«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Өнеркәсіп өндірісі өркендеуде

Өнеркәсіп өндірісі өркендеуде
primeminister.kz
Өңір экономикасының қандай деңгейде екендігі сол жергілікті жердегі өнеркәсіп саласының даму қарқынына тікелей байланысты. Осыған сәйкес аталған саланың жұмысына жауапты басқармаға арнайы бас сұғып, сала мамандарынан соңғы жеті айдың көлемінде өңірдегі өндіріс ошақтарының өндірген өнімі туралы мәлімет алған болатынбыз.

Жалпы облыс әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының негізгі қызметі облыстың кәсіпкерлік, инвестициялар, туризм, өнеркәсіп және сауда салаларында мемлекеттік саясатты жүзеге асыру болып табылады.

Ненің болсын көрсеткішін соның есебінен көріпбілуге болатындығын бәріміз де білеміз. Ал есеп дегеніміз сан түрлі сандар тілінде сөйлегенді жақсы көреді. Сала басшысының айтуынша, 2025 жылдың қаңтар-шілде айлары аралығында облыстың өнеркәсіп кәсіпорындары 745,3 миллиард теңгенің өнімін өндірген. Өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда нақты көлем индексі 118,2 пайызды құрайды.

Өнеркәсіп өнімінің 18,2 пайызға өсуі тау-кен өндіру саласында өнім көлемінің 39,5 пайызға, өңдеу өнеркәсібінде 13,5 пайызға өсуімен түсіндіріледі. Тау-кен өндіру өнеркәсібі саласында өндірілген өнім көлемі 123,9 миллиард теңгені құрайды, нақты көлем индексі өткен жылмен салыстырғанда 139,5 пайызды береді. Атаулы саланың жалпы өндірілген өндірістік өнім көлеміндегі үлес салмағы 16,6 пайызға сәйкес келеді.

Өңдеу өнеркәсібі саласы бойынша өндірілген өнім көлемі 473,1 миллиард теңгені құраса, оның нақты көлем индексі өткен жылмен салыстырғанда 113,5 пайызды құрайды. Саланың жалпы өндірілген өндірістік өнім көлеміндегі үлес салмағы – 63,5 пайыз. Өңдеу өнеркәсібі құрылымында мына салалар ең көп үлеске ие: химия өнеркәсібі (46,1 пайыз), тамақ өнімдері өндірісі (16,8 пайыз), металлургия өнеркәсібі (14,2 пайыз), өзге де металл емес минералдық өнімдер өндірісі (11 пайыз). Бұған керісінше мұнай өнімдерін өндіру (4,2 пайыз), машина жасау (2,5 пайыз), дайын металл бұйымдарын өндіру (0,8 пайыз), жеңіл өнеркәсіп (1 пайыз) салалары ең аз үлеске ие.

Ең көп үлеске ие химия өнеркәсібінің 2025 жылдың қаңтар-шілде айлары аралығындағы өндірген өнімінің көлемі 218,2 миллиард теңгені құраса, нақты көлем индексі 125,3 пайызды құрайды. Саланың өңдеуші өнеркәсіп құрылымындағы үлесі – 46,1 пайыз. Бұл салада «Қазфосфат» ЖШС (ЖЖФЗ және минералды тыңайтқыштар), «Talas Investment Company» ЖШС-нің филиалдары, шағын кәсіпорындар бар. «Қазфосфат» ЖШС-нің филиалдары сары фосфор және оның қосындыларын, фосфорлы және азотты минералды тыңайтқыштар өндіруге мамандандырылған, ал «Talas Investment Company» ЖШС натрий цианиді мен аммоний сульфатын өндіреді. 2025 жылдың мерзімді кезеңінде заттай мәнде өндірілген өнімдердің ішінде сары фосфор 53 мың тоннаны, ортофосфор қышқылы 12 мың тоннаны, минералды тыңайтқыштар 437 мың тоннаны, натрий цианиді 8 мың тоннаны құрап отыр.

Металлургия өнеркәсібі бойынша мерзімді кезеңде 67,2 миллиард теңгенің өнімі өндірілген. Оның нақты көлем индексі 88,4 пайызды құрайды. Өңдеу өнеркәсіп құрылымындағы үлесі 14,2 пайызға тиесілі. Саланың негізгі кәсіпорындарына ферроқорытпалар өндірісі бойынша «Тараз металлургиялық зауыты» ЖШС, бағалы металдар (алтын және күміс) өндіретін «АК Алтыналмас» АҚ, алтын және күміс өндіретін «Golden Compass Capital» АҚ, болат құю бұйымдарын өндіретін «Запчасть» АҚ жатады. Аталған өндіріс ошақтарында соңғы жеті айдың көлемінде барлығы 1283 килограмм алтын заттай мәнде өндірілген. Азық-түлік өнімдерін өндіру бойынша мерзімді кезеңде 79,6 миллиард теңгенің өнімі өндірілген. Оның нақты көлем индексі 114,8 пайызды құрайды. Өңдеу өнеркәсіп құрылымындағы үлесі – 16,8 пайыз. Саладағы негізгі кәсіпорындарды «Тараз қант зауыты» ЖШС, «Меркі қант зауыты» ЖШС, «Бурное сүт компаниясы» ЖШС және «Меркі ірімшік зауыты» ЖШС, сондай-ақ сүт, макарон және кондитерлік өнімдер өндіретін шағын кәсіпорындар біріктіреді. Олардың мерзімді кезеңде заттай мәнде өндіргендері 82,3 мың тонна қант, 1884 тонна ірімшік және сүзбе. Өзге де металл емес минералдық өнімдер өндірісі бойынша (құрылыс индустриясы) мерзімді уақытта 52,1 миллиард теңгенің өнімі өндірілген. Оның нақты көлем индексі 148,1 пайызды құрайды. Өңдеу өнеркәсіп құрылымындағы үлесі – 11 пайыз. Саланың негізгі кәсіпорындары тізіміне портландцемент өндіру бойынша «Жамбыл цемент өндірістік компаниясы» ЖШС, құрылыс гипсін және оның құрылғыларын өндіретін «Жамбылгипс» АҚ, темірбетон бұйымдарын, бетоннан жасалған құрылыс құрастырмалы құрылымдарын өндіретін «Гимарат Темірбетон» ЖШС және «Жамбылхимстрой» ЖШС, сондай-ақ және тағы басқа кәсіпорындарды жатқызсақ болады. Осы жоғарыда аттары аталған кәсіпорындармен мерзімді кезеңде барлығы 881 мың тонна портландцемент, 165 мың тонна құрылыс гипсі, 222,6 мың тонна тауарлы бетон заттай мәнде өндірілген. «Саладағы өндіріс көлемінің ұлғаюы немесе азаюы тапсырыс берушілердің сұранысына, құрылыс-монтаж жұмыстарының маусымдық сипатына байланысты», – дейді мамандар.

– Мұнай өңдеу өнімдерін өндіру бойынша мерзімді уақытта 19,8 миллиард теңгенің өнімі өндірілді. Оның нақты көлем индексі 154,2 пайыз болатын болса, өңдеу өнеркәсіп құрылымындағы үлесі – 4,2 пайыз. Сала өзіне мұнай отынын, авиациялық бензин, мазуыт шығаратын «Амангелдинский ГПЗ» ЖШС-нің Жамбыл және Талас филиалдарын біріктіреді. Аталған кәсіпорындар жыл басынан бері 104 мың тонна мұнай өнімдерін заттай мәнде өндіріп отыр. Ал машина жасау саласына келсек, мұнда мерзімді кезеңде 11,7 миллиард теңгенің өнімі өндірілгендігін көреміз. Оның нақты көлем индексі 115 пайызды құраса, өңдеу өнеркәсіп құрылымындағы үлесі 2,5 пайызды құрайды. Осы жерде саладағы өнім көлемінің «ЖамбылРемСервис» ЖШС, «Қамқор Локомотив» ЖШС филиалдарында (Шу локомотив жөндеу зауыты және Тараз локомотив жөндеу депосы) жөндеу жұмыстарына көрсетілетін қызметтер есебінен қамтамасыз етілгендігін айта кетуге тиіспіз. Жеңіл өнеркәсіп саласы бойынша соңғы жеті айлықта 4,8 миллиард теңгенің өнімі өндірілген болса, дайын металл бұйымдарын өндіру бойынша 3,6 миллиард теңгенің өнімі өндірілді. Біріншісінің нақты көлем индексі 94,4 пайызды құраса, екіншісінікі 88,7 пайызды құрайды. Ал өңдеу өнеркәсіп құрылымындағы үлесі бойынша біріншісінікі 1 пайыз болса, екіншісінікі 0,8 пайыз. Біздің өңірде былғарыаяқ киім өндірісі, тоқыма бұйымдары, киім өндірісі дамыған. Саланың негізгі кәсіпорны болып «ТаразКожОбувь» ЖШС табылады. Оның қызметі тері бұйымдарын өндіруге және былғары аяқ киімнің кең ассортиментін тігуге негізделген. Салада өнім көлемінің ұлғаюы немесе азаюы тапсырыстарға, сұранысқа байланысты. Аталған серіктестік жыл басынан бері 90 мың жұп аяқ киімді заттай мәнде өндірді. Ал дайын металл бұйымдарын өндіру саласында екі кәсіпорын жұмыс істейді. Олар: «ЖЗМК Имсталькон» ЖШС және «Металлоконструкция және резервуарлар зауыты» ЖШС. Серіктестік мерзімді кезеңде 2212 тонна металл құрылғыларын заттай мәнде өндіріп отыр.

Қорыта айтсақ, Тараз қаласының кәсіпорындары 2025 жылдың қаңтар-шілде айлары аралығында 403,8 миллиард теңгенің өнімін өндірді. Өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда саладағы нақты көрсеткіш индексі 120,3 пайызды құрайды, – дейді облыс әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаев.

Талғат ТАЛАПҰЛЫ 

Ұқсас жаңалықтар