«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жобаларға қолдау көрсетуше әрдайым әзір

Жобаларға қолдау көрсетуше әрдайым әзір
Ашық дереккөз
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Бекболат Орынбеков пен Сәкен Арубаев Байзақ ауданында болды. Сенаторлар алдымен Үлгілі орта мектебі қазандығының жылыту маусымына дайындығын көрді. Одан кейін Сарыкемер ауылындағы құрылысы аяқталған 40 пәтерлі тұрғын үй мен ветеринариялық пункттің, «Дихан» тірек мектебіне жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмысы, Мырзатай ауылындағы пайдалануға берілген 120 орындық мәдениет үйі, сондай-ақ Төрткөл елді мекеніндегі су құбыры желілері мен су қабылдау имаратының құрылысымен танысты.

«Дихан» тірек мектебінің күрделі жөндеу жұмыстарын «Тараз Строй – 2004» ЖШС жүргізуде. Жалпы құны 1 миллиард 22 миллион теңгені құрайтын құрылыс жұмыстары «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында жүзеге асырылуда. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын қалған. Мырзатай ауылдық округіндегі 120 орындық мәдениет үйінің құрылысын «Ник Тараз» ЖШС жүргізген. Жалпы аумағы 547 шаршы метрді құрайтын нысан елді мекендегі тұрғындардың игілігіне қызмет көрсетуде. Төрткөл ауылының су құбыры желілері және су қабылдау имараттарының құрылыс жұмыстарын «Қаз строй KZ» ЖШС қолға алыпты. Жалпы құны 440 500 мың теңгені құрайтын құрылыс жұмыстары бүгінгі таңда 60 пайызға орындалған. Сарыкемер ауылдық округіндегі ветеринариялық пункт өткен жылы пайдалануға берілген. Мұнда 8 адам жұмыспен қамтылған. Бүгінгі таңда аталған типтік ветеринариялық пунктті облыс әкімдігінің ветеринариялық станциясы теңгеріміне өткізу жұмыстары жүргізілуде екен.

Сенат депутаттары ауданда  жүргізілірп жатқан құрылыс жұмыстарын сапалы және уақытылы аяқтаудың, сондай-ақ республикалық бюджеттен бөлінген қаржылардың мақсатты жұмсалуының маңыздылығын атап өтті. Олар жаңа нысандар жергілікті тұрғындардың өмір сүру сапасы мен қызметтердің қолжетімділігін жақсартуда шешуші рөл атқаратынына тоқталды. Бұл жобалар халықтың денсаулығын нығайту, білім деңгейін арттыру және мәдени дамуды қолдау арқылы аймақтың жан-жақты өркендеуіне зор ықпал ететінін айтты. Сондай-ақ сенаторлар іссапар барысында аудан басшылығына бюджеттің мақсатты жұмсалуын, әлеуметтік нысандардың жұмысы, жылыту маусымын қалыпты өткізілуін басты назарда ұстауды тапсырды.

ҚАЗАНДЫҚ ЖАҢҒЫРТУДАН ӨТУДЕ

Сенат депутаттары Тараз қаласындағы «Таразэнергоорталық» АҚ қазандықтарының жалпы жылыту жүйесін жаңғырту жұмысының барысымен де танысты. Жалпы, Тараз қаласы әкімінің міндетін атқарушы Нұрсұлтан Исабековтің айтуынша, алдағы жылыту маусымына 616 автономды қазандық, 1831 көпқабатты тұрғын үй мен 1767 әлеуметтік нысан дайындалуда. Оның ішінде 793 білім беру, 392 денсаулық сақтау, 471 мәдениет, 93 спорт нысандары бар, олар 18 әлеуметтік арнаулы мекемелер еншісінде. Тараз қаласындағы М-1 жылу магистралының 1,5 километрін қайта жаңғыртуға 1428,7 миллион теңге қаралып, құрылыс-монтаж жұмыстары 99,7 пайызға атқарылса, 15-шағынауданның 0,5 километр жылу желілерін кеңейтуге 597,7 миллион теңге қаралып, құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталған. Сондай-ақ М-3 жылу желісінің 0,65 километрін қайта жаңғыртуға 944,4 миллион теңге қаралып, құрылыс-монтаж жұмыстары 87,4 пайызға атқарылған.

Сенаторлар «Таразэнергоорталық» АҚ АҚ-4 кеңейту жобасын іске асыру қазандықтағы қуат тапшылығына байланысты өте маңызды болып табылатынын, стратегиялық объектінің қуат тапшылығы бар проблемалық мәселе әлі де өзекті болып отырғанын айтты. Осыған байланысты, қуаты сағатына 100 Гкал қосымша су жылыту қазандығын орната отырып, АҚ-4 кеңейту (реконструкциялау) бойынша бұрын әзірленген жобаны түзету бойынша жобалық-сметалық құжаты әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынғаны, жобаның құны 6,7 миллиард теңгені құрайтыны айтылды.

 – Бүгінгі күні 2026-2028 жылдарға арналған республикалық бюджеттен Тараз қаласындағы Исатай көшесіндегі 4-ші аудандық қазандықта (АҚ4) қосымша су ысытқыш қазанын орнату жұмысы жоспарлануда. Бұл жобаға түзету енгізу үшін қаржы қарастыру мақсатында ҚР Энергетика министрлігіне бюджеттік өтінім тапсырылды, – деді Нұрсұлтан Архабекұлы.

Сенаторлар жылыту маусымын қалыпты өткізу, республикалық бюджеттің мақсатты жұмсалуын қадағалап, жылу жүйелерін жаңғырту бойынша әзірленген жобалардың қолдау табуына күш салатындарын жеткізді.

БІЛІМ ОРДАСЫНЫҢ МҮМКІНДІГІ МОЛ

Келесі кезекте халық қалаулылары Тараз қаласында Д.Менделеев атындағы Ресей химия-технология университетінің филиалында болып, білім ордасының мүмкіншілігіне назар аударды. Жаңа білім ордасы химия және технология саласындағы мамандарды даярлайтын, сондай-ақ қос елдің ғылыми ынтымақтастығына жол ашатын алаң болмақ.

«Тараз қаласында, химия өнеркәсібі белсенді дамып келе жатқан өңірде – Менделеев университеті Қазақстан экономикасына білікті кадрлар даярлау мен жаңа ғылыми-технологиялық шешімдерді енгізу арқылы қолдау көрсетуді мақсат етеді. Филиал жаңа серіктестіктерге, білім беру мен ғылыми тәжірибелерге жол ашып, жастардың химияға және химия индустриясына қызығушылығын арттырады. Қазірдің өзінде 30 дарынды студент білім алуды бастап кетті. Олар үшін қолайлы жағдай жасалған. Мұнда студенттерге арналған заманауи оқу сыныптары мен зертханалар, тәжірибелік сабақтар мен ғылыми зерттеулерде пайдаланылатын инновациялық жабдықтар бар.

Сенаторлар мүмкіншілігі мол білім ордасының қанат қағуымен құттықтап, бұл кадр даярлау ісінде шешуші рөл атқаратынын атап өтті.

БІРДЕН-БІР МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН МЕКЕМЕ

Сенат депутаттары Бекболат Серікбекұлы мен Сәкен Қаланұлы «Жамбыл облыстық стоматологиялық емханасында болды. Тараз қаласында мекеменің 2 нысаны және мектептерде 27 стоматологиялық кабинеті бар. Емхананың негізгі мақсаты – материалдық-техникалық базаны нығайту, жаңа технологиялар мен жабдықтарды енгізу, стоматологиялық қызметтердің тізімін кеңейту, өндірістік-шаруашылық қызметті жүзеге асыру арқылы білікті стоматологиялық көмек көрсетуді қамтамасыз ету болып табылады. Емхананың негізгі міндеті жақ және бет аймағының туа біткен патологиясы бар балаларға тіс аномалияларын жоюға аорналған аппаратты (ортодонтиялық пластина) қолдану арқылы ортодонтиялық көмек көрсету. Облыстық стоматологиялық емханада барлық санитарлық-гигиеналық талаптарға сай кабинеттер бар. Емхананың жобалық қуаты ауысымына 450 баланы қабылдауға есептелген. Кабинеттер заманауи стоматологиялық жабдықтармен жабдықталған. Сенаторлар емхана базасында облыс бойынша тіс-жақ аймағындағы туа біткен ауытқулары бар (ерін және таңдай жарықтары ) балаларды диспансерлеу орталығы ұйымдастырылғанын атап өтті. Ал ауыл тұрғындарына стоматологиялық көмек көрсету үшін Стом-Краст (КАМАЗ) базасында жылжымалы стоматологиялық кабинеттері де орналасқан. Жуырда ғана орталықта мүмкіндігі шектеулі балаларға ане сте зияны қолдану арқылы стоматологиялық көмек көрсететін операциялық бөлімше ашылды. «Церебральды сал ауруы, аутизм, эпилепсия және даун синдромы бар балалардың тістерін емдеу және жұлу біздің стоматологтар мен анестезиологтардың арқасында мүмкін болды», – дейді емхана басшылығы. Өткен жылы мұнда 179 мың қызмет алушы денсаулық жағдайына орай қайырылған.

 ЖҰМЫС САПАРЫ ЖАМБЫЛ МЕН ТАЛАС АУДАНЫНДА ЖАЛҒАСЫН ТАПТЫ

Сенаторлардың жұмыс сапары Жамбыл ауданында жалғасын тапты. Мұнда депутаттарға аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлы көптен бері тұрғындар тарапынан қозғау салынған Шайдана ауылындағы құрылысы аяқталған білім ордасын көрсетті. 150 орынға шақталған білім ордасы бүгінде толық пайдалануға әзір. Сондай-ақ Аса ауылындағы 120 пәтерлі тұрғын үй құрылысын, Абай көшесі бойындағы көпқабатты пәтерлердің жылыту қазандықтарына да бас сұққан сенаторлар жылыту маусымының қалыпты өтуін ұдайы бақылауда ұстау қажеттігін айтты. Жұмыс сапары аясында Өрнек ауылындағы «Айтақ» каналының жай-күйін, Өрнек ауылын таза ауыз сумен қамту жүйесін, Тоғызтарау елді мекенін газбен қамту және осы ауылдағы Т.Тоқтаров атындағы білім ордасының жылыту қазандықтарын аралап көрді.

Сенаторлардың жұмыс сапары Та лас ауданында түйінделді. Мұнда халық қалаулылары Қаратау қаласындағы жаңғыртудан өткен көпқабатты пәтерлер мен «Игілік» қазандығының жай-жапсарын көрді.

Қаратау қаласындағы жеке қазандықты қайта жаңғырту бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, сараптамадан өткізілген. Қазіргі таңда жұмыстар 90 пайызға атқарылды. Ағымдағы жылдың 20 қазанында аяқтау жоспарланған. Қаратау қаласындағы мазут шаруашылығын қайта жаңғырту жұмыстарына 710927 мың теңге қаралған. Бүгінгі күні қайта жаңғырту жұмыстары 95 пайызға атқарылып, ағымдағы жылдың 1 қазанында аяқтау жоспарланған.

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Байзақ, Жамбыл және Талас аудандары

 

Ұқсас жаңалықтар