«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Тарихи орын күл-қоқыстан тазартылды

Тарихи орын күл-қоқыстан тазартылды
Автор
«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында Байзақ ауданындағы Қамыстыбұлақ шатқалы мен Қарасай кешені аумағында жастардың қатысуымен сенбілік өткізілді. Облыс әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен іс-шараға қатысқан еріктілер қола дәуір мен ерте темір дәуіріне жататын петроглифтер орналасқан аумақта тазалық және абаттандыру жұмыстарын жүргізді.

Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясының директоры Сауран Қалиұлының айтуынша, Қамыстыбұлақ шатқалы Қырғыз Алатауының теріскей бетінде орналасқан табиғи-тарихи кешен. Шатқал бес тау қыратынан тұрады. Ертеректе шатқал ішіндегі бұлақ суларынан құралған өзеннің төменгі ағысы шағын көлге айналып, оның маңында қамыс өсіп, осыған байланысты «Қамыстыбұлақ» атауы қалыптасқан. Бүгінде бұлақ көздері тартылып, шағын көлшік қана сақталған. Шатқал аумағында шамамен бір шақырымға созылған жартастарда 50-ден астам петроглифтер анықталған. Жартас бетінде тауешкі, түйе, бұқа секілді жануарлар бейнелерімен қатар, аңшылық көріністері, садақ тартқан аңшылар, қару ұстаған жауынгерлер және түрлі символикалық бейнелер қашалып салынған. Кейбір композициялар ежелгі адамдардың дүниетанымы мен рухани түсінігін айқын көрсетеді.

Бұл петроглифтер – ежелгі тайпалардың тұрмыс-тіршілігі, дүниетанымы мен мәдени болмысынан сыр шертетін құнды тарихи дерек көзі. Сонымен қатар олар «ашық аспан астындағы галерея» ретінде өңірдің тарихи-мәдени мұрасының ажырамас бөлігі саналады. Игі іс-шара барысында қатысушылар тазалық жұмыстарын жүргізіп қана қоймай, ондағы тарихи мұралармен танысуға да мүмкіндік алды.

Сонымен қатар жастар «Мөлдір бұлақ» акциясына үлес қосып, тау ішіндегі бұлақ көздерін ашты.

– Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы тарапынан ұйымдастырылған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясына жастардың қатысқаны қуантарлық жағдай. Жастардың бойынан туған жер тарихын тануға, ашық аспан астындағы ескерткіштерін қорғап қалуға деген құрмет байқалады. Бұл игі шара тарихи-мәдени ескерткіштерді күтіп-ұстау мақсатында ұйымдастырылып отыр. Жалпы осындай тарихи құндылықтарға құрмет көрсетіп, оны ұрпақтан-ұрпаққа аманат етіп қалдыру – ортақ міндетіміз. Сондықтан игі бастама бір реттік шара болып қалмайды. Алдағы уақытта да жалғастыру бойынша жоспарларымыз бар, – дейді тарихшы Сауран Қалиев.

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Байзақ ауданы

Ұқсас жаңалықтар