«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

«Қалдықты қайта өңдеу арқылы су тапшылығы мәселесін шешуге болады»

«Қалдықты қайта өңдеу арқылы су тапшылығы мәселесін шешуге болады»
Автор
Тіршілік көзі саналатын судың азаюы – бүгінде әлем халқын алаңдатып отырған күрделі мәселе. Таза ауыз судан бөлек, егіндік алқаптарға қажетті суармалы алқапқа су жеткізу де оңай болмай тұр. Бар суды тиімді пайдалану үшін ғалымдар түрлі әдістерді ойлап тауып, қазіргі уақытта егіндікті тамшылатып және жаңбырлатып суару тәсілдері қолданылып жүр. Осы мәселенің оң шешімін табуда ізденген М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің ғылыми қызметкері Ұлжан Қанатбек суды тазалау мақсатында қолдануға болатын биочар органикалық тыңайтқышын ойлап тапты. Бұл тыңайтқыш суды тазалаумен қатар, топырақтың құнарлылығын да арттырады.

Жас ізденуші Ұлжан Ғалымжанқызы 2003 жылы Тараз қаласында дүниеге келіп, Майтөбе ауылындағы Амантай Дәулетбеков атындағы орта мектебінде оқыған. Ал кәсіби білімді М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінде жалпы химия мамандығымен алған. Өзін оқытқан университетте қазір ғылыми бағытта қызмет етіп жүрген ол елге пайдасы тиер түрлі зерттеулерді жасап келеді. Оның ғылыми жұмыстары жөнінде сұхбаттасып, алдағы уақытта күтіп жүрген жоспарларын да сұрадық.

– Ұлжан Ғалымжанқызы, әлеуметтік желіден ауыл шаруашылығындағы қалдықты пайдаға асыратын жаңа жобаңыз туралы естідік. Бұл жаңалықтың пайдасы мен тиімділігі қандай?

– Біздің жобамыз ауыл шаруашылығындағы қалдықтарды, мысалы, жануарлардың қиы мен өсімдік қалдықтарын қайта өңдеп, пайдалы өнімге айналдыруды көздейді. Нәтижесінде экологиялық ластану азаяды, ал алынған өнім – биочар органикалық тыңайтқышты топырақтың құнарлылығын арттыру мақсатында пайдалануға және су тазалау мақсатында қолдануға болады. Бұл бір жағынан қалдықтарды кәдеге жаратуға, екінші жағынан ауыл шаруашылығы өнімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Мысал ретінде айтар болсақ, өзіміздің өңіріміздегі қант қызылшасы қалдықтарын және фосфогипсті синтездеу арқылы биочар негізінде тыңайтқыш алуды жоспарлаудамыз. Түсінікті болу үшін айта кетейін, Тараздағы фосфогипс – минералды тыңайтқыштарды өндіру барысында «Қазфосфат» зауытында түзілетін өндірістік қалдық.

– Көбіне қай салада ғылыми ізденіс жасайсыз, бұған дейін қандай ғылыми табыстарға қол жеткіздіңіз?

– Менің негізгі ғылыми ізденісім – су тазалау технологиялары мен экологиялық таза материалдарды әзірлеу саласында. Бұған дейін ауыл шаруашылығы қалдықтарынан активтелген көмір мен биочар алып, оны судан ауыр металдар және органикалық ластаушы заттарды тазарту мақсатында қолдану бойынша зерттеулер жүргіздім. Сондай-ақ бірнеше халықаралық ғылыми мақалалар жарияладым. Осы су тазалау материалдарын әзірлеу бойынша «Student Energy Challenge» 2023 жылы «Шелл» компаниясының, «KAZENERGY» ұйымдастырған байқауда І орын алып, 2 миллион теңге қаржылық қолдауға ие болғанмын. Ол жобаны ғылыми жетекшім Маржан Калмахановамен бірге дайындадық. Сонымен қатар 2023 жылы Польша мемлекетінде Adam Mickiewicz университетінде exchange student бағдарламасымен білім алдым. Биылғы шілде айында Dulaty Summer School 2025 Португалия мен Испаниядан арнайы келген ғалымдар – профессор Хелдер Гомеш пен Джулия Нието Сандаваль, сондай-ақ университетіміздің профессор-оқытушысы – Маржан Калмаханова, докторанттар – Әсел Куртебаева, Ербол Реймбаев және мен жетекшілік етіп, оқушыларды су тазалау бағыты бойынша ағылшын тілінде тәжірибелік жұмыстарды жүргіздік. Биыл М.Х.Дулати университетінде кіші ғылыми қызметкер болып су тазалау зертханасында жұмыс істеп жүрмін, осы жылы магистратураны оқуды бастадым. Мектеп оқушыларымен бірге ғылыми жұмыстар жазып, 2025 жылы жетекшілік жасаған оқушыларым Мәскеу каласынан 1 орын иеленді. AutoDock simulation, яғни молекулалық докингті модельдеу және Expert Design Optimization, яғни процестерді модельдеу мен оңтайландыру бағдарламаларын пайдалана отырып, малайзиялық профессорлармен бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізілуде. Сондай-ақ биыл Atameken ұлттық кәсіпкерлер палатасы және М.Х.Дулати атындағы университеттің ұйымдастыруымен BR24992867 – «Қазақстанның су шаруашылығы мен өңдеу өнеркәсібін дамыту және басқару үшін ресурс үнемдейтін технологияларды әзірлеу, инновациялық инжиниринг орталығын құру» жобасы аясында кәсіпкерлерге биочар алу және оны тыңайтқыш мақсатында пайдалану тақырыбында дәріс жүргіздім.

– Өзіңіз қызмет ететін М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінде қандай бағытта ғылыми еңбектер жүзеге асырылып жатыр?

– Біздің университетте агротехнология, экология, су ресурстарын басқару, инженерия және цифрлық технологиялар салаларында бірқатар ғылыми жобалар іске асуда. Сонымен қатар, жас ғалымдарды қолдауға арналған гранттық бағдарламалар мен халықаралық ғылыми серіктестік бағыттары дамып келеді. Айталық, университеттегі студенттердің ғылыми-зерттеу жұмысы – білім беру процесінің ажырамас бөлігі және патриотизм мен азаматтық жауапкершілік сезімі бар бәсекеге қабілетті, интеллектуалды дамыған жас мамандардың кәсіби даярлық деңгейін арттырудың тиімді құралы. Университетте студенттердің ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізіледі. Яғни, оқу үдерісі шеңберінде ғылыми зерттеу элементтері бар зертханалық жұмыстар мен курстық жобаларды орындау, ғылыми баяндамалар, рефераттар, дипломдық ғылыми зерттеу жұмыстары дайындалады. Оқу үдерісінен тыс-студенттік ғылыми үйірмелер құрамында орындалатын жұмыстар жүргізіледі. Студенттерді ғылыми-зерттеу қызметіне тарту бірінші курстан басталады және келесі курстарда үздіксіз жалғасады. Студенттерді ғылыми зерттеу жұмыстарына тарта отырып, ғылыми деректерді біртіндеп жинақтауға және оның нәтижелерін алуға мүдделі, ғылымизерттеу қызметіне неғұрлым бастамашыл және белсенді, қабілетті және ерекше қызығушылық танытатын тұлғалар анықталады. Студенттердің шығармашылық қабілеттерін ашу және ғылымизерттеу қызметіне қабілетті дарынды жастарды анықтау – университетіміздің маңызды міндеттерінің бірі. Студенттік ғылымды дамытудың негізгі мақсаты – ғылыми салада көшбасшылық позицияларға ие болу және әлемдік нарықта сұранысқа ие жоғары білікті мамандарды даярлаудың жоғары деңгейі.

– Тараз университетінің студенттері тарапынан ғылымға деген қандай талпыныс байқалады және жас ізденушілерге оқу орны тарапынан қандай қолдаулар көрсетіледі?

– Соңғы жылдары студенттердің ғылымға қызығушылығы айтарлықтай артты. Көптеген студенттер ғылыми үйірмелерге қатысып, түрлі байқаулар мен жобаларға ұсыныстар беруде. Университет тарапынан зертхана базасын пайдалану, ғылыми жетекшілермен жұмыс істеу, гранттық қаржыландыруға өтінім беру мүмкіндігі сияқты қолдаулар көрсетіледі. Қазір біз суды үнемдеп пайдалану және ластанған суды тиімді тазалау бағытында бірнеше жобамен жұмыс істеп жатырмыз. Соның бірі – ауыл шаруашылығы қалдықтарынан алынған материалдар арқылы судан ауыр металдарды, пестицидтерді және органикалық ластаушы заттарды кетіру. Бұл технологиялар суды қайта пайдалану мүмкіндігін арттырады және су тапшылығы мәселесін шешуге үлес қосады.

– Алдағы уақытқа көздеген жоспарларыңызды да білсек...

– Менің бала кездегі арманым Қазақстанның экономикасына өз үлесімді қосу болатын. Яғни, халықтың игілігіне жарайтын дүние шығаратын өндіріс орнын ашқым келеді. Қазір жеке іс бастамақшымын деп нақты айта алмаймын, дегенмен алдағы уақыттарда білімімді шет мемлекетте жалғастырып, ғылыми жұмыстарымды әлемдік денгейде ары қарай дамытқым келеді. Бар арманым отандық ғылымды дамыту, елге пайдалы іске өз үлесімді қосу және теорияны практикаға айналдыру. Өзім үйренген білімді қазақ жастарына берсем деймін. Ғылым жолы оңай емес, соған қарамастан мен өмірімді ғылымға арнаймын.

– Әңгімеңізге рақмет!

 

Сұхбаттасқан Қамар ҚАРАСАЕВА

 

 

Ұқсас жаңалықтар