Асылында, Абайға жасалған құрмет – қазаққа жасалған құрмет. Тіпті Абай мен қазақ екеуі бір ұғымдай. Тірісінде осы елдің жоғын жоқтап, надандық тұсауынан арылуына, толық адам қағидаттарын ел жадына жеткізуге, даналық ілімінің жалпыадамзаттық құндылыққа айналуына саналы ғұмырын сарп еткен хакімнің есімі әлемнің әр түкпірінде ұлықталып келеді. Төрткүл дүниенің бірқатар елдерінде ойшылдың құрметіне арнап ескерткіш ашылып, есімі көше атауларына берілуі еңбегінің әлдеқашан мойындалғанын аңғартса керек. Мысалы Украина астанасы Киевте 1988 жылы Абай Құнанбайұлы көшесі ашылды. Ақын атындағы көше осы мемлекеттің Краматорск, Днепропетровск қалаларында да бар. 1995 жылы, яғни, 150 жылдығы қарсаңында Лондон қаласында Роллан Сейсембаевтың бастамасымен Абай үйі ашылды. Ал Мысыр астанасы Каирде Абай атындағы көше 1998 жылы пайда болса, Германияда 2000 жылы Қазақстанның Германиядағы сол кездегі елшісі Ерік Асанбаевтың бастамасымен және Берлин қаласының аудандық әкімшілігінің қолдауымен орталықтағы көшелердің бірі қазақтың ұлы ақыны әрі ойшылы Абай Құнанбайұлының есімімен аталды. Абай атындағы көше (Abajstraße) Берлиннің көрікті жерлерінің бірі саналады. Ол көшеге елшіліктің қонақтары мен Қазақстаннан келген туристер жиі баратынын айта кету керек.
Сонымен қатар, бауырлас халықтардың Ташкент, Бішкек қалаларында да Абай Құнанбайұлы атындағы көше бар. Люксембургтен де ақын есімін иеленген көшені кездестіресіз. 2011 жылдан бастап Әзербайжанның Баку қаласындағы Бинагади ауданының орталық және ең ұзын көшесі қазақ халқының ұлы ақыны, ойшылы Абай Құнанбайұлының атымен аталады. Ашылу салтанаты аясында Әзербайжан халықаралық университетінің ғимаратында Абайдың барельефті бейнесімен ақпараттық тақтайша ашылған болатын. Сондай-ақ, Душанбеде Абай есімімен аталатын көше бар. Тәжікстанның басты шаһарындағы бұл көше 1963 жылы, қазақ әдебиетінің он күндігі аясында таныстырылған. Үндістанның басты шаһарында да ұлы ақын, композитор әрі философтың есімімен аталған көше көзге жылы ұшырасады. Делидегі көшенің толық атауы – Абай Мардж. «Мардж» деген сөз «жол» дегенді білдіреді.
Еліміздегі ойшыл атындағы ең ұзын көше Алматы қаласында орналасқан. Тарихи атаудың қалыптасуына мемлекет қайраткері Жұмабек Тәшенов тікелей мұрындық болған. Ол кезде Қазақстанның астанасы болса да, Алматыда Жамбыл мен Амангелдінің атынан өзге қазақтың аты қойылған көше жоқ еді. Алайда Жұмабек Тәшенов қайтпас табандылығының арқасында ұлт мүддесі үшін жер үшін қалай айқасса, осы жолы да басын бәйгеге тіккен. «Біз кімнен кембіз? Қатардан қалмауымыз керек. Қараңдаршы, сонау Тбилисидің ұзына бойын алып жатқан бір-ақ мақтаулы көшесі бар. Ол – Руставели даңғылы. Мұндай даңғыл Ташкентте де бой көтеріп жатыр. Ол – Әлішер Науаи даңғылы. Түптеп келгенде, Әлішер – Ташкент тұрмақ, жалпы Өзбекстанда болмаған адам. Ол бар өмірін Ауғанстанның Герат қаласында өткізген. Мәскеудің ең басты көшесі Максим Горькийдің атымен аталады. Біздің қалада жаңа, үлкен көше ашылғалы жатыр. Қазақтың Абай деген ұлы ақыны бар, осы көшеге сол кісінің атын берейік», – деп Кеңес тұсында ұлттық руханиятқа қатысты мәселені батыл көтерген. Ызғарлы қаһарынан жасқанған болар, бұған дейін жоғары жаққа ешкім мұндай ұсыныс айтып көрмеген екен. Ақырында қайраткердің ұсынысы қабылданып, қаланың қақ ортасындағы үлкен даңғылға Абайдың есімі беріледі. Бұған қоса, қазіргі Республика сарайының алдында тұрған ақынның ескерткішінің орнатылуына да Ж.Тәшенов себепші болған.
Ал облыс аумағында хакімнің төрт ескерткіші бой көтерген. Сондай-ақ, шаһардағы ең ұзын көше де ақын есімімен аталады. Көше қала құрылымының радиалдік-сақиналы жүйесіне сай солтүстіктен оңтүстікке қарай доғаша иілген. Көшеге қазақ халқының ұлы ақыны, рухани көсемі Абай Құнанбайұлы есімі берілгенше бірнеше ұсақ көшелерден тұрған. 1996 жылдан бастап Абай көшесі Абай даңғылы болып өзгертілді. Қазір Абай даңғылы қаланың орталық әрі негізгі көшесі болып саналады. Даңғыл бойында әлеуметтік-мәдени, әкімшілік ғимараттар, әсем тұрғын үйлер бой түзеген. Оңтүстік бөлігін темір жол басып өтеді. Бүгінде мұнда транзиттік маңызы бар көпір құрылысы жүргізілуде. Ал ойшылға арналған еңселі ескерткіш даңғылдың Ташкент көшесімен қиылысында орналасқан. 2007 жылы бой көтерген ескерткіш бетоннан жасалған, тұғыры да бетоннан құйылып, гранит тақталарымен қапталған. Авторы – мүсінші С.Момышев. Биіктігі – 2 метр, тұғыры – 2,5 метр.
Иә, Абайдың ұлықталғаны – қазақтың ұлықталғаны. Ғаламның әр түкпіріндегі бұл асқақ ескерткіштер Ұлы Даланы мекен еткен дархан халықтың осындай данасы барын айғақтап, мерейімізді асырады. Бойымызды мақтаныш кернейді. Тұлғаны танытар бастамалар аясында хакімнің терең мұрасы ғасырдан-ғасырға мұра болып, адамзатқа мәңгілік азық бола бермек.
Нұрболат Аманбек
Ұқсас жаңалықтар
Әжелер ансамблі шын таланттың жарыққа шығатынына көз жеткізді
- 4 желтоқсан, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




