Отбасы мен қоғамда ерлермен бірдей, бір сапта еңбек етіп, шаңырағының шырайын келтіріп жүрген нәзікжандылар қандай құрметке де лайық. Отбасында ұлағатты ұрпақтарды дүниеге әкеліп, оларды адал еңбекпен қатарға қосқан қайратты әйел-аналар қасиетті Жуалы ауданында да көптеп кездеседі. Сондай қарапайым да ұлағатты ананың бірі, ардагер ұстаз Пернекүл Алмағамбетова ауданға қарасты Ақсай ауылдық округінің Қайрат ауылында тұрады. Пернекүл Әбдіханқызы 1955 жылы ауданға қарасты Талапты ауылында шаруа отбасында туған. Отбасындағы төрт қыздың екінші перзенті. Ауыл мектебін ойдағыдай бітірген талапты бойжеткен орта білімді жетілдіріп, мұғалім мамандығын игеруді басты мақсат тұтып, бұрынғы Жамбыл қаласындағы Абай атындағы педагогикалық училищеге бастауыш сыныптың мұғалімі мамандығына оқуға түседі. Оны 1974 жылы ойдағыдай бітірген жас маман 1979 жылға дейін Талапты ауылының мектебінде бастауыш сыныптың мұғалімі болып жұмыс атқарады. Ұстаздық қызметтегі алғашқы еңбек жолын туған ауылында бастаған Пернекүл Әбдіханқызы өз сөзінде, 1979 жылы Қайрат ауылының азаматы Дүйсенбек Тоқтыбаевпен шаңырақ көтеріп, осындағы №2 Мыңбұлақ орта мектебінде мұғалімдік қызметін жалғастырғанын айтады.
– Мен Қайрат ауылына келін болып түскен 1979 жылдан бастап 2015 жылға дейін мектепте бастауыш сыныптың мұғалімі болып жұмыс істедім. Алғашқыда Жамбыл қаласындағы педколледжді оқып бітірсем, кейіннен Тараз қаласындағы Тараз инновациялық-гуманитарлық университетін тәмамдадым. Ұстаздық қызметті атқара жүріп, әулетте атаенеге, отағасына қызмет етіп, екеуміз төрт ұл-қыз тәрбиелеп, қазіргі таңда оларды құтты орнына қондырып, барлығын азамат қатарына қостық. Еңбек ету арқылы жетіліп, жасымыз биыл жетпіске жақындады. Осындай өмір бұйыртқан жаратқан Иеме шүкірлік етемін. Үлкен қызымыз Гүлнұр Тоқтыбаева жоғары оқу орнын бітіріп, ұзақ жылдан бері елордамыз Астана қаласында бірнеше министрлікте үлгілі қызмет атқарса, екіншіміз Толқын Тоқтыбаева мектепті де, жоғары оқу орнын да үздік бітіріп, қазір қазақстандық құрылыс компанияларының бірінде бас есепші болып еңбек етеді. Ұлдың үлкені Нұрбол Аст ана қаласындағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетін үздік бітіріп, кейіннен Халықаралық «Болашақ» бағдарламасымен Ресей Федерациясының астанасы Мәскеу қаласында білімін одан әрі жетілдірді. Қазір Жамбыл облысының әкімшілігінде инфроқұрылым саласында қызмет атқарады. Ал кенже ұл Ернар Тоқтыбаев Алматы халық шаруашылығы институтын бітірген. Қазақстан Республикасының білім министрлігінде бас маман қызметін атқарып жүр, – дейді жуалылық ардақты ана, ұлағатты ұстаз Пернекүл Әбдіханқызы.
«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деп хакім Абай Құнанбаев өсиет еткендей, 40 жылға жуық уақыт ұстаздық қызметті абыроймен атқарып, ұлағатты шәкірттерді оқытып, оларға өнегелі тәлім-тәрбие берген жанның өнегелі жолы – көпке үлгі. Пернекүл Алмағамбетовамен әңгімеле су барысында ол Қайрат ауылындағы №2 Мыңбұлақ орта мектебінде, бұрынғы «Октябрьдің 40 жылдығы атындағы» мектепте ұстаздық еткен жылдарын аса бір сағынышпен еске алды. Кеңестік кезең тұсында Жуалы ауданындағы алдыңғы қатарлы қазақ мектебінде талай шәкірт білім алып, ел дамуына орасан еңбек сіңіргені анық. Бұл білім ошағы қазір де дарынды да талантты шәкірттерімен мақтанады. Міне, мұның барлығы осында еңбек еткен Пернекүл Әбдіханқызы сынды білімді де, білікті ұстаздардың ұзақ жылғы еңбегінің жемісі. Әлбетте, тарихы терең, ертеңі жарқын мұндай білім ошағы туралы сөз қозғағанда, №2 Мыңбұлақ орта мектебін ұзақ жыл басқарған ұлағатты ұстаздардан – Манап Әлімбеков, Аралбай Борашев сияқты білім беру саласының майталман мамандарының еңбегін ерекше атап өткен орынды болмақ. Пернекүл апай мектепте еңбек еткен жылдары әріптестері әрі ауылдастары – Әсия Шымкентбаева, Күләш Ақашева, Шәкіркүл Тілешова, Бейсенкүл Мамырова және Халима Бекботаева сынды ардагер ұстаздармен бірге қызмет атқарғанын мақтан тұтады.
Балалары мен немерелеріне тілекші болып отырған ардагер ұстаз Пернекүл Әбдіханқызы ұзақ жылғы ұстаздық қызметі үшін түрлі Мақтау грамоталарымен және Алғыс хаттармен марапатталған. Сонымен қоса, Қазақстан Республикасы Оқуағарту министрлігінің «Еңбек ардагері» медалінің иегері. Отағасы Дүйсенбек Тоқтыбаев екеуі отбасында ұлағатты ұл-қыздар тәрбиелеп өсірді. Марқұм жолдасының мамандығы инженермеханик болатын. Бұрынғы Ленин колхозында бас инженер және тағы басқа түрлі жауапты қызметтерді абыроймен атқарған Дүйсенбек Тоқтыбаев кейіннен Ақсай ауылдық округінің әкімшілігінде бас маманәскери есеп үстелінің инспекторы қызметін атқарып, зейнеткерлікке шыққан. Тағдырдың жазуы сол шығар, 2023 жылы өмірден озды. «Орнында бар оңалар» деген. Ұл-қыздары Қайрат ауылындағы туған үйдің түтінін өшірмей, қара шаңырақты қадірлеп, аналарына қамқорлық жасап, көңілін аулауды да ұмытқан емес.
«Ұлағатты ұстаз» деген өнегелі атқа ұзақ жылғы адал еңбегімен жеткен білім беру саласының ардагері Пернекүл апай отағасы екеуі ұл-қыздарынан 14 немере сүйген үлгілі ата-әже. Ұстаз өмірі мен еңбек жолының өнегеге толы екенін өмірінің сәулелі сәттерінен анық байқауға болар.
Нұржан МАНАСҰЛЫ,
журналист.
Жуалы ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




