«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Еңбек династиясы дегеніміз осы шығар

Еңбек династиясы дегеніміз осы шығар
Ашық дереккөз
Байзақ ауданында Кеңес деген ғажайып ауыл бар. Ол талай жақсы жайсаңдардың мекені. Біз әңгімелегелі отырған Дүйсеналы Тұрғынбаев та аталған ауылда туып-өскен. Сол ауылдың кейінгі буын азаматтары Дүйсекеңнің үлгілі жолын мақтан тұтады. Шындығында оның ұлағатты ісіне, салмақты мінезіне ауылдың үлкендерінің де сүйсініп, риза болып отыратын кездері көп.

Ол еңбек жолын 1982 жылы қарапайым колхозшыдан бастады. Сол кезден-ақ оның іскерлігі, жұмыстың көзін табатын қасиеті байқалған-ды. Сол талабы білім жолына да жетеледі. Сол жігер үлкен еңбек жолына бастады. Жоғары оқу орнын бітірген соң, қызметке араласты. Ұзақ жылдар облыстық деңгейде мемлекеттік қызметте болды. Облыстық сәулет және құрылыс департаментінің бөлім меңгерушісі, құрылыс департаментінің сатып алу және бюджетті жоспарлау бөлімінің меңгерушісі, Индустриялық даму және инновация министрлігі облыстық департаментінің бөлім басшысы, Төтенше жағдайлар жөніндегі министрліктің облыстық департаментінде бөлім басшысы болып еңбек етті. Оның ішінде табан аудармай 17 жыл қатарынан өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласында бөлім басшысы қызметінде болды.

Еліміздің ең қымбат қазынасы – адам. Қауіпті өндірістік объектілерді пайдаланудың қауіпсіздігін қамтамасыз ету аса жауапты, маңызды іс. Сенің салғырттығыңнан қандайда бір апат орын алса, ол тағы бір адамның өмірін алып кетсе, ол үлкен өкініш. Міне, осындай  жағдайларды сезу үшін адамға жүрек керек. Ол жүрек Дүйсеналыда бар. Осы саладағы ұзақ жыл қызмет Дүйсеналының өмірден түйгені, тірліктерінің нәтижесі оның бет-бейнесін анықтады, мінезін берді.

Осы қасиет Дүйсеналы болмысын биіктетіп, бұлттан биік болса да, ұлттан төмен, тұлғасы толық, тұрманы түгел хас жақсылардың қатарына қосты. Оның атқарған саласы бойынша министрліктен алған «Құрмет грамоталары», төсбелгілер мен мерекелік медальдары жетерлік. Ол аталған марапаттарға өте лайық азамат. Қазіргі таңда Д.Тұрғынбаев «Азиялық Газ құбыры» ЖШС-інде жетекші инженер болып жұмыс істейді. Бұл өндіріс ошағы – Қытай мен Қазақстан үкіметтері арасында Қазақстан-Қытай газ құбырын салу және пайдалану саласындағы ынтымақтастық туралы келісімде қол жеткізілген келісімдерді жүзеге асыру үшін арнайы құрылған жобалық компания. Компания бірқатар мемлекеттер мен ірі халықаралық компаниялардың қатысуымен бірқатар халықаралық жобаларға қатысып жүр. Бұл өндіріс ошағына нағыз майталман, іріктелген мамандар ғана шақырылады. Сондай үздіктердің қатарында Дүйсеналы Тұрғынбаев та бар. Әсіре жарқылдамайтын, мүсінін жасырып тасада жүре беретін қасиетінен де болар, істеген игі істерін жария етуді қош көрмейді. Дүйсеналының негізгі мамандығы құрылысшы. Отбасында Аргуния екеуі екі ұл, бір қыз тәрбиелеп отырған үлгілі отбасы. Екі ұлы да газ саласының жоғары білімді мамандары. Білетін жолдастарының айтуы бойынша Дүйсекең екі ұлымен газ саласындағы кейбір мәселелерді үйінде сағаттап талдайтын көрінеді. Қай салада болмасын технологиялық процестерді жетік білмей, сол салада өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету мүмкін емес. Осы қағидатты берік ұстанған Д.Тұрғынбаев үнемі ізденісте жүреді. Еңбек династиясы дегеніміз осы шығар.

Ол  алған компания жастарына өзінің мол тәжірибесімен бөлісуден жалыққан емес. Өнеркәсіптік қауіпсіздік, еңбекті қорғау, өрт және экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында еңбек етуде. Бақ қонса тасымау, қиындыққа жасымау – Дүйсеналының өмірлік қағидаты. Сүйегіндегі асылдық, жүрегіндегі тазалық, тірлігіндегі ғажаптық оның қорғаны мен абыройы. Жүйрік жылқыда озбай қоймайтын өр мінез бар. Міне, осы өр мінез тұлпар тектес халықтың іскер ұлы Дүйсеналының өмір жолынан көрініп отырады. Ол кісі өзін-өзі қамшылап, үнемі ізденісте жүреді. Өндірісте қалыптасқан, айына бір рет болатын «еңбекті қорғау» күнінде «Қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру» тақырыбы бойынша оқыған шағын лекциясында, Д.Тұрғынбаев қауіпсіздік мәдениеті – бұл корпоративтік мәдениеттің бір бөлігі екендігін жұмыскерлерге егжей-тегжейлі түсіндіреді. Ол кісінің лекциясы жұмысшылар арасында үлкен маңызға ие. Дүйсеналының тағы бір қыры қайда, кім болып істесе де жеке жұмыс бөлмесінде түрлі гүл егуге құмарлығы. Мәселен бұрынғы жұмыс істеген жеріндегі еккен лимондары жеміс беріп жатыр екен. Сонымен қатар бұрын жас кезінде спортпен жүйелі айналысқан ағамыз, жасының біраз ұлғайғанына қарамастан ұлттық спорт түрлерінің дамуына атсалысып жүр. Бокстан спорт шебері. Жыл сайын мекеме жұмыскерлерінің арасында жастармен жағаласып садақ атудан жүлделі орындар алып жүр. 1991 жылы республикалық «Жігіт сұлтаны» байқауында жүлделі екінші орын алғаны және бар. Домбыра аспабымен ән айту, терме орындау – Дүйсеналының ең жақсы көретін ісі. Елдің құрметіне бөленген Дүйсеналының біз білетін, біз таныған жақсы қырлары осындай.

Есет ДОСАЛЫ

Байзақ ауданы

Ұқсас жаңалықтар