Мүгедектік жәрдемақы қалай және не үшін тағайындалады? Мүгедектік категориясына өту үшін адам өзі тіркелген медициналық ұйымға (әдетте тұрғылықты жері бойынша емханаға) жүгінеді, содан кейін емдеуші дәрігер оны дәрігерлік-консультациялық комиссияға (ДКК) жібереді. ДКК өз кезегінде №031 нысаны бойынша медициналық-әлеуметтік сараптамаға (МӘС) қорытынды жасайды. Жалпы елімізде қажеттіліктері бар азаматтар мемлекеттен әлеуметтік жәрдемақы алуға құқылы. Бірақ ондай төлемді ала бастау үшін мүгедектікті растайтын анықтама болуы керек. Осы орайда бүгінгі таңда науқас адамдарға мүгедектік жәрдемақыға іліну – еліміздегі өте күрделі мәселелердің бірі десек, артық айтқанымыз емес. Ол үшін адамның бір мүшесіне екі рет ота жасалуы тиіс. Одан кейін әлгі отаға іліккен мүше адам ағзасының басқа да мүшелеріне өз зиянын тигізіп, қосалқы аурулар тудырған жағдайда емханалардың жолдауымен науқас медициналықәлеуметтік сараптамадан (МӘС) өтіп барып, мүгедектік жәрдемақысын тағайындата алады. Яғни науқастың еңбекке жарамсыздығы медициналықәлеуметтік сараптама қорытындысымен расталуы қажет. Дәл осы тұста мүгедектікке үміткер науқастың өмірінде емханадағы салаға жауапты маманның тарапынан да, МӘС бөлімі тарапынан да кәсіби қызмет тұрғысынан сұралатын қатаң медициналық тексерістер мен растаулардан бөлек, астыртын жүзеге асырылатын қомақты көлемде қаржы талап етуді көздейтін «бопсалау» әрекеттерінің де толассыз орын алатындығы ешкімге жасырын емес. Осы жағдай онсыз да денсаулығынан айырылып, кәдімгідей күйзелісте жүрген науқастар үшін «жығылған үстіне жұдырық» болып тиіп жатқаны тағы рас. Мысалы, мүгедек адам бастапқы мүгедектігі анықталған соң, жылына екі рет ауруханаға жатып, ем алып тұру керек, әр жыл сайын, кейде екі жыл сайын МӘТК-тен (медициналық-әлеуметтік тексеру комиссиясы) өтіп тұруы тиіс, содан соң барып тек арада 7 жыл өткен соң ғана өмірлік мүгедектікке өтуге мүмкіндік ала алады. Ендеше, арадағы жеті жыл ішінде МӘТК мүшелері әлгіндей науқасқа ақ халатты абзал жан сипатында емес, керісінше дүиедегі ең жемқор жан есебінде елестемегенде, қайтеді.
Нақты әңгімемізге ойыссақ, біздің бүгінгі кейіпкеріміз Ербол Теңізбаев 2017 жылы Жуалы аудандық орталық ауруханасының «жансақтау» бөліміне түседі. Сол жерде оның басына шұғыл түрде күрделі ота жасалады. Себеп – ауыр жүк көлігін жөндеу кезінде басына сол «Камаз» көлігінің борты байқаусызда сақ етіп қатты тиген. Мұндай ауыр салмақтағы темір борттың соққысы, әрине, оның бас сүйегін мыжып жібереді. Дәрігерлер жарамсыз сүйекті алып, оның орнына темір салады. Екінші ота Тараз қаласындағы Жамбыл облыстық көпбейінді ауруханада жасалып, науқас өзінің тұрғылықты мекенжайы бойынша тіркелген емхананың жолдауымен МӘТК-тен өтіп, 2-ші топ мүгедектігі тағайындалады. Арада бір жыл өткенде бұл топ 3-ші топ мүгедектігіне ауыстырылады да аяғы мүгедектік жәрдемақының мүлдем тоқтап қалуымен аяқталады. Осы тұста екі жақта келіспеушіліктер пайда болады. Ербол Амидуллаұлының нақты диагнозы – «прогрессирующая сосудистая лейкоэнцефалопатия». Яғни, бас миының ақ затын зақымдайтын созылмалы әрі баяу үдемелі нейродегенеративті ауру. Медицинада бұл дерттің толықтай жазылып кетуіне еш кепіл жоқ. Себебі, бұл – аты айтып тұрғандай созылмалы ауру. Бірақ атаулы дерттің үдеуін баяулатуға, симптомдарды жеңілдетуге және өмір сапасын арттыруға бағытталған ем-шаралар бар. Емге – антигипертензивті, қан айналымын жақсартатын, нейропротекторлық дәрілер мен оңалту терапиялары (физиотерапия, логопед, невропатолог, лор және офтальмолог) кіреді.
Алайда кейін келе бұл емдік-шаралардың бір де бірі Ербол Теңізбаевқа мүлдем тағайындалмайды, тіпті тиісті ауруханаларға емделуге жолданылып та отырмайды (науқастың қазіргі жағдайы көңіл алаңдатарлық, ауруы асқына түскен деуге келеді, бір көзі көруден, бір құлағы естуден қалған, жақ сүйегі бір жағына қарай қисайыңқыраған, бас ауруы жиілеген, ұмытшақтық пайда бола бастаған, кейде аяқтан жүре алмай қалатын болған). Себебі, бұлыңғыр. Дәрігерлер науқас «қаралуға келмеді» деп уәж айтса, науқастың өзі «дәрігерлер тарапынан немқұрайлылық танытылып, әрі ақша талап етушілік орын алды» дегенді алға тартады. Біз осы мәселені зерттеп-зерделеу үшін Жуалы аудандық орталық ауруханасына арнайы ат басын бұрдық. Бас дәрігерге жолығып, келген шаруамызды алдына жайып салдық. Ол біздің қолдағы бар анықтамалық қағаздарымызды ақтарып қарап, сөзімізді мұқият тыңдап болғасын, біздің мәселемізбен тікелей айналысатын жауапты тұлғаға жіберді. Соған сай мүгедек жігітті қолынан жетелеп жүріп Жуалы аудандық орталық ауруханасының хирургия бөлімінің басшысы, дәрігерлік бақылау комиссиясының төрағасы, сондай-ақ пациентті қолдау, ішкі аудит басшысы Қалдыбай Байрамовтың қабылдауына кірдік. Ол кісі мүгедектік тоқтағалы арада бес жылдан астам уақыт өтіп кеткендігіне байланысты науқасқа бас-ми тексерісінен бастап, офтальмолог, лор, невропатолог, кардиолог, тіпті психиатр дәрігеріне дейін қайтадан қаралып, толық тексерістен өту қажеттігін айтып, істің басы учаскелік дәрігерге барып көрініп, соның нұсқауымен әзірленетін құжаттарды жинастырумен басталатындығын мәлімдеп, бізге ауылдық жердегі фельдшерлікакушерлік пунктке, сосын дәрігерлік амбулаторияға баруды кеңес етті. Сәйкесінше біз алдымен Ерболдың туып-өскен ауылы Теріс ауылына келіп, осындағы фельдшерлік-акушерлік пунктте 40 жылдан бері фельдшер болып жұмыс істеп келе жатқан Зағира Әбуоваға жолықтық. Ол орын алған жағдайға байланысты тағайындаужолдамасын тек учаскелік дәрігер ғана бере алатындығын түсіндіріп, бізді Нұрлыкент дәрігерлік амбулаториясына жіберді. Сондай-ақ ол сол жерге барып Теріс, Түктібай, Бақалы және Нұрлыкент ауылының тұрғындарын денсаулыққа қатысты мәселелерімен арнайы қабылдайтын маман – Нұрлыкент дәрігерлік амбулаториясының учаскелік дәрігері Мұхамеджан Қуандыққа жолығуымыз қажеттігін ескертті.
Осыған байланысты біз Нұрлыкент дәрігерлік амбулаториясының алдынан табылдық. Учаскелік дәрігердің қабылдауына бәріміз бірдей кірдік. Мұхамеджан Бағдатұлы бізге атаулы амбулаторияда жұмыс істеп жатқанына бір жылдай уақыт болғанын айта келе, мүгедектік алудың машақатымен алдына келіп тұрған азаматтан өзі білмек болған жайларға қатысты барлық сұрақтарын қойып, жауап алды. Содан соң барып нені істеуге кірісуі қажеттігін сөз етті.
– Сізге ең алдымен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру бойынша еш жерде тіркелмеген жұмыссыз азамат ретінде медициналық сақтандыру қорына ай сайынғы 4250 теңге көлеміндегі қаржыңызды құйып, сақтандырылуға қатысты барлық сұрақтарыңызды шешіп алуыңыз қажет. Бұл үшін 1414 бірыңғай байланыс орталығына қоңырау шалып, хабарлассаңыз болады. Содан кейін науқасыңызға қарай сонау 2017 жылы берілген дәрігерлердің бастапқы медициналық анықтама қағаздары қазір жарамайды. Арада ұзақ уақыт өтуіне байланысты және тиісті медицианалық көмектен қол үзіп қалғаныңызға байланысты. Сондықтан сізге алдағы уақытта мүгедектікке шығуға мүдделі сырқаты күрделі науқас есебінде аудандық емдеу мекемесінде есепке тұру қажет. Сәйкесінше біз өз тарапымыздан сізге тиісті тағайындау жасаймыз, сол бойынша мамандарға қаралып, тексеруден өтесіз. Солар шығарған сараптамаға қарай отырып сізді алдымен аудан көлеміндегі, мұндағылардың мүмкіншілігі келмейтіндей жағдайда облыс көлеміндегі ауруханаларға жолдама арқылы жіберілесіз. Барлық тиісті ем-домыңызды алып, құжаттарыңыз әзір болғанда МӘТК-ке барып, №031 нысаны бойынша медициналық-әлеуметтік сараптамадан өтесіз. Ол жерде арнайы мамандардың қатысуымен консилиум ұйымдастырылады. Соңынан нақты нәтижесі шығарылады. Сізді мүгедек деп тануға негіз болса, солай деп анықтама береді. Жоқ болса, онысын көрсетеді. Сондықтан сізге қазірден бастап медициналық сақтандыру мәселесін шешіп, мамандарға қаралатын жолдама алуды бастау қажет. Сонда 2-3 айдың шеңберінде мүгедектікке шығып қалуыңыз әбден мүмкін, – деді Мұхамеджан Бағдатұлы.
Міне, өздеріңіз байқағандарыңыздай, 2017 жылдан бергі 8 жылдық мерзімде ендігі өмірлік мүгедектікке шығып қоюы тиіс болған Ербол Теңізбаевтың басына тағы да бәрін қайтадан бастау қажеттігі туды. Бұған кімді кінәласақ болады? Өз денсаулығына «салғырт» қараған Ерболды ма? Әлде, науқастың денсаулығына дәрігердің көзімен емес, немкеттінің көзімен қарап үйренген мамандарды ма?
Қалай болғанда да біз Ербол Амидуллаұлының ендігі ем алу жолын назарда ұстайтын боламыз.
Талғат ТАЛАПҰЛЫ
Ұқсас жаңалықтар
Дәріханалардағы дәрі бағасы бір түнде өскені ме?
- 4 желтоқсан, 2025
ЖИ-ді іске асыруда жастардың рөлі ерекше
- 4 желтоқсан, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




