«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Конституция күні қарсаңында...

Конституция күні қарсаңында...
Баспасөз қызметі
Қазақ баласының бастан өткерген тарихындағы барлық жауапкершілігі мен құқылары, түрлі даулы мәселелердің шешімі ескі низамдарда қатталыпты. Бертінге дейін сол низамдарға бағынған қыр баласы тәуелсіздіктің көк байрағын желбіреткенде, өз таңдауымен қабылдаған негізгі құқықтық құжаты – Конституциясына биыл 30 жыл толды.

Конституция күні қарсаңында Шерхан Мұртаза атындағы «Руханият және тарихтану» орталығында «Тәртіпке бағынған ел құл болмайды» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Жиынға облыстық кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты әкімшісінің басшысы Ж.Шыршықбаев, өңірлік Әділет департаментінің бас маманы Р.Балықов және мәдениет пен білім саласының қызметкерлері қатысты.   

Басқосу барысында ең әуелі облыстық кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты әкімшісінің басшысы Ж Оразбнкұлы «Конституция – келешек кепілі» тақырыбында баяндама жасап, Конституция – өркениетті болашаққа жол ашатын, халқымыздың игілігіне қызмет ететін Ата Заң екенін атап өтті. Сондай-ақ, ол өз сөзінде Конституция – мемлекеттің қоғамдық және саяси құрылымын, билік тармақтарының өзара жұмыс істеу қағидаттарын және азаматтардың негізгі құқықтары мен бостандықтарын бекітетін басты құжат болып саналатындығын жеткізді. 

Ал өңірлік Әділет департаментінің бас маманы Р.Балықов «Конституция» тақырыбында баяндама жасаса, бір ел болып қолға алған реформалар Конституциямыздың жасампаз рухын күшейте түскенін және бұл кезең еліміздің тарихында түбегейлі жаңғыру кезеңі болып қалатынына кеңінен тоқталды.

Шара соңында қатысушылар тақырып бойынша өзара пікір алмасып, көкейкесті сұрақтарға толыққанды жауап алды. 

 
Жамбыл облысы кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз қызметі

Ұқсас жаңалықтар