«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Абайды бар елдің арайы бар

Абайды бар елдің арайы бар
Алтынбек Қартабай
Биыл қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының 180 жылдығы мемлекеттік деңгейде аталып өтілуде. Бұл бастамаға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қолдау білдіріп, ұлы ақын тойының жоғары деңгейде ұйымдастырылуына мән берген болатын. Осы орайда ақынның туған жері Шыңғыстау баурайында қара өлең құдіретінің 180 жылдығына арналған салтанатты шаралар легі бастау алды. Ақынның торқалы тойына Әулиеата жерінен де арнайы делегация қатысуда. Осы тұста ұлттың бас мерейіне үн қосып, ақын шығармашылығының ұлт руханиятындағы маңызына мән беріп өтуді жөн санадық.

Кез келген ұлттың әдебиетінде с о л х а л ы қ т ы ң к а л о р и т і н е айналған, бітімі мен болмысынан хабар беретін символикалық бейнесі қалыптасады. Ағылшында ол Шекспир, немісте Гете, французда Бальзак болса, қазақта қашанда Абай осы мәртебелі мінберден табылған. Расында өзіне дейінгі жыршылық мектеп пен шығыстық шайырлардың шығармаларынан сусындап, батыспен байланыстыра білген ойшыл қазақ әдебиетіндегі соны құбылыс болды. Ол жазба әдебиеттің негізін қалап, қазақы қара өлеңнің қалыбын салды. Осы үшін де бүгінгі жырсүйер қауым үшін Абай қазақ поэзиясының пайғамбары атанды.

Қоғамға ұлттық, діни нәсілшілдік немесе тайпалық сипатпен емес, адамзаттық биіктен қарай білуі Абай есімін әлемге әйгіледі. Осы тұста ақынның «Шығысым батыс, батысым шығыс боп кетті» деуінен арда ұлдың адами құндылықты бөле-жармай қос өркениеттің жауһарларын тел емгенін аңғаруға болады. Десек те, өткен ғасырдағы социалистік реализм шеңберіндегі цензураның ықпалы шығыстық элементтерді Абай өмірінен алыстатып жіберуге тікелей түрткі болды. Тек бас абайтанушы Мұхтар Әуезовтің қаламгерлік шеберлігінің арқасында эпопеяда шығыстық дүниетаным түпкілікті өшіп кетпей, әр тұстан қылаң беріп отырады. Осы бір жиынтық фактор қазақ поэзиясында жаңа форма қалыптастырды. Абай тағылымы тереңге кеткен ислами пәлсапа мен орыс ақындары арқылы батыстық өлең жүйесін бір тоғыстыра білді. Сол арқылы көбіне бұған дейін шұбыртпалышұбырынды кейіпте келетін өлең жолдарын жинақы пішінге ыңғайлап, қара өлең ұйқасын енгізді. Осылайша, ол бас-аяғы төрт тармаққа төрткүл дүниенің тіршілігін сыйдырып, ырғақтық жүйе ретінде танылып, өлшем ретінде бекімеген, бірақ ізі бар өлшемдерді жүйелеп, поэзиялық ырғақты - интонациялық құрылым болып бекінуіне жол ашты. Бұл өз кезегінде қазақ өлең өлшемдерінің, ұйқас, шумақ сияқты жыр негіздерінің жүйеленуіне себепкер болды. Бұл туралы академик Зәки Ахметов «Өлеңді көріктеу, өлең кестесін келтіру жөнінде Абайдың қазақта теңдесі жоқ, қазақтың бұрынсоңды ақындарының ешқайсысы өлеңін Абай сияқты ұста, келісті көріктеген емес», – деп баға берген.

Шындығында қазақ поэзиясында тек пішін мен өлшемнен бөлек, өзге де ұғымдар дәл осы Абай жырларынан бастау алады. Ол алғаш болып төрт мезгілге жан бітіріп, табиғатпен тілдесті.

Абай қазақ әдебиетіндегі адам мәселесін алғаш болып көтеріп, жан ілімін пәлсапалық тұрғыда жүйелеген алғашқы эмпиристэкзистенциалист ойшылдардың бірі болды.

Оның ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрекке бағытталған «Толық адам» ілімі өз кезегінде антикалық кезеңдегі Сократтан бастау алып, әл-Ғазалидің «Кемел адамы», Ницшенің «Асқақ адамы» мен әл-Фарабидегі «Қайырымды қала тұрғындарына» жалғасқан идеялардың бірі болды.

Ол өз жырларына «Мені» мен «Менікінің» айрылғанын «Өлді» деп ат қойыпты өңкей білмес» деп жан мен тәнді арқау етіп, болмыс қырларына үңіле түсті. Осы арқылы ол шынайы өмірдің барлық құбылыстарына өзінің өткір де сергек ойын білдірген ол халықтың сана-сезімін оятып дамытатын бейнелер сомдады. Ақын шығармаларын оқи отырып, шынайы бейнелердің көркемдік қуаты мен идеялық мазмұнының санқырлылығына және тақырыптық әралуандығына тамсанып, Абай шығармашылығының нағыз өмір энциклопедиясы екендігіне тәнті боласың. Адамдардың типтік түрлері, портреттік суреттемелер, табиғат пен тұрмыстың қаныққан әсерлі бояулары, лирика-лық ой толғаныстары тұтастана келіп, бізден алыс өмір ақиқатын көз алдымызға әкеледі.

Саналы ғұмырында қазақтың сан ғасырлық келешегіне көз жүгіртіп, өз халқын мәңгілік таусылмас байлық – ілім-білімге, өнер мен өркениетке үндеген Абай мұрасы бүгінде қалың қазаққа рухани азық болып келеді. Несіпбек Айтұлынша айтсақ, Қазақ барда – Абай бар, Абай барда – қазақ та бола бермек.

Ұқсас жаңалықтар