бала кезімізде жылда тамыз айының бірінші жексенбісінде Теміржолшылар күні өтетін. Ол кезде мереке қазіргі SMALL супермаркетінің артында орналасқан Теміржолшылар паркінде тойланатын. Сол жерге киіз үйлер тігіліп, концерттік бағдарламалар өтіп, спорттық ойындар ойнатылатын. Сол мейрамды біз – теміржолшылардың балалары қатты күтетінбіз. Бүгінде сол мерекені осы салада жүрген маман ретінде өзіміз ұйымдастырып жүрміз, – деп еске алады Гүлмира.

Жамбыл теміржол бөлімшесінің машинистері пойыздарды Арыс станциясынан Шу станциясына дейінгі аралықта жүргізеді. Бұл – оңтүстікте Түркістан облысының Арыс станциясынан басталып, шығыста Шу станциясына дейін созылатын негізгі теміржол желісі. Аталған аралық еліміздің ең маңызды теміржол дәліздерінің бірі болып саналады.

– Тараздан жолаушылар пойызы негізінен түнде жүреді. Сондықтан күндіз ұйқымды қандырып алуға тырысамын. Тәжірибелі машинистер пойызды ақырын тежей отырып тоқтата білуі керек. Әйтпесе, жолаушының ішіп отырған ыстық шайы төгіліп күйіп қалуы немесе екінші қабатта ұйықтап жатқан жолаушы жерге аунап құлап түсуі мүмкін. Сондықтан жолаушылар пойызын жүргізуге тәжірибесі жоқ жас машинистерді отырғызбайды. Жылда өтетін медициналық тексеруде машинистердің әсіресе, көзіне қатты мән беріледі. Алдыңдағы тұрған кедергіні машинистер алыстан байқап, қауіпсіздік шараларына дайын болуы керек. Сондай-ақ біз – машинистер күнделікті дәріс алып отырамыз. Жылда тәжірибемізді де арттырып, білімімізді жетілдіріп тұрамыз. Өйткені машинистер жолда электровоз бұзылған жағдайда да оны жөндеуді білуі керек. 20 жыл тәжірибем бар екен деп, арқаны кеңге салуға болмайды, – дейді өз жұмысына аса жауапкершілікпен қарайтын Ерлан.

Теміржол – ауыр еңбекті, төзімділікті және үлкен жауапкершілікті талап ететін сала. Сондықтан мұнда негізінен ер адамдар жұмыс істейді. Машинист, жол жөндеуші, вагон қараушы, байланысшы секілді мамандықтарда ерлердің үлесі басым. Себебі бұл жұмыстар тәулік пен мезгілді талғамайды, әрі физикалық күш пен жіті қырағылықты қажет етеді. Осындай қиын да абыройлы істі алып жүрген Ерлан отбасы алдындағы әкелік парызын да ұмытпайды. Ол әрдайым балаларының мектебінде өтетін спорттық іс-шараларға атсалысып, әкелер алқасының қатарынан да табылатын белсенді әке.

Ерлан мен Гүлмира:

«Теміржолдан жаман болмадық. Табысымыз да жақсы. Жылына бір еңбек демалысында жұмыс орнымыз Қазақстанның кез келген жеріне барып, қайтқан жолақысын төлеп береді. Сонымен қатар еліміздің шипажайлары мен демалыс орындарына жолдама да қарастырылған. Балаларымыздың да болашақ мамандықтары теміржол саласымен байланысты болса дейміз. Бірақ әзірге кіші ұлымыз Ерасыл ғана әкесі секілді машинист боламын деп отыр», – дейді.

Биыл теміржолшылардың кәсіби мерекесінде теміржол көлік саласында көп жыл сіңірген адал еңбегі мен пойыздардың қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз етуге өз үлесін қосқаны үшін Құрмет грамотасымен марапатталған Гүлмира Тараздағы өзі оқыған Темір жол көлік колледжінде 4 жыл ұстаз болғанын да мақтанышпен айтып өтті. Сонымен қатар машинистердің біліктілігін арттыру оқу орталығында да дәріс берген екен.

«Сен жолға шық, жол өзі сені жеткізеді» демекші, біз жолаушылар пойызға билет алып, онымен әрлі-берлі жүргенімізбен, оның артында қаншама адамның еңбегі тұрғандығын біле бермейміз. Қорытындылай келе, еліміздің оңтүстігі мен солтүстігін, шығысы мен батысын жалғап тұрған темір жолмен жүйіткіген жүйрік пойыздардың артында қыруар еңбек жатыр. Әрбір сапардың қауіпсіз әрі уақытылы жетуі – машинистің қырағылығы мен жауапкершілігінің, вагон қараушының мұқияттылығының, жол жөндеуші мен байланысшының тынымсыз еңбегінің нәтижесі.

Теміржолшылар – халыққа қызмет етіп қана қоймай, еліміздің дамуы мен өркендеуіне зор үлес қосып отырған шынайы еңбек майталмандары. Ал теміржолшылар әулеті – адал еңбектің, берік дәстүрдің және Отанға деген шынайы сүйіспеншіліктің айқын үлгісі. Бір әулеттің бірнеше буынының бір мамандықты жалғастырып, теміржол саласына қалтқысыз қызмет етуі – үлкен мақтаныш. Сондықтан Бакеновтер секілді отбасылардың тәжірибесі мен өнегесі жас мамандарға жол көрсетіп, ел экономикасының күретамыры саналатын теміржолдың болашағын нықтай түседі.

Бірнеше буын бойы осы кәсіпті жалғастырып келе жатқан бұл әулет бүгінде тек теміржол саласында емес, қоғамда да сый-құрметке бөленген. Олар – еңбекқорлықтың, бірліктің, адалдықтың айқын үлгісі.

 

Арна ЖҰМАТАЙ

Ұқсас жаңалықтар