ЕРЛЕР ЕРЛІГІ – ЕЛ ЕСІНДЕ
Облыс орталығындағы №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің аумағында 2021 жылдың 26 тамызында Байзақ ауданындағы әскери бөлімде орын алған жарылыс салдарынан қаза тапқан қызметкерлерді еске алу шарасы өтті. Бұл күні төтенше жағдайлар департаментінің ұжымы және қаза болғандардың туған-туыстары мен жақындары ерлікпен қаза тапқан 10 қаһарманды бір минут үнсіздікпен еске алып, оларға арналған ескерткішке гүл шоқтарын қою рәсіміне қатысты.
Қызмет барысында ерлікпен қаза тапқан қызметкерлердің рухына тағзым – олардың ерлік істері, антқа адалдығы мен Отанға беріктігінің мәңгілік символына айналды. Төтенше жағдайлар департаментінің құтқарушылары әскери бөлімде болған жарылыстар кезінде қаза тапқан Халық қаһарманы Мейіржан Аймановтың рухына да тағзым етіп, «Жеңіс» саябағындағы ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.
Арада төрт жыл өтсе де, жамбылдық құтқарушылар мен әскери қызметшілердің өмірін қиған қайғылы оқиға елдің есінен кетпек емес. Олар соңына дейін қызметтік борышын орындап, өзгенің өмірін құтқару жолында өз жандарын пида етті. Батырлардың ерлігі ел тарихында мәңгілік сақталады.
ТЖМ ҚҰРДАСТАРЫ – БҮГІНГІ КҮННІҢ ҚАҺАРМАНДАРЫ
Биыл тәуелсіз еліміздің төтенше жағдайлар қызметінің құрылғанына 30 жыл толады. Бұл үш онжылдық азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, төтенше жағдайлардың алдын алу және олардың салдарын жою жолындағы табанды қызмет кезеңі. Бүгінде аталған ведомствомен бірге оның ержүрек қызметкерлері де есейіп, шыңдалып, өз ісінің кәсіби мамандарына айналған. Құтқарушы күні қарсаңында біз ТЖМ құрылған жылы дүниеге келіп, өз өмірін адам өмірін құтқару жолына арнаған бірқатар жамбылдық жастар туралы айтқанды жөн көрдік.
Облысымызда бейбіт күннің батырлары аз емес. Солардың бірі – Сұлтан Мұқатов төтенше жағдайлар департаментінің Байзақ аудандық №8 өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндірушіқұтқарушысы, азаматтық қорғау кіші сержанты. 1995 жылдың 19 қазанында, яғни Төтенше жағдайлар министрлігі құрылған жылы дүниеге келіп, азаматтық қорғау органдарындағы қызметін 2020 жылдың қыркүйегінде бастаған ол алғашқы күндерден-ақ жауапкершілігі жоғары, тәртіпті әрі құтқару ісіне адал маман ретінде көзге түсті.
2021 жылы Байзақ ауданындағы оқдәрі қоймасындағы жарылыстардың салдарын жою кезінде жарақат алған Сұлтан қиын сәтте көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін мемлекеттік награда – «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған. Бүгінде жас құтқарушы қызметін жалғастырып, кез келген жағдайда әрекет етуге дайындықтың жоғары деңгейін, мамандығына деген адалдық пен табандылықты көрсетіп келеді.
Төтенше жағдайлар министрлігі құрылған күннен бір апта бұрын дүние есігін ашқан азаматтық қорғау аға сержанты Санжар Өтежановтың кәсіби жолы ведомство тарихымен тығыз байланысты. Ақмола облысының Зеренді ауданында туған Санжар бала күнінен қиындыққа төзіп, ауыр еңбекке үйренген. Қызметтегі сегіз жыл ішінде ол талай рет дабыл бойынша шақыртуларға шығып, өрт сөндіру мен төтенше жағдайларды жоюға қатысты. Әріптестері оны сенімділігі, сабырлылығы және кәсіби біліктілігі үшін ерекше бағалайды. Санжардың өзі былай дейді: «Мен үшін ТЖМмен құрдас болу – үлкен абырой. Біз онымен өмір жолын бірге өткендейміз, иық тірестіре келе жатқандаймыз». 2021 жылы азаматтық қорғау органдарының қатарына қосылған Рамазан Смайылов 1995 жылдың 3 маусымында дүниеге келген, яғни еліміздің Төтенше жағдайлар министрлігі құрылған жылмен дәл келеді. Бүгінде Рамазан Халық қаһарманы М.Айманов атындағы №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде аға өрт сөндіруші-құтқарушы қызметін атқарады. Аз ғана уақыт ішінде батыл, сенімді әрі жауапты маман ретінде танылып, кез келген сәтте көмекке келуге дайын екенін дәлелдеген ол төрт жыл бұрын Байзақ ауданындағы әскери бөлімде болған жарылыс кезінде өртті сөндіру және зардаптарын жою жұмыстарына қатысып, «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған. Сонымен қатар қызмет атқарған жылдары Рамазан талай ірі өрттерді сөндіруге және түрлі төтенше жағдайларды жоюға қатысып, жоғары кәсібилігі мен төзімділігін көрсетті. Өзінің ерлікке толы ісімен Рамазан Смайылов құтқарушы мамандығы жай ғана жұмыс емес, үлкен батылдықты, рухани күшті және өзгелер үшін өз өмірін қатерге тігуді талап ететін ұлы міндет екенін дәлелдеп жүр.
Төтенше жағдайлар министрлігімен құрдас азаматтық қорғау сержанты Ерқанат Абдразақов Т.Рысқұлов ауданының №10 өрт сөндіру бөлімінде автокөлік жүргізушісі болып қызмет атқарады. Өз өмірін өзгенің амандығына арнаған нағыз ержүрек азамат, тәжірибелі маман Ерқанат күн сайын табиғи апаттарда, төтенше жағдайларда, өрт кезінде және басқа да қауіпті оқиғаларда адамдардың өмірін құтқару үшін алдыңғы шепте жүреді. Оқиға орнына жеке құрамды уақытылы жеткізіп, өрт сөндіру барысында судың үздіксіз берілуін қамтамасыз етеді. Көп жағдайда өртті сөндірудің сәттілігі дәл осы іс-қимылдарға байланысты. Оның ерлігі, сабырлылығы мен кәсібіне адалдығы әріптестері мен жастарға үлгі. «Төтенше жағдайлар саласындағы қызмет – күн сайын қауіп пен қатерге толы. Алайда Ерқанат Абдразақов сынды қызметкерлер қиындықтан қаймықпай, халқына адал қызмет етеді, қабылдаған антына берік. Біз осындай азаматтармен мақтанамыз, олар – бейбіт заманның нағыз қаһармандары. ТЖМ қатарында осындай абзал жандардың болуы – халқымыздың қауіпсіз болашағына деген сенімді нығайтады», – дейді бөлім басшылығы.
Иә, Сұлтан мен Санжардың, Рамазан мен Ерқанаттың өмір жолдары – батылдықтың, борышқа адалдықтың және қоғамға шынайы қызмет етудің айқын үлгісі. Олар Төтенше жағдайлар министрлігінің 30 жылы жай ғана мерзім емес, адам өмірін құтқаруға өзін арнаған жандар жазып келе жатқан тағылымды тарих екенінің жарқын дәлелі.
ҚҰТҚАРУШЫЛАРДЫҢ ӘР КҮНІ ҚАУЫРТ...
Әдетте өрт шыққанда, назардың барлығы өрт сөндірушілерге ауып жатады. Алайда осы күрестің көлеңкесінде өрттің шығу себептерін анықтап, болашақта оның алдын алуға көмектесетін өзге де мамандар бар. Олар – зерттеу өрт сынақ зертханасының қызметкерлері. Тек биылдың өзінде облыстық төтенше жағдайлар департаментінің зертхана мамандары 92 ірі және қоғамдық резонанс тудырған өрт оқиғасына, сондай-ақ улы газбен уланудың 3 фактісіне зерттеу жүргізіп, сараптамалық қорытындыларын жедел ұсынды. Зертхана мамандары облыстың барлық өңірлеріне шығып, оқиға орнында талдау жүргізеді. Олар өрттің нақты ошағын анықтап, ықтимал себептерін – электр сымдарынан бастап, тұрмыстық техниканың ақауларына дейін зерттеп, құзырлы органдарға ресми қорытынды жолдайды. Зертхана мамандары – жай ғана сарапшылар емес, олар инженер, талдаушы және тергеуші рөлдерін қатар алып жүретін кәсіби мамандар. Терең білімі мен тәжірибесінің арқасында олар ең күрделі оқиғалардың себеп-салдарын дәл анықтай алады. Иә, олар көпшіліктің назарында болмауы мүмкін, алайда дәл осы мамандардың еңбегі қайғылы жағдайлардың алдын алуға, азаматтардың өмірі мен қауіпсіздігін сақтауға үлкен үлес қосады.
Б ү г і н д е о бл ы с т ы ң қ ұ т қ а ру ш ы - ө рт сөндірушілері түрлі оқу-жаттығуларға қатысуды жалғастыруда. Жақында Тараз қаласының төтенше жағдайлар басқармасы №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің жеке құрамы облыс орталығында орналасқан «Flo» аяқ киім дүкенінің 2-қабатында электр сымдарының қысқа тұйықталуы салдарынан болған шартты өрт сөндіру бойынша жоспарға сай өрт-тактикалық сабақ жүргізді. Шараны өткізудегі басты мақсат – жеке құрамның кәсіби дайындығын арттыру. Өрт-тактикалық жаттығуға 10 адам мен 2 техника жұмылдырылып, сабақ барысында екі газ түтінен қорғау буыны тиісті кәсіби жұмыстарын атқарды. Шара соңында құтқарушылар дүкен қызметкерлеріне өрт қауіпсіздігі ережелерінің талаптарын сақтау жолдарын түсіндірді, одан әрі ғимараттың өзіндік ерекшелігімен танысып, өрт-тактикалық сабақты қорытындылады. Сарысу ауданының о р т а л ы ғ ы – Ж а ң а т а с қаласының 9-шы ш а ғ ы н ауд а н ы н д а орналасқан жұқпалы аурухана ғимаратында жоспарк е с т е г е сәйкес түнгі өрт-тактикалық сабақ өткізілді. Сабақтың негізгі мақсаты жеке құрамның түнгі уақытта өрт болған жағдайда іс-қимылдарын жетілдіру, эвакуациялау шараларын пысықтау және өрт сөндіру техникасын дұрыс пайдалану болды. Шартты өрт кезінде жеке құрам жедел түрде дабыл бойынша көтеріліп, арнайы автокөліктер мен өрт сөндіру құралдарын іске қосты. Ғимарат ішінен адамдарды көшіру, зардап шеккендерге алғашқы көмек көрсету, өрт ошағын оқшаулау және сөндіру шаралары пысықталды. Түнгі жағдайдағы жаттығу кезінде жеке құрам үйлесімді әрекет етіп, кәсіби машықтары мен дайындық деңгейін көрсетті. Өрт-тактикалық сабақ өз мақсатына жетіп, жеке құрамның түнгі уақытта төтенше жағдайға әрекет ету қабілеті жоғары бағаланды.
Ал Жуалы ауданында туристік нысандар мен демалыс орындарында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған профилактикалық іс-шаралар өткізілді. Төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері туристік базалардың, демалыс аймақтарының және өңір тұрғындары мен қонақтары жиі баратын өзге де нысандардың иелері мен жауапты тұлғаларына түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Кездесулер барысында өрт қауіпсіздігі саласындағы қолданыстағы заңнама талаптарын сақтау мәселелеріне ерекше назар аударылды. Нысан өкілдеріне аумақтар мен ғимараттарды күтіп-ұстаудың негізгі ережелері, электр және газ құралдарын пайдалану тәртібі, сондай-ақ алғашқы өрт сөндіру құралдарының болуы қажеттігі түсіндірілді. Сонымен қатар қызметкерлерге тұрақты нұсқаулық өткізу мен өрт шыққан жағдайда іс-қимылдар бойынша тәжірибелік жаттығулар ұйымдастырудың маңыздылығы атап өтілді.
20-22 тамыз аралығында Талас ауданында азаматтық қорғаудың және мемлекеттік жүйені басқару органдарының қатысуымен кешенді оқу-жаттығулар өткізілді. Жаттығулардың бірінші күнінде негізгі ұйымдастырушылық іс-шаралар: төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі комиссия отырысы өтті, жедел ден қою жасағының, дайындығы мен жарақтандырылуы тексерілді, сондай- ақ жедел штабтың жұмысы ұйымдастырылды. Практикалық бөлім аясында үш күн ішінде шартты төтенше жағдайлар жағдайында барлық қызметтердің өзара іс-қимылын жетілдіруге бағытталған алты тактикалық арнайы оқужаттығу өткізілді. Оқу-жаттығу қорытындысы бойынша жергілікті атқарушы органдар мен азаматтық қорғау қызметтеріне әдістемелік ұсынымдар беріліп, төтенше жағдайларда әрекет ету, жоспарлау жене дайындықты арттыру мәселелері бойынша әдістемелік көмек керсетілді.
ЕРЕКШЕ ӨРТ СӨНДІРУ АЯЛДАМАСЫ – ЕЛ ИГІЛІГІНЕ
Төтенше жағдайлар министрлігінің 30 жылдығына орай Тараз қаласында ерекше әрі маңызы бар қоғамдық көлік аялдамасының құрылысы аяқталды. №4 өрт сөндіру бөлімі жанынан орын тапқан бұл жаңа аялдама нағыз өрт сөндіру көлігінің кабинасы түрінде жасалған. Ол қала келбетін айшықтап, тұрғындар мен қонақтардың қызығушылығын тудырып отыр. Аялдаманың басты ерекшелігі оның тек сыртқы келбеті ғана емес, сонымен қатар мазмұнды әрі пайдалы түрде ойластырылған функционалдығында деуге болады. Дизайнда ерекше элементтер қолданылған: қоқыс жәшігі ескі 50 литрлік өрт сөндіргіштен, ал жарық шамдары 5 литрлік өрт сөндіргіштерден қайта өңделіп жасалған.
Аялдаманың алдыңғы жағында көзге бірден түсетін «112» нөмірі жазылған, бұл төтенше жағдайларда уақытылы көмекке жүгінудің маңыздылығын еске салады. Аялдама бүгінде жастар мен қала тұрғындары үшін ерекше орынға әрі көпшіліктің суретке түсетін сүйікті жеріне а й н а л ғ а н .
Бұл нысан қауіпсіздік м ә д е н и е т і н д ә р і п т е у г е , қ ұ т қ а р у ш ы м а м а н д ы ғ ы н а д е г е н қ ұ р м е т т і арттыруға және өскелең ұрпақтың жауапкершілігін қалыптастыруға ықпал етеді.
ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ АКЦИЯСЫ АЯСЫНДА БАЛАЛАРҒА ҚУАНЫШ СЫЙЛАДЫ
Жаңа оқу жылы қарсаңында елімізде дәстүрлі түрде «Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясы өтуде. Төтенше жағдайлар қызметінің 30 жылдығын атап өту аясында осы игі бастамадан облыстың құтқарушылары да шет қалмауда. Мәселен Меркі ауданының төтенше жағдайлар бөлімі мен №9 өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері аталған қайырымдылық акциясына белсене атсалысты. Іс-шара барысында құтқарушылар мен өрт сөндірушілер бірнеше отбасына арнайы барып, оқушыларға сөмке, дәптер, қалам, бояу және басқа да қажетті оқу құралдарын табыс етті.
Жамбыл және Талас аудандарының құтқарушылары «Мектепке жол» акциясы аясында көпбалалы отбасына мектеп формасы мен қажетті кеңсе тауарларын алып берсе, жуалылық құтқарушылар да көмекке мұқтаж отбасыларына әлеуметтік қолдау көрсетуге өз үлестерін қосып, аз қамтылған отбасының балаларын жаңа оқу жылына қажетті заттармен қамтамасыз етті. Құтқарушылар мұндай акциялар халық пен құтқарушылар арасындағы сенімді нығайтуға ықпал етіп, өзара көмек пен бір-біріне қамқор болудың маңыздылығын еске салатынын атап өтті. Ал Шу ауданының құтқарушылары көпбалалы әріптесіне көмек көрсетіп, оның балаларына мектеп формасы мен қажетті кеңсе тауарларын алып берді. Сарысу ауданының төтенше жағдайлар бөлімі қызметкерлері болса, дәстүрлі акция аясында көпбалалы отбасының бір баласына көмек көрсетіп, қамқорлыққа алынған оқушыға жаңа оқу жылына қажетті мектеп құрал-жабдықтарын табыстады.
Бұл шараның мақсаты – әлеуметтік жағынан аз қамтылған және көпбалалы отбасыларының балаларын жаңа оқу жылына дайындауға қолдау көрсету, олардың білім алуға деген ынтасын арттыру. Балалардың жүзіндегі қуаныш пен атааналардың алғысы бұл акцияның маңыздылығы мен жылулығын айқындады. Осылайша төтенше жағдайлар қызметкерлері қайырымдылық әр азаматтың борышы екенін атап өтіп, болашақ ұрпаққа қамқор болу қоғамның басты міндеттерінің бірі екенін жеткізді.
СПОРТТЫ ДА СЕНІМДІ СЕРІК ЕТКЕН...
Тараз қаласындағы «Динамо» спорт кешенінде облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бөлімшелері мен азаматтық қорғау органдары ардагерлерінің командасы арасында волейбол турнирі өтті. Іс-шара екі маңызды күнге – 2021 жылы 26 тамызда қызметтік борышын атқару кезінде қаза тапқан қызметкерлерді еске алу күніне және Төтенше жағдайлар министрлігінің құрылғанына 30 жыл толуына орайластырылды.
Ойындар достық және ұйымшылдық рухында өтіп, командалар өздерінің шеберлігі мен командалық рухын ғана емес, сондай-ақ өзгелерді құтқару жолында өмірін қиған әріптестеріне деген құрметін де көрсетті. Департамент бастығы өз сөзінде қаза тапқан қызметкерлер ерлігінің маңызын атап өтіп, олардың есімі әріптестерінің және болашақ құтқарушылардың жүрегінде мәңгі сақталатынын жеткізді. Мұндай іс-шаралар ұжымдық рухты нығайтып қана қоймай, салауатты өмір салтын дамытуға ықпал етеді және әрбір құтқарушыда зор жауапкершілік, адалдық пен кез келген сәтте көмекке келуге дайындық бар екенін еске салады.
Тағы бір ерекше спорттық іс-шара Т.Рысқұлов ауданында ұйымдастырылды. Ауданның төтенше жағдайлар бөлімі мен №10 өрт сөндіру бөлімі қызметкерлері арасында Отбасы күні мен төтенше жағдайлар қызметі – мемлекетіміздің қауіпсіздігі мен азаматтардың амандығы үшін тынымсыз еңбек етіп келе жатқан маңызды құрылымның 30 жылдығына орай отбасылық спорттық жарыс өтіп, оған қызметкерлермен бірге олардың отбасы мүшелері де белсенді қатысты. Қатысушылар үшін түрлі спорттық эстафеталар мен ойындар ұйымдастырылып, олар ептілік, жылдамдық пен командалық рухты көрсетті. Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар анықталып, лайықты марапаттарға ие болды. Балаларға тәтті сыйлықтар беріліп, мерекелік көңіл-күй тарту етті.
Жүрсінгүл ЖАҚЫП.
Ұқсас жаңалықтар
Дәріханалардағы дәрі бағасы бір түнде өскені ме?
- 4 желтоқсан, 2025
ЖИ-ді іске асыруда жастардың рөлі ерекше
- 4 желтоқсан, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




