«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Адал еңбек иесі қашанда құрмет құшағында

Адал еңбек иесі қашанда құрмет құшағында
Ашық дереккөз
Дана Абайдың «Ақырын жүріп, анық бас, еңбегің кетпес далаға» деген өсиетті сөзінің нақ көрінісін көрдік. Елінің игілігіне адал еңбек етіп келе жатқан Байзақ ауданындағы Сарыкемер мектеп-гимназиясының қазақ тілі және әдебиеті пәні мұғалімі Раушан Абуеваға республикалық Тамыз кеңесінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Құрмет» орденін тақты. Жалпы 39 жыл еңбек етіп, оның 36 жылын жас ұрпақ оқытып, тәрбиелеуге арнаған Раушан Бәкірқызы бүгінге дейінгі тәжірибесімен, біліктілігімен педагог-шебер атанған. Ол ұстаздық жауапкершілігіне мұқияттылықпен қарап, қарапайымдылықпен жанының сұлулығын байқататын. Абай айтқандай, ақырын жүріп, анық басып атқарған қызметі ұзақ жылдан соң еленіп, жоғары деңгейде марапатталғаны еңбектің далаға кетпейтінін көрсетті.

Ол өзінің білім, тәрбие беру ісіндегі озық тәжірибесімен жас әріптестерімен бөлісе жүріп, бірнеше әдістемелік құралдар жазды. Атап айтсақ, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы Педагогикалық шеберлік орталығының қолдауымен «Эссе жазу әдістемесі» көмекші құралы, 11-сыныптарға арналған қазақ тілінен тесттер жинағының, «Қазақ әдебиеті сабағын модульдік оқыту технологиясы негізінде оқыту», «Шешендік сөздерді оқыту», «Шешендік сөздерді оқытуға арналған дидактикалық материалдар», «Ертегі әлемінде», «Қазақ әдебиетінен 8-сыныпқа арналған жиынтық бағалау тапсырмалар жинағы», «Оқу сауаттылығы», «Алаш әдебиеті» атты әдістемелік оқу құралдарының авторы.

– Өзім Шу ауданының Балуан Шолақ ауылында дүниеге келдім. 1970-1980 жылдары М.Ғабдуллин атындағы орта мектепте оқыдым. Мектептегі мұғалімдеріміздің ұстамды әрекеттері, тиянақты киім киісі, ұқыпты жүрістұрысына қызыға қарап өстік қой. Сол қызығушылықтан болар мұғалім болғым келді. Мектепті тәмамдағаннан соң 1981 жылы Алматы қаласындағы С.М.Киров атындағы университеттің филология факультетіне оқуға түстім. Отбасымызда ата-анамыздың, мектепте ұстаздарымыздың берген тәрбиесімен ұлттық құндылықтарды бойға сіңіріп өстік. Мектептегі ұстазым Зейнекүл Зәуірбекова қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ берді. Қазақ тілінің құдіреті мен әдебиеттің құндылығын үйретті. Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетінде Зейнолла Қабдолов, Рымғали Нұрғалиев, Тұрсынбек Кәкішев, Ханғали Сүйіншәлиев сынды мықты ұстаздардың алдынан өттім. Ақын Қадыр Мырзалиев те сабақ берді. Өзімнің әпкем Шолпан Бәкірқызы да филолог, маған адал, әділетті болуға жол сілтеп, білгенін үйретіп отырды. Университеттен жоғары білім алып, маман атанып шыққаннан 1986 жылдан бері қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беріп келемін. 1994- 2012 жыл аралығында Ю.Гагарин атындағы орта мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі, директордың оқу-әдістемелік ісі жөніндегі орынбасары болып қызмет атқардым. Ал қазіргі Сарыкемер мектеп-гимназиясындағы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі қызметімді 2012 жылдың қыркүйек айынан бері атқарып келемін. Мұғалім өскелең ұрпақты оқытып, тәрбиелейтіндіктен үнемі ізденісте жүріп, өз білімін жетілдіріп отыруы керек. Бұл біздің елде жақсы жолға қойылған. Мен де 2013 жылы Қазақстан Республикасы педагог кадрлардың біліктілігін арттырудың деңгейлі бағдарламалары аясында бірінші, яғни ілгері деңгей бағдарламасы бойынша оқыту курсын, 2017 жылы «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығы әзірлеген «Тәжірибедегі рефлексия» жалпы білім беретін мектептердегі педагогика кадрларының кәсіби бағдарламасы бойынша оқыту курсын, 2019 жылы Қазақстан Республикасында орта білім мазмұнын жаңарту шеңберінде қазақ тілінде оқытатын мектептердегі «Қазақ тілі» мен «Қазақ әдебиеті» пәндері бойынша «Бағалауға арналған тапсырмаларды әзірлеу және сараптау» педагог кадрлардың біліктілігін арттыру білім беру бағдарламасы бойынша оқыту курсын, Қазақстан Республикасында орта білім мазмұнын жаңарту шеңберінде қазақ тілінде оқытатын мектептердегі «Қазақ тілі» мен «Қазақ әдебиеті» пәндері бойынша педагог кадрлардың біліктілігін арттыру білім беру бағдарламасы бойынша оқу курсынан өттім.

Әрине, еңбек адамды абыройға кенелтеді. Жас ұрпақты тәрбиелеуде қосқан үлесім мен жұмысым үшін бірнеше рет аудандық, облыстық, республикалық Құрмет грамоталарымен марапатталдым. Шәкірттерім де еңбегімнің жемісін дәлелдеп жүр. Оқушыларым облыстық, республикалық пәндік олимпиадалар мен байқаулардың жеңімпаздары атанды. Ата-ана үшін баласының жетістігі үлкен мәртебе болса, мұғалімге де оқушыларының білім бәйгелерінде топ жарған жеңісі – бала оқытуға сарп еткен уақытының, еңбегінің жемісі. Маған берілген «Құрмет» орденінде білімге құштар, еңбекқор шәкірттерімнің де үлесі бар деп білемін, – дейді Раушан Бәкірқызы.

Осы орайда облыстық, республикалық, халықаралық олимпиадалар мен конкурстарда жүлделі орындарға ие болған оқушыларының елеулі жетістіктерін атап өткен жөн болар. 2020 жылы «Зерде» республикалық оқушылардың ғылыми жұмыстар жарысында 7-сынып оқушысы Аяжан Иманалы І орын, Қ.Бітібаева атындағы республикалық қазақ тілі мен әдебиетінен пәндік олимпиадада 10-сынып оқушысы Бақтыгүл Нуруллаева ІІ орын, 11-сынып оқушысы Перизат Балғабайқызы ІІ орын, Толғанай Кенжебек І орын, республикалық ІV «Абайтану» олимпиадасында 10-сынып оқушысы Ұлдана Нурулла ІІІ орын алған болатын. Соңғы он жылдың ішінде 50 оқушысы облыстық ғылыми жобалар байқаулары мен пән олимпиадаларында және қашықтық олтмпиадаларында жүлделі орындарды иеленді. Біздің бүгінгі әңгімемізге арқау болған Раушан Абуева тәжірибелі педагогтерден құрылған аудандық, облыстық шығармашылық топтың мүшесі. 2012 жылдан бастап Оқу-ағарту министрлігі Ұлттық тестілеу орталығының сараптамашысы, әзірлемешісі, апелляциялық комиссиясының мүшесі. 2021 жылғы елордада өткен Білім және ғылым министрлігінің және Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының ұйымдастыруымен «Қазақ тілі мен әдебиеті: оқыту мәселелері және жаңа көзқарас» тақырыбындағы қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері съезінің делегаты болды.

Ал ұстаздық жетістіктеріне тоқталсақ, біліктілігін түрлі байқауларда дәлелдеп, жеңіс тұғырынан көрінді. Атап айтсақ, Раушан Абуеваға «Үздік педагог – 2022» атағы берілді. Облыстық «Ұстаз ұлағаты» байқауында І орын, ІІ республикалық педагогикалық оқу «Үздік педагогикалық өнім-– 2019» байқауында ІІ орын иеленсе, «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісіне ие болды. Ы.Алтынсариннің 180 жылдығына арналған II халықаралық «Педагогикалық білім беру: әлемдік руханият, заманауи трендтер және инновациялық тәжірибе» атты педагогикалық оқу байқауында ІІ орынды, республикалық «Абай әлемі және рухани мұрасы» байқауында І орынды, «Үздік автор – 2022» атты республикалық ғылымипрактикалық жобасының «Үздік мақала» номинациясы бойынша I дәрежелі дипломды жеңіп алды. А.Байтұрсынұлының 150 жылдығына байланысты Ыстамбулда өткен халықаралық симпозиумда Алғыс хатпен, Қазақстан Республикасы педагогтеріне арналған «Шамшырақ» онлайн алаңында «Жетістік тарихы» айдарында кәсіби жетістіктерге жеткені үшін жеңімпаз атанып, Оқуағарту министрлігі Ұлттық тестілеу орталығының Алғыс хатымен, республикалық «Білім-Инновация» ХКҚ президентінің Алғыс хатымен марапатталды.

«Ұстаз болу – өз уақытын аямау, өзгенің бақытын аялау» деген ұғымға сай еңбектеніп, талай баланың болашағына бақыт бағдаршамын жаққан мұғалім қашанда ел құрметіне бөленеді. Елдің ертеңі үшін елеулі еңбек етіп жүрген ұстаздар төрден түспесін дейміз.

Қамар ҚАРАСАЕВА

Ұқсас жаңалықтар