Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында еліміздің ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін және оның қосымша құнын арттыру қажеттігін, бұл – стратегиялық міндет екенін атап өтіп, саланы дамытудың негізгі бағыттарын айқындап берген болатын. Бүгінгі күні мемлекеттік қолдау шараларына сәйкес асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту үшін жылда бюджеттен қомақты қаржы бөлініп келеді. Соның арқасында облыста асыл тұқымды мал шаруашылығымен айналысатын, 359 шаруа қожалық бар, ал мүйізді ірі қара ұстайтын қожалық саны 60-қа жеткен.
Аймақта ауыл шаруашылығында өндірілген жалпы өнімнің 50 пайыздан астамы мал шаруашылығы саласына тиесілі. Мемлекеттік қолдаулардың нәтижесінде салада өндірілген ет өнімдері – 4,1 пайызға, сүт өнімдері – 1,4 пайызға артқан. Ал бүгінде Сарысу ауданындағы 1045 шаруа қожалықтың 576-ы мал шаруашылығымен айналысады. Аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Әнуар Қоянтайдың айтуынша, осы жылдың бірінші жарты жылдығында аудандағы мал 215842 басты құраған. Оның ішінде мүйізді ірі қара – 25039, қой-ешкі – 175710 бас, жылқы – 11697 бас, түйе – 3396 басқа жеткен. Ал құс саны – 25296. Мал басының өсуі ет және сүт өндірісінің дамуына жол ашып отыр. Атап айтсақ, ет өндірісі (тірі салмақта) 2 884 тонна, сүт көлемі 1 464 тонна болса, жұмыртқа өндірісі 2 262,9 мың данаға жеткен. Мал шаруашылығы саласында пайдаланылып жатқан мемлекеттік қолдаулар көлемі де жыл санап өсіп келеді.
Бүгінгі таңда асыл тұқымды мал шаруашылығымен ауданда 9 шаруа қожалық айналысуда. Жалпы биыл бұл шаруа қожалықтарда 45877 асыл тұқымды қазақтың қылшық жүнді құйрықты қойы және олардың будан төлдері өсірілуде. Соның бірі – осы асыл тұқымды мал шаруашылығын кәсіпке айналдырған «Раш» шаруа қожалығы. Қожалық жетекшісі Есенғали Рашевтың айтуынша, мал шаруашылығымен айналысып келе жатқанына 26 жыл болыпты. Ал асыл тұқымды шаруашылық мәртебесін 2015 жылы алып, содан бері асыл тұқымды қой мен мүйізді ірі қараны баптап, табысты жұмыс істеп келеді екен.
– Мал бағу оңай шаруа емес. «Мал – баққанға бітеді» дегендей, оның жайын табу, көктемде көктеуге, жазда жайлауға, күзде күздеуге, қыста қыстауға көшіріп, бабын жасау қиынның қиыны. Өйтпесең, бір орында, айтақырда тұрып мал қоң жинамайды. Малға да бап керек. Бабын тапсаң ғана табыс болады. Қазір шаруашылықта мыңнан аса асыл тұқымды қылшық жүнді құйрықты қой бірнеше отарға бөлініп бағылуда. Одан бөлек, 71 бас «Ангус» тұқымды мүйізді ірі қараның да бабы жасалуда, – дейді шаруа.
Есенғали өзіне қажетті мал азығын шаруашылыққа тиесілі 753 гектар алқаптан жинауда. Оның 559-ы гектары шабындық болса, 194 гектары жайылымдық алқап.
Аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Әнуар Қоянтайдың айтуынша, бүгінде аудандағы асыл тұқымды және будандасқан мүйізді ірі қара саны 4314 басты құрайды екен. Оның 3176 басы қазақтың ақбас, 6 басы Әулиекөл, ал 1132 басы Абердин ангус тұқымды мүйізді қара.
Ауданда мал бағып, шаруасын үйіріп отырған қожалықтың бірі – «Жарасбек ата» шаруа қожалығы. Қожалық жетекшісі Пернебек Ерубаевтың айтуынша, шаруашылық 2004 жылдан бері жұмыс істеп келеді. 2017 жылы асыл тұқымды қой өсіруші шаруа қожалық ретінде тіркелген. Бүгінде 720 бас уақ мал, 50 бас жылқы бағып отыр. Оның иелігінде 1100 гектар егістік алқап бар. Онда арпа, бидай, мақсары мен жоңышқалығы орналасқан. Осы алқаптардан қожалық мал азығын дайындауда.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында еліміздегі шағын және орта кәсіпті дамытуға барынша қолдау көрсетіп отыр. Сол қолдауды өзіміз де сезініп, кәсібімізді дөңгелетіп келеміз. Біздің ұстанған жолымыз – ата-бабадан жалғасып келе жатқан мал шаруашылығы. Бұл елімізде қабылданған «2021- 2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі «Ұлттық жоба» аясында мүмкін болуда. Мен де осы жобаның қатысушысының бірімін. Осыдан бірнеше жыл бұрын мемлекет тарапынан қабылданған «Алтын асық», «Құлан» мен «Сыбаға» бағдарламаларына қатысып, бағымды сынап, мал басын асылдандыруды қолға алдым. Бүгінде мал басын көбейтіп, ет бағытында жұмыс істеудемін. Алда шаруашылықты кеңейтіп, мал бордақылау алаңын ашуды жоспарлаудамын, – дейді ол.
«Ауыл аманаты» жобасына 6 ауылдық округ қатысуда. Бөлінген қаржы 4,7 милиард теңге. Жобаның аясында 697 жаңа кәсіпкер тіркеліп, 712 жаңа жұмыс орны ашылды. Ал атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасылар 201 отбасыдан 48 отбасыға, яғни 76 пайызға кеміген. Жобаға дейінгі өзін-өзі жұмыспен қамтығындар саны 910 болса, жобадан кейін 1635 азамат өзін жұмыспен қамтыған. 6 кооперативте 64 ауыл шаруашылығы техникасы алынып, жұмыс істеуде. Іске асырылған жобалардың нәтижесінде тұрғындар табысының артуына, өндірістің, салық көлемінің ұлғаюына оң әсерін тигізді. Биыл «Ауыл аманаты» жобасы аясының кәсіпкерлік бағыты бойынша 49 адамға несие беру көзделсе, бүгінгі күні 37 құжат өткізіліп, 21 азаматқа 179 миллион теңге несие берілген. «Тауарлық несие» тетігі арқылы 8 азамат мал алу үшін келісім-шарт жасауда. Алынатын мал басы 150 қой, 16 мүйізді ірі қара. «Игілік» өндірістік кооперативі – 50, «Баян-2011» және «Сәт-Сағын» шаруа қожалықтары 50 бастан 100 бас қой, «Мақтатай» шаруа қожалығы 10 бас мүйізді ірі қара, ал «Самат» шаруа қожалығы 6 бас мүйізді ірі қара алуға ниетті.
Бүгінгі күні ауданда түйе шаруашылығына елеулі көңіл бөлінуде. Түйе шаруашылығын дамыту бойынша 1 жоба бар. Жайылма ауылдық округінде Марат Жылқыбаев басқаратын «Сарысу төрт түлік» ауыл шаруашылығы кооперативі түйе шаруашылығын дамытып, шұбат өндірісін қолға алмақшы. Бөлім басшысының айтуынша, кооператив бүгінгі күнге мемлекеттік тіркеуден өткізілуде. Шаруашылықты дамыту үшін 3506 гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жайылымдық жері белгіленген. Кооператив биыл 100 бас түйе алып келгелі отыр. Ол үшін 100 басқа арналған қора-жайы, түйе сауу аппараттары және танкер алынуда.
Қорыта айтқанда, бүгінде асыраушы сала экономиканың негізгі драйверлерінің біріне айналып, табиғаты мал шаруашылығына қолайлы өңірде ауыл шаруашылығы саласы жыл санап алға озып келеді.
Сарысу ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Дәріханалардағы дәрі бағасы бір түнде өскені ме?
- 4 желтоқсан, 2025
ЖИ-ді іске асыруда жастардың рөлі ерекше
- 4 желтоқсан, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




