Облысымызда жел электр стансалары іске қосылғаннан бастап сағатына 130 миллион киловаттан астам экологиялық таза энергия өндірілуде. Соның ішінде Қордай асуындағы қуаттылығы 52,4 мегаватты құрайтын жел электр стансасы үш бірдей компанияға қарайды.
Соның бірі – «Изен-Су» ЖШС. Алғашқы станса іске қосылғанда оның жылдық қуаттылығы бар болғаны 1,5 мегаватты құраған болатын. Ал жобаның жобалық құны – 329,6 миллион теңге. Оның құрылысына бөлінген жер телімі 35 гектар аумақты алып жатыр. Қордай асуындағы жел электр стансасының келесі үлескері «VISTA INTERNATIONAL» ЖШС болып табылады. Оның қарауындағы 66,9 гектарда орналасқан жел электр стансасында 21 мегават – электр қуаты өндіріледі. Серіктестік басшысы Рустам Сағитовтың айтуынша, 2012-2014 жылдар аралығында құрылысы жүрген стансаның жобалық құны 6 миллиард 362 миллион теңгені құраған. Онда Германиядан жеткізілген қондырғылар орнатылған. Ондағы биік мұнараларды орнатуға 300 тонналық кран да сол елден әкелініпті. Серіктестік үш-төрт жылда құны 6 миллиард 362 миллион теңгенің жобасын іске қосты. Оның өндіріс қуаты жылсанап артып келеді. Мұндағы басқару тетіктері толық автоматтандырылған. Электр қуаты өндірісінің тұтынушысы «Қаржылық-есеп орталығы» ЖШС-не электр энергиясын 26,44 теңге тарифімен өткізуде.
– Электр энергиясын өндіру көлемі тікелей табиғатқа байланысты. Жел көбейген сайын одан алынатын қуаттың да үлесі арта түседі. Мәселен, жыл басынан бері сағатына 130 миллионнан астам электр энергиясын өндірдік. Біз бұл электр қуатын бүтін бір ауылға, ауданға немесе қалаға емес, мемлекетке өткіземіз. Ал жалпы алғанда өз өнімімізбен Қордай ауданының аумағын толықтай қамти аламыз, – дейді серіктестік басшысы Рустам Сағитов.
Үшінші еншілес компния «ВетроИнвест» ЖШС Қордай асуында 30,65 мгаватты құрайтын жел стансасын салған. Бұл алдыңғы екі компанионынан әлдеқайда жоғары. Оның жобалық құны 12 миллиард 753 миллион теңгені құрайды. Станса 258,67 гектар аумақты алып жатыр. Онда 50 адам жұмыс істейді. Бұл жоба Индустрияландыру картасы және «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында жүзеге асырылыпты. Оның қуаты 150 мыңға жуық халқы бар, облыстағы ең ірі Қордай ауданын электр энергиясымен толық қамтамасыз етуге жетеді.
Сондай-ақ, Қордай ауданында ең алғаш пайдалануға берілген «Отар» күн электр стансасының да облысымызда алар орны ерекше. Бұл станса 2014 жылы Отар елді мекені жанынан салынған еді. Оның инвесторы – «ҚазЭкоВатт» ЖШС. Жобаның қуаттылығы – 0,5 мегаватт. Құрылысының құны 200 миллион теңгені құраған күн электр стансасының жылдық қуаттылығы 504 киловатт болды. Жалпы бүгінде «Отар» күн электр стансасының белгіленген қуаттылығы 7 мегаватқа жеткен. Бұл жоба «ҚазЭкоВатт» ЖШС жекеменшік инве стиция қаржысы есебінен бой көтергенін атап өткен жөн. Сонымен қатар ол ортақ электр желілеріне қосылған және Қазақстанның біртұтас энергетикалық жүйесіне электр қуатын бере алады.
Марат ҚҰЛИБАЕВ,
Қордай ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Болашақта бүкіл әлем таза энергетикаға көшеді
- 4 желтоқсан, 2025
Әлемдік трансформация көлеңкесіндегі Қазақстан экономикасының болашағы
- 2 желтоқсан, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




