«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

«Аттылы кісі бойы көрінбейтін, Шалғыным шөп шықпайтын шөлге айналды»

«Аттылы кісі бойы көрінбейтін, Шалғыным шөп шықпайтын шөлге айналды»
Автор
...Бірде ол маған өлең оқыды. «Достық! Қасиетті достық! Махаббаттан жоғары. (Тұрақсыздар татымайды дос деуге), Нағыз достық – бір жүрекпен соғады, Бірақ жүрек қос кеуде». – Не деген керемет, өзің жаздың ба? –деппін. – Өй, бізге бұлай жазу қайда-а, Мұқағалидың «Маврынан» ғой, екеуіміздің достығымыз тап осындай ғой, ә, – деді.

Он жыл бұрын Шорабектің 60 жылдық мерейтойында жазылған мөлтек сыр. Одан бері көп мерзім өтіп, көп нәрсе өзгерді деуге келмейді, бірақ уақыт безбені безілдеп тоқтар емес. Шорабек жетпісте!

Кеше ғана алпысқа келген дейін десем, бала көңіл, періште сезіммен дос болғанымыз да кешегідей көз алдымда. Ойын баласының достығы емес, асыл арман, ұлы мақсат жолындағы пікір үндестігінен туындаған «әдеби одақ».

Шорабек Қажым Жұмалиевтың көгілдір түсті «Әдебиет теориясын» бергенде әдебиет әлеміне сыналап кіре бастағанымды сезіндім. Сөз құдіреті мен шығармашылық әлемнің сиқырлы сырларын түсіне бастағаным да осы тұс. Көркем шығарманың идеялық мақсаты мен жағымды, жағымсыз кейіпкерлер арқылы мақсатқа жету әдістерімен таныстым. Танысқан сайын өз өлеңдерімдегі ой кемшіндігі мен идея әлсіздігі көзге ұрып, қоңылтық сезім тудырды. Өлеңіме ғана емес, өзіме де сын көзбен қарағаным есімде.

Сыр айттың маған бірде ептеп:

«Бітпестен үлес-сыйымды ап,

Арманым менен үркектеп,

Алыстап кетті қиындап.

Келіппін бар деп, жоқты айтып,

Шешілмес енді бұл түйін.

Қалыпты тіпті бет қайтып,

Өйткені, бұл іс тым қиын.

Әңгіме әдебиет, өнер туралы. Шағымданған сияқтымын, есімде қалғаны жаман ақын болып, қасиетті өнерде көлденең көк аттыдай жүргім келмейді дегенім. Досымның өлеңінен Достық қасиетті ұғым, оның басты құдіреті қолдау жанашырлық, сенім екенін ұқтым.

...Әлде осы жеткен шегім бе?»

– Деп маған сен мұң шағасың.

Оңайды бірақ тегінде,

Қиыннан ғана табасың.

Қиын деп достым қол үзбе,

Өнерге болсаң шын ғашық.

Жетерсің салқын теңізге,

Жалаңаяқ ыстық құм басып.

Арманы асқақ Толағай,

Тауды да алған арқалап.

Болсыншы десең бәрі оңай,

Қиындықты ғана ал қалап!

Не деген қолдау! 17 жасар Шорабектің таным көкжиегі кең, ойы кесек, ауқымды. Саңырауқұлақтай қаптаған пәлсапашылар мен психологтар «қиын» мен «оңайдың» арақатынасы мен тұлға тәрбиесіне қатыстылығы туралы түйін жасай алады ма? Күмәнім бар.

– Сен менің өлеңдеріме сыншы бол, сенен жақсы сыншы шығады, – деді бір күні. Сеніп қалдым, мақтандым, әдебиеттен алыстамасам болды.

Сен маған қарай бердің көзіңді алмай,

Биледі сені сонда сезім қандай!

Мені әлде бақытыңа баладың ба,

Сондықтан көз салдың ба төзім қалмай.

Көз салдың тағы бірде күліп тұрып,

Кіршіксіз пәк көңілден сыр ұқтырып.

Мен сонда өзіме өзім сұрақ қойдым.

«Көл неге тыпыршиды тұнық тұрып»?

Өлең есеп емес, есеп шығарудың өзіндік формуласы, әдіс-тәсілі болады, ал өлең сезімталдық пен байқампаздық, ішкі тебіреніс пен рухани қуаттың нәтижесі. Өлеңнің идеясы мен формасын бір жол көтеріп тұр. Шеберлік демей не дерсің, көлдің тыпыршығанын бұрынсоңды кім сезіп, кім байқаған. Әдетте, көл табиғи құбылыстардың нәтижесінде, айталық, жер сілкінгенде, дауыл тұрғанда тыпыршымай ма, ал махаббат сезімі дауыл немесе көңіл толқынысы емес деп кім дауласады. Шеберлік па, шеберлік!

– Жарайсың, ойымнан шықтың керемет рецензия, – деп қояды. Рецензияның не екенін ажырата алмайтын кезіміз, екеуіміз де жаспыз.

Шорабек тоқтамайды, табиғи талантын қажырмен қайраған 9 сынып оқушысы совхоз орталығынан 7 шақырым жердегі Амангелдіге құйындай ұшып жететін. Торы анамыздың бір табақ етіне тойып алып, таң аппақ болып атқанша өлең талдаймыз, арасында ол «Иван Денисовичтің бір күнін», «Архипелаг Гулагты» тауып оқу керек деп қояды, оқыдық та. Қырғын соғыста Отан қорғаған ерлердің Архипелаг Гулагта «вертухайлардан» таяқ жеп жатқаны әділетсіздік қой, шындық қайда деген сұрақтарға жауап іздегендей боламыз. Жауабын таба алмаған соң қайтара кітап «кеміруге» кірісеміз.

Орхон Енисей жазбалары туралы Шорабектен естідім, көне түркі таңбалары деп түсіндік, қазақ кеңістігінде түркі әлемі жете зерттелмеген болатын. Соңынан Есалы ағамыздың сандығынан Орхон Енисей таңбаларының тарихы туралы кітабын аттай қалап алып, кезек-кезек оқып талдай бастадық. Түркі қағандары туралы білдік, классқа келіп біздің арғы бабаларымыз Күлтегін, Естеми қаған деп білгішсінгенімде, кластастарым сұқ саусағымен маңдайын көрсетті. Әрине, пышақтың қырындай Қазақ ССР тарихын Ұлы Октябрь революциясының басталуымен байланыстырып оқитын кезде менің айтқаным сандырақ емей немене!

Әлқисса, біздің «әдеби одақ» жұмысын жалғастыра берді, бозбала дәуренде ол да, менде ғашық болдық, махаббат лирикаларында түңілу, күйзелу сарыны байқала бастады.

Шырмау ойдан шығатын жоқ бір есік,

Көген-мұңмен келемін тек күресіп.

Басқа жанға бет бұрған бойжеткенмен,

Балпаң басқан бақытым кетті ілесіп.

Бет бақтырмай бір асу арада тұр,

Бақытыма бөгеу боп қалады ақыр.

Қуғын көрген қуаныш қош айтысып,

Барса келмес сапарға бара жатыр немесе

Бейуақ түнде елес алдайды,

Бейнеңді аққайың салды анық.

Өзің боп қолын бұлғайды,

Құшақты жаям қарманып.

Елеске мәз боп мен кеттім,

Ғашық боп гүлзар көктемге.

Жаным-ау дүние жер-көктің,

Сен болып бәрі кеткен бе?

«Эллегияға берілесің, өлеңдеріңде пессимизм басым», – деп сынағаным бар. Бұл махаббат лирикасының құдіретін түсінбегендіктен емес, досымның көңіл күйіне алаңдағандықтан пайда болған сын болар, бәлкім.

Ақын жазушы болсақ деп қатар армандасақ та Әбекең өзінен гөрі менің қамымды көп жеген екен. Тіпті арманымның алауын тұтатқан тамызығым, намысымды жаныған қайрағым болған екен!», – дегені бар-ды.

Бірде ол Джек Лондонның «Мартин Иденін» алып келді. Мазмұнымен таныстырып Мартиннің тағдырына алаңдаушылық білдірді. Бір деммен оқып шықтым, Американың трактирлеріндегі әдеби кештер мен алпауыт капиталистердің астатөк өмірлеріндегі қайшылықтарды капиталистік қоғамның әлеуметтік-саяси жүйесіне жаптым, алайда кітаптың басты идеясын жете түсіне алмадым. Мартиннің тағдырына жаным ашыды, өзін-өзі өлімге қиғанына налыдым, «шындық үшін өзін өлімге қиды», – деді Шорабек. Қандай шындық екенін түсінбегендіктен үндемей қалдым.

Джек Лондон түйіндегендей, адам адамның құлы емес, ақшаның құлы болғанын, адамдар арасындағы шынайы қарым-қатынастардың жойылуы тығырыққа тірейтін және материалдық құндылықтардың баянсыздығын дәлелдейтін қоғамдық-әлеуметтік құбылыс екендігін түсінбеген болармын. Қазір сауатымыз ашылды, отыз жыл бойы «жабайы капиталистер»- олигархтармен ұрланған көмір мен темір, мұнай мен газға қалыппен қараймыз, өйткені жер ана мейірімді, оның бәрін қайтарар, ал ұрланған иманды кім, қалай қайтаратынын ешкім білмейді. Баянсыз өмірден жеріген, Мартиннің образына басқаша қарай бастағанымыз да сол.

Өлең азап сахара,

Күн тотығып күйді өңің.

Өзің дедім қазақтың,

Қара Мартин Иденін. (Қадыр Қасымұлы).

Шорабектің тағдыры мен талайы да осы, бірақ ол күрескер, өлеңіне адал, тұрмысқа айырбастамайды. Қоғамдағы қоймалжың жайларға қанатымен су сепкен қарлығаштай аянары жоқ.

Сондықтан «әдеби одаққа» өлеңсіз келмейді. Бұл оның «тағдыр құрсауы мен тұрмыс тұсауы шідерлеген» тұлпар тұрғысындағы тұсы болатын. Талас алқабындағы қасиетті Тәңірберді даласы (мектепті бітірген соң совхозда шопанның көмекшісі болған) ақынды табиғатпен үндестіріп, ішкі қуатына күш қосқандай.

Ғайып боп ала құйын қыс бораны,

Айықты науқасынан ұстамалы.

Мақтасы ақ, жер-көрпені зергер көктем,

Барады көкжелеңмен тыстап әні.

Былқылдап, бұлаң қағып, күнге еркелеп,

Аспанмен тілдесіп тұр ділмәр терек.

Қалды ма қызғалдақты от-жалын деп,

Кетіпті қашып ақ қар, шыңға өрмелеп.

Көзді арбап ғажап көркі өте бөлек,

Қыз-көктем мені қырға жетелемек.

Қорқамын жадау күзде құс қайтқанда,

Жүрегім бірге ұшып кете ме деп.

Адам мен табиғаттың арақатынасы шынайы суреттелген, бір қарағанда көктемнің сұлулығын жырлаған десек те, көзімізге текемет теуіп, ою салып жатқан зергер аналарымыз, «қызғалдақты от-жалын» деп, шыңға өрмелеп қашып бара жатқан «үсті басы ақ қырау, түсі суық адам» елестейді.

Табиғат тылсымын шынайы суреттеген осындай тапқыр теңеулер сирек құбылыс. Өлеңнің соңғы шумақтарындағы көктем көркі табиғаттың құлпыруы, «қаны қашып жатқан даланың» шырайлануы, «қыз-көктем, ақынды қырға жетелеп», бір мезет жадау күзде ғажап сұлулықты жоғалтып «жүрегім бірге ұшып кете ме» деген ақын үрейі адам бойындағы сезім тербелістерін табиғатпен үйлестіріп дөп басып тұрғанын қарашы!. Өмір қозғалыс, ал жансыз табиғатқа жан бітіру ақынның басты мақсаты емес пе?

«Жазғытұры қалмайды кыстың сызы.

Масатыдай құлпырар жердің жүзі.

Жан-жануар, адамзат анталаса,

Ата-анадай елжірер күннің көзі», – «Абай да осылай жазды ғой, «күннің көзі ата-анадай елжірей» алатын болса, сенің сұлулыққа сүйсінген жүрегің «жадау күзбен» ілесіп ұшып (қашып) кетуі ғажап емес қой», – деген сияқтымын. Есімде жоқ көп жыл өтті ғой.

Шорабек бірде «масаларды сағындым» оқып шықшы деді.

...Су тасып жатқан кезі Таласымда,

Ақ шаңқан ауыл қонған жағасында.

Маса буып мазалап әкететін,

Абың-күбің іңірдің шамасында.

Масалардан қорғайтын масахана,

Қат болып бір кететін қасақана.

Көміліп қи бықсығы көк түтінге,

Ығын ап отырушы ек тасалана.

«Тасқын жатыр тағы елге ырыс әкеп»,

Дейтін әкем түтінге ығыса кеп.

Масаның мазағынан құтылатын,

Сол суды мен ойлаушы ем құрыса деп.

Ауылым есіме түседі, шалғынды тоғайда қала көшелеріндей тізілген ақ шаңқан үйлер Талас бойына сән беріп тұратын. Кемерінен асып, тасып жатқан Таластың иірімдеріне талай шомылғанбыз. Ең жағымсызы кешке қаптап кететін масалардың лаңы, тезек түтіні ауған жақты ықтап масаларды құтыртатын су құрыса деген балалық ойлар бәрімізде болған. Осылай жайбарақат басталған өлең табиғи экологиялық апаттың салдары мен себептерін ашатын өлеңоқиғаға айналады. «Әдебиет теориясы» тілімен айтқанда, тақырыбы масаларды сағыну, ал идеясы алапат экологияның жайы.

Жыл жылжып артымызда айлар қалды,

Қаңырап қаңсып талай сайлар қалды.

Таласымның тандыры кеуіп бітіп,

Ақ сортаңға Ақкөлім айналған-ды.

Еңіредім тауысып енді айламды,

Тасқын түгіл тамшы су келмей қалды.

Аттылы кісі бойы көрінбейтін,

Шалғыным шөп шықпайтын шөлге айналды...

Меніңше, Талас тауқыметін бірінші және соңғы көтерген Шорабек болар, оның алдындағы соңындағы ақындардан кең көлемдегі экологиялық апат туралы оқымаппын.

Ғылымның жетістігі барады үдеп,

Ойлаймын бұған да амал табады деп.

Ызыңынан масаның құтылғанмен,

Мың сан сұрақ миымды шағады кеп.

Қимаймын, қиялдаймын әлі нуды,

Қиналам кейде білмей неғылуды.

Ағын суды аңсаған кездерімде,

Масаларды шығардым сағынуды.

Өлеңдегі ой желісі, табиғат тепе теңдігін бұзу кешірілмейтін құбылысқа саяды, ақын әлі де ғылымның жетістігіне сенеді, сенімі масаларды сағынуымен бекітіледі. Ақын апатты жоятын гидротехник ғалым емес, ақын жаршы, ол халықты табиғатпен адамша қарым қатынас жасауға үндейді. Ең қызығы Талас тағдыры әлі шешімін тапқан жоқ.

Маса деген білгенге мұраппен тең,

Асып жеткен асудан қырат белден.

Масалар жақсылықтың хабаршысы,

«Су жетті» деп сүйінші сұрап келген.

Ақын арманы адамзат арманымен ұласып ғаламдық түрге енеді. Бұл эпикалық баллада, ойларыңның кеңістігі кең, ой кеңістігін эпикалық тұрғыда түсіндіру көркем шығармаға тән заңдылық. Себебі Таласта емес, дүние жүзінде құрғақшылықтан зардап шегіп жатқан елдер мен жерлер өте көп, Аралды қарашы, күріш пен мақта үшін бір теңіздің түбіне жету ғаламдық апат емей немене? Ол келіскендей болады, бірақ екі жақ та эпикалық баллада ма, поэма ма түсіне алмадық. «Әдебиет теориясындағы» жанр түрлері мен ерекшеліктерін қайталап оқуға бекіндім.

Көп ұзамай Шорабек тағы таңғалдырды. Кешкілік совхоз орталығындағы интернатқа келген досым «мінгес артыма, кеттік Амангелдіге, таңертең келеміз, Әбіш ағайың тұрып үлгермейді». Торы анамыздың қуанышында шек жоқ, Шорабегін жиі-жиі «Ленин жолының» бетінен көріп масаттанады. «Ақын балаң қайда?» деп жорта сұрайтын абысындары да көңілін көтеріп қойған. Оның үстіне бір жылға жуықтады шопанның көмекшісі, жалақысы да бар. Тамақтан соң төргі бөлмеде «әдеби одақ» жұмысы қыза бастады.

Балаларын бабалар көпсінбеген,

Бір-біріне серік боп өссін деген.

Қырық түрін қарғыстың білген қазақ:

«Тұяқсыз қал!» – деп бірақ тепсінбеген.

Қызық қуып, қыр кезген ата-бабам,

Қуанышқа қашан да қаталаған.

Өгей ұлды өксітпей өсіргенді:

«Қубассың!» – деп ешқашан атамаған.

Бақыт табу баласыз, сірә, жалған!

Болған бедеу-бейбақта бір-ақ арман:

Жатпай-тұрмай жалынып, жалбарынып,

Жаратқаннан жалғыз ұл сұрап алған.

Басталуы жақсы, иә ұрпақ өсіру адамзаттың арманы екені рас, екеуіміз де дауласпай жанрын баллада деп шештік. Мен проблемалық баллада деп едім, ол «ондай жанр жоқ» деп қайтарып тастады. Ішімнен, меніңше проблемалық баллада деп түйіп қойдым.

...Бала, бала. Кім оны жек көреді?

Бал қызықтың белгілі көп керегі.

Бүгіндері бірақ та кейбір кербез

Бір ұл және бір қызбен шектеледі.

Еркінсудің жеттік пе ең шегіне,

Бала тәннің артық бір бөлшегі ме?

Бір ұл, бір қыз қалалық бауырлардың,

Бара жатыр айналып өлшеміне.

Бара жатыр бұл күні сезім жүдеп,

Бәз біреулер баладан безінді кеп.

Сары қарын, салпы етек болмау үшін,

Құрсағының қояды көзін бітеп.

Астапыралла, қалай проблема емес, ана болу деген қастерлі аттан өз еркімен айырылудан асқан қасірет бар ма?

Байлық шіркін болады кімге пана?

Бақыт па екен үлде мен бүлде ғана?

«Аборт» атты ажалдың арқасында,

Азайып та қалыпты-ау шілдехана.

Таба қалса тобырдан толық қоштау,

Бір сұмдыққа болады-ау, анық бастау.

Тас бауырлық емес пе, тіршілікті

Тәнге біткен түйіндей алып тастау.

Жазығы не, бәрібір жазалайды,

Қайран болам жоқтаусыз қаза жайлы.

Бар-жоғын да дүниеден білмей кеткен,

Күнәсіздер көңілімді мазалайды.

Белшемізден ырысқа кенелдік те,

Болашақты жамсата жөнелдік пе?

Бауырлар-ау, бұнымыз біз көргенді,

Балаларым көрмесін дегендік пе?

Жарық дүние аңсаған жас баласын,

Жоқ қылады, сұмдық-ай, масқара шын.

Жарларыңды, жігіттер, абайлаңдар,

Ұлы адамды алдыртып тастамасын!

Жақтырмасаң жырымды кектесе бер,

Жан емеспін, әйтеуір жоққа сенер.

Осы індетті жоятын туар біреу,

Оның өзі аборт боп кетпесе егер.

Бірер шумағын алып тастайын десем баллада жанрына тән баяндалған замана проблемасынан мән кетеді, өйткені ақын айқайы сөйлемдер тізбегі емес, ойлар легі, ортасынан бір сөзін алсаң сап бұзылады, сәні қашады.

«Еңбек туында» жарияланып облыста шу тудырды. Көп жерлерде талқыланды да, ал енді айтып көр проблемалық баллада емес деп! Досымның ой тереңдігі мен тақырып таңдауына разы болдым, аузымен от көсеген ақын болатынына күмәнім қалмады. Себебі тақырыбы кең, ойы кесек, идеясы тың...

Алты Алашты аузына қаратқан Шорабек ақын, базбіреулер сияқты өңмөңдеп алға түспесе де, тосырқап тыста қалған жері жоқ. «Ақын болма, адам бол», – деді Абай. Адалдығымыз бен адамгершілігімізді қалыптастырған алтын жылдарымызға деген сағыныш бізді талай асулардан асырар. Әдебиет өнерін таңдаған жас ұрпаққа осы достық – «әдеби одағымыздың» пайдасы тиер деген де үмітім бар.

Әбиірбек ҚОНЫСБАЕВ,

прокуратура саласының ардагері.

Ұқсас жаңалықтар