«Оқы, оқы және оқы»: мектеп оқушылары құрастырған мобильді қосымшаның мүмкіндігі мол
- author «Ақ жол»
- 21 тамыз, 2025
- 869
Бауыржан Момышұлы атындағы №45 қазақ классикалық гимназиясы өңірдегі М.Х.Дулати атындағы және Шерхан Мұртаза атындағы Тараз университеттерімен тығыз байланыста ғылыми жұмыстар жүргізеді. Гимназия директорының ғылыми-әдістемелік ісі жөніндегі орынбасары Аида Маталиеваның айтуынша, мектеп оқушыларын ғылыми ізденіске машықтандыруға гимназия мұғалімдері университеттердің ғалымдарымен бірлесіп жұмыс жүргізеді.
– Бүгінгі жаһандану заманында жасөспірімдер кітап оқығанға қарағанда смартфондар мен гаджеттерге көп үңіледі. Балалардың рухани дамуын электронды құрылғылар алмастырған уақытта рухани азығымызды смартфон тіліне айналдыруға тура келді. Міне, сондықтан көркем туындыны тиімді оқып қана қоймай, оны бірге талдауға, талқылауға мүмкіндік беретін «BIRGE OQU» мобильді ойынының мүмкіндіктерін қарастыратын ғылыми жобаны оқушыларымызбен бірге дайындадық. 3-сынып оқушылары Асият Марат пен Софият Марат орындаған зерттеу жұмысына жетекшілік еттім. Бұл жұмыстың мақсаты – өскелең ұрпақты көркем шығарма оқуға қызықтыру, отбасы мүшелерімен, сыныптағы достарымен бірге тиімді уақыт өткізу мақсатында «BIRGE OQU» мобильді ойынының мүмкіндіктерімен бөлісу, тәжірибені тиімді қолдану. «Көркем шығарманы оқуға қызығушылықты қалай арттыруға болады?» деген сұраққа жауап іздеу аясында жүргізілген зерттеу «BIRGE OQU» мобильді ойынының туындыны талдауға көптеген мүмкіндік беретінін көрсетті. Оқушылар мәселені зерттеуде эмпирикалық талдау әдісі мен сауалнама, талдау, жинақтау әдістерін қолданды. Зерттеудің бірінші кезеңінде ғылымизерттеу еңбектері қарастырылып, зерттелу деңгейі анықталды. Екінші кезеңде қажетті көркем шығарма мәтіндері өңделді. Үшінші кезеңде көркем туындылар бойынша құрастырылған сұрақтар мобильді ойынға енгізілді. Зерттеу нәтижесінде ұлт ұстазы Ы.Алтынсариннен бастап, ұлы ақын Абай Құнанбаевтың, Б.Соқпақбаевтың, С.Мұратбековтің, М.Мақатаевтың, жерлес ақындар Жамбыл Жабаев, Шона Смаханұлы сынды қазақтың біртуар жазушылары мен ауыз әдебиетінің озық үлгілерінің туындылары жинақталып, «BIRGE OQU» мобильді ойыны құрастырылды. Ойынның ерекшелігі бір уақытта бірнеше қатысушының бір көркем туындыны жан-жақты талдауға мүмкіндік беруінде. Құрастырылған ойын тапсырмалары білу, түсіну деңгейінен бастап, қолдану, талдау, жинақтау, бағалау сияқты жоғары деңгейдегі ойлану сұрақтарын қамтиды. «BIRGE OQU» мобильді ойыны отбасындағы ынтымақтастықты қамтамасыз етіп қана қоймай, әр баланың көркем шығарма оқуға деген қызығушылығын арттырады. Осы жоба республикалық байқаудан ІІ орынды жеңіп алады. Алдыңғы жылы осы республикалық байқаудан Балнұр Тұрғынбай мен Айару Тұрғынбай да зерттеу жұмыстарымен ІІ орынды алып келген болатын. Зерттеу жұмыстарына қызығушылығы бар оқушыларды мұғалімдеріміз байқап, оларға тақырып таңдаудан бастап, жұмыс аяқталғанша барлық жағынан көмектеседі. Ғылыми жобалар байқауынан оқушыларымыз олжалаған жүлделерде мұғалімдеріміздің де бар уақытын сарп етіп, ерінбей-жалықпай барын салған еңбектерінің де үлесі бар, – дейді Аида Ертайқызы.

Аталған гимназияда ғылыми-әдістемелік жұмыстарға жауапты міндетті атқара жүріп, Аида Ертайқызы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ береді. Сонымен қатар професоор Мекемтас Мырзахметұлының жетекшілігімен Бауыржантану бойынша біраз зерттеу еңбектерін жазды. «Бауыржан Момышұлының шығармашылық лабораториясы: Арпалыс және Москва үшін шайқас романдары бойынша» тақырыбында монография жазған. Республикалық ғылымиәдістемелік «Педагогикадағы инновациялар» журналында Бауыржантану авторлық бағдарламасы бойынша мақаласы биыл жарық көрді. Осы авторлық бағдарламасы облыста бекітіліп, облыс әкімдігі білім басқармасының оқу-әдістемелік орталығының жанындағы сараптамалық кеңес шешімімен республикалық сараптамалық кеңеске жіберілген. «Педагогикалық идеялар фе стивалі» байқауының қалалық, облыстық кезеңдерінен І орынды, республикалықтан ІІІ орынды иеленген. Сондай-ақ «Кәсіби диалог: Lesson Study» оқуды қалай өзгертеді» атты ұлттық конференцияда тәжірибесімен бөліскен Аида Маталиеваның «Қазақ әдеби тілі және нормалардың қалыптануы: теориясы мен тәжірибесі» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция жинағына мақаласы енген. Жамбыл, Алматы, Жетісу, Қызылорда облыст ары педагогтерінің Республикалық педагогикалық тәжірибені т аратудың әдістемелік алаңында және Республикалық «Қазақ тілі мен әдебиеті сабағында электронды оқулықтарды тиімді пайдалану» тақырыбындағы семинарда тәжірибесімен бөліскен. Облыстық «Оқу-тәрбие процесіне енгізілген инновациялық жобалар» атты облыстық тәжірибелік семинарда тәжірибесімен бөлісіп, Республикалық «Тәжірибе алаңы» ғылымиәдістемелік журналына «Б.Момышұлының поэзиясы – шындық пен шынайылықтың үлгісі» тақырыбындағы мақаласын жариялады.
Ол өзінің ізденімпаздығымен облыстық шығармашылық топ мүшесі және «Өрлеу» БАҰО АҚ филиалы облыс бойынша КДИ ұйымдастырған «Мақсатты мектеп» жобасына енген мектептердің педагогтеріне арналған «Қазақ тілі мен әдебиеті» пәні бойынша тренер де болды. «Білім беру ұйымдарында тәлімгерлік жұмысты ұйымдастыру» әдістемелік құралы облыстық білім басқармасының оқу-әдістемелік орталығының әдістемелік кеңесінің шешімімен баспаға ұсынылған.
Міне, осындай ізденімпаз ұстаздың шәкірттері Асият пен Софият Марат республикалық байқауда жүлдегер болған жобасы облыстық және Тараз қалалық байқауда І орынды алған болатын.
– Қазіргі жаһандану дәуірінде өзім сияқты балалардың кітап оқу мәселесі өте өзекті. Себебі кітап орнын алмастыратын дүниелер қазір өте көп. Түрлі әлеуметтік желілер, ғаламтордағы онлайн ойындар мен ақыл-ойдың тежеуіне алып келетін ойын қосымшалары жетерлік. Ғаламтор желісінің мүмкіндіктері көп болғанымен оның пайдасы қаншалықты? Бұл электронды құрылғылар мен мобильді қосымшаларды қандай пайдалы іске жұмылдыруға болады? Осы сұрақтар зерттеу мәселесін анықтауға ықпал етті. Белгілі жазушы Ғ.Мүсірепов «Кітап дегеніміз – алдыңғы ұрпақтың артқы ұрпаққа қалдырған рухани өсиеті. Кітап оқудан тыйылсақ, ой ойлаудан да тыйылар едік» деп пікір білдірген болса, жазушы Ш.Мұртаза «Егер адамның жүрегіне мұз қатып қалса, көркем кітап сол мұзды жібітуі тиіс, ал жібіте алмаса, ол – өлген шығарма» деп кітаптың ұрпақ тәрбиелеудегі маңызы мен рөлін нақтылап кеткен. Бүгінде балалардың кітап оқымауы өте өзекті мәселеге айналды. Осы мәселені шешу үшін «BIRGE OQU» мобильді ойыны құрастырылды. «BIRGE OQU» мобильді ойыны тек балалар үшін ғана емес, балалардың ата-аналарымен бірлесіп, шығарманың мазмұнын тереңірек талдауға оң ықпал етеді. Зерттеу жұмысымыздың басты мақсаты – көркем шығармаларды тек оқып ғана қоймау, оны талдау, ана тіліміздегі мобильді ойындардың қатарын көбейту, отбасындағы және сыныптағы ынтымақтастықты арттыру және ұлттық құндылықтарымызды насихаттау. Аталған мақсатқа жету үшін мынадай міндеттер қойылды, «BIRGE OQU» мобильді ойынының сызбасын жасау, ойынның басты ережелері мен шартын анықтау, ойынға енгізілген шығармаларды оқып, тапсырмаларды құрастыру. Әдеби ойын қарапайымнан күрделіге бағытталған деңгейлік тапсырмаларға сай құрылады.
«BIRGE OQU» мобильді ойыны отбасылық және сыныпта топтық ойнауға мүмкіндік беріп, ынтымақтастық атмосферасын қалыптастырады. Әрбір қатысушының теориялық білімін еске түсіруге ықпал етеді. Тыңдалым және айтылым дағдысын дамытады. Есте сақтау қабілетін арттырады. Шебер сөйлеу дағдысын дамытуға ықпал етеді. Мәселен, Абайдың «Ғылым таппай мақтанба» өлеңі бойынша құрастырылған тапсырма үлгісінде 6 деңгей бойынша тапсырма беріледі. Әр тапсырманың мазмұны баланың жеке ойлауы мен тұжырымды пікір айтуына жетелейді. Ол өз кезегінде нақты шығарма мазмұны бойынша мәтін мазмұнын игеруін тексеріп ғана қоймай, пікірін дәлелдеу, өз ойын еркін жеткізу дағдыларын дамытуға да ықпал етеді, – дейді Асият Марат.
Жоба туралы сыныптасының сөзін жалғаған Софият Марат кітап оқуға заманауи әдіспен жетелейтін мобильді ойынның құрылымын әңгімеледі.
– Зерттеу барысында «BIRGE OQU» мобильді ойыны құрастырылды. Мобильді ойынын құрастыруда 3-сыныптың қазақ әдебиеті оқулығы мен «100 кітап» жобасы бойынша да қосымша әдебиеттер қолданылды. Мобильді ойын бірнеше пәннің кіріктірілуі негізінде құрастырылды. Олар – қазақ әдебиеті, қазақ тілі, информатика, жаратылыстану, математика сынды пәндердің элементтерінің кездесуі. Мобильді ойында 25- ке жуық көркем шығармамен қатар, халық ауыз әдебиетінің де озық үлгілері қамтылған. Нақтырақ айтқанда, ауыз әдебиеті үлгілерінің ішінде жаңылтпаштар мен жұмбақтар, қиял-ғажайып ертегілері, батырлар жыры, мақал-мәтелдер, жұмбақтар, Асан қайғы туралы аңыз-әңгімелер мен жаңылтпаштар, шешендік сөздер жинақталған. «BIRGE OQU» мобильді ойыны еліміздің картасы арқылы басталып, әр аймақтың белгілі тұлғалары туралы ақпарат алып ғана қоймай, еліміздің географиялық бөлінісі туралы да ақпарат алуға мүмкіндік береді. Мобильді қосымша менің және сыныптастарымның көркем шығарманы оқуға деген қызығушылығын арттыруға ықпал етеді. Ойынның шартына сай тапсырмаларды білу, түсіну деңгейінен талдау, бағалау сынды жоғары ойлау деңгейіне қарай бағытталуы терең ізденіс пен сыни ойлауды дамытуға оң әсер етеді. Әр бөлім бойынша деңгейіне сай ұпай берілуі, оқушылардың математикалық білімді қажет етуі, олардың жылдам есептеу дағдысына да оң ықпалын тигізеді. Зерттеу барысында алынған өнім – «BIRGE OQU» мобильді ойыны тәжірибеде оң нәтиже көрсетті. Отбасылық топтық ойын – ең біріншіден, уақытты смартфондарсыз тиімді өткізуде таптырмас құрал. Оған зерттеу нәтижесінде алынған сұхбат нәтижесінде дәлел. Алдағы уақытта «BIRGEOQU» ойының мүмкіндіктерін жетілдіру үшін ойынға келесі сыныптың шығармаларын енгізу жоспарлануда. Сонымен қатар мектеп бағдарламасынан тыс қосымша шығармалар санын да арттыру жоспарланды. Ойынның тиімділігін әлеуметтік желіде бөлісіп, қолданыс аясын кеңейтуді де көздеп отырмыз, – дейді Софият Марат.
Жасөспірім ізденушілер ойын ережесі және құрылымы бойынша ойынға қатысқан сыныптастарынан сұхбат алған. Сұхбат нәтижесінде оқушылар «Топпен ойнауға өте қызықты ойын», «Мен үшін ноутбукті қолданып ойнаған ұнады», «Қызықты ойын болды, мен барлық сұрақтарға дұрыс жауап бердім» деген пікірлерін білдіріпті. Оқушылардың жауаптарынан ойынның балалар үшін қызықты және тиімді екенін көруге болады.
Бұл ойында 25-ке жуық шығарма ұсынылған. Мысалы, Шығыс Қазақстан аймағы бойынша қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың «Ғылым таппай мақтанба» өлеңі берілсе, ал Шәкәрім Құдайбердіұлының «Адамдық борышың» өлеңдері көрсетілген. Бес аймақтағы ақын-жазушының туындылары мен ауыз әдебиеті бойынша 6 деңгейден тұратын тапсырма қамтылады. Әр деңгейге сай ұпай сандары белгіленді. Ойынға қатысушылардың ойындағы жүріс сызбасына сай сұрақ деңгейлері анықталады. Ең көп ұпай жинаған қатысушы жеңіске жетеді. Берілген уақыт аралығында жауап бере алмаса, келесі қатысушының жауап беруге мүмкіндігі бар. Бүгінгі жастардың қызығушылығына сай кітап оқып, халықтың құнды рухани мұрасымен азықтануына жол ашқан ойын балабақшалар мен білім беру ұйымдарында кеңінен қолданылса, құп болар еді. Осы жобаны зерттеген жеткіншек ізденушілердің мақсаты да осы.
Қамар ҚАРАСАЕВА
Ұқсас жаңалықтар
Мұғалімнің мүддесін қорғауда үлкен рөл атқарып келеді
- 15 қараша, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




