Шаруа қожалық жетекшісі Қуат Сыздықбаев «ГАЗ53» маркалы жүк көлігін өзі тізгіндеген. Ал қарулы жігіттер оның аяң жүрісіне ілесіп, жүк көлігіне жанжақтан тайланған шөпті айырмен лақтырып, жинап үлгеруде.
Осы қарбалас үстінде Қуатты сөзге тартып үлгердік. Оның айтуынша, шаруашылықтың құрылғанына 22 жылдың жүзі болыпты. Бастапқыда қожалықты әкесі Нұржан Сыздықбаев құрып, басқарса, кейіннен өзіне сеніп тапсырған екен.
– Шаруашылығымыздың жер көлемі 10 гектарды құрайды. Оның барлығы жоңышқа алқабы. Түсімі жаман емес. Биылғы ауа райының құрғақшылығына қарамастан осы алқаптан гектарына орта есеппен 150 тайланған шөп алып отырмын. Жердің ылғалы қазіргіден молырақ болғанда 200-250 тайланған шөп алуға болар еді. Өзіміздің техникамыз толық болмағандықтан жылда оратын, жинайтын техниканы жалдаймыз. Ал тайланған шөпті жинауға ұлдарым көмектесуде. Соңымнан ілескен екі ұлым кішкентайларынан техникаға жақын болып өсті. Мен де олардың бетін қайтарған жоқпын. Керісінше олардың үйренгені өздеріне жақсы, ал маған бүгін көмектері тиюде. Қазіргі таңда олар техниканың барлық түрін меңгерген. Істен шыққан техниканы өзіміз жөндей береміз. Орақты бір апта бұрын бастадық. Өзімде шөп оратын трактор мен шөптайлағыш болмаған соң көршілес шаруа қожалықтардың тракторларын жалға алып, науқанды қызу жүргізудеміз, – дейді төраға.
Шаруа тайланған шөптің бір бөлігін ауласына жинаса, бір бөлігін шығынын жабу үшін сатылымға шығарған. Қожалықтың бір бағыты – мал шаруашылығы. Ол үй іргесінен қолдағы малға арнап үлкен қоражай салып қойған. Жалпы қожалықтың қолдағы төрт түлік малының қысқы шөбі мен жемі 10 гектарға орналастырылған егін және жоңышқа алқабынан дайындалуда.
– Көктем айларындағы жауынның аз болуы шаруаға кері әсерін тигізді. Өткен жылы қара күзге дейін бір алқаптан үш-төрт орым алғанбыз. Биыл оның орайы болыңқырамайын деп тұр. Құрғақшылыққа байланысты шөп бағасы да, жанар-жағармай бағасы да ұшып тұр. Тағы болса, мемлекеттің арзандатылған дизель отынына қол жеткіздік. Ол да болса бізге біраз көмек болды. Біздің жұмыс жыл он екі ай жалғасады. Бұл науқанды аяқтасақ келесі іске кірісетін боламыз, – дейді Қуат Нұржанұлы.
Марат Құлибаев
Жуалы ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Дәріханалардағы дәрі бағасы бір түнде өскені ме?
- 4 желтоқсан, 2025
ЖИ-ді іске асыруда жастардың рөлі ерекше
- 4 желтоқсан, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




