«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жөндеу жұмыстары кестеден кешікпеуі тиіс

Жөндеу жұмыстары кестеден кешікпеуі тиіс
gov.kz
8 тамыз, жұма күні облыс әкімі Ербол Қарашөкеев жұмыс сапары барысында жоспардан тыс Тараз қаласындағы «Ақбұлақ» (1) шағынауданының бірқатар аулаларын аралап, тазалық жағдайымен танысты.

Өңір басшысы қала әкімдігіне қоқыс шығаратын мекемелердің жұмысын тұрақты түрде ұйымдастыруды үйлестіруді ескертті. Сондай-ақ тұрғындарды өз аулаларын таза ұстауға әрі «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына белсенді қатысуға шақырды. Ербол Қарашөкеев М-1 жылу желісін қайта жаңғырту жобасының іске асырылу барысын бақылап, мердігер ұйымға құрылыс жұмыстарын мерзімінде аяқтауды тапсырды. Бұдан соң Абай даңғылы бойында салынып жатқан ұзындығы 165,87 метр болатын, төрт жолақты көпір құрылысының барысымен танысты. Бұл жоба – қаладағы көлік қозғалысын оңтайландыруға және жол-көлік инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған маңызды нысандардың бірі. Қазіргі таңда құрылыс қарқынды жүргізілуде. Жоспарға сәйкес көпір құрылысы 1 жыл 3 ай ішінде аяқталады деп күтілуде.

Аймақ басшысы Тараз қаласы Жібек жолы ауданы аумағына қосылған Түрксіб алқабын аралау барысында облыс орталығына енген 14 елді мекенде шешімін таппаған мәселелердің әлі де бар екенін атап өтті. Сондықтан тұрғындарға бұл түйткілдердің бюджет мүмкіндіктеріне қаравй кезең-кезеңімен шешілетінін түсіндіру қажеттігін ескертті.

Сонымен бірге Қойгелді (1,337 км), Комратов (1,468 км) және Лермонтов (1,421 км) көшелерін орташа жөндеу жұмыстарымен танысты. Бұл күні облыс әкімі Тараз қаласында ағын судан зардап шеккен үйлерді аралап, тұрғындармен тілдесті. Еске сала кетейік, 7 тамыз күні, сағат 20:35 шамасында «Зербұлақ» көлінде белгісіз тұлағалардың шлюздерді ашуы салдарынан суармалы арнаға көп мөлшерде ағын  су келгені анықталды. Нәтижесінде Достоевский бұрылысы, Жуанышев көшесі, Ұлбике ақын көшесі мен 1-бұрылысы, Ниетқалиев пен Бөлтірік шешен көшелерінде орналасқан 30 тұрғын үйдің ауласын, сондай-ақ 2 жертөлені су басқан.

Тұрғын үйлердің ішіне су кіргені туралы деректер тіркелген жоқ. Оқиға орнына дереу 25 адам, 12 арнайы техника мен көлік жұмылдырылды. Әуелі шлюздер жабылып, кейін су ағыны тоқтатылды. Ербол Қарашөкеев Тараз қаласы әкіміне бұл мәселені толық зерделеуді, зардаптарды жою бойынша нақты және жедел шаралар қабылдауды тапсырды.

Кеше де Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев тұрғындардан түскен шағымдарға сәйкес жоспардан тыс «Бәйтерек» (13) шағынауданын аралап, жайкүйі мен тазалық жұмыстарын сынға алған болатын. Өңір басшысы аралау барысында қураған ағаштарды кесу, шөп шабу, арықтарды тазалау, қоқысты уақытылы шығару жұмыстарын тиісті деңгейде жүргізуді талап етті. Сонымен бірге «Таза Қазақстан» акциясы аясында шығынаудандардың да тазалығы үнемі басты назарда болуы тиіс екенін алға тартып, экологиялық бастамаға тұрғындардың белсенді түрде атсалысуы қажет екенін ескертті.

Ербол Қарашөкеев облыс орталығындағы көпқабатты тұрғын үйлердің шатыры мен қасбетін жаңғырту жұмыстарын тексерді. Тараз қаласына бірыңғай сәулеттік келбет беру бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Өткен жылы 11 үй жаңа кейіпке енсе, биыл тағы 15 тұрғын үйдің шатыры мен қасбеті жөнделеді. Қазіргі таңда Абай даңғылы, Қазыбек би және Әйтеке би көшелерінің бойында орналасқан баспаналарда құрылыс қарқыны жоғары. Барлығы 320 адам еңбек етуде.

Облыс әкіміне «Қарасу» каналын абаттандыру жобасы таныстырылды. Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің айтуынша, су нысаны қайта жаңғырса тұрғындар үшін таптырмас демалыс орнына айналады. Жоба аясында 1,275 шақырым канал жағалауы абаттандырылады. 8 500 шаршы метр аумаққа жабын төселіп, 13 630 шаршы метр жер көгалдандырылды. Сонымен бірге балалар және воркаут алаңшалары бой көтереді. Жұмыс сапары аясында Рысбек батыр көшесін қайта жаңғырту (1,9 шақырым), Е. Ниетқалиев (1,6 шақырым) және Ұлбике ақын (2,7 шақырым) көшелерін орташа жөндеу жұмыстарын жеке бақылауына алды.

 – Жол жөндеу мен жылу құбырларын ауыстыру жұмыстары жолаушылар мен көлік жүргізушілеріне кедергі келтірмей, белгіленген кестеден кешікпеуі тиіс. Мердігерлердің жұмысына бақылауды күшейту маңызды, – деді Ербол Қарашөкеев қала әкіміне қарата.

Еске сала кетейік, биыл Тараз қаласындағы 100 көшенің жолы орташа жөндеуден өтуде. Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Ұқсас жаңалықтар