«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Электр қуатын еселеу – бүгінгі сұраныс, ертеңгі қажеттілік

Электр қуатын еселеу – бүгінгі сұраныс, ертеңгі қажеттілік
Ашық дереккөз
Кейінгі кездері энергияның азаюына байланысты оны тиімді әрі үнемді пайдалану жолдары жиі қарастырылуда. Мұндайда ғалымдардың ізденісі аса маңызды. Электр қуатын қажет ететін орындарда қауіпсіздікті сақтай отырып, тиімді пайдалану экономикаға да үлкен үлес қосады. Осы мақсатта ұзақ жылдар бойы ізденіп, ғылыми еңбек жазып жүрген Әсел Қарасаева бүгінде Мұхамеджан Тынышпаев атындағы ALT University оқу орнында шәкірт даярлауда да абыройлы қызмет атқарып жүр.

Кейінгі кездері энергияның азаюына байланысты оны тиімді әрі үнемді пайдалану жолдары жиі қарастырылуда. Мұндайда ғалымдардың ізденісі аса маңызды. Электр қуатын қажет ететін орындарда қауіпсіздікті сақтай отырып, тиімді пайдалану экономикаға да үлкен үлес қосады. Осы мақсатта ұзақ жылдар бойы ізденіп, ғылыми еңбек жазып жүрген Әсел Қарасаева бүгінде Мұхамеджан Тынышпаев атындағы ALT University оқу орнында шәкірт даярлауда да абыройлы қызмет атқарып жүр.

Жас ғалым өзінің ізденісіндегі ғылыми жобасында шахта электровозының электр жетегін жетілдіру мүмкіндіктерін қарастыруда.

– Білесіздер, қазіргі техника ғасырында электр қуатынсыз ешбір техника жұмыс істемейді. Яғни, бұл дегеніңіз – ток қуатын қажет ететін жер көп, сондықтан барынша үнемдеп әрі тиімді пайдалануымыз керек. Бұрын судан алынатын электр қуаты қазір желден де, күн көзінен де алынып жүр. Сол энергияны тиімді пайдалана отырып, өмір сапасын жақсартатын және экономикаға табыс түсіретін өндіріс орындарының қажетіне жұмсау өзекті. Қазба байлықтарды өндірумен экономиканың күре тамыры саналатын тау-кен металлургия, көмір өнеркәсібінде шахта электровоздары тұрақты ток қуатының жетегімен қозғалып, жұмыс істейді. Сенімді, арзан асинхронды айнымалы ток қозғалтқышын, жүк шахтасы электровозының жетек қозғалтқышы ретінде қоректендіру үшін токтың үздіксіз байланыс желісі мен автономды кернеу инверторын ғылыми негіздеу және пайдалану ұсынылады.

Бұл шешім түпнұсқа болып саналады. Тұрақты ток пен автономды кернеу инверторының байланыс желісі, айнымалы токтың арзан асинхронды қозғалтқышы жиынтықта айналу жылдамдығын тегіс және кең диапазонда реттеуге мүмкіндік беретін жиілік түрлендіргіш. Жиілікпен басқарылатын шахта электровозының әзірленген асинхронды электр жетегі жоғары тиімділікке, жоғары қуат коэффициентіне ие. Ал электровоздың да, жетек қозғалтқышының да айналмалы бөліктерінің қызмет ету мерзімі 3-5 жылға ұзартылады. Бұл жобаның өзектілігі қазіргі уақытта жұмыс істеп тұрған жүк шахтасының электровоздарының электр жетектері тұрақты токпен электр жетегі іске қосу кезінде жоғары іске қосу, айналу кезінде коллекторда ұшқынның болуына байланысты жарылыс қаупінен жеткіліксіз қорғанысқа негізделгендігімен анықталады. Ал негізгі кемшілігі ретінде жоғары энергия шығыны қарастырылады. Яғни, жетек қозғалтқышының белгіленген қуатының 30-50 пайызына дейін жететіндігі. Міне, сондықтан өндірістік орындағы іске қажетті токты барынша үнемді әрі қауіпсіз қолдану жолдарын қарастырамыз, – дейді Әсел Рахметуллақызы өзінің ғылыми жобасындағы тақырыптың маңызы жөнінде.

Бүгінде Алматы қаласында қызмет етіп жүрген ол Т.Рысқұлов ауданының Луговой ауылындағы Т.Рысқұлов атындағы мектептің түлегі. 11-сыныпты үздік аяқтап, 2010 жылы бұрынғы М.Тынышбаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясына, яғни қазіргі Мұхамеджан Тынышпаев атындағы ALT University-ге мемлекеттік грантпен оқуға түскен. Білім ала жүріп, өзін қызықтырған тақырыптарда көптеген зерттеулер жүргізген. 2014 жылы осы оқу орнын үздік дипломмен «Электр энергетикасы» мамандығы бойынша аяқтап, сол жылы аталған мамандық бойынша магистратурада мемлекеттік грантпен білім алады. Білімін магистратурада жалғастыра жүріп, алғашқы еңбек жолын білім алған оқу орнында бастайды.

– Әкем агроном, мал дәрігері, педагог, электр маманы секілді бірнеше мамандықты меңгерсе де, зейнеттік демалысқа дейін аға электр механигі болып еңбек етті. Еңбек жолының кейінгі 30 жылында теміржолды электр қуатымен қамтамасыз ететін стансада шебер болды. Кейде жұмысына ілесе барғанымда айнала тақтаға қондырылған шымшытырық тетіктердің ортасында отыратын. «Ол не қылған тетіктер, ол жерде нендей іс атқарылады?» деген сұрақтар мені қатты қызықтыратын. Кейін келе білдім, теміржолдың сан түрлі бағыттарына жүретін электровоздарды токпен қамтамасыз етуді басқаратын тетіктерді өз жүйесімен іске қосады екен. Ауысыммен атқаратын қызметінде тәулік бойы әлгі тетіктерден көз алмайтын. Бір жағынан телефон қоңырауларына жауап беріп отыратын. Әкемнің жұмысына деген қызығушылық мені осы салаға жетеледі. Осы істің қыр-сырын ұғынып, елге пайдасы тиер жаңалық ашуға деген ұмтылыс магистратураны тәмамдағаннан соң, Электр энергетикасы мамандығы бойынша Алматы энергетика және байланыс университетіне докторантураға мақсаттық грантпен оқуға әкелді. Әрине, докторантурада білім алу кезінде де өз мамандығыммен жұмыс істедім, Алматы энергетика және байланыс университетінде оқытушылық қызмет атқардым. Қыз баласы болғаннан соң босаға аттап, тұрмысқа шығып, дүниеге сәби әкелу деген табиғат сыйлаған жауапкершілігіме байланысты бір жыл үзіліс жасадым. Енді қызметімді ары қарай жалғастыра отырып, ғылыми жобамның маңыздылығын тереңдете зерттеп, диссертация қорғауды жоспарлап отырмын. Себебі электр қуатын тиімді қолдану тек бүгінгі ғана емес, болашақтың сұранысынан түспейтін талап. Бұл істе қауіпсіздік аса қадағалануы керек. Менің ғылыми жобамның негізгі зерттейтін тақырыбы да осы, – дейді жас ізденуші Әсел Рахметуллақызы. Қазіргі уақытта Мұхамеджан Тынышпаев атындағы ALT University-де бірнеше білім алушыға дипломдық жетекшілік еткен «Энергетика» кафедрасының сениор-лекторы қызметін атқарып жүрген оның шәкірт даярлауда 10 жылға жуық еңбек өтілі бар.

Айта кетейік, электр энергиясын үнемдей отырып, аталған саланы дамыту мақсатында Мұхамеджан Тынышпаев атындағы ALT University 2022 жылы оқытушылар құрамымен 6В07188 «IT – энергетика» және 6В07189 «Қалалық электр көлігі» білім беру бағдарламаларын ашты. Алдағы оқу жылында 6В07188 – «ІТ-энергетика» білім беру бағдарламасы бойынша алғашқы түлектерін даярлап шығармақ. Энергетика саласының жас мамандарын оқытып, даярлауда еңбек етіп жүрген жас ғалым Әсел Рахметуллақызы 2016 жылы Ресейдің Омбы мемлекеттік қатынас жолдары университетінде, кейін Эстонияның Таллин техникалық университетінде тағылымдамадан өтіп, білімін халықаралық деңгейде толықтырған. Жас ізденушінің көздеген мақсатына жетіп, елдің экономикалық тұрғыда дамуына ғылыми еңбегімен де, білікті шәкірт оқытып дайындаумен де тың серпіліс әкелуіне тілектеспіз.

Қамар ҚАРАСАЕВА

Ұқсас жаңалықтар