«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Сандық дәуірдің сыны – киберқылмыс

Сандық дәуірдің сыны – киберқылмыс
Ашық дереккөз
Елімізде цифрлық технологияның дендеп енуіне байланысты жаңа тәуекелдер қатары артып келеді. Осыған байланысты бүгінде жұртшылықты интернет алаяқтық мәселесі алаңдатып отырғаны жасырын емес. Сондықтан аталған бағытта биыл құқық қорғау органдары заманауи технологияларды белсенді енгізіп және азаматтық қоғаммен өзара іс-қимылды кеңейтуде. Бұл қазірдің өзінде қылмыс пен құқықбұзушылыққа қарсы күресте айтарлықтай нәтиже беріп отыр.

Соның нәтижесінде биылғы жылдың бірінші жартыжылдығындағы қорытындылар оң динамиканы көрсетті. Бұл ретте тіркелген қылмыстық құқықбұзушылықтар саны 10,9 пайызға, ал ауыр қылмыстар саны 10 пайызға төмендеген. Бұл көрсеткіштер бақылауды күшейту және қоғамды тарту шаралары нақты нәтижелер беретінін және көшелер мен жолдарды қауіпсіз етуге мүмкіндік жасайтынын көрсетіп отыр.

ЦИФРЛЫҚ ШЕШІМДЕР АРҚЫЛЫ ҚЫЛМЫС САНЫ АЗАЙҒАН

Қоғамда «Заң мен тәртіп» идеологиясын ілгерілету, халық арасында заңға бағынатын мінез-құлық қалыптастыру дәйекті түрде жалғасып жатыр. Есесіне елде қылмыстық ахуал түзелді. Бас прокуратураның мәліметінше, былтыр осы кезеңде 82573 жағдай тіркелсе, биыл бұл 76512 дерекке азайған. Елімізде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы негізінде қауіп-қатерді ерте анықтау және алдын алу жұмыстары тұрақты жүргізіліп отыр. Жауапты органдардың бірлесе жұмыс істеуінің арқасында әзірге 61 кибертоп әшкереленіп, 217 «дроппер» қылмыстық жауапқа тартылды. Ғаламторды кезген 88 мың есірткі дүкенінің шоттары жабылған. ІІМ Киберқылмысқа қарсы ісқимыл департаменті мен Ұлттық банк бірлесе «Антифрод орталығы» жүйесі арқылы 2,5 миллиард теңгені бұғаттаған. Бұдан бөлек, байланыс операторларның көмегімен 67 миллион жалған қоңырауға шектеу қойылған. Жыл басталғалы киберқылмыс жасаған 900-ге жуық адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Бірақ нақты нәтижеге қол жеткіздік деуге әлі ерте.

АЙМАҚТАҒЫ АХУАЛ ҚАНДАЙ?

Республика көлемінде алаяқтарға жем болғандар саны артып барады. Өткен жеті айдың өзінде осындай 13800 дерек тіркелген. Тұрғындардың шығыны миллиондап  емесс , миллиардтап саналады. Мәселен таяуда облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіровтың төрағалығымен өткен алқа отырысында бірлесіп қабылданған шаралардың нәтижесінде өңірде қылмыстарды ашу көрсеткіші 33 пайызға артқанын және Ұлттық банктің «Antifrod-Center» орталығы арқылы 346 күдікті банк шоттары бұғатталғанын атап өтті. – Байланыс операторларымен жасалған меморандум аясында алаяқтар қашықтан қоңырау шалу мүмкіндігін беретін 2 «SIM-box» құралы анықталды. Атап айтқанда, жыл басында облыс прокуратурасының үйлестіруімен полиция қызметкерлері «Қазақтелеком» және «Kcell» АҚ-мен бірлесіп атқарған жедел-іздестіру жұмыстарының нәтижесінде Тараз қаласында Қазақстан Республикасы аумағында интернет-алаяқтық жасау үшін пайдаланылған «Tele-2» операторының 128 SIMкартасы салынған «SIM-box» құралы анықталды. Аталған факті бойынша Ресей азаматы ұсталды. «CyberShekteuTaraz» ботының көмегімен 224 күмәнді сілтемелер, жарнама, веб-сайттар, телефон нөмірлері бұғатталды. Бұдан бөлек, прокуратураның үйлестіруімен облыстық полиция департаменті 150 азаматқа қатысты алаяқтық жасап, оларға 80 миллион теңгеге жуық шығын келтірген Қазақстан азаматшасын күдікті ретінде ұстады. Сондай-ақ интернет-алаяқтық саласында сұраныстардың өсуіне байланысты тергеу тиімділігін арттыру үшін компьютерлік технология және криптовалюта саласындағы мамандарды тарту қолға алынуда, – деді Нұрғалым Әбдіров.

Өкінішке қарай, бүгінде елімізде киберқылмысқа қатысты қылмыстар қатары күн санап жаңа сипатқа еніп келеді. Мәселен шілде айында Instagram әлеуметтік желісі арқылы тұрғындарды оңай әрі жылдам пайдаға кенелтемін деген жалған уәделермен алдап келген екі адамнан құралған топ ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған еді. Тергеу барысында күдіктілердің 20-ға жуық алаяқтық дерекке қатысы бары анықталды. Сонымен қатар интернетке жалған автокөлік сату туралы хабарландырулар орналастырып, азамататтарды алдағандар қолға түсті. Бұл іс бойынша тергеу амалдары аяқталып, материалдар сотқа жолданды. Бұдан бөлек, Бас прокуратура мен Қаржылық мониторинг агенттігінің қызметкерлері еліміздің Біріккен Араб Әмірліктеріндегі елшілігінің көмегімен криптовалютамен заңсыз с ауда жас ағаны үшін ізде стірудегі от андасымызды Дубайдан экстрадициялады. Күдікті 2022-2024 жылдар аралығында тиісті лицензиясыз «Binance» криптобиржасының платформасында жеке тұлғалар үшін цифрлық активтерді сатып алу, сату және айырбастауды жүзеге асырып, 400 миллион теңге сомасында заңсыз табыс тапқан. Дубайда ұсталған ол Бас прокуратураның сұрауы бойынша елге жеткізілген еді.

КИБЕРҚЫЛМЫС КҮН ТӘРТІБІНЕН ТҮСПЕЙДІ

Мамандардың сөзіне сүйенсек, осы сипаттағы қылмыстар халықтың көпшілігі әлі күнге дейін әлеуметтік желілердегі, телефондағы жеке деректерді қорғау жолдарын  біле бермейтіндігінен орын алуда. Салдарынан алаяқтардың кезекті құрбаны болады. Биыл жарты жылда интернет алаяқтар отандастарымыздың 25 миллиард теңгесін ұрлаған. Оның тек 1 миллиардқа жуығы ғана иелеріне қайтарылды. Ең өкініштісі де – осы. Қылмыстардың ары кетсе 26 пайызы ғана ашылады екен.

– Қазіргі таңда алаяқтар WhatsApp, Instagram сияқты әлеуметтік желілері мен мессенджерлерін, OLX, Kolesa. kz, Krisha.kz сынды онлайн сауда платформаларын белсенді пайдаланып жатыр. Олар әртүрлі сылтаумен сізден ақша сұрауы мүмкін. Мәселен тауар немесе қызмет үшін алдын ала төлем сұрау, инвестицияға тарту, сыйлық немесе жеңілдік уәде ету сияқты түрлі айла-тәсілдер арқылы сізді алдауы мүмкін. Ешқашан банк картаңыздың деректерін, ЖСН, SMS-кодтарды немесе басқа да жеке мәліметтеріңізді ешкімге айтпаңыз. Полиция, ҰҚК, банк қызметкерлері ешқашан телефон арқылы сізден жеке деректер сұрамайды және ақша талап етпейді, – дейді Бас прокурор Берік Асылов.

Бас прокурордың сөзінше, қазір елімізде түрлі құқықбұзушылыққа қарсы күресте ұдайы ІТ шешімдер қолданылып жүр. Мәселен алаяқтармен күресте «Антифрод орталығы» жүйесінен бөлек отандық «KazDream» және «Seven Hills of Kazakhstan» компаниялары әзірлеген арнайы бағдарламалық кешендер кеңінен пайдаланылады. Одан бөлек, «Цифрлық қадағалау» АТЖ бірыңғай платформасына мемлекеттік органдар мен ХҚКО-лардың деректер базасы біріктірілген. Оған 3 мың көше камералары қосылған. Прокуратура органдарының алғашқы жеті айдағы есебіне иек артсақ, нәтижесінде қоғамдық орындарда тәртіп бұзушылық 23121-ден 21269-ға дейін, көшелерде 11035-тен 10272-ге дейін төмендеген.

– Цифрлық құралдар адамдарды іздестіруде де жиі қолданылады. Енді ол пробациялық бақылауда пайдаланыла бастады. Осыдан кейін 2547 азаматты қылмыстық ортаға негізсіз тартуға жол берілмеді. Азаптау фактілері үш есеге қысқарды. Сотталған 81 адамның жағдайы жақсарды. Тергеу органдарының 12 мыңнан ас а заңсыз шешімінің күші жойылды. Әлеуметтік-экономикалық салада да құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету бойынша жүйелі қадағалау құрылды. Оның негізінде 2 миллионнан астам отандасымыздың әлеуметтік құқықтары қалпына келтірілді. Прокурорлар әлеуметтік тұрғын үйді бөлу тәжірибесін қайта қарауға қол жеткізді. Нәтижесінде, 529 жетім бала пәтерге ие болды, тағы 409-ы кезекке тұрды. Барлық бұзушылық бойынша қадағалау актісі енгізіліп, 4,5 мың баланың құқығы қорғалды, – дейді Берік Асылов.

Жалпы прокуратураның жымқырылған активтерді қайтару, тергеп-текс ерілген қылмыстық істер бойынша залал, әлеуметтік экономикалық саладағы және атқарушылық іс жүргізудегі қадағалау актілері бойынша бюджетке 716 миллиард теңге өтелген. Бұдан бөлек, мемлекеттік сатып алу саласында 109 миллиард теңгенің ықтимал шығындарына жол берілмей, халықаралық ынтымақтастық саласында 3 келісім ратификацияланған. Сондай-ақ биыл маусымда Еуропа Кеңесінің министрлер комитеті еліміздің Қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы конвенциясына қосылу туралы өтінімін бірауыздан қолдады. Бұл Еуропаның 46 мемлекетінен қылмыстық істер бойынша дәлелдемелерді алуға мүмкіндік береді.

Нұрболат АМАНБЕК

Ұқсас жаңалықтар