Жақсы жағдайдағы жолдардың үлесі 100 пайызға жақындап қалды
- author «Ақ жол»
- 5 тамыз, 2025
- 894
Биыл жергілікті маңызы бар автожолдар мен елді мекен көшелерін жөндеуге бюджеттен барлығы 28 миллиард теңге бөлінді. Осы бөлінген қаражат есебінен елді мекендердегі жол көлік инфрақұрылымын жаңғырту мен дамыту бағытында кешенді жұмыстар атқарылуда. Атап айтар болсақ, Тараз қаласында жалпы ұзындығы 17,7 шақырым болатын жол құрылысы жүргізілуде. «Бурыл А, Б, В», «Барысхан» тұрғын алқаптарында асфальт жол төсемдерін салу жобасы іске асырылуда. Аталған жобалар арқылы қала шетінде орналасқан шағынаудандардың орталықпен байланысы жақсарып, қоғамдық көліктің қолжетімділігі арта түсті.
Сонымен қатар 7 көпір мен жол өткелдерін салу жоспарланған болатын. Атап айтсақ, Тараз қаласындағы Абай даңғылы мен теміржол үстінен жаяу жүргіншілер көпірін салу көзделген. Бұл тұрғындардың күнделікті қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажет. Сондай-ақ Асқаров көшесі бойында Қапал каналының үстінен өтетін автомобиль көпірін салу жоспарлануда. Ал Меркі ауданының Ойтал ауылында теміржол үстінен өтетін жаяу жүргіншілер өткелін салу жобаланған. Бұл әсіресе оқушылар мен қарт адамдар үшін өте маңызды нысан болғалы тұр. Жуалы ауданы, Боранды станциясы маңында темірбетон құбыры жанынан автокөлік өткелін салу межеленген. Қордай ауданы, Соғанды ауылындағы Қақпатас өзені арқылы өтетін көпірдің қажеттілігі бүгінгі күні артып отыр. Сондай-ақ Шарбақты ауылындағы Ырғайты өзенінен өтетін өткел салынбақ. Мойынқұм ауданы, Қарабөгет ауылына кіреберістегі аудандық мәндегі жолдағы көпір құрылысы. Бұл көпірлер әсіресе су тасқыны кезінде тұрғындардың оқшауланып қалуын болдырмауға, ауыл шаруашылығы өнімдерін тасымалдауда қолайлы жағдай жасауға сеп болады.
Тараз қаласының орталық көшелерін қайта жаңғырту жұмыстары қызу жүргізілуде. Атап айтқанда, бұл жұмыстар Қойгелді, Рысбек батыр және Асқаров көшелерінде қолға алынған. Сонымен қатар Қаратау қаласының Арбатас, Панфилов және Тамды-Әулие көшелері де толықтай жаңартылуда. Бұдан бөлек, жалпы ұзындығы 456,1 шақырым жол орта жөндеумен қамтылып, құрылыс жұмыстары атқарылуда. Оның ішінде 62,1 шақырым облыстық, 50 шақырым аудандық мәндегі жол. Ал 344 шақырым елді мекен көшелері. Жол құрылысы саласында биыл барлығы 183 жоба іске асырылып, 481,8 шақырым жол қайта жаңғырту, орта жөндеулермен қамтылады. Оның ішінде «Көлік-логистикалық әлеуетін дамыту тұжырымдамасы» ұлттық жобасы аясында 23 жоба, жалпы ұзындығы 112 шақырым, «Ауыл – ел бесігі» жобасы шеңберінде 80 жоба, ұзындығы 206,1 шақырым, «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша 6 жоба, ұзындығы 28,1шақырым, «Моноқалаларды дамыту» бағдарламасымен – 3 жоба, 5,4 шақырым, жергілікті бюджеттерден – 71 жоба, ұзындығы 130,2 шақырымды құрайтын жол бар.
Бюджеттен бөлінген қаржылар ішінде 4 миллиард теңге жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қаралған. Бұл қаражат жергілікті жолдар мен елді мекен көшелерін ағымды жөндеу мен күтіп ұстауға бағытталған.
Жыл қорытындысымен «Жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жергілікті маңызы бар автожолдардың үлесі» индикаторлық көрсеткішін 99,5 пайызға, елді мекен көшелері бойынша бұл көрсеткішті 89 пайызға жеткізу межеленіп отыр. Жол жөндеу жұмыстарының сапасын қамтамасыз ету үшін, ағымдағы жылы жоспарланған жол жөндеу көлеміне сәйкес, «Жол активтерінің Сапа орталығымен» қажетті қаржының есебі жүргізіліп, бүгінгі күнге орындалған жұмыстар мен қолданылған материалдарға сараптама қызметіне жалпы 257,7 миллион теңгеге шарт жасалынып, жұмыстар жүргізілуде.
Мұрат САУРЫҚОВ,
облыс әкімдігі жолаушылар
көлігі және автомобиль жолдары
басқармасының басшысы.
Ұқсас жаңалықтар
«Заң мен тәртіп – біздің ұстаным» тақырыбында адалдық сағаты өткізілді
- 3 желтоқсан, 2025
Жамбылда 10 мыңға жуық тұрғын құқықтық кеңес алды
- 3 желтоқсан, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




