«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жасалған қылмыстардың 70 пайызы бейнекамера арқылы ашылады

Жасалған қылмыстардың 70 пайызы бейнекамера арқылы ашылады
Алтынбек Қартабай
Шын мәнінде, ішкі істер органдарындағы алдыңғы қатарлы құрылымдардың бірегейі – Жедел басқару орталығы. Қоғамдық тәртіп пен тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде облыстық полиция департаментіндегі дәл осындай орталық айрықша рөл атқарады. Себебі мұндағы бақылау камераларының көмегімен көшелер мен қоғамдық орындарда жасалған құқықбұзушылықтардың шамамен 70 пайызы ізі суымай ашылады. Бастысы, бұл орталық заманауи материалдықтехникалық құрылғылармен жабдықталса, тәулігіне кезекшілікке кемінде онға жуық тәртіп сақшысы түседі. Бұдан бөлек штаттық режимде жұмыс істейтін қызметкерлер бар. Олар жоспарлау, жұмысты ұйымдастыру және өзге де құрылымдардың жұмыстарын реттеумен айналысады.

Облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов облыстық полиция департаментіндегі Жедел басқару орталығының жұмысымен танысты. Орталық жұмысымен таныстырған өңірлік  полиция департаменті бастығының орынбасары Еркін Сатыбаевтың айтуынша, алдыңғы қатарлы визуализация және қорғаныс технологиялары бейнеқабырғаға сапалы көрініс пен кең шолу мүмкіндігін қамтамасыз етіп, оқыс оқиғаларға жедел әрекет етуге жол ашуда. Жалпы, қазіргі таңда бір ғана Тараз қаласындағы оқу ошақтарымен мектепке дейінгі білім беру мекемелеріне бір мыңға жуық бейнекамера орнатылған. Еркін Игілікұлы өз сөзінде бұл нысандардағы барлық ісәрекет бақылау камералары арқылы сүйемелденетінін, орталыққа түскен әрбір қоңырауды сараптау үшін полицейлер команда ретінде іске кірісетінін жеткізді.

Ал облыстық білім басқармасының басшысы Нұрбек Оршыбековтің сөзінше, бұл күнде өңір аумағындағы 770 мекеме Жедел басқару орталығы мен аудандық полиция бөлімінің ке зекшілік бөлімшесіне қосылған екен. Оның ішінде, 541-і мемлекеттік мекеме болса, қалған 229-ы жекеменшік нысандар. «Дәл қазір біз нақ осындай орталықтарға әрбір мекемеден кем дегенде 10 камерадан қосып отырмыз. Бұл камералар полиция қызметкерлеріне мекеменің іші-сыртында орын алған жағдайларға онлайн түрде бақылау жасап, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік беруде. Бұған қоса әрбір мекемеде дабыл түймесі орнатылған», – деді Нұрбек Әбубекұлы.

Өз кезегінде Серік Жақсылықұлы орталықтың басты міндеті – қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету екендігін алға тартып, күнделікті жағдайды қатаң бақылауда ұстау қажеттігін атап өтті.

Есен Сағынайұлы 

Ұқсас жаңалықтар