«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Қалаға да, далаға да сән берген

Қалаға да, далаға да сән берген
Ақәділ Рысмахан
Еліміздің инфрақұрылымын дамытуда құрылысшылардың еңбегі зор екендігі анық. Бүгінде бұл сала қарыштап дамып, заманға сай жаңа мүмкіндіктер мен игіліктерді игеріп келеді. Ал тамыздың екінші жексенбісі елімізде Құрылысшылар күні ретінде жыл сайын аталып өтуде. Мереке қарсаңында өңір инфрақұрылымын дамытуға қосқан үлесі үшін құрылысшыларға құрмет көрсетілді.

Салтанатты жиында облыс әкімі Ербол Қарашөкеев өңірдің экономикалық көрсеткіштерін қалыптастырудағы құрылыс саласының маңыздығын атап өтіп, сала мамандарын мерейлі мерекесімен құттықтады.

– Құрылысшы – жоғары жауапкершілікті, қадірлі әрі мәртебелі мамандық. Бұл салада еңбек етіп жүрген әрбір маманның еңбегі ел дамуы мен тұрғындардың өмір сапасын арттыруға тікелей ықпал етеді.

Құрылыс саласы – экономиканың негізгі тіректерінің бірі. Бүгінгі таңда елімізде бұл сала қарқынды даму үстінде. Бұл – сіздердің кәсіби шеберліктеріңіздің, табанды еңбектеріңіздің және адал қызметтеріңіздің нақты нәтижесі. Құрылысшылардың қолтаңбасы – әрбір бой көтерген тұрғын үйде, мектеп пен ауруханада, инфрақұрылымдық нысандарда бейнесін табуда.

Мемлекетіміз үшін басым бағыт болып саналатын қолжетімді баспана, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт салаларының дамуы – кемел ойлы, кәсіби білікті құрылыс мамандарының тікелей қатысуымен жүзеге асатыны сөзсіз.

Елімізде 2025 жылдың Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялануы – еңбек адамына көрсетілген зор құрметпен қатар, оның мәртебесін арттырып, жаңа деңгейге көтеруге бағытталған маңызды қадам саналады, – деді Ербол Шырақпайұлы.

Аймақ басшысы өз сөзінде сала мамандарының ерен еңбегінің нәтижесінде өңірімізде халықтың өмір сүру сапасын арттыру мақсатында инфрақұрылымды дамыту жұмыстары қарқынды түрде кеңейіп келе жатқандығына тоқталды. Мәселен, өткен жылы облыста 127,1 миллиард теңгеге 124 әлеуметтік нысан пайдалануға берілген.

Ал биыл бұл бағытта жалпы құны 205,9 миллиард теңгені құрайтын 185 жоба іске асырылуда. Оның ішінде 52 көпқабатты тұрғын үй, 26 жаңа мектеп, 9 денсаулық сақтау, 15 спорт, 12 мәдениет, 5 ауылшаруашылық нысандары және 61 инфрақұрылым жобалары бар.

Бұдан соң құрылыс саласының ардагері, «Сырым Білеке» ЖШС директоры Елмұрат Күнібеков еңбегі ерен құрылысшыларға лебізін арнады.

 – Құрылысшы мамандығы – қиын да құрметті мамандық. Елімізде бой көтеріп жатқан әрбір ғимаратта сіздердің алақандарыңыздың ізгі, айрықша қолтаңбаларыңыз бар. Құрылыс саласы – ел экономикасының көрсеткіші. Мемлекетіміздің басымдық сипатын айқындайтын қолжетімді баспана, білім, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт салаларының дамуы да кемел ойлы осы мамандық иелеріне тікелей байланысты екені сөзсіз. Жыл сайын өңірімізде тұрғындардың жаңа баспанада қоныс тойын тойлауы – құрылысшылардың ерен еңбектерінің көрінісі, – деді Елмұрат Жайшылықұлы.

Жиын соңында еңбегімен ел ішінде абыройға бөленіп жүрген азаматтарға мерекелік марапаттар табысталды. Атап айтқанда, «SULTAN CITY GROUP» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрылыс шебері Мұрат Айболов пен «Темір Строй Сервис и Ко» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің газэлектрдәнекерлеушісі Ахан Батихов «Құрмет» орденімен марапатталды. Дәл сол секілді «Тараз құрылыс Дизайн» ЖШС бас инженері Қайрат Таубалдиев, «ЕрНұрЖан Құрылыс-2010» ЖШС кран машинисі Исмаил Мавлюдов пен «Өркен» ЖШС құрылыс шебері Ильдус Зимуков «Ерен еңбегі үшін» төсбелгісін кеудеге тақты. Бұдан өзге бірқатар азаматтарға Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мен облыс әкімінің Құрмет грамоталары және Алғыс хаттар табыс етілді.

Ұқсас жаңалықтар