Осы ойдың нәтижесінде мектеп оқушылары информатика пәнінен дәріс беретін мұғалімдерімен бірлесіп «Ақылды ферма» жобасын әзірлеп шығарған. Тіпті, сол жобамен Республикалық «Fibonacci Robot Olympiad» байқауына қатысып, 2-дәрежелі орынды олжалаған.
– Өткен жылы ізденімпаз оқушыларымызбен бірге ғылыми жаңалықтарымызбен Алматы қаласында өткен республикалық байқаудан ІІІ орын алған болатынбыз, кейін Астана қаласында ұйымдастырылған байқаудан ІІ орынды жеңіп алдық. Бұған дейін көптеген жобалар жасадық. Ал, ІІ орынды жеңіп алған «Ақылды ферма» жобамыз негізінен жылқы бағатын шаруаларға арналған. Ауылымыз ертеден Абсент тұлпары арқылы аты әлемге танылған. Содан бері мұнда жылқы бағумен айналысатын бірнеше шаруа қожалықтары бар. Оларда жұмыс істейтін ағаларымыз жем-шөбін, суын беріп, астын қолмен тазалап, уақытылы күтімін жасап, ауыр еңбектің қиындығын көріп жүр. Сондықтан, балалармен ақылдаса келе сол малшылардың жұмысын жеңілдететін жоба әзірледік. Қазір бірнеше адам еңбектеніп жүрген фермада біз әзірлеген жобаны іске қосса, барлық жұмысты 1-2 адам ғана атқара алады. Себебі, барлық жұмыс тетіктер арқылы іске асады, тек 1-2 адам соларды бақылап жүрсе, жеткілікті. Тіпті беймезгіл уақытта ұры түссе немесе өрт шығып, әлде газ иісі сезілсе, бақылаушының ұялы телефонына белгі беріледі. Адамға хабар бере отырып, тетіктер құтқару жұмыстарын өздері атқара береді, яғни адамдардың келуін күтіп отырмайды. Бұл уақыт жоғалтпай, шығынға ұрындырмай, қауіптің алдын алуға үлкен көмегін тигізеді. Фермадағы күнделікті үздіксіз жүргізілетін малдарға жем-шөбін, суын беретін, астын тазалайтын, ішкі температура ысыса, желдеткішті қосатын істердің барлығы автоматты түрде уақытылы жүзеге аса береді. Бұл жобамызды ауылдағы шаруа ағаларымызға көрсеттік, олар да қызығушылық танытып, бізге роботтар дайындауға көмектесеміз деп қуантты. Алдағы уақытта осы «Ақылды ферма» жобамыз еңбек нарығында қолданылып, ауыл шаруашылығымен шұғылданатын азаматтардың игілігіне жараса, біздің түпкі мақсатымыздың жүзеге асқаны болмақ. Мектебімізде роботатехника бойынша оқып, ізденіп жүрген оқушыларымыз Маратбек Бекназар, Орынбасар Қайыржан, Балтабай Нұртас, Шәкен Темірхан, Қайыржан Омар сынды ізденімпаз балалардың болашақтарынан үлкен үміт күтеміз. Балалардың идеяларын жан-жақты дамыта отырып, жүзеге асыруға, оларды одан ары ізденуге, елге пайдасы тиер іс жасауға жетелеуде мектеп директорымыз Серік Айтбаев та қолдау көрсетеді. Себебі, ол кісі өзі де информатик маман, бұл саланың қыр-сырын да, көпшілікке әкелер пайдасын да жақсы біледі, – дейді озық ойлы оқушылардың жаңа жобасына жетекші болған ұстаздардың бірі Бағдат Баягизев.
Айта кетелік, бұл жобаны әзірлеу барысында оқушыларға Бағдат Маратұлымен бірге информатика пәнінің мұғалімі, мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Мұрасбек Байшемиров жетекшілік еткен.
– Қазір білім, ғылым жолында ізденетін жастарға қолдау баршылық. Соның нәтижесінде жемісті жобалар әзірлеп жүрген болашақ ғалымдарымыз да бар. Тек өз мектебіміз бойынша айтар болсам, 2018 жылы сол кездегі «Нұр Отан» партиясының қолдауымен мектебімізде ІТ сыныбы ашылған болатын. Сол сыныпта оқушыларға сабақ өтілумен қатар, роботатехника бойынша ғылыми жоба дайындап, жеке ізденемін деген балаларға да мүмкіндік беріледі. Осы бағыттағы оқушыларымыздың жеңістері жасалып отырған мүмкіндіктердің нәтижесі деп білемін. Мектеп оқушыларының ғылыми жобалар жарысынан олжалаған жеңістері – білімге деген құштарлықтың, үздіксіз еңбектің және нағыз командалық рухтың жемісі. Жас робототехниктерімізге болашақта үлкен табыстар мен жаңа белестерді бағындыруды, жарқын болашақ тілейміз, – дейді Мұрасбек Дүйсембекұлы.
Аталған байқау Астана қаласында өтіп, оған 650 команда, 2000-ға жуық оқушы және 250-ден аса мұғалім қатысып, бақ сынады. Осындай дүбірлі додада жоғары нәтиже көрсетіп, 2-дәрежелі орын алған Ақтоған шағын орталықты орта мектебінің оқушылары «Көгершін» тобы атауымен бірлесе қатысқан. Ал топ басшысы Нұрсұлтан Болатбек достарымен бірге әлі де ауылдастарының игілігіне жарайтын жобалар әзірлеуде ізденіс үстінде жүргендерін жеткізді.
– Роботатехникаға 8-сыныптан бастап қызығамын, оған қызығушылығымды арттырған сыныптас досым. Екеуіміз бірге инверсия және кубик-рубик құрастыратын роботтар жинап, облыстық жарыстарға қатысатынбыз. 8-сыныпты аяқтаған жылы жазғы демалыста жоба құрастырмақшы болдық. Бірақ, қандай жоба құрастыруды білмедік, ойлана келе «Ақылды ферма» жасағанды жөн көрдік. Себебі, ауылымызда 4-5 шаруашылық фермалары бар. Сонда жұмыс істейтін ағаларымыздың жұмысын жеңілдететін жоба құрастырсақ, көмегіміз тиер деген ойға тоқталдық. Ферманың сыртында кілтпен ашылатын есік және қараңғыны сезетін, ультрадыбысты датчиктер бар. Сырттан қараңғыны сезген тетік іште жарықты қосады. Ал, ультрадыбысты тетік сырттан қандай да бір дыбысты сезгенде, ішінен дабыл қағады, бұл малды ұры-қарыдан қорғау үшін жұмыс істейді. Ферманың ішіне кірсек, онда өртті, газды, ыстықты сезетін тетіктер бар. Газ бен ыстықты сезетін тетік бірден дабыл қағып, ауа желдеткішті іске қосады. Өртті сезетін тетік дабыл қағып, артқы қосымша есікті ашады. Сонымен қатар су деңгейін реттеуге, айналаны бақылауға, дыбысты естуге арналған тетіктер және монитор бар. Мониторда қай күн екені және ішкі температура көрсетіледі. Ал су деңгейін сезетін тетік, су жетіспеушілігін байқаса, су қосатын тетікке белгі беріп, су ағады. Айналатын тетік іштегі малдарға жем-шөпті өздігінен береді. Дыбыс еститін тетік малдың зәр, қи шығарғанын естіп, оны тартатын тетікке белгі беріп, бірден тазаланады. Міне, осындай автоматты түрде жүргізілетін жұмыстар арқылы «Ақылды ферма» малшыларға көмектеседі, – дейді команда капитаны Нұрсұлтан Болатбек.
Бұл топтағылар 8-9 сынып оқушылары екенін де айта кеткен жөн. Олар ІІ орынның жүлдесімен қоса Түркия елінде өтетін Халықаралық байқауға жолдама алған. Оқушылардың елге пайдалы жаңалық ойлап табуға деген ынталары, ғылымға деген ұмтылыстары келешектерінен үлкен үміт күттіреді. Жас таланттардың ізденістегі еңбектеріне сәттілік тілейміз.
Қамар ҚАРАСАЕВА
Т.Рысқұлов ауданы
Ұқсас жаңалықтар
«Заң мен тәртіп – біздің ұстаным» тақырыбында адалдық сағаты өткізілді
- 3 желтоқсан, 2025
Жамбылда 10 мыңға жуық тұрғын құқықтық кеңес алды
- 3 желтоқсан, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




