Қойшы болуды қорсынбайтындардың қорасы малға толады
- author «Ақ жол»
- 1 қыркүйек, 2025
- 1.1k
Ұлы философ Сократтың: «Әрбір адам күн сияқты, тек оған жарқырауға мүмкіндік беру керек», – деген кешегі көнермейтін ойтолғамы дәп бір біздің бүгінгі кейіпкеріміз Елдар Боранбекке арналып айтылғандай. Өйткені ол өзінің еңбекте озаттығымен, саласындағылардың ішінде үздіктігімен әріптестерінің ортасында күндей жарқырап, айналасына адамдықтың шуағын шашумен келе жатқан жан.
Жалпы Жаратушы адам баласын әу бастан ардақты етіп жаратқан ғой. Оны періштелерге дейін бас игізіп, бүкіл жаратылысты адам игілігі үшін қоса жаратқаннан-ақ біле беруге болады. Осындай зор құрмет пен мәртебеге ие пендесінің бойына рахымы түссе, ерекше қасиет пен қабілетті қоса үстейтінін тағы білеміз. Мұндайда дана халқымыз өз ортасынан топ жарып, оза шапқандарды «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейді. Ал мұны ақын Қадыр Мырза Әлише өлеңмен өрнектер болсақ: «Кім-кімнің де өнегелі бір ісін, Көре тұра көрмегендер құрысын! Нең кетеді жақсы десең жақсыны?! Нең кетеді дұрыс десең дұрысын?!» деп ағымыздан жарылып, ақтарылуымызға әбден болады.
Сонымен ендігі сөзді бүгінгі кейіпкеріміздің нақты қандай маман екендігіне қарай бұратын сәт келген сияқты. Елдар Боранбектің құжатта көрсетілген негізгі мамандығы мәдениет қызметкері. Ол М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-ді мәдени тынығу жұмысы мамандығы бойынша тәмамдаған азамат. Қазіргі таңда Қордай ауданында аудандық мәдениет үйі директорының орынбасары болып еңбек етеді. Ал жүрек қалауы бойынша сүйетін кәсібі – қой бағу. Қой баққанда да қойдың асыл тұқымды түрін өсіруді көксейтін, көздейтін шопан. Оның қойшылығы – өнер. Өнері – қой малын асылдандыру.
Бәрін басынан бастасақ...
ПАЙҒАМБАРЛАР ДА ҚОЙ БАҚҚАН
Жүрдек көлікпен жүйткіп келеміз. Бағытымыз Құмжота ауылы. Рульдегі кісі ескі танысым емес, бейтанысым. Ақиқаты, бір-екі күн алдын өзінің қорасындағы асыл тұқымды қойларын маған сөз етіп, қызығушылығымды оятқан адамым. Менің діттегенім оның қора-жайын, шаруашылығын көзіммен көру. Ал оның діттегені сүйікті ісін маған көрсете отырып, қойшы деген сөздің қадір-қасиетін елге басқа қырынан таныту, көрсету. Қаладағы темір ұсталарға көрсетіліп, майы ауыстырылып, жөндетілген көліктің ішінде екеуміздің кез болып, тұлпардың басын ауылға қарай бұрған бетіміз бұл.
Шамалы ұзағасын серігім сөз бастады. Ұстамды отырысынан, салмақты сөз саптасынан жинақылық байқалады.
– Ағасы, мен мұның алдында облыстық «Ар-Ай» жастар газетінде тілші болып жұмыс істегенмін. Бойға біткен ақындығым да бар. Қазір Қордай ауданында мәдениет үйінде директордың орынбасарымын, – деп маған қарап, бетін бұрды.
Мен сөзіңді жалғастыра бергін дегендей басымды изедім.
– Бірақ сізге айтпағым, қазіргі қызметім жайлы емес. Сүйікті ісім – қой бағу жайлы болмақ, – деген ол, алға бір ұмтылып қойып, сөзін жалғады. – Қой десең, бүгінгі жұрт бейнеті мол тірлікті сөз еткелі отыр деп шеке-бастарын тырыстырады. «Қойшы» деген сөзді қорсынады, өздеріне қораш көреді. Ал солар қойды мұндағы біз тұрмақ пайғамбарлардың да баққанын біле ме екен?..
Осы арада Елдардың «пайғамбарлар да қой баққан» деген сөзі санамды селт еткізгендей болды. «Мынау жөн айтып отыр ғой» деген түйсік мені тереңіне тартып бара жатты. Ойыма бүгінгі жөйттердің арғы атасы болған Израил халқын шопан секілді 40 жыл бойы құмда адастырмай алып жүріп, бағып-қаққан Мұса пайғамбардың соның алдында ұзақ жыл бойы қойшы болғандығы, бертінгі соңғы пайғамбарымыз Мұхаммед ғалейки саламның да пайғамбарлық келмей тұрып жай пенде секілді қой баққаны түсті. Сонда Құдай осы екеуіне адам бақтырмас бұрын не үшін қой бақтырды? Әрине, бойларында қайырымдылық, сабырлылық, төзімділік секілді қасиеттерді қалыптастыру үшін бақтырды. Осылайша ой қаузап отырып байқамасам керек, бір мезетте серіктесімнің үйіндегілермен самбырлай сөйлесіп жатқан дауысын естіп, есімді жидым. – Қойлар қорада тұр ма? Арғы жақтағының не айтқанын ести алмадым. – Өріске айдап кетті ме? Қорада тұрса, көрсетейін деп едім. Қарсы жақтағы дауыс «жайылымға айдап кетті» десе керек.
Елдар дауысын жұмсартып:
– Жарайды, онда жайылым жаққа машинамен бара саламыз, – деді де телефонын желіден ажыратып, алдына қойды. Сосын маған бір қарап қойып, табанының астындағы жылдамдық үдеткішті қаттырақ басып-басып жіберді. Қара жолдың апшысын қуырып келе жатқан арғымағымыз тағы да бір «гүр» ете қалды да, Құмжотаны бетке алып, жүйтки түсті. Енді сөзге өзім араластым. «Өлең жазамын» дегенін естігесін қайтіп шыдайын, бірден содан шап бердім.
– Жатқа оқи алатын өлеңің бар ма?
– Иә, бар ағасы.
– Олай болса соның бірін оқысаңшы. Жол қысқарсын.
– Жақсы, бәйгелі болып жүрген бір өлеңім бар еді. Туған жерге арнаған. «Ауылға» деп аталатын. Соны оқып берейін.
– Қанеки, төгілт. ...Баласын күткен даланың, Құмына тұрам құмартып. Тыныштығынан қаланың, Ауылдың шуы мың артық...
ҚОЙДА БЕРЕКЕ БАР
Елдардың ақбоз аты «Құмжота» деп жазылған белгіден өтіп, ауылдың бұралаң жолына кеп түсті. Көшені бойлай біршама уақыт жүргесін атымыздың басы ауыл маңында ағып жатқан өзеннің жағасына қарай бұрылды. Көп ұзамай алдымыздан су жағасында жайылып жатқан қылшық жүнді қызыл қойлардың жон арқасы көрінді. Бет-аузын тұмшалап алған бақташы бала бізді жылышыраймен қарсы алып, алдындағы малын иіре бастады. Біз машинадан түсіп, иірулі тұрған малға жақындадық. Елдар мырза қой ішіндегі дөңес тұмсықты дәу қызыл қошқарды ұстап алып суретке түсті. Қойларын ақ шаңқан түсті машинасының маңына әкеліп иіріп қойып, бақташы інісіне алдағы көріністі көлікпен бірге қамтып түсіруді бұйырды. «Жақсылап түсір. Ел көрсін «қойшы» адамның қандай көлік мініп жүргенін» деп қояды інісіне нығырлап. Ол сөзге келместен сапалы телефонды қолына ала салып, шатырлатып суретке түсіріп әлек. Қойлардың қоңын көзімізбен көріп, қызыл қошқардың жон арқасын қолымызбен ұстап, сипап болғасын машинаның ішіне кіріп, отырып, тілдесуге көштік.
– Ағасы, мынау көрген қойларыңыз «арашан» тұқымдасына жататын қойлар. Тәжікстанда өсірілетін «гиссар» тұқымдас қойдың аталығымен Қырғызда өсірілетін жайдары қойдың аналығын шағылыстырғаннан кейін пайда болған қойдың түрі, – деп әңгімесін бастаған Елдар маған сүйікті ісінің мән-жайын тәптіштеп түсіндіруге кірісті.
– Бұған тағы Ауғанстанда өсірілетін сарғыш түсті қойлардың аналығының қаны қосылған. Былайша айтқанда, ұзақ жылғы селекциядан өтіп, сапасы жағынан стандартқа ие болған тұқым. «Гиссар» (Еділбай) қойы (әлемдегі ең ірі қой тұқымы, жүні қылшық, еті майлы келетін құйрықты қой, еркегінің тірідей салмағы 130-140 килограмм, саулығынікі 80-100 килограмм, сойылса 58- 60 килограмм ет береді, бордақыланған еркек қойынан 35-40 килограмм май алынады) мен «арашан» қойының (қошқарының салмағы 140- 200 килограмм, саулығынікі 90-140 килограмм, алты айлық қозынікі 80-90 килограмм болады, рекордтық салмақ көрсеткен «Миллион» атты бір қошқардың салмағы 231 килограмм болған) басты айырмашылығы мынада: «Гиссар» қойының жүні жоққа тән, жаратылысы сондай, ал қазақы Еділбай қойдың жүні жылына екі рет қырқылады, қырқылғанда да ауыр қырқылады, құйрығының ұшы жүнсіз, таза тері күйінде көрініп тұрады, ал арашан қойының қылшық қызыл түсті жүні жай өседі, тықыр болып келеді, оны тек жылына бір рет тазалық үшін қырқасыз, құйрығы тілінген секілді екіге бөлініп тұрады. Мен естігенімді қағазыма жазып отырмын. Елдардың тоқтар түрі жоқ.
– Мен мынаны жақсы түсіндім: қойда береке бар. Әйтпесе, мен қасқа, мұның алдында жылқы да бақтым, бордақылап сатумен де айналыстым, тіптен бие сауып, қымызын өзім әзірлеп, өзім саттым да. Итті де асырадым, алабай төбеттерін. Енді, міне, қой шаруашылығымен айналысудамын. Осылардың ішіндегі маған қайырлысы, берекелісі қой бағу болды.
«ГЛАДИАТОР» – ҚҰНЫ 10000 ДОЛЛАР ТҰРАТЫН ҚОШҚАР
– Асыл тұқымды қой бағуды бұдан бір жыл бұрын бастадым. Басында 8 бас саулықты Қордайдан әкелдім. Егер сол саулықтарды бүгінгі нарықтағы бағамен алар болсам, 200 мың теңгеден бастап, 1 миллион теңгеге дейінгі аралықтағы бағаға алған болар едім. Дайын материал қашанда қымбат тұрады. Арашан қойлары қазақтың қарабайыр қойлары емес. Осыны дұрыс түсінуіміз керек, – дегенді айтып, мен жаққа барлай қараған серіктесім қолымдағы қағазыма шұқшиды.
– Дұрыс айтасың. Мұнда сан емес, сапа маңызды болып тұр ғой, – деп оны өзімше қамшылап қойдым.
– Міне, менің де айтпағым сол. Сапаға жұмыс істеуіміз керек. Нарықтың талабы сондай. Әлгі 8 бас қойым бір жылда 26 басқа жетті. Қорамда 14 бас қозым бар. Жазда жайылымға шығарамыз. Күзден бастап жем бере бастаймыз. Саулық қойлар семіз болса жылына екі рет төлдейді. Қыста бір-екі сағат далаға шығарып, сосын қорада ұстаймыз. Күзде 4 тонна қызыл бидай алып қоямын. Саулықтарға беру үшін. Ал қошқарға және еркек қозыларға арпа беремін. Бидай саулықтарды семіртеді, арпа қошқарлардың сүйектерін өсіреді, нығайтады.
– Қошқар демекші, әлгі өзің құшақтап тұрып, бірге суретке түскен қошқарыңды да сөз ете кетсеңші, – дедім осы жерде үнсіз қалуды мін санап.
– Ол менің «Гладиаторым» ғой. Гладиатор десе, гладиатор. Алдындағыны қағып-мағып, құлатып, өтіп кете береді. Өзін 1,5 миллион теңгеге сатып алғанмын. Бастапқыда 7000 доллар сұраған болатын. Қазір бұл қошқарым семіртіп сатар болсам, шамамен 10 000 доллар тұрады.
– Рас па? Мынауың ғажап қой.
– Ғажаптың көкесін қазір естисіз. Бұл түк емес. Мынаған қараңыз: Қазақстанда, Қордайда Талант деген азамат «Атаман» атты қошқарын 110 000 долларға сатты. Кейін екі жылдан соң әлгі қошқарын өзі қайтып сатып алмақшы болғанда, жаңа егесі оған бермей қойды. Өкінішке қарай, сол қошқар ақырында күпті болып өліпті деп естідік. Бірақ соңында тұқымын қалдырып кетті. Ал ең қымбат қошқар дәл қазір қырғызстандық бір шопанның қорасында бағулы тұр. Оның құны 300000 долларға бағаланады. «Франкел» деген атқа ие арашан қойдың қошқары ол.
– Шіркін, қораңда осындай 10 «Франкелің» маңырап тұрса, тұрмысың қандай болар еді десеңші.
– Малшының статусын көтеруіміз қажет. Қарапайым қой бағып жүріп те, жағдайымызды жақсартуымызға болады. Менің елге көрсетпек болып құмартып жүрген дүнием осы. Мысалы, мен биыл бір жарым айлық қозыларымды 150000 теңгеге саттым. Жалпы төрт айлық қозыларды 130000-410000 теңгенің шеңберінде сатуға болады. Қазір қорамда сатылатын 3 бас аналық, 3 бас аталық қозыларым бағулы тұр. Бұлардың бағасы кемінде 1000 долларға барады. Саулықтарымның арасында 9 бас ұрғашы қозы жүр. Оның 6-уын өзіме саулыққа қалдырамын, сатпаймын.
– Сатылатын малыңды базарға алып барасың ба?
– Жоқ-ә, базарды ұмытқалы қашан. Өздері үйіме келіп, алып кетеді. Бұрынғыдай базарда түске дейін күнге қақталып, шаршап-шалдығып, арып-ашып тұрмаймын бұл күнде. Сатылатын малдарымды «Байсары-Арашан», «АрашанЖамбыл облысы» деген топтарға саламын немесе өзімнің инстаграмм мен тик-токтағы arashan.trz акаунттарыма жіберіп, жарнамалаймын. Осы уақытқа дейін қойларымды осындай жолмен Түркістан-Кентау-Алматы қалаларынан және Шу-Меркі аудандарынан шыққан сұраушыларға өткердім.
– Байқаймын, қойшылық кәсіпті өзіңе өнер ретінде қабылдайтын сияқтысың. Ісіңе қарасам, мақтауға тұрарлықтай. Бүгін сенің тірлігіңе қарап, ертең соңыңнан ілескісі келетіндердің шығуы бек мүмкін. Соларға нендей ақыл-кеңес айтар едің?
– Шопан деген атқа сай болу – өнер. Ал соған орай жаңаша ойлайтын қойшы бола білгеніңе сәйкес қораң қойға толса, онда бай болмағанда енді кім болғаның. Жалпы кәсіпте сену керек. Әсіресе мал ұстайтын адам саласына көп көңіл бөлуі тиіс. Мен де бұған бірден келе салғаным жоқ. Көп ойланып, толғандым. Өзім ортасына түсіп көргесін, түсіндім. Жауапкершілік деген бар. Мал ауырады, ыстығы көтеріледі немесе құрттайды. Сондай кезде оларды білікті маманға көрсетіп, емдетуің қажет. Ақша жүрген жерде сенімсіздік ілесе жүреді. «Қымбатқа алған қошқарым өліп қалса, қайтемін?» деп абыржисың. Осының бәрін салмақтап, саралап, болғасын іске кіріскен дұрыс. Маман болуың шарт. Арашан қойларының дене бітімі, салмағы, тұрқы туралы, сондай-ақ құлағының ұзындығы, қалыңдығы, тұмсығының дөңестігі, аяқ жілігінің жуандығы секілді тағы да басқа кескіндемелерін білгенің жөн. Өйткені селекциядан өткен, талапқа сай қойларды сатып алсаң, ұтылмайсың. «Миллион теңгеге қой әпергін, менің байығым келеді» деген құрғақ сөз мұнда жүрмейді. Мал баққанға бітеді. Қой өзін қойшы санаудан қорсынбайтындардың қорасына толады. Мен селекциялауды енді өз бетімше жалғастырамын. Бағытымнан айнымаймын. Тоқтамаймын. Әр түрлі асыл тұқымды қойлардың аналығы мен аталығын шағылыстыра отырып, нағыз өсімтал қойдың тұқымын өсіріп шығарамын. Бағамын...
СЕГІЗ ҚЫРЛЫ, БІР СЫРЛЫ
Біз бүгін сөз еткен «қойшы» жігіт – Елдар Боранбек осындай азамат. Оның асыл тұқымды қой өсіруді қолға алғандығы бір қыры ғана. Негізінде ол сегіз қырлы, бір сырлы жан. Бала күнінен сурет салуға ынтыққан оның кіп-кішкентай жүрегі сол кездері тек жылқы, қой мен иттің суреттерін салуға құмартқан көрінеді. Мектеп жасында әлгі хайуандарды пластелинмен кескіндеп, сомдаумен әлекке түсіпті. «Пластелиннен жаныма жақын тұтқан мақұлықтарымның бейнелерін құйтақандай күнімнен сомдап жасап, солармен ойын ойнап өсуім, бұл, бәлкім, мені Алла Тағаланың қазіргі тағдырыма әуел бастан бағыттағандығының бір көрінісі емес пе екен», – деп күледі ол бүгін өткенін еске алғанда.
Елдардың туып-өскен жері Талас ауданының Тамабек ауылы. Үйдің үлкені болғасын атаәжесінің қолында тәрбиеленіпті. 2014-2018 жылдары облыс орталығындағы М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-де оқып, мәдени тынығу жұмысы мамандығын алған. Университет табалдырығында жүргенде өлең оқып, ән де салған, жастар театрында актер де болған. 2018 жылы университетті тәмамдаған соң облыстық «Ар-Ай» жастар газетіне тілші болып қабылданып, баспасөз саласында жұмыс істеген. Осы жерде оның бойындағы ақындық қасиеті мен жазу жазуға деген икемділігі атасы Боранбектің қандас туысы болып келетін белгілі айтыс ақыны Шорабек Айдаров пен Асқарбек Айдаровтың және ақын Рафаель Ниязбековтің тегінде жатқандығын айта кетуге тиіспіз.
Ол қазір Қордайда тұрады. Отбасылы. Бір ұл, екі қыз тәрбиелеп, өсіріп отыр.
Айтпақшы, мақаламыз газетке беттеліп жатқан кезде, Құмжота жақтан сүйінші хабар келіп жетті. Елдар мырза өзі жоғарыда аңыз етіп әңгімелеген «Атаман» қошқардың бел баласын егесінен аттай қалап сатып алыпты. Атақты «Атаманнан» туған қошқардың баласына «Найза» деген ат беріліпті. Мінеки, тұқымды асылдандырудың нағыз үлгісі көз алдымызда осылайша орын алып бастады. Біз шопан-жігітке «қораң қоңыраулы «найзаларға» тола берсін!» деген тілегімізді жеткіземіз.
Талғат ТАЛАПҰЛЫ
Ұқсас жаңалықтар
Жамбыл облысында 46 көпқабатты тұрғын үй салынуда
- 1 желтоқсан, 2025
Жазушыға 100 сұрақ: Көсемәлі Сәттібайұлы оқырманмен кездесті
- 20 қараша, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




