Өткен аптада облысымыздың құтқарушылары бір жетіде 150-ден астам шақыртуларға шығыпты. 12-19 тамыз аралығында құтқарушылар тұрғын үйлердің шатырларындағы өрттерге, мал қораларындағы өрттер мен шөпханалардағы өрт оқиғаларына және автокөліктердегі өрт оқиғаларына – 15 рет, қураған шөп пен қоқыстың жану оқиғаларына – 125 рет, авариялық-құтқару жұмыстарына – 8 рет, расталмаған жану фактілеріне – 3 рет жедел шығып, кезек күттірмейтін жұмыстарды атқарды.
Нағыз өрт сөндіруші шаршаудың не екенін және «мүмкін емес» деген сөзді білмейді. Кез келген уақытта, қолайсыз ауа-райында, ыстықта және қатты аязда, әр түрлі жағдайда көңілкүйіне қарамастан отқа да, суға да тәуекел етуге дайын. Көбінесе өрт сөндірушілер қайғылы оқиға орнына бірінші болып жетіп, адамдарға барынша көмектесуге тырысады.
Өрт сөндірушілер династиясы
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінде қызметін ұрпақтан ұрпаққа жалғастырушы әулет бар. Олар Шайкрамовтар отбасы. Нақты Мансұр Шайкрамов туралы айтпақпыз. Ол 1976 жылы 9 қазанда Тараз қаласында дүниеге келген. Өртке қарсы қызмет органдарында 1993 жылдан бері қызмет етіп келеді. Бүгінде Қызмет бастығының орынбасары, азаматтық қорғау полковнигі. I, II, III дәрежелі «Өртке қарсы қызмет органдарындағы мінсіз қызметі үшін» медальдарымен марапатталған.
Әулеттің негізін қалаушы – Мансұр Зәкірұлының атасы Анвар Шайкрамов. Ол 1939 жылдан бастап өртке қарсы қызмет органдарында жұмыс атқарған. 1976 жылы облыстық атқару комитеті кәсіби өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы қызметінде еңбек етіп, лайықты зейнет демалысына шыққан. Өртке қарсы қызмет органдарында қызмет атқарған жылдары Анвар Шайкрамов КСРО Жоғарғы Кеңесінің төралқасымен «Өрттегі ерлігі үшін» медалімен және «Құрмет белгісі» орденімен марапатталған. Ол өртке қарсы қызмет ардагері болған жұбайы Елизавета Шайкрамовамен бірге 5 бала тәрбиелеп өсірді. Анвар қарияның жалғыз ұлы – Закир Шайкрамов. Ол екі бірдей жоғары білім алған. 1972 жылы Жамбыл тамақ және жеңіл өнеркәсібі технологиялық институтын аяқтаған соң, әкесінің ізімен Мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдарына облыстық атқару комитетінің ІІБ мемлекеттік өрт қадағалау тобының инспекторы лауазымына жұмысқа орналасқан. Сол жылы Мәскеу қаласындағы Бүкілодақтық жоғары инженерлік өрт-техникалық мектебінің күндізгі бөліміне оқуға түсіп, оны 1976 жылы жақсыға тәмамдаған. Өз атасы және әкесі, жалпы әулет жайлы Мансұр Закирұлы былай дейді.
– Әкем Закир Анварұлы 35 жылдан астам мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдарында түрлі лауазымдарда қызмет атқарған тұлға. 1997 жылы Жамбыл облысы ІІБ жанындағы Мемлекеттік өртке қарсы қызмет басқармасы бастығының орынбасары лауазымынан «Ішкі қызмет полковнигі» атағына лайықты зейнет демалысына шыққан. Закир Анварұлы өзінің салмақты және табанды мінезімен, сондай-ақ тәлімгерлерден бойына жиған бай теориялық білімінің арқасында әріптестері арасында үлкен құрмет пен беделге ие болды. Қызмет бабындағы жоғарғы көрсеткіштері мен ішкі істер органдарындағы үздік қызметі үшін көптеген марапаттарды иеленді. «КСРО ІІМ үздігі», «Өрт күзетінің үздігі», түрлі құрмет медальдары, I, ІІ, ІІІ дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін», сондай-ақ «Өртке қарсы қызмет органдарының ардагері» және «Төтенше жағдайлар органдарының құрметті ардагері» медальдарымен марапатталған. Анам Людмиламен бірге үш ұл-қыз өсіріп, 8 немере тәрбиеледі.
Бір қызығы – отбасымыздағы ағам да, мен де қарындасымыз да өртке қарсы қызмет органдарында жұмыс істейміз. Ағам Руслан Закирұлы 2002 жылдың мамыр айынан 2017 жылдың тамызына дейін мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдарында сержанттық құрамдағы түрлі лауазымдарда жұмыс істеді. Еңбек жолын Тараз қаласының № 4 өрт сөндіру бөлімінде өрт сөндіруші лауазымынан бастап, одан әрі мансап сатысымен көтеріліп, Жамбыл облысы ТЖД «Өрт сөндіру және авариялыққұтқару жұмыстары қызметі» ММ Байзақ ауданының №8 өрт сөндіру бөлімі бөлімше командирі лауазымына дейін көтерілген. Ол жерден 2017 жылы «Азаматтық қорғау старшинасы» атағымен зейнетке шықты. Қарындасым Назира да құқықтану мамандығы бойынша жоғары білімі бар. Өртке қарсы қызметінде 2002 жылдан бастап, облыстық Мемлекеттік өртке қарсы қызмет басқармасының кадрлар бөлімінің инспекторы лауазымына тағайындалған кезден бері жұмыс атқаруда, – дейді Мансұр Закирұлы.

2015 жылдың 19 маусымында біріңғай диспетчерлік қызметіне Желтоқсан көшесі 78 мекенжайы бойынша 9 қабаттық әкімшілік ғимаратының өртеніп жатқандығы туралы хабар келіп түседі. Ғимарат лапылдап жануға бейім «алюкобонд» атты материалмен қапталғандықтан 9 қабатқа тез жайылу қаупі болыпты. Оқиға орнына жеткен азаматтық қорғау полковнигі Мансұр Шайкрамов №1 жауынгерлік учаскесінің жетекшісі болып тағайындалып, оған ғимараттың қасбет жағындағы өрті, яғни №3 қалалық емхана өртінің өшірілуі, зардап шеккендерді құтқару жұмыстары жүктеледі. Өзіне жүктелген міндетті Мансұр Закирұлы жеке құрамға нақты тапсырмалар жүктей отырып, сауатты әрі жылдам орындайды. Өртті қысқа мерзімде сөндіріп, әрі қарай таралуына жол бермеген.
Шайкрамовтар әулеті ұзақ жылдар бойы тілсіз жаумен айқаса жүріп өзгелерге тек бір-бірін түсінуді ғана үйретпей, бірін-бірі сыйлау мен жақсы көре білудің шынайы үлгісі бола білді. Оларға өмір өзгелердің тағдырына алаңдауды үйретті. Шайкрамовтар есімі Жамбыл облысы Өртке қарсы қызмет саласынан өшпесі анық.
Берік – Әулиеата үздігі
2023 жылдың 27 желтоқсанында Тараз қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің мәжіліс залында облыс әкімінің қатысуымен бірқатар түрлі сала өкілдерін марапаттау рәсімі өтті. Аталған шара барысында Жуалы ауданы №7 өрт сөндіру бөлімі бастығының орынбасары, азаматтық қорғау майоры Берік Каипов «Әулиеата үздігі» Жамбыл облысы әкімінің жастар сыйақысының «Үздік жас құтқарушы» номинациясымен және арнайы дипломмен, сондай-ақ ақшалай сыйлықпен марапатталды. Аталған марапатты облыс әкімі Ербол Қарашөкеев табыстады.

Жуалы аудандық өрт сөндіру бөлімінде 25 өрт сөндіруші қоғамның қауіпсіздігі үшін қызмет етуде. Аталған бөлімде Берік Каипов өңіріміздің тұрғындарын түрлі қауіп-қатерден құтқарып, ерліктің үлгісін көрсетіп жүрген азаматтардың бірі. Ол өрт сөндіру қызметінде жеті жылдан бері еңбек етіп келеді. Осы уақыт ішінде Берік өзінің еңбекқорлығы мен жан-жақтылығын танытып, бүгінде аудандық өрт сөндіру бөлімі басшысының орынбасары қызметін абыроймен атқаруда. Берік Шақпақата ауылында көпбалалы отбасында дүниеге келген. Ол ауылдағы Қ.Сағындықов атындағы орта мектепте білім алған. Мектептен түлеп үшқан соң таңдауы өрт сөндіруші мамандығына түсіп, еліміздегі айтулы оқу орны Көкшетау техникалық институтына құжатын тапсырады. Оқу орнында өзін физикалық тұрғыдан шыңдап, өрт қауіпсіздігі мамандығын алып шығады. Алғашқы еңбек жолын Мойынқұм ауданындағы өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы болып бастапты. Аз уақыт ішінде тәжірибе жинап, 2015 жылы Жуалы аудандық өрт сөндіру бөліміне қарауыл бастығы болып ауысады. Әлемде қанша мамандық болса соның ішінде ешбір мамандықтың оңайы жоқ. Әр мамандықтың өз қызығы мен қиындығы бар. Тек әр адам өзінің қызығушылығына, бейімділігі мен икеміне қарай өз таңдауын жасайды. Берік те таңдаған мамандығына қызығушылық танытады. Алғашында өрт сөндірушінің қоғамға келтірер пайдасы мен көмегі жайында білмей, қате ойда болады. Кейіннен мамандықтың қыр-сырына қаныға келе, біреудің өмір сүруіне септігі тиетінін білгенде жауапкершілік танытады. Таңдауынан қателеспегенін түсінеді. Еңбекке араласып, буыны қатайып, өзінің міндеттері мен мақсаттарын жақсы ұғынады.
– Ата-анам қарапайым еңбек адамдары. Әкем Жаманбек және анам Жұмакүл екеуі де зейнеткер. Көпбалалы отбасында тәрбиелендім. Менің сыңарым бар. Ол да осы салада еңбек етуде.
Өрт сөндіруші – өте қауіпті мамандықтың бірі. Өйткені, кез келген уақытта тыныштықта отырған сәтімізде хабар келіп, айтпай келген апатқа болмаса өртке кетуіміз мүмкін. Сол уақыттарда «Басымызды қауіп-қатерге тіге отырып бара жатқанда аман-есен ораламыз ба?» деген ой бірінші санамызда тұрады. Өмір болған соң, төтенше оқиғалар орын алып жатады. Ондай кезде патриоттық сезіміміз еліміздің әрбір азаматының өмірі үшін күресуге жетелейді. Мәселен, кейде тілсіз жауда, көлік апаты оқиғасында, өртте түрлі оқиғаларға тап боламыз. Мұндай кездері өзімізді емес, өзгенің амандығын, шығынсыз, бүкіл ұжымның төрт көзі түгел келуін тілейміз. Ең алдымен, өрт сөндірушінің жүрегінде адамға деген мейірім болуы керек. Сонымен бірге шапшаңдық, жылдамдық, батырлық қасиеттері бізге тән қасиеттердің бірі. Біз дұрыс шешім қабылдап, кез келген жағдайда адамгершілігімізді танытуымыз қажет. Қандай жағдай болса да техникалық ережелерді мұқият сақтауымыз керек. Әр уақытта өртке шығар алдында жеке ротадағы қызметкерлерге нұсқаулық беріліп, жіті түсіндіріледі. Шексіз батылдықты көрсетпей, тәртіпке бағынғанымыз дұрыс. Талапқа сай іс-әрекет жасап, жауынгерлік киім үлгісін сақтауымыз қажет, – дейді өрт сөндіруші Берік Жаманбекұлы.
Бұл мамандықтың иесі болуы үшін адамгершілік қасиеті жоғары болуымен қатар, батырлық, ерлік қасиеттерді де бойынан таба білуі қажет. Жас талап Берік ең бірінші адам кез келген жағдайға психологиялық тұрғыдан дайын болуы қажет деген ойда. Себебі, өрт сөндіруші өрт сөндірумен ғана емес, өзге апатта да өз міндеттерін атқарады.
– Өрт сөндіру қызметінде де әскери тәртіп. Барлық нәрсеге кез келген жағдайда сақадайсай дайын болуымыз керек. Аудандық өрт сөндіру бөлімінің жеке құрамының дені жастар. Ұжым бір-бірімен тату әрі ұйымшыл. Жастар аға буын өкілдеріне құрмет көрсетіп, сыйластық танытады. Ал кейде олар да ағалық қамқорлықтарын танытып, кеңестерімен бөліседі.
Біз көпшіліктің алғысы мен ризашылығын естіген кезде шаршағанымызды ұмытып кетеміз. Керісінше, біреудің өмірін құтқарғанымызға қуанып, еңсемізді тіктеп, алға қарай ұмтыламыз, – дейді ол.
Олар үшін әрбір минут қымбат. Әр адамның амандығы маңызды. Олар әр оқиғадан сабақ алып, тәжірибе жинақтайды. Берік те талай апаттардың арасында жүріп, өмірден жақсы ой түйеді. Оған әсіресе, Боралдай тауындағы дала өрті ерекше әсер еткен. Сонымен бірге, Жуалының бұрқасын желімен бірге ақтүтек боран соққан кездегі құтқару жұмыстары да мол тәжірибе берген. Адамгершілік қасиеттен, қызметтік міндеттен айнымауды үйренген. Бүгінде Берік бір шаңырақтың иесі. Өрт сөндіру қызметіндегі ерлігі мен еңбегіне қарай түрлі марапаттарға ие болған маман. Өмірлік жары Зухра Жандарова екеуі екі ұл-қыз тәрбиелеуде.
Суицидтің алдын алған
2021 жылдың 4 қаңтар күні сағат 10:42-де облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің «112» қызметіне Тараз қаласының 13 шағынауданындағы көп қабатты тұрғын үй пәтерлерінің бірінің тұрғыны 3 қабаттан құлауға әрекеттеніп, өз-өзіне қол жұмсауға тырысып жатқаны туралы хабарлама келіп түседі. Оқиға орнына төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің жалпы 15 адамнан құралған жеке құрамы мен 3 автокөлігі жедел аттанған. Олар келіп жеткенде пәтердің есігі құлыптаулы болған. Құтқарушылар есікті бұзуға ниеттенген. Алайда, әрбір сәттің санаулы екенін ескерген құтқарушылар үш иінді сатының көмегіне жүгінеді. Осы кезде құтқарушы Жомарт Қадыров жедел қимылдап, сатымен жоғары көтеріліп, әлгі әйелге психологиялық қолдау сөздерін айтуды тоқтатпай, пәтердің терезесінде отырған әйелді қапсыра құшақтап, үйдің ішіне бағыттай итеріп кіргізеді. Нәтижесінде әйел құтқарылып, полиция қызметкерлеріне тапсырылады. Кейінірек белгілі болғандай, әйелдің бұл әрекеті алкогольді шамадан тыс ішу салдарынан орын алған.
Өзін-өзі өлтіруге бармақ болған адамды тоқтатып, өмірін арашалап қалған батырға азкем тоқталғады жөн көрдік. Жомарт Қадыров 1984 жылы 28 тамызда Жуалы ауданы, Күреңбел ауылында қарапайым отбасында туған. Әкесі марқұм Мәдіқұл ауылда бірнеше жыл тракторшы болып қызмет атқарса, анасы – Клара бухгалтер болып еңбек етіп, зейнетке шыққан. Жалпы Жомарт отбасында бес ұлқыздың ортаншысы. Қарапайымдылық пен батырлықты үлгі тұтатын Жомарт бүгінде әріптестері арасында үлкен беделге ие. Басшылық та оны әрдайым үлгілі қызметкер ретінде жоғары бағалайды.
– Жомарт – жедел құтқару жасағының ең үлгілі қаһарманы. Әрдайым жайдары, күліпойнап, әзілдеп жүреді. Езу тартып жүріп ағаштан түсе алмай тұрған жан-жануарды да, құлыптанып қалған адамды да, қар құрсауында қалған жанды да ілезде құтқарып алады. Өз арамызда кейде әзілдеп «құтқарушы періште» деп атап жатамыз оны.
Қазіргідей дамыған заманда балалар ертегі кейіпкерлеріне сенбесе де үнемі қиындықтардан құтқарып жүретін «өрмекші адамға» сенеді. Өткенде ғана кішкентай балаларды судан құтқарып қалғандықтан 4-5 жасар балалар Жомартқа «өрмекші адам» деп ат қойыпты. Бізде түрлі сынақтарға дес бермес мықтылар көп. Жомарт солардың ерекшесі деуге болады, – дейді Төтенше жағдайлар департаментіне қарасты жедел құтқару жасағының басшысы Нұрлыбек Амиров.
Жомарт Қадыров өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің жедел-құтқару жасағында 2010 жылдан бері қызмет атқарып келеді. Қызмет атқарған жылдары ол түрлі сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу мен жоюға, адамдар мен құнды мүліктерді құтқаруға айтарлықтай үлес қосып, республикалық, облыстық деңгейдегі құтқарушылар арасында өткен байқаулар мен жарыстарға белсенді қатысып келеді.
Жедел құтқару жасағы – бұл атау темірдей төзімді және күн-түнмен санаспай, халықтың амандығы жолында аянбай тер төгетін қызмет түрін білдіреді. Оларға қаһарман атауы тегіннен тегін берілмеген. Олардың әрбір атқарған жұмыстары қиындық пен қауіпқатерге толы. Ал әр шақыртудың соңы немен аяқталатынын олар да, өзгелер де дөп басып айта алмайды. Алдыларынан ашылуға тиіс есіктің ар жағында не күтіп тұр? Ол да беймәлім. Алайда құтқарушылар қиындығымен қатар қызықты оқиғалармен де жиі ұшырасады.
Эльмира БАЙНАЗАРОВА
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




