«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Мәдениеттің әр қадамы – елдің еңсесін көтеретін асыл мұра

Мәдениеттің әр қадамы – елдің еңсесін көтеретін асыл мұра
Алтынбек Қартабай
Елдің болашағы мен дамуы ең алдымен жастардың әлеуетіне байланысты. Олардың бойындағы жігер мен жаңашылдық – мемлекеттің болашақтағы бағытын айқындайтын шешуші фактор. Сондықтан жас ұрпақтың сапалы білім алуы, ұлттық мәдениет пен рухани құндылықтарды бойына сіңіруі, заманауи талаптарға сай жан-жақты тұлға болып қалыптасуы – бүгінгі күннің ең өзекті міндеттерінің бірі. Бұл – келешектің жарқын болашағын қамтамасыз ететін бүгінгі игі қадам, мемлекет тарапынан жасалып жатқан стратегиялық инвестиция.

Осы тұрғыда Мемлекет басшысы ҚасымЖомарт Тоқаев та әрдайым жастардың рөліне ерекше мән беріп, оларды қолдау бағытындағы маңызды бастамалардың жүзеге асуына назар аударып келеді. Ол турасында: «Қазақстан – дарынды жастар мекені. Ертең еліміздің абыройын асыратын да осы талантты ұл-қыздар. Біз олардың өрісін ашып, қарым-қабілетін шыңдау үшін бар мүмкіндікті жасауға тиіспіз», – деген болатын Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Жастық – әрбір қоғамның жүрегін дүрсілдеткен алауы, ал ұрпақ – сол қоғамның жалғастығын айқындайтын алтын көпір. Қазіргі таңда облысымыздағы жастардың жалпы саны – 355 783. Бұл – өңір халқының үштен біріне жуығы. Яғни, болашағымыздың шамшырағы, елдің ең басты капиталы осы жас буынның қолында. Олардың жүрегіндегі жігер мен арман ертеңгі тарихтың беттеріне айналмақ. Алып атыраптағы ат төбеліндей ғана халқымыздың ғасырлар бойы небір сан қилы сыннан сүрінбей өткенін тарих айғақтайды. Өткені – өнеге, кешегі күннің қазынасы бүгінгі ұрпаққа рух беретін шежіре. Сол бай мәдениетті бойына сіңірген жас ертеңгі күні ел тізгінін ұстауға қабілетті тұлға болмақ. Бұл – баршамыз үшін ортақ қуаныш, ұлт үшін үлкен жеңіс. Осыны жете түсінген мәдениет саласының мамандары әрдайым игілікті істің алдыңғы шебінде жүр. Олар үшін жастарға тәлімді сөз айту, өнер арқылы ой салу, тарих арқылы тағылым беру – қастерлі міндет. Жастардың жүрегіне рухани жылу сыйлау келешекке берілген шынайы аманат екенін де жақсы біледі. Сол себепті өңірдегі мәдениет және өнер мекемелері жас буынның бос уақытын мәнді де мазмұнды етуге, олардың рухани сұранысын өтеуге, жаңа дүниетаным қалыптастыруға бағытталған сан алуан іс-шараларды жүзеге асыруда. Театр сахнасынан берілетін тағылымды қойылымдар, кітапханаларда ұйымдастырылған шығармашылық жобалар, музейлердегі тарихи кездесулер – мұның бәрі жас ұрпақтың ойсанасына сәуле түсіріп, ұлттық мәдениеттің терең тамырын танытуға жол ашады.

Ендеше, сандарды сөйлетіп, тағылымды ісшаралар легін тарқатайық, Жамбыл облысының мемлекеттік кітапханаларында 2025 жылдың басынан бері жасөспірімдер мен балалардың қатысуымен 315 іс-шара ұйымдастырылып, 7031 оқырман қамтылды. Бұл – жастардың кітапханадан алыстамай, керісінше, рухани орданы ой-пікір алмасатын, шығармашылыққа жетелейтін ортаға айналдырып отырғанының айғағы. Облыс кітапханаларында өткен әрбір шара – жастардың жан дүниесіне сәуле құйып, елдік рухты еселеуге бағытталды. Соның бірі – «Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасы аясында өткен «Оқуға құштар жүректер» облыстық байқауы. Бұл сайыс балалар әдебиетінің айтулы өкілдері – Сапарғали Бегалиннің 130 жылдығына, Өтебай Тұрманжановтың 120 жылдығына, Сансызбай Сарғасқаевтың 100 жылдығына және Асқаржан Сәрсектің 75 жылдығына арналды. Осылайша, жас буын қазақ балалар әдебиетінің алтын қорымен танысып қана қоймай, оның тәрбиелік құндылығын сезіне алды.

Ал 23 сәуір – Ұлттық кітап күні қарсаңында №33 мектепте «Кітап – даналардың данасы» атты quiz time интеллектуалды ойыны ұйымдастырылды. Балалар кітап бетін парақтап қана қоймай, білімін сарапқа салып, тапқырлық пен зеректікке шыңдалды.

Жеңіс рухын дәріптеу де назардан тыс қалмады. Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай өткізілген «Ұрпақтар ұмытпайтын Ұлы Жеңіс» атты естелік сағаты соғыс жылдарындағы ел бірлігі мен батырлардың ерлігін еске салған тағылымды шара болды. Іс-шарада Тараз қаласы №42 мектеп оқушылары хормен ән салып, жүрек тебірентерлік өлеңдер оқып, рух пен жігердің үлгісін көрсетті. Сонымен бірге Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлының 115 жылдығына орай арнайы көрме жасақталып, жас ұрпаққа ұлт қаһарманының өнегелі жолы дәріптелді.

Балаларға қуаныш сыйлау мақсатындағы шаралар да өзіндік ерекшелігімен есте қалды. 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Д.Қонаев атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасы «Кітап – білім кілті, бала – болашақ үміті» атты ерекше форматтағы кітап кейіпкерлерінің шеруін ұйымдастырды. Ашық аспан астында өткен бұл мерекеде ертегі кейіпкерлері балалармен бірге ойнап, жұмбақ шешіп, ұлттық ойындарға баулыды. Әдеби кейіпкерлердің алаңдағы шеруі балалардың қиялын қияға ұшырды.

Осындай мазмұнды кештер мен әдеби кездесулер, дөңгелек үстелдер мен оқырмандар конференциялары жастардың рухани сұранысын қанағаттандыруға, олардың кітаппен достығын нығайтуға негізделіп келеді. Ақпараттар тасқыны мол интернет дәуірінде дәл осындай шынайы, жанды форматтағы басқосулар жастардың кітапхананы тек білім ошағы ғана емес, рухани құндылықтың тірегіне айналдыруына жол ашып отыр.

Өңірдегі мәдениет ошақтарындағы әуелеген ән мен күмбірлеген күй де жастардың рухани байлықпен сусындауына мүмкіндік беріп отыр. Мәселен, К.Әзірбаев атындағы облыстық филармониясы жыл басынан бері кәмелетке толмағандар мен жастарға арнап 113 концерт ұйымдастырып, 23 201 көрерменді қамтыды. 2025 жылдың 16 мамырында Алтынбек Қоразбаев атындағы «Ән-жырым саған, туған ел!» атты IV Халықаралық әншілер конкурсы жоғары деңгейде өтті. Байқауға 45 өнерпаздан өтініш түсіп, алдын ала онлайн іріктеу арқылы 18 бен 35 жас аралығындағы 20 талантты әнші финалда бақ сынады. Шырқалған әрбір туынды туған жерге деген махаббатты, халық өнеріне деген құрметті айшықтап берді.

Ал 5 шілдеде өткен Ұлттық домбыра күні мерекесі ерекше сән-салтанатымен есте қалды. Бұл шара күйші-композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат», «Құрмет», «Достық» ордендерінің иегері Әбдімомын Желдібаевтың шығармашылығына арналды. «Саз серісі – Әбдімомын» атты концерт ұлттық өнердің асыл қазынасын паш етті. Ал концерт алдында ерекше көрініс ұйымдастырылды, яғни, «Баласағұн» концерт залының алдында «Мемлекеттік шығармашылық тапсырыс» аясында жұмыс істейтін үйірмелердің 200-ден астам жас өнерпазы бір мезетте қазақ күйлерін орындап, жұртшылыққа мерекелік көңіл-күй сыйлады. Осы сынды облыстық филармония тарапынан ұйымдастырылған мәдени-көпшілік іс-шаралар жас өнерпаздардың қабілетін ұштап, жас көрерменнің де ұлттық музыкаға деген ықыласын арттыруға сеп болып келеді.

Халық жазушысы Шерхан Мұртаза «Театр көбейсе, түрме азаяды» деп бекер айтпаған. Расында, театр – жас ұрпақтың ғана емес, күллі халықтың жан-дүниесін байытып, көңіліне шуақ сыйлайтын қасиетті өнер ордасы. Өңіріміздегі қос театр да осы асыл мұрат жолында жүйелі еңбек етіп, әсіресе жастармен байланысын нығайта түсуді жыл сайынғы басты жоспарына айналдырған.

Сандық деректерге көз жүгіртсек, жыл басынан бері облыс театрлары 48 353 көрерменге 265 қойылым ұсынып, репертуарларын байыту мақсатында әртүрлі жанрда 6 жаңа туындыны сахналаған. Бұл – өңір жұртшылығының өнерге деген ықыласы мен сұранысының айқын көрінісі. Тағы бір қуанышты жайт – театрға деген қызығушылықтың жастар арасында артып, тіпті жаңа заманның «трендіне» айналуы. TikTok, Instagram секілді әлеуметтік желілерде қойылымнан алған әсерлерімен бөлісетін жас көрермендердің белсенділігі соның дәлелі. Іс-шаралар легіне тоқталсақ, 19-21 маусым аралығында облыстық орыс драма театрында Камат Қасенов атындағы балалар театр ұжымдарының VI халықаралық фестивалі өтті. Оған еліміздің әр өңірінен 7 театр ұжымы қатысып, жас өнерпаздардың шығармашылық қарымын танытты.

Жастардың кәсіби шеберлігін шыңдауда да бірқатар тың жұмыстар атқарылды. Мәселен, А.Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрында 13-18 қаңтар күндері Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының дирижерлау кафедрасының меңгерушісі, профессор Ғалымжан Берекешов хор және вокал бағытында шеберлік дәрістерін өткізді. Ал 20- 25 қаңтар аралығында белгілі актер, режиссер, педагог, EGO зертханасының жетекшісі Ерлан Кәрібай актерлік өнерден мастер-класс өткізіп, қатысушыларға EGO актерлік мектебінің курсын меңгергенін растайтын сертификат табыстады. Сондай-ақ 24 ақпаннан 24 наурызға дейін кәсіби хореограф Вадим Дубовик театр артистерімен бір айлық хореографиялық жұмыстар жүргізді.

Осындай фестивальдер мен шеберлік сабақтары жастардың өнерге қызығушылығын арттырып қана қоймай, жаңа буын көрермен мен кәсіби сахнагерлердің қалыптасуына жол ашады. Театр – тек өнер ошағы ғана емес, ол – тәрбие мектебі, рухани тазалықтың, ізгіліктің айнасы. Сондықтан жастарды театрға баулу – қоғамның ертеңгі келбетін қалыптастырудың бірден-бір кепілі. Өнердің шуағына бөленген ұрпақтың ойөрісі биік, танымы терең болары сөзсіз.

Өңірдегі жас таланттарды қолдау – дәстүрге айналған игі іс. Жыл сайын жаңа есімдерді іздеп, олардың шығармашылығына жол ашуды мақсат еткен облыстық халық шығармашылығы орталығы бұл жолы да дәстүрден жаңылмады. 2025 жылдың 3 шілдесінде Тараз қаласындағы «Жеңіс» саябағында «Әулиеата әуендері» атты облыстық жобаның гала-концерті өтті.

Жобаға облыстың 10 ауданынан және Тараз қаласынан барлығы 271 үміткер қатысып, олардың ішінен 63 өнерпаз облыстық кезеңге жолдама алған еді. Солардың арасынан үздік деп танылған 20 жас талант гала-концерт сахнасында өнер көрсетіп, көрермен қошеметіне бөленді. Бұл – көпшілікке жақсы таныс «Жаңа есім» жобасының жаңаша түрленген формасы. Жастарға шабыт сыйлау тек сахнамен шектелмейді. Құнды жәдігерлер арқылы ұрпақ тәрбиелеуді мұрат еткен облыстық тарихиөлкетану музейі де жас буынға тағылымды бастамаларын ұсынуда. Тек 2025 жылдың өзінде музейде кәмелетке толмағандар мен жастарға арнап 45 тақырыптық экскурсия, 12 музей сабағы және 8 көрме ұйымдастырылып, 750-ге жуық оқушы мен студент қамтылған. Бұл – «Жеті атасын білген ұл – жеті жұрттың қамын жер» деген халық даналығын іс жүзінде жүзеге асырудың көрінісі.

Жастардың өнерін шыңдау ісінде айтыс пен жыр-терме мектебінің орны бөлек. Осы бағытта 2024 жылдың 1 наурызында облыс әкімдігінің қолдауымен ашылған айтыскер ақындар, жыршы-термешілер орталығы тың бастамаларды қолға алды. Бүгінде орталықтың жанынан ашылған «Ақберен» айтыскер ақындар үйірмесі мен «Қаратау» жыршы-термешілер үйірмесі жұмыс істеп тұр. Мұнда жасөспірімдер жыр мен термені, айтыс өнерін үйреніп қана қоймай, сахна мәдениетін меңгеріп, түрлі жарыстарға қатысуға мүмкіндік алуда. Қазіргі таңда 5-11-сынып аралығындағы 15 оқушы осы үйірмелерде білім алуда. Оларды сөз өнерінің қыр-сырына баулып жүрген білікті ұстаздар жас өрендерге айтыс пен жырды үйрету арқылы тек өнерпаз емес, ойы ұшқыр, тілі жүйрік тұлға тәрбиелеуді көздейді. «Өнерлі өрге жүзер» дейді халық. Әулиеата жеріндегі бұл бастамалар – сол сөздің айқын дәлелі. Жас буынға жол ашып, рухани қазынаны бойына сіңірген жастардың ертеңі жарқын болары айдан анық.

Шын мәнінде, облысымыздағы мәдениет пен өнер мекемелері жас ұрпақтың рухани кемелденуіне айрықша назар аударып келеді. Балалар мен жасөспірімдердің, жастардың өнер ордаларына еркін келіп, рухани азық алуына толықтай жағдай жасалған. Театр сахнасынан классикалық қойылымдарды тамашалауына, күмбірлеген күй мен әуелеген әнге бөленуіне, кино өнерінің озық туындыларын көруіне жол ашу үшін жеңілдіктер жүйелі түрде қарастырылған. Әсіресе әлеуметтік аз қамтылған, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жетім балалар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарға мәдени мекемелер қызметін тегін пайдалану мүмкіндігі ұсынылуы – қоғамның қамқорлыққа деген шынайы көзқарасының айғағы.

Сондай-ақ, тұрмысы төмен отбасылардан шыққан балалар мен жасөспірімдер үшін облыс көлеміндегі 202 мәдениет үйі мен клуб жанынан ұйымдастырылып отырған түрлі мәденикөпшілік шараларға және сан алуан жанрдағы үйірмелерге тегін қатысу мүмкіндігі беріліп отыр. Бұл – олардың өнерге деген құштарлығын оятып қана қоймай, ортаға бейімделуіне, өзінөзі дамытуына, талантын шыңдауына берілген теңдессіз қолдау.

Жалпы, мәдениет – ұлттың жаны, рухтың нәрі. Сол себепті жастардың бос уақытын мазмұнды өткізуіне, өнер мен білімнің тоғысқан тұсынан нәр алуына жағдай жасау – бүгінгі күннің басты міндеті. Алдағы уақытта да осындай игі бастамалар жалғасын тауып, жас буынның өнер мен руханияттың кәусар бұлағынан сусындауына жол ашары сөзсіз. Өнердің әр үні, мәдениеттің әр қадамы ертеңгі елдің еңсесін көтеретін асыл мұра болып қала бермек.

 Ерлан ЖҮНІСБАЙ,

облыс әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы.

Ұқсас жаңалықтар