«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Өзі сұранып, әскерге барып қайтты

Өзі сұранып, әскерге барып  қайтты
osken-onir.kz
Қазақ өмірге ұл бала келгенде «Азамат дүниеге келді», «Ел қорғаушы» деп ардақтайды, қуанады. Бүгінде «Батыр өмірге келіпті» деп те айтады. Бұл да – ұл балаға деген үлкен сенім. Сондай сенімнің үдесінен шығуға тиіс кейбір жігіттердің әскерге баруға немкетті қарайтындары өкінішті.

Әскер деген – Отан қорғау. Әскерге бару деген – біле білгенге мақтаныш. Осыны түсінетін азаматтар да бар. Соның бірі – тараздық Ернар Нұртай. Ол былтыр маусымның 6-сы күні 18 жасқа толған. Арада 19 күн өткенде Жамбыл политехникалық жоғары колледжін техникалық зертханашы мамандығы бойынша қызыл дипломмен бітіреді. Жастайынан спортқа жақын болып өскен азамат Отан алдындағы борышын өтеуді ойлап, әкесіне әскерге баруы керектігін айтады.

Содан әкесі ұлымен бірге Тараз қалалық әскери комиссариатқа бармай ма? Ондағыларға да керегі осы. 18 жасқа толған, өз аяғымен келіп тұрған баланы алып қалып, әкесін үйіне қайтарып жібереді. «Баламның ертелі-кеш әскерге баратыны белгілі еді. Бірақ, бұлай тез болады деп ойламаппын. Бірден алып қалатынын балам да білмеген шығар. Дегенмен, азаматтық танытты. Екі күн әскери казармада жатып, әскерге кетті. Түркістан облысының Ленгір қаласының «Шахта тоғысы» деген аумағында бір жыл бойы әскери борышын өтеді. Біз әскери ант қабылдаған сәтіне барып қайттық. Баламыз ол кезде әскерге біраз үйрене бастаған екен», – дейді әкесі.

Отан алдындағы борышын өтеп келген Ернар Нұртаймен де сөйлестік. «Бала күнімнен әскерге барып келген ағаларға қызығушы едім. Олардың әскери киімдері, таққан жұлдызшалары жалтылдап көздің жауын алатын. Әскерге барамын деген ой сол кезде пайда болған. Колледж бітіріп, бірден әскерге кеттім. Қазір жасым 19-да, отандық борышымды аяқтап келіп те қойдым. Әскер деген жақсы. Ширатады, шынықтырады. Тамағы уақытылы, киімі жаңа. Барлық жағдай жасалған. Ұрып-соғады деген де бекер. Ондай ештеңе болған жоқ. Бәрі жігіттің өзіне байланысты. Жас адам әскерді жақсы көрген сайын, әскердегі өмірі де жеңіл, жақсы өтеді. Енді маған жол ашық. Отанымның алдында да жүзім жарқын. Биыл ағам үйленіп, жақында тойы өтеді. Ал мен бұйырса келесі жылдары отау құрып, бір басымды екеу етсем деген ниетім бар. Әскерге сұранып, жылдам барып келгеніме қуанамын. Енді қалай жұмыс істеуді ойлай бастадық. Қай кезде де Отанымды сүйемін. Әрқашан Отанға қызмет етуге әзірмін. Әскерде жақсы қызмет еткенім үшін №6698 әскери бөлім командирінің Құрмет грамотасын және Алғыс хатын алдым. Енді Астана қаласында әскери қызметке орналасуға дайындалып жүрмін. Замандастарымды, інілерімді Отан алдындағы борышын өтеуге шақырамын, – дейді Ернар Бауыржанұлы.

Тараз қаласы

Ұқсас жаңалықтар