Ұсақ мал басын 2030 жылға қарай 25 миллионға жеткізе аламыз ба?
- author «Ақ жол»
- 21 тамыз, 2025
- 888
Төскейінде өрген төрт түлік ішінде жылқы мен қойға ерекше мән берген қазақ қой жаюдың, оны көбейту мен тұқымын асылдандырудың өзіндік әдіс-тәсілдерін тамаша меңгерген. «Мал өсірсең қой өсір, өнімі оның көлкөсір» немесе «... қой бағып, құйрық жеген озар» дегенді бабаларымыз тектен тек айтпаса керек. Өйткені қазақтың тұрмыс-тіршілігінде қой малының алар орны бөлек. Қой өсіру – қазақ халқының ата кәсібінің бірі.
Бүгінде де еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ауыл халқының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақс арту мен ма л шаруашылығының экспорттық әлеуетін арттыруда дәстүрлі сала – қой шаруашылығын өркендетудің маңызы ерекше. Өйткені қой шаруашылығы – мал шаруашылығының негізгі саласының бірі. Ал мал шаруашылығы ауыл шаруашылығының ажырамас бөлігі болса, ауыл шаруашылығы – ел экономикасының локомативі.
Осы орайда «Ауыл» партиясы және Батыс Қазақстан облысы әкімдігі бірлесіп «Еділбай» қой тұқымы өмірге келген қасиетті Батыс Қазақстан жерінде – Орал қаласының орталық алаңында «AUYL FEST. Қой шаруашылығы – 2025» І халықаралық фестивалін ұйымдастырды. Оған Жамбыл облысынан да арнайы өкілдер және қой шаруашылығының жетекшілері қатысты.
Фестивальдің басты мақсаты – Қазақстанның және шетелдің қой шаруашылығы саласындағы озық жетістіктерін көрсету мен тәжірибе алмасу, қой шаруашылығын дамыту, отандық асыл тұқымды мал өсірушілерді қолдау, ет, жүн, тері сынды мал өнімдерінің өңделуі мен қолдану мүмкіндіктерін кеңінен таныстыру. Сонымен қатар іс-шара аясында ұлттық тағамдарды, киімкешек пен қолөнер бұйымдарын насихаттау, ауылдың мәдени мұрасын жаңғырту, асық ату, садақ ату, қошқар көтеру, ләңгі тебу, арқан тарту тәрізді ұлттық спорт түрлері мен тоғыз құмалақ, ханталапай, бес асық сияқты ойындарды дәріптеу, «Тазы», «Төбет» тұқымды иттердің үлгілік көрсетілімі, туризм мен агроөнеркәсіптік ынтымақтастықты арттыру көзделді. Фестиваль ауыл өмірінің әралуандығын көрсетіп, қала тұрғындары мен шетелдік қонақтарға қазақ халқының дәстүрлі шаруашылығы, тұрмысы мен өнерін жақыннан тануға мүмкіндік берді.
Іс-шараға Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің, республиканың он алты облысы әкімдіктерінің өкілдері, Қытай, Франция, Венгрия, Иран және Ресей Федерациясынан келген салалық шетелдік мамандар, сондай-ақ ауыл шаруашылығы кәсіпорындары мен еліміздің жетекші қой өсірушілері – барлығы 1000-ға жуық адам қатысып, Қазақстандағы қой шаруашылығының қазіргі жағдайы, саланың алдында тұрған өзекті мәселелері мен даму перспективаларын қарастырды.
«Ауыл» партиясының төрағасы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Мәжілістегі аграрлық мәселелер жөніндегі Комитет төрағасы Серік Егізбаев жиынға қатысушыларды фестивальдің ашылуымен құттықтай келе: ««Ауыл» партиясы өз жұмысында мал шаруашылығына, соның ішінде қой шаруашылығына ерекше назар аударады. Мәжілістегі аграрлық мәселелер жөніндегі Комитет төрағасы ретінде айтарым – бұл бағытта нақты заңнамалық және жүйелі қолдау қажет. Өйткені ауылды көтермей, ел дамымайды. Ауылсыз – азық-түлік болмайды. Қой шаруашылығын дамытудың болашағы – ауылдың өркендеуінде, халықтың әл-ауқатында, аграрлық ғылым мен өндірістің тығыз байланысында жатыр. Осы фестиваль соның жарқын мысалы», – деді. Партия төрағасынан кейін сөз алған министрліктен, шет елдерден, еліміздің әр өңірінен келген өкілдер сала бойынша сөз сөйлеп, ойларын ортаға салды.
Жалпы, еліміздегі мал, атап айтқанда қой шаруашылығының құлдырау, тоқырау, даму және өркендеу көрсеткіштеріне шолу жасар болсақ, осыдан бір ғасыр бұрын, нақты айтқанда, 1913 жылы қазақ даласында 19,6 миллион уақ мал болса, 1936 жылы бұл көрсеткіш 4,3 миллионға дейін кеміпті. Советтік солақай саясат кесірінен дәстүрлі шаруашылығынан күштеп айырылған қазаққа КСРО бірінші басшылары И.Сталин мен Н.Хрущевтің кезінде де айтарлықтай қамқорлық пен жақсылық жасала қойған жоқ. Тек Л.Брежневтің кезінде ғана жағдай біршама жақсарып, дәстүрлі мал шаруашылығын дамытуға ден қойылды. 1974 жылы республиканың бас қаласы Алматыға «Тыңды игерудің 20 жылдығы» құрметіне орай ұйымдастырылған салтанатты шараға мәртебелі мейман ретінде қатысқан КСРО Бас хатшысы Л.Брежнев қазақстандықтарға ІІ тыңды игеруді – қой шаруашылығын дамытуды ұсынды. Қазақ халқына 1983 жылға дейін еліміздегі қойдың с анын 50 миллионға жеткізу міндеттемесі жүктелді. Осыған орай республикада арнайы маманданған шаруашылық, совхоздар, фермалар құрылды. Қой шаруашылығы, әсіресе Оңтүстік Қазақстан, Семей, Жамбыл, Алматы облысында қарқынды дамыды. Фермалар автоматтандырылды. Жаңа тұқым шығару мақсатында Қазақстандағы таңдаулы қой тұқымдары мен шетелдік тұқымдар: австралия мериносы, австралия корриделі, линкольн қойы, ромни-марш қойлары, тағы да басқа пайдаланылды. 1975 жылы еліміздегі қойдың саны 35 миллионнан асса, 1984 жылдың басында Қазақстанда 36 миллион 568 мың қой болды. Қой тұқымдарының санымен қатар сапасын да көтеру шаралары нәтижесінде 1980 жылы Қазақстандағы қой 100 пайыз асыл тұқымды мал тобына жатқызылды. Уақ малдан алынатын ет өнімдері 1981-83 жылы орта есеппен 493,3 мың тоннаға жетті. Қазақ шопандары КСРО-дағы еттің 30 пайыздан астамын, ал сол кездің өлшемімен бағасы алтынға пара-пар болған қаракөл елтірісінің 33 пайызын өндірді. Қазақстан қой саны жағынан КСРО бойынша Ресейден кейін 2 орын, қаракөл елтірісін дайындау жағынан 1орын алды. Қазақстанның бұл бағыттағы әлеуеттік көрсет кіші К С Р О тарағаннан кейін күрт кері кетті. Бұрынғы социалистік жүйедегі одақтас елдермен қатар Қазақстан да өз тәуелсіздігін алғаннан кейін нарықтық экономикаға көшу жолына түсіп, баяғы мамандандырылған ірі мал совхоздар мен колхоздар жекешелендіріліп, тарап, ел-елде, жер-жерде шағын әулеттік қожалықтар мен шаруашылықтар құрылды. Жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптаған бұндай қожалықтардың көбісі нарықтың қыспағына шыдамай тоз-тозы шығып, малдың басы азайып, тіптен кейбір ірі мал совхоздары жойылып тынды. Нәтижесінде мал шаруашылығы бойынша өзіндік қайталанбас мыңдаған жылдық қалыптасқан дара дәстүрі бар Қазақстан ет, жүн, тері өнімдерін шетелден экспорттайтын өндіруші емес, тұтынушы елге айналып шыға келді. Экономиканың тау-кен өндірісіне бағытталған секторына берілген негізгі басымдық агросаланы құрдымға кетіре жаздады. Қазақстандағы 35,7 миллион бас қой мен ешкі Кеңес үкіметі тараған 1990-жылдары 3,6 есеге дейін күрт кеміді. Дегенмен мемлекеттің соңғы онжылдықта отандық агросекторға қолдау білдіріп, түрлі бағдарламалар қабылдауы арқасында қой шаруашылығының тамырына қайта қан жүгірді. Бүгінгі күнге келсек, 2024 жылғы статистика бойынша елімізде қазір 20,3 миллион бас ұсақ мал бар. Бірақ бұл санның қаншалықты нақты екенін осы күндері еліміз бойынша өтіп жатқан мал санағының нәтижесі көрсетеді. Жоғарыда көрсетілген ұсақ мал басының негізгі бөлігі, атап айтқанда 63,0 пайызы мал шаруашылығы бұрыннан жақсы қалыптасқан бес өңірде (Түркістан облысы – 4,47 миллион бас (22,0%); Жамбыл облысы – 3,11 миллион бас (15,3%); Алматы облысы – 2,32 миллион бас (11,4%); Жетісу өңірі – 1,56 миллион бас (7,7%); Батыс Қазақстан облысы – 1,34 миллион бас (6,6%) шоғырланған. 2024 жылы қой саны 16 өңірде өскен. Ең үлкен өсім Абай облысы (+27,7%) мен Павлодар облысына (+25,9%) тиесілі. Бүгінде қой малының басым бөлігі жекенің қолында. Атап айтқанда, елдегі ұсақ мал басының 51,4 пайызына жеке кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтары, 42,3 пайызына халықтың жеке қосалқы шаруашылықтары, 6,3 пайызына ауыл шаруашылығы кәсіпорындары иелік етеді. Қазір шаруашылықтың бұл түрі отандық агробизнестің басты бағыттарының біріне айналған. Десек те, қойды және қой етін экспорттау әлі тиісті деңгейге шыға алмауда.
Мәселен, 2019 жылы шетелге 260,1 мың бас қой сатылса, бұл көрсеткіш 2023 жылы 30,4 мың басқа дейін төмендеген. Ал қой етін өндіру мен сыртқы саудаға шығару көлемі 1990 жыл мен 2024 жыл аралығында 284,6 мың тоннадан 132,8 мың тоннаға дейін, яғни 46,7 пайызға азайған. Бүгінгі таңда Қазақстан бірқатар Еуропа, ОңтүстікШығыс, Парсы шығанағы елдеріне қой етін экспорттайды. Бірақ көрсеткіш көңіл көншітпейді. Статистикаға қарар болсақ, қой еті 2019 жылы 12,6 миллион долларға экспортталса, 2020 жылы бұл көрсеткіш екі есеге азайып, 5,6 миллион доллар болған. 2021 жылы елімізде қой еті өндірісі біршама артып, 172 мың тоннаға жеткен. Солай бола тұра 2022 жылы 9,5 миллиард АҚШ долларына экспортталған әлемдік қой етіндегі Қазақстан үлесі 0,5 пайыздан да (41,3 миллион доллар, 10,36 мың тонна) төмен болған. 2024 жылы Қазақстан экспортқа бар болғаны 17,6 мың тонна қой етін шығарған. Мамандардың айтуынша, Қазақстанның әлеуеті жылына 400 мың тонна қой етін өндіруге жетеді. Ішкі нарықтың сұранысы 200 мың тонна шамасында екенін ескерсек, жылына 200 мың тонна қой етін экспорттауға болады. Бізде жыл сайын 100 мың тоннадан астам қой етін импорттайтын Парсы шығанағы елдерін айтпағанда, дәл іргемізде жыл сайын 350 мың тоннадан астам қой етін тұтынатын әлемдегі ең ірі импорттаушы ел – Қытай тұр. Демек Қазақстанда қой етін экспорттау бойынша молынан мүмкіндік бар. Тек соны дұрыс пайдалансақ болғаны. Қой шapуaшылығының келесі aca мaңызды өнімінің біpі – жүн. Бірақ өкініштісі сол, елімізде өндірілетін қой жүнінің басым бөлігі қазір кәдеге аспайды. Себебі ол биязы болмағандықтан сұранысқа ие емес. 1980-90 жылдарда Қазақстанда биязы жүн 80-85 пайызды құрады. Жүн өндірудің көлемі ғана емес, сапасы да артып, әлемнің 12 алыс-жақын еліне жылына 25-30 мың тонна жүн экспортталды. Бүгінде ол кезең келмеске кеткендей. Алысқа бармайақ 2024 жылды алайық. Қазақстанда өндірілген 35,5 мың тонна қой жүнінің 51,3 пайызы тасталып, небәрі 18,2 мың тоннасы ғана өңделген. Оның өзінде де өңделген жүн таза биязы жүн емес. Ал әлемдік нарықта тек биязы жүн ғана сұранысқа ие. Елімізде соңғы жылдары жүн өндіру 8 пайызға артқанымен, экспорт 3,5 есеге азайған. Нақтырақ айтқанда, сыртқа сатылған биязы жүн 2000 тоннаға да жетпейді. Бұдан бөлек, біз биязы және биязылау жүннің бір келісін 1 доллардан сатсақ, Жаңа Зеландия мен Аустралия нарығындағы жіңішкелігі 19-21 мкм-ге дейінгі 1 кг меринос жүннің бағасы 10 доллардан асып жығылады. Демек дұрыс кәдеге асыра алсақ, жүннен түсер пайда да аз емес. Бүгінде қой терісі де жүннің кебін киген. Кезінде қой терісін «Тоғыз қабат торқадан тоқтышақтың терісі артық» деп бағалаған елде қазір оның құны жоқ. Сұраныс жоқтың қасы. Бұл жерде «бір кездері ел бюджетінің бүйірін томпайтып тұрған сала неліктен аяқ астынан кері кетті?» деген заңды сұрақ туады. Оның бірінші себебі, Кеңес кезінде осы аталған жұмыстың бәрі жоспарлы түрде атқарылды және мемлекеттік бақылауда болды. Екіншіден, қазір қой шаруашылығы өнімдерінің 80 пайыздан астамы шағын қожалықтар мен қосалқы үй шаруашылықтарында өндіріледі. Мысалы, қазір жүннің 53,4 пайызы, ал терінің 69 пайызы халықтың жеке қосалқы шаруашылықтарынан алынады. Сондықтан да өндірілген жүн мен тері сапасы сұранысқа сай келмейді. Саланың басым бөлігінің жеке қолда болуы өз кезегінде технологиялық жаңалықтар мен ғылыми жетістіктерді іске қосып, саланың экспорттық әлеуетін тиімді пайдалануға және әлеуетін арттыруға кедергі келтіріп отыр. Бірақ бұл осы бағыттағы жұмысты ұйымдастыруға, қой тұқымын асылдандыруға мемлекет тарапынан қолдау жоқ дегенді білдірмейді. Қазақстанда қазір қойдың барлық негізгі тұқымын – биязы, жартылай биязы, жартылай қылшық, қылшық жүнді және қаракөл қойын дамытуға жағдай жасайтын 7 асыл тұқымды орт а лық жұмыс істейді. Қой шаруашылығын дамытуға 2022 жылы – 19,8 миллиард, 2023 жылы – 20,8 миллиард, 2024 жылы 15,3 миллиард теңге бөлінді. «AUYL FEST. Қой шаруашылығы – 2025» І халықаралық фестиваліне қатысушылар Қазақстандағы қой шаруашылығының өткеніне шолу жасап, саланың қазіргі жағдайы, алдында тұрған өзекті мәселелері мен даму перспективаларын саралаған соң келесідей ұсыныстар мен ұсынымдар әзірледі: Негізгі үйлестіруші орган ретінде Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігіне: – Ұсақ мал басын 2024 жылғы 20,3 миллионнан 2030 жылға қарай 25 миллион басқа, жыл сайынғы қой еті өндірісін 132,8 мың тоннадан 250 мың тоннаға, қой етінің жылдық экспорты көлемін 17,6 мың тоннадан 30 мың тоннаға, асыл тұқымды мал үлесін қазіргі 8 пайыздан 25 пайызға, саланың өнеркәсіптік сектордағы үлесін 6,3 пайыздан 20 пайызға дейін арттыруды көздейтін қой шаруашылығын дамытудың 2030 жылға дейінгі стратегиясын нақты көрсеткіштермен әзірлеу;
– Қой шаруашылығының ерекшеліктерін ескере отырып ұсақ малға берілетін жылдық субсидияны қазіргі бір басқа берілетін 1 000–1 500 теңге шамасынан 3 000 теңгеге дейін арттыру, асыл тұқымды мал сатып алуға кеткен шығындардың 50 пайызына дейін өтеуді қамтамасыз ету (қолданыстағы мөлшер – 30–40 пайыз шамасында), қазіргі нормативтерде қарастырылмаған субсидия түрі – бір басқа циклына 20 000 теңгеге дейін бордақылау мен цифрландыруға арналған жеке субсидия енгізу, республикалық бюджеттен қой шаруашылығын қолдауға жыл сайын кемінде 25 миллиард теңге көлемінде қаржы қарастыруды көздейтін қолданыстағы субсидиялау ережелерін жаңарту; Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрлігіне Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігімен және Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау комитетімен бірлесіп: – Қытай Халық Республикасы, БАӘ, Кувейт, Катар, Сауд Арабиясы, Вьетнам мен ветеринариялы сертификаттарды өзара мойындау туралы келісімдер жасау, қазақстандық өндірушілердің қатысуымен кемінде 10 сауда миссиясы мен 6 халықаралық агроөнеркәсіптік көрме өткізу, қой еті мен жүні экспортына арналған онлайн-платформа құрып, логистика, стандарттар мен тарифтер бойынша ақпаратпен қамтамасыз ету, 2027 жылға дейін жаңа 5 экспорттық нарыққа шығуды көздейтін «KazSheep Export» ұлттық экспорттық бағдарламасын әзірлеп, іске асыру; Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігіне, Ұлттық экономика министрлігіне және «Бәйтерек» холдингіне (Аграрлық не сие корпорациясы): – Саланы инвестициялық және қаржылық қолдауды қамтамасыз ету, қой шаруашылығы кәсіпорындары үшін жылдық мөлшерлемесі 4 пайыздан аспайтын жеңілдетілген несие беру бойынша мақсатты мемлекеттік бағдарлама енгізу, 500 миллион теңгеге дейінгі банк несиелері бойынша 85 пайыз кепілдік беруді қамтамасыз ететін кооперативтерге арналған кепілдік қор құру, жыл сайын қуаттылығы 10 000 басқа дейінгі кемінде 10 бордақылау алаңын қаржыландыру, сою жабдықтарын, тоңазытқыш қондырғыларды және жүн өңдеу құралдарын сатып алуды субсидиялау; Қой шаруашылығының ең жоғары әлеуеті бар өңірлер – Түркістан, Жамбыл, Алматы, Жетісу және Батыс Қазақстан облысы әкімдіктеріне:
– Бордақылау алаңдары мен сою пункттеріне арналған жер телімдерін бөлу. Ақылды жайылымдар , құдықтар, қоршаулар, навигациялар тәрізді жайылым инфрақұрылымын құру, жеке қосалқы шаруашылықтар мен шаруа қожалықтарын гранттар, оқытулар, инфрақұрылымдар арқылы кооперативтерге біріктіруді ынталандыру, шекара маңындағы аймақтарды ветеринарлық бекеттер және логистикалық орталықтармен қамтамасыз етуді көздейтін қой шаруашылығын дамыту бойынша өңірлік бағдарламалар әзірлеу; Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігіне Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп:
– Астана, Алматы, Орал, Семей, Шымкент қаласындағы 5 аграрлық ЖОО-да оқу бағдарламаларын жаңарту, Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы қарамағындағы ұйымдар базасында ұсақ мал генетикасы мен өнеркәсіптік бордақылау бойынша 2 ғылыми орталық құру, жайылым технологиялары, ұсақ мал денсаулығын басқару, қазақы тұқымдар генетикасы (еділбай, гиссар және т.б.), бордақылау рационын оңтайландыру бағыттары бойынша қолданбалы зерттеулерді жылына кемінде 500 миллион теңге көлемінде қаржыландыруды көздейтін қой шаруашылығы бойынша агромамандарды дайындау жүйесін қайта іске қосу; Агробизнес пен өндірушілерге:
– Жасанды ұрықтандыру және эмбриондарды трансплантациялау технологияларын қолдану, орташа ет өнімділігін бір басқа шаққанда 15 килограмнан 25 килограмға дейін арттыру, Мал басын асыл тұқымды тізілімге тіркеуді (2027 жылға қарай 300 мың асыл тұқымды аналық басқа дейін жеткізу) көздейтін асыл тұқымды мал өсірудің заманауи әдістерін енгізу;
– Жайылымнан бастап орау/ қаптауға дейін толық тікелей ықпа лдастырылған с ервистік кооперативтер құру, қуаттылығы циклына 5000 бастан 15 000 басқа дейін жететін орталықтандырылған бордақылау және сою жүйесін енгізуді көздейтін кооперацияны және тауарлық тізбектерді дамыту; – ИС «Асыл тұқымды есеп» базасында RFID белгілерін, малдың электрондық паспорттарын және цифрлық есеп жүйелерін пайдалану, KZ, KZ HALAL, ISO, GSO талаптарын сақтау үшін партия деңгейіне дейін электронды қадағалау жүйесін енгізуді көздейтін өндірісті цифрландыру; Қоғамдық ұйымдарға және «Атамекен» ҰКП-ға:
– Ішіне Қытай, БАӘ, Кувейт, Вьетнам елдерінің маркетингі, Өнімнің визуалды стилі мен орау/қаптауы, B2B байланыстарына арналған платформа мен экспорттаушылар каталогы енгізілген «Qazaq Qoy» / «KazSheep» бірыңғай экспорттық бренд құру;
– Жүн мен теріге арна лған электрондық сауда платформасын енгізу, 2027 жылға дейін Түркістан, Жамбыл, Алматы, Жетісу және Батыс Қазақстан облысында кемінде 5 жүн өңдеу кәсіпорнын салу, Халықаралық стандарттарға (AWEX, IWTO) сәйкес сатып алу және сұрыптау жүйесінің ашықтығын қамтамасыз етуді көздейтін жүн мен тері нарығын дамыту. Форум қорытындысы негізінде қатысушылар қабылданған қарарды Қазақстан Республикасының Үкіметіне, оның ішінде Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің атына жолдады.
Марат ҚҰЛИБАЕВ
Ұқсас жаңалықтар
Жалған сөздің жазасы ауыр
- 4 желтоқсан, 2025
Ата-анасы бөлек тұратын баланың құқығы қорғалған ба?
- 4 желтоқсан, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




