Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің шекарашысы Бағлан Нұрланұлы әскер қатарына өзі сұранып келген. – Әкем Нұрлан Алдекенов шекарашы болған. Ол өзінің қызметі туралы бізге үнемі қызықтыра әңгімелейтін. Шекара шебінде қызмет етудің өте жауапты әрі қызықты екенін айтатын. Мені де әскер қатарына баратын жасқа жеткенімде «Шекарашы бол» деп өзі жіберді. Қазір арнаулы мақсаттағы іс-қимылдар бөлімінде әскери міндетімді өтеп жүрмін. Бұл жерге келгелі сапалы өмір сүруге қажетті көп нәрсе үйрендім. Барлығымыз ата-анамыздың қасында өз үйімізде жүргендей, еркелеп, уақытылы ұйықтап, дұрыс тамақтанбаймыз. Тіпті, дене шынықтыру жаттығуларын да жалқаулық жар берсе, кейін ысыра саламыз. Ал әскерде адамның салауатты өмір сүруіне қажетті ісәрекеттер уақытылы әрі бұлжытпай орындалады және тәртіп сақталады. Батыр Бауыржан атамыз айтпақшы, «Тәртіпке бағынған құл болмайды, тәртіпсіз ел болмайды». Сондықтан мен әскерге келгеніме қуанамын, осындағы тәрбиемен, алып жүрген дәріспен баянды болашағыма жол салып жүрмін деп ойлаймын. Оған қоса, өз халқымның алдындағы перзенттік парызымды да абыроймен өтеудемін, – дейді шекарашы жас сарбаз.
Өткен жылы 20 қыркүйекте әскер қатарына келген Бағланның парыздық қызметін аяқтауына бір ай ғана уақыт қалыпты.
– Бұйыртса, борышымды аяқтағаннан соң шекара қызметінде жұмыс істеймін деген ойым бар. Себебі, мұндағы қызмет көңілімнен шықты. Бұл жерден жауапкершілікті сезінуді, қару ұстап, орнымен қолдануды және бір мүддеге ұжыммен бірлесе жұмыс істеуді үйрендім. Сондай-ақ күн тәртібі де ешбір өзгеріссіз сақталады, соған бойымыз үйреніп те қалды. Сірә, әскер қатарынан үйіме қайтқаннан кейін де сол тәртіппен күн кешерім анық. Бұл жерде жаңа күн таңғы сағат алтыда ұйқыдан тұрып, төсек-орнымызды жинаудан басталады. Жуынып болғаннан соң жарты сағат дене шынықтыру жаттығуымен айналысамыз. Таңғы асты ішкеннен соң тәрбие сабағына қатысамыз, онда шекараны күзетудің әдістері, әскери қызметтің ережесі және сол секілді әскерге қажетті тағылымдар үйретіледі. Бұл сабақ түске дейін жүргізіліп, түскі аспен тамақтанғаннан соң өзіміздің түрлі жеке ісімізбен айналысуға 1 сағат уақыт беріледі. Бұл кезде кітапханаға барып, өзімізді қызықтыратын кітап оқимыз. Кейде ол уақытты өзіміз үшін қызықты түрлі спорттық ойындарға арнаймыз. Адам жанына қажетті кітапхана да, спорт алаңшасы да бар. Жеке сағаттан соң тағы да тәрбиелік жұмыстар жүргізіледі. Содан кешкі асқа барып, жатар алдында күні бойы киген киіміміздің кір тигені болса жуамыз, жыртылған жерін тігеміз. Әдетте мұндай жұмыстарды әйел адамдарға телиміз ғой, бірақ әскерде өзіңе қажетті істің бәрін өзің орындап үйренесің. Әрине, өмір бақи қасыңда жоқ-жітігіңді бүтіндеп анаң мен әкең жүрмейді. Әскер бұны да үйретеді. Сондықтан әскерге барған жасөспірім жан-жақты дамып, өмірде кездесетін түрлі жайттарға дайын болып, тәртіп сақтауға бейімделеді, – дейді қатардағы сарбаз Бағлан Нұрланұлы.
Әрине, баласы көз алдынан жырақтаса, ананың жүрегі елжірейді. Бұл жағдай да әскери өмірде ескерілген. Әскери бөлімшеде Аналар кеңесі жұмыс істеп, қатарға жаңадан қосылған жеткіншектермен жеке сұхбаттасып, сырласып, ата-анасына деген сағынышын бөліседі. Бағлан өзі қызмет етіп жүрген бөлімшедегі Аида Серменованы туған анасындай жан жылуына бөлейтінін айтты.
– Шекарадағы қызметтің қызығы – тауда да, таста да, суда да жүресің. Кейде шекараны бұзып өтпекші болған кісілерді ұстаймыз. Ондайда жас сарбаздарға контрабанданың жолын кесу жүктеледі. Әкемнің жолын жалғап, шекарашы болғаныма қуанамын. Өзімнің замандастарым мен інілеріме «Ер болам десең, еліңді күзет» деген халықтың дана сөзін еске салып, Отан алдындағы борышыңды өтеуден бас тартпа дегім келеді, – деген Бағлан ел қорғау ер балалардың басына жазылған абыройлы міндет екенін айтып, сол үдеден шыға білуді басты бақытына балайтынын да жасырмады. Сондай-ақ Бағлан әскер қатарында жас сарбаздарға ағалық қамқорлығын көрсете білген келісімшарт қызметкері, сержант Кәрімжан Төлепбергеновтың ұғынықты жеткізетін тәрбиелік сабақтарына қызыға қатысқандарын да айтты. Ағаның ұлағатты ізімен жүретін іні, әкенің өнегелі жолын жалғар ұл – елдің бақыты.
Қамар ҚАРАСАЕВА
Ұқсас жаңалықтар
Жалған сөздің жазасы ауыр
- 4 желтоқсан, 2025
Ата-анасы бөлек тұратын баланың құқығы қорғалған ба?
- 4 желтоқсан, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




