Алқалы жиынды еліміздің Ішкі істер министрлігі әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев ашты. «Біз бүгін аса маңызды басқосуға жиналып отырмыз. Мемлекет басшысы ҚасымЖомарт Тоқаев сенім білдіргендей, әр полиция қызметкерінің мойынында аса ауыр салмақ пен жауапкершілік бар. Сіздер антқа адал болып сол жауапкершіліктің үдесінен шығып келе жатырсыздар. Учаскелік полиция инспекторы – мемлекеттік биліктің өкілі. Өз құзыреті шегінде адал еңбек атқаруға тиіс. Сіздер әр өңірден үздік болып, дараланып шықтыңыздар. Осы абыройды үнемі сақтауларыңыз керек. Бұл сіздерге берілген – жоғары баға», – деді ол.
Мұнан соң облыс әкімінің міндетін атқарушы Нұржан Календеров сөз алды.
«Бүгін қоғамның тыныштығы мен қауіпсіздігі үшін ерлік істер жасап жүрген ең үздік тәртіп сақшылары біздің облысқа жиналды. Облысымызда 457 учаскелік полиция инспекторы, 182 кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспектор еңбек етеді. Мемлекет басшысы айтып өткендей, халыққа ең жақын қызметкерлер де – осы учаскелік инспекторлар. Алдағы уақытта да тыныштық пен қауіпсіздік жолында аянбай тер төге беретіндеріңізге сенемін», – деді Нұржан Сәбитұлы.
Ал Ішкі істер министрлігі генералдар кеңесінің төрағасы Бексұлтан Сәрсенов, облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров полиция қызметінің жауапты жұмысына тоқталды.
Мұнан соң облыстық полиция департаментінің басшысы Бақытжан Малыбаев та учаскелік инспекторларына ерекше сенім артылатынын айтты. «Олар халықтың арасында жүрген, елмен тығыз араласып жүрген жауапты өкілдеріміз. Сіздер атқарған міндет өлшеусіз көп. Алдағы міндеттеріміз де маңызды», – деді ол.
Жиында Шу ауданы, Балуан Шолақ ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Есенгелді Текебаев жиналғандар алдында сөз сөйлеп, аталған ауылдың берекелі тірлігін, үш жылдан бері ешқандай қылмыс жасалмағанын айтып өтті. Осы орайда, аталған Балуан Шолақ ауылдық округінің учаскелік полиция инспекторы Нұрсұлтан Омарбаевтың да еңбегі аталып өтілді. Жиында Мемлекет басшысының қолынан марапатталған құқық қорғау саласына өмірлерін арнаған Зайнулиндер әулеті құрметпен аталды. Жиында республикалық «Үздік учаскелік полиция инспекторы» байқауының қорытындысы жарияланды. Тараз қалалық полиция басқармасы №2 полиция бөлімшесінің инспекторы Эльмира Байнязова мен Жамбыл аудандық полиция басқармасының инспекторы Әшіржан Пайызов байқау жеңімпазы атанып, автокөлікке ие болды. Екінші орын жүлдесімен Маңғыстау облысы, Жаңаөзен қаласының өкілі Бекназар Әлібеков пен қарағандылық Қайрат Иманбаев марапатталды. Ал жүлделі үшінші орын жетісулық Талшын Нұрлади мен керекулік Қуаныш Ербосынұлына бұйырды. Бұл маңызды марапатты Ішкі істер министрлігі әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев, облыс әкімінің міндетін атқарушы Нұржан Календеров, ішкі істер саласының ардагерлері Жан Кенжетаев, Мейірхан Жаманбаев, облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров, облыстық полиция департаментінің басшысы Бақытжан Малыбаев тапсырды.
Жиын соңында «Жігер» атты жаңа әннің тұсауы кесіліп, аталған әнді жамбылдық полиция өкілі Аманжол Рысбеков пен «Алашұлы» тобы орындады.
Ұқсас жаңалықтар
Жалған сөздің жазасы ауыр
- 4 желтоқсан, 2025
Ата-анасы бөлек тұратын баланың құқығы қорғалған ба?
- 4 желтоқсан, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




