Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Орталық Азияда орнықты даму мақсаттарына арналған алғашқы орталықтың ашылуы – бүкіл аймақ үшін айтулы жетістік.
– Осы бастаманы қолдағаныңыз үшін сізге және сіздің ұжымыңызға өзімнің, сондай-ақ Қазақстан халқының атынан алғыс айтамын. Сіздің дер кезінде қолға алған әрі келешекті ойлаған UN80 бастамаңызды жоғары бағалаймын. Қазақстан ұйымды реформалау жолындағы іс-әрекеттеріңізді толық қолдайды. Осы ретте еліміздің Ұйым қызметінің негізінде жатқан мультилатерализм, дипломатия және ынтымақтастық қағидаттарына әрдайым бейіл екенін тағы да растаймын, – деді Президент.
Антониу Гутерриш қонақжайлық танытқаны үшін ілтипатын жеткізіп, Қазақстанның халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға және орнықты даму мақсаттарын ілгерілетуге қосқан үлесіне ерекше тоқталды.
– Қазақстан – бейбітшілік пен диалог символы, халықтар арасындағы алтын көпір әрі көптеген жағдайда әділ мәмілегер екенін көрсетіп келеді. Бұған осыдан ондаған жыл бұрын ядролық қарудан бас тарту туралы тарихи шешім негіз қалады. Бұл шын мәнінде бүкіл әлем үшін өнегелі іс болды. Өркениеттердің қақтығысы туралы сөз қозғалғанда, Қазақстан өз тәжірибесі арқылы түрлі діндер және мәдениет өкілдері арасында диалог пен ынтымақтастық орнату мүмкін екенін дәлелдеді. Бұл Сіздің бастамаларыңыздан анық байқалады. Сіздер әрдайым әлемді ауызбіршілік пен бауырластыққа үндеп келесіздер, – деді Бас хатшы.
Кездесуде БҰҰ-ның Орталық Азия мен Ауғанстанға арналған орнықты даму мақсаттары жөніндегі өңірлік орталығы қызметінің перспективасы, Біріккен Ұлттар Ұйымын реформалау мәселесі, халықаралық және өңірлік күн тәртібі, сондай-ақ басқа да өзекті тақырыптар талқыланды.
Өңірлік орталық – бейбітшілік ұстанымның жаңа белесі
Бұдан соң Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Антониу Гутерриш Қазақстан Үкіметі мен Ұйым арасында БҰҰ-ның Орталық Азия мен Ауғанстанға арналған орнықты даму мақсаттары жөніндегі өңірлік орталығын құру туралы келісімге қол қою рәсіміне қатысты.
Қасым-Жомарт Тоқаев ең әуелі осы айтулы іс-шараға қатысқаны үшін БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерришке ризашылығын білдірді. Президент аталған іс-шараның Қазақстан ғана емес, Біріккен Ұлттар Ұйымы үшін де елеулі сипатқа ие екенін атап өтті. Бұл оқиға дүниежүзілік картада өте салмақты факторға айналып келе жатқан Орталық Азияның маңызы жөнінде халықаралық қоғамдастыққа айқын белгі бергенін жеткізді.
– Геосаяси дүрбелеңдер мен қақтығыстар белең алып, климаттық өзгерістер күрделенген және азық-түлік қауіпсіздігіне қатер төнген шақта Біріккен Ұлттар Ұйымы әлемдегі қауіпсіздік пен тұрақтылықты сақтауда басты рөл атқаруға тиіс. Қазақстан үшін БҰҰ халықаралық тәртіптің баламасыз әрі басты тірегі болып қала береді. Еліміз Ұйымға кірген сәттен бастап, 33 жыл бойы халықаралық қоғамдастықтың жауапты, белсенді әрі бейбітсүйгіш мүшесі екенін жан-жақты танытып келеді, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, Алматы қаласында БҰҰ өңірлік орталығының ашылуы аймақтың стратегиялық маңызы артып келе жатқанын көрсетеді.
– Бүгінде Орталық Азия бірлігі бекем және тату көршілік пен ортақ прогресс қағидаттарына бейіл өңір екенін паш етіп келеді. Аймақ елдері саяси және әлеуметтік реформалар жүргізіп, экономиканы әртараптандыру бойынша батыл шаралар қабылдап жатыр. Адам капиталын дамытуға күш салып, анағұрлым инклюзивті институттар құруды қолға алды. Біз халықаралық өзекті мәселелерді шешуге белсенді араласатын мәмілегер ретінде Орталық Азияның әлеуетін ашуға және жаһандық аренада конструктивті әрі келешекті көздеген күн тәртібін дәйекті түрде ілгерілетуге ұмтыламыз. Осы орайда Алматы қаласында БҰҰ өңірлік орталығын ашу уақытылы және стратегиялық тұрғыдан маңызды қадам болып отыр, – деді Мемлекет басшысы.
Президент ортақ игілікке қол жеткізу үшін үкіметті, азаматтық қоғамды және жеке секторды бірлесе жұмыс істеуге шақырды. Мемлекет басшысы еліміздің Ұйым Бас хатшысының бастамаларына алдағы уақытта да қолдау білдіретінін жеткізді. Антониу Гутерриш барлық қатысушыға ықылас танытып, аталған Орталықты ашу арқылы Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу жолында өңір үшін жаңа кезеңнің басталғанын айтты.
– Бұл ортақ басымдықтар мен бірлескен шешімдерге негізделген Орталық Азиядағы ынтымақтастықтың жаңа дәуірін білдіреді. Аталған Орталық аймақ көшбасшылары арасындағы берік байланыстардың жан-жақты экономикалық интеграцияға қалай ұласатынын көрсететіндей әлеуетке ие. Мен Президент Тоқаевтың сарабдал саясаты мен көшбасшылығын жоғары бағалаймын. Оның бастамалары әлемдік тәртіпте рөлі артып келе жатқан Орталық Азияның жаңа келбетін қалыптастыруға ықпал етуде, – деді Бас хатшы.
Бас хатшы сөзінің соңында Қазақстанның ішкі саяси бағдары мен сыртқы саясатына жоғары баға берді.
– Қазақстанға шын жүректен тәнтімін. Мен үшін Қазақстан –даналықтың символы, халықтар арасына дәнекер болып, бейбітшілікке үндейтін ел. Бұл – түрлі этнос пен дін өкілдері бас қосып, ортақ келешекке апаратын жолды бірге іздейтін мекен. Қазақстанның ядролық қарудан бас тартқанын ешқашан ұмытпаймын. Осы шешімнің нәтижесінде сіздердің елдеріңіз бейбітшілік пен қарусызданудың символына айналды. Бүгінгі таңда бұл өте өзекті Қазақстан әрдайым парасаттылық танытқан әрі сол биігінде қалады. Өкінішке қарай, қазіргі әлемге осындай байыпты ұстаным жетпей тұр, – деді Антониу Гутерриш.
Akorda.kz
Ұқсас жаңалықтар
Тоқаев отандық үздік тауар өндіруші кәсіпкерлерді марапаттады
- 5 желтоқсан, 2025
«Таза Қазақстан»: биыл 800 мың тонна қоқыс қалдығы жиналды
- 4 желтоқсан, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




