«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Әр мүліктің есебі бар

Әр мүліктің есебі бар
kaz.inform.kz
Облыста орналасқан Жамбыл мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің негізгі атқаратын қызметі – республикалық мемлекеттік мүлікті тиімді басқару. Оның бір бағыты – мемлекет меншігіне алынған мүлікті есепке алу, сақтау, пайдаланбай тұрған мүлікті мемлекеттік органдардың теңгеріміне беру, сенімгерлік басқаруға беру, сондай-ақ бағасын шығарып сату және жою.

Департаменттің жекелеген негіздері бойынша түскен мүлікпен жұмыс бөлімі «Жекелеген негіздер бойынша мемлекет меншiгiне айналдырылған мүлiктi есепке алудың, сақтаудың, бағалаудың және одан әрi пайдаланудың кейбiр мәселелерi» туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 26 шілдедегі №833 қаулысының 8-ші тармағына сәйкес тәркіленген мүлікті, заттай айғақтарды, сондай-ақ бұрын мемлекет пайдасына бас тартудың кедендік рәсіміне орналастырылған тауарларды сот орындаушылардан немесе органдардан мемлекет кірісіне қабылдау жұмыстарын жүргізіп келеді. Биыл мекеменің жекелеген негіздер бойынша түскен мүлікпен жұмыс бөліміне 191 атқару өндіріс ісі түскен. Ол 11753,6 бірлік мүлікті құрайды. Оның ішінде 10 автокөлік, 11622,6 литр жанар-жағармай, (бензин, дизель отыны), 1 сыйлық, 6 халық тұтынатын тауарлар, 114 ұялы телефон, құралжабдықтары, жарық құрылғысы, тыйым салынған діни кітап және тағы басқалар бар.

Биылғы сот шешімдерімен мемлекет меншігіне алынған 11753,6 мүлікті одан әрі пайдалану, сату немесе жою бойынша тоғыз комиссия отырысы өткізіліп, шешім шығарылды. Комиссия шешімімен 148 атқару өндірісі бойынша 10 автокөлік құралы, 11622,6 литр жанар-жағармай, (бензин, дизель отыны) және 1 сыйлыққа бағалау жұмыстарын жүргізу туралы шешім шығарылды. Ал 43 атқару өндірісі бойынша барлығы 120 ұялы телефон мен оның құрал-жабдықтары, тыйым салынған діни кітап және жарық құрылғыларына заң талабымен жою туралы шешім шығарылып, жою жұмыстары жүргізілді.

Жалпы жыл басынан бері 148 атқару өндірісі бойынша мемлекет меншігіне алынған мүліктің жалпы бағалау құны 71 миллион 671 мың теңгені құрады. Мемлекет меншігіне алынып, мемлекеттік органдар теңгеріміне ұсынылған мүліктен өзгесі электрондық сауда-саттыққа шығарылды. Сонымен 69 атқару өндірісі бойынша 4302,5 мүлік 8 миллион 764 мың 790 теңгеге өткерілді. Қалған мүліктер бойынша атқару жұмыстары жалғасуда.

Нүркен ҚОНЫСБАЕВ,

Жамбыл мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің жекелеген негіздер бойынша түскен мүлікпен жұмыс бөлімінің басшысы.

 

Ұқсас жаңалықтар