Т.Рысқұлов ауданы, Құлан ауылына қарай жолға шыққан едік. Жеңіл көліктің артына мен және екі келіншек мінді. Тараздың шығыс аркасынан шыға бере көлік артындағы келіншектің жастауы сөз бастады. Жас келіншектің сөзі энергетикалық сусын ішіп келе жатқан көлік жүргізушісіне арналды. «Ағай, қолыңыздағы сусынды қанша теңгеге сатып алдыңыз?», – деп сұрады жолаушы келіншек. Көлік жүргізушісінің ойында ештеңе жоқ. «360 теңгеге алдым» дей салды. Осы кезде сұрақ қойған келіншек көлік жүргізушіге с ө з і н б а ғ ы т т а ғ а н ы м е н , бәрімізге ақыл-кеңес айтуға көшті. «Сіз ішіп отырған сусын 360 теңге тұрады. Ол арзан баға емес. Онысымен қоймай денсаулыққа кері әсері бар. Жүрекке өте зиян. Сіз осы бір қалбыр сусынға жұмсаған қаржыңызға басқа да пайдалы сусындар сатып ала аласыз» деп өзінің «кәсібін» жарнамалауға кірісті. Сөйтсек, бұл кісі қытайлық желілік бизнеспен айналысады екен. Қасындағы жасы үлкендеу келіншек те осы компанияда тер төгуде. Артына адам жаздыру арқылы жүзеге асатын мұндай желілік ұйымдарды бұрыннан да көп естіп жүрміз. Олардың бірі америкалық компанияға қызмет етсе, енді бірі түркиялық, кореялық желілік компаниялардың талабымен жүріп, өздері де мыс-мыс ақша табуда. Ал мынау қытайлық желілік компаниясын жарнамалап жүрген екі келіншектің де әрекеті де тез байып кету. Қазірдің өзінде бұл екеуі артынан жүздеген адам тартып, әлгі желілік ұйымның талабына сай біраз жетістікке жеткен секілді. Тіпті, сол жарнама жасаған қызметтеріне сай алатын жалақылары да бар. Ол жалақы басқалардың тәулігіне 8 сағат жұмысқа барып жүріп бір айда тапқан теңгесінен 2-3 есе артық. Сондықтан олар қытайлық компаниясын тілдері жеткенше мақтауға, егер ақындық қабілеті болса жырлап беруге де бар. Бір қарасаңыз бәрі дұрыс. Әрекеттеріне қарай теңгелерін тауып жатыр. Олардың мақсаты – артынан адам ілестіре жүріп аталған қыт айлық компанияның өнімдерін жарнамалап, көп көлемде сатылып кетуіне ықпал ету. Мәселен, олар сатып жүрген қытайлық көзілдірік біз үнемі көріп жүргеннен басқа. Бұл көзілдірік көзге кисеңіз, көздің айналасын, мидың тамырларын емдей береді екен. Бағасы да қолжетімді. Ал табанға қоятын және бір зат бар екен. Ол адамның табанына күш береді. Сол күш арқылы адам өзін сергек сезініп, денсаулығы жақсара түседі. Келіншектің бірі өзінің 70 жастан асқан анасын Меккеге кіші қажылыққа жібергенде осы емдік затты аяқ киімнің табанына салып жүруді өтінген. Анасы сол өтінішті орындаған екен, Меккеге миллиондаған адамдардың арасында жүріп, еш шаршамапты.
Біз осы желілік компаниялар туралы, олардың емдік заттар мен шөптерді сататыны туралы дәрігерлерден де сұрап білген едік. Алматылық дәрігер Дилвара Жақсыбекқызы былай дейді. «Біз де осындай желілік компаниялар көп ашылып кеткенінен хабардармыз. Өз кәсіптері, өз жолдары деп те бағалауға болады. Бірақ біз дәрігерлер 8-9 жыл көз майын тауысып оқып, «Дәрігер» деген мамандықты меңгереміз. Ал бұл кісілердің «Дәрі бір жеріңді емдесе, екінші жерге зиян. Одан да мынау шөпті іш, анау затпен емдел» дегенімен келісе бермейміз. Әр адам сол шетелдік дәрілік шөп пен заттарды қолданар кезде дәрігерден кеңес алғаны дұрыс», – дейді. Сарысулық дәрігер Айнұр Каликова да осы ойды құптайды. «Торғай сойса да қасапшы сойсын» деген бар. Қай елдің дәрілік шөбі, дәрілік заты болса да дәрігерлермен ақылдасып қолданған дұрыс», – дейді ол.
Бұл жерде тағы бір мәселе бар. Рас, желілік жүйеге кіріп кеткендердің ішінде біразы қолы жүріп табысты болады. Ал соларға ілесемін деп, солар тапқан табысты табам деп үй жайын сатып, жарнамасын құйып, алған дәрілік шөптерін өткізе алмай, қарызға батқан кісілер де бар. «Менің жалақы алатын жұмысым бар. Айына 200 мың теңге аламын. Осы желілік ойын деп, біреулер қызықтырып қоймады. Сосын айналысып көрем деп, заттарын бір алып, жарнасын бір төлеп, ол заттарды өткізе алмай әбден әбіржіп кеттім. Сосын ақырын жүріп, еңбек еткен жақсы екен деп, тыныш ғана жұмысымды істеп жүрмін. Желілік жүйеде жоқпын», – дейді тараздық тұрғын Самал Қабылова. Біз белгілі психолог Фатима Бизақованы сөзге тартып, пікір сұрадық. «Бұл жерде мен бұрыс деп те, дұрыс деп те айта алмаймын. Жолы болып, ісі жүріп кеткендерге қарап, дұрыс шығар дейсің. Бірақ олардың тек бір ғана батыстың көзқарасымен шектеліп қалғандарын қаламаймын. Табыс ы жақсы, бірақ отаншылдық, елдік көзқарас жоқ. Баю бар, елге құрмет жоқ. Бірақ осы желіге желігемін деп зардап шегіп жүргендер де бар. Бұрын халық өзі оянып, тірлікке бейім болатын. Қазір тұрғындар белсенді болу үшін, тірлік жасауға оянуы үшін міндетті түрде психолог немесе желілік ұйымдардың белсенді адамдарынан ақыл сұрайтын болды. Бұл да ойланатын нәрсе. Абайлаған дұрыс. Сосын бір жігіт маған келген кезде оған өз ойымды айттым. «Сен де отаншылдық сезімі бар ма? Қытай мен Американың әтірін сатқанша өз еліңнің қара сабынын сатпайсың ба? Әлемге қазақтың қара сабынын танытпайсың ба?», – дедім. Әлгі жігіт ұялып, үнсіз кетті. Бірақ жарады. Еліміздің үлкен қалаларының бірінен қара сабын шығаратын үлкен өндіріс орнын ашты. Жұмысы жүріп ірі кәсіпкер болып кетті. Осы күндері маған хабарласып: «Әпке, сіздің бір ауыз сөзіңіз маған әсер етті. Мені ойландырды, түзеді» деп ризашылық білдіреді», – деп ол өз ойын білдірді. Дін өкілдерінен де пікір білдік. «Қаражат табуға ұмтылғандары дұрыс. Бірақ артынан адам тарту жөн емес. Шариғатта бұл біреудің үстінен күн көру болып есептеледі. Таза табысқа жатпайды. Сондықтан желілік жүйе шариғатқа сай келмейді», – дейді танымал имам Дәурен Құттыбаев.
Ал сіз қалай ойлайсыз? Желілік жүйеге қатысты компаниялар бәлкім сізді де мазалап жүрген болар. Бір шешімге келдіңіз бе? Әйтеуір, жер әлемді жаулаған желілік компаниялар айылын жияр емес. Қайтсем бірден байып кетем дегендер сондай ұйымдардың шылауында жүр. Егер әр жұмыста жалақы жоғары, күнделікті тұтынатын азық-түлік бағасы қолжетімді болса, мұндай компанияларды іздейтін бе едік. Әй, қайдам...
Есет ДОСАЛЫ
Ұқсас жаңалықтар
Дәріханалардағы дәрі бағасы бір түнде өскені ме?
- 4 желтоқсан, 2025
ЖИ-ді іске асыруда жастардың рөлі ерекше
- 4 желтоқсан, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




