«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Теңізге шығатын жолдың жоқтығы кедергі емес

Теңізге шығатын  жолдың жоқтығы  кедергі емес
Akorda.kz
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түрікменстанда өткен Теңізге шығар жолы жоқ дамушы елдерге арналған Біріккен Ұлттар Ұйымының үшінші конференциясында сөз сөйледі.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ең әуелі конференцияны шақыру бастамасын көтергені үшін Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедовке ризашылығын білдірді. Сондай-ақ теңізге шығар жолы жоқ дамушы елдердің проблемаларын шешуге және мүмкіндіктерін пайдалануға бейіл танытқаны үшін БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерришке алғыс айтты.

– Жиырма жылдан астам уақыт бұрын Қазақстан Теңізге шығар жолы жоқ дамушы елдерге арналған БҰҰ-ның алғашқы конференциясын өткізіп, жетекші рөл атқарды. Яғни еліміз бұл үздіксіз үдеріске бастапқы жылдардан бері қатысып келеді. Осы тарихи оқиға барысында Алматы іс-қимыл бағдарламасы қабылданды. Бұл құжат теңізге шығар жолы жоқ дамушы елдер тобының мәселелерін жаһандық дамудың күн тәртібіне тұңғыш рет шығарды. Бүгін біз алдымызда тұрған міндеттерді одан әрі ілгерілету мақсатында Авазада бас қосып отырмыз, – деді Мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша, осы топ құрамындағы 32 дамушы елде жарты миллиардтан астам адам тұрады. Олардың көпшілігі қаржыландыруға және технологияға қол жеткізуде, сондай-ақ жаһандық нарыққа жол табуда кездесетін кедергілермен бетпе бет келеді.

– Аймақтағы шектеулі байланыс – теңізге шығар жолы жоқ дамушы елдердің басты проблемасы. Бұл транзит және сауда шығыны, сондай-ақ геосаяси факторларға осалдық секілді біршама экономикалық қиындық тудырады. Аталған кедергілер азаматтардың әл-ауқатына әсер етіп, бәсекеге қабілеттілікті төмендетеді. Түрлі қақтығыстар, экономикалық санкциялар, жеткізу тізбегінің бұзылуы және жаһанда сенімсіздіктің белең алуы жағдайды одан әрі ушықтыра түседі. Дегенмен Қазақстан теңізге шығар жолы жоқ дамушы мемлекеттерді жаһандық мәселелердің шешімін табуға атсалысатын тең құқылы әрі перспективті серіктес ретінде қарау керек деп санайды. Мұндай елдердің үні анық естілуге тиіс, ал біздің өзара ынтымақтастығымыз терең, ұжымдық ұмтылысымыз батыл болуы қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы өңірлік күн тәртібі жөнінде пікір білдіріп, елдердің мүмкіндігі географиямен шектелмейтінін Орталық Азия тәжірибесі көрсетіп отырғанын айтты.

– Қазір теңізге шығар жолымыз болмағанымен, келешекте амалын табамыз. Яғни құрлық арқылы байланыс орнатудың маңызы арта түседі. Біздің өңірдің әлеуметтік экономикалық дамуы орнықты. Саяси ерік-жігер, стратегиялық инвестиция мен халықаралық серіктестік болса, теңізге шығатын жолдың жоқтығы кедергі емес, керісінше, өсімге ынталандырады. Орталық Азия өзара тиімді ықпалдастық қанат жайған аймаққа айналғанына куә болып отырмыз. Өңірдің сауда, инвестиция, көлік, байланыс және ресурстарды орнықты басқару салаларында даму әлеуеті жоғары. Екі күн бұрын Қазақстан мен Біріккен Ұлттар Ұйымы арасында Орталық Азия мен Ауғанстанға арналған орнықты даму мақсаттары жөніндегі өңірлік орталығын құру туралы келісімге қол қойылды. Оның штаб-пәтері Алматыда орналасқан. Бұл тұтас аймақ үшін маңызды жетістік әрі Аваза бағдарламасының игі мақсаттарына толық сай келеді. Қазақстанның осы бастамасын қолдағаны үшін БҰҰ Бас хатшысына және Орталық Азиядағы серіктестерімізге тағы да ризашылығымды білдіремін, – деді Президент.

Президент сөзін қорытындылай келе, Қазақстанның теңізге шығар жолы жоқ дамушы елдер тобының мақсаттары мен қағидаттарына бейіл екенін растады.

Бұдан соң Мемлекет басшысы Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедовпен кездесті. Қасым-Жомарт Тоқаев аталған іс-шара осы санатқа жататын елдердің жағдайына қатысты өзекті мәселелер туралы пікір алмасып, нақты шешімдер әзірлейтін маңызды алаң екеніне назар аударды. Кездесу барысында сауда-экономика, энергетика, көлік-транзит салаларындағы серіктестікті нығайту мәселелері талқыланды. Мемлекеттер басшылары Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы стратегиялық серіктестікті жан жақты дамытуға мүдделі екендігін жеткізді.

Сапар аясында Президент Қасым Жомарт Тоқаев пен Теңізге шығар жолы жоқ дамушы елдерге арналған Біріккен Ұлттар Ұйымының үшінші конференциясына қатысушы делегация басшылары Орталық Азия елдерінің көрме павильонына барды.

Көрермендер ұлттық нақышта безендірілген Қазақстан экспозициясын тамашалады. Павильонда қонақжайлық пен ырыс-берекені паш ету үшін киіз үй тігілген. Қонақтарға ұлттық салт-дәстүрлерімізден театрландырылған қойылым ұсынылды. Сондай-ақ көрмеде Түрікменстан, Қырғызстан, Өзбекстан елдерінің мәдени мұрасы мен меймандос халқының бай рухани қазынасымен танысуға болады.

Akorda.kz

Ұқсас жаңалықтар