«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Әр отбасы – мейірім мен махаббат мекені

Әр отбасы – мейірім мен махаббат мекені
Автор
Отбасы құндылығы дегенде ерлі-зайыптылардың қоғамға сіңірген еңбегі, игі істері де назарда тұратыны рас. Бір шаңырақтың берекесін кіргізген таластық дәрігерлер Ерлан Сейдакбаров пен Мөлдір Сейдакбарова туралы жақсы пікір айтатындар көп. Отағасы аудандық орталық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары болса, отанасы – аталған ауруханада бөлім меңгерушісі.

Екеуі 8 ұл-қыз тәрбиелеп, өсіріп отыр. Перзенттерінің барлығы да өнерлі, тәрбиелі, оқуға зерек. Барлығы да – мектеп мақтаныштары. Тұңғыш қыздары Зарина көркемсөз оқудан оқушылар арасында республикалық байқаудың жүлдегері.

Қазіргі таңда Алматы қаласында Асфендияров атындағы медициналық университеттің 2-курсын аяқтады. Яғни, болашақ – дәрігер. Екінші қыздары Әсемай Қаратау қаласындағы Ахмет Байтұрсынов атындағы мектепгимназиясының 11-сыныбын бітірді. Ол оқу озаты болуымен қатар, бірнеше күй білетін домбырашы, жас айтыскер.

Былтыр Тәуелсіздік күніне орай Түркістан қаласында өткізілген республикалық оқушылар айтысының 3-орын иегері, жақында өткен «Жыр алыбы – Жамбылым» атты облыстық оқушылар айтысының бас жүлдегері. Республикалық «Ақберен» байқауының «Айтыс» аталымы бойынша жеңімпазы. Ал аталған гимназияда 9-сыныпты бітірген Ханшайым да – оқу озаты. Өлең жазады. Көркемсөз оқудан, шығарма жазудан облыстық байқаудың жүлдегері. Осы жеңістердің көпшілігіне себепкер – Мөлдір. Қыздарының талабын қайтармай, оларға қамқорлық керек екенін ізгі іспен дәлелдеп шығудың өзі – үлкен іс.

Біз Ерланның қыздарының жетістіктерін басқа шаңырақтарға үлгі болсын деген оймен әңгімелеп отырмыз. Бұл ерлізайыптылардың перзенттеріне көңіл бөлулері мүлдем бөлек. Өзге отбасыларына ұқсамайды. Мысалы, бір байқау келсе, үш қызын да қатыстырады.

Аталған сайыс үшін бір қызға 20 мың теңге төлеу керек болса, бұлар 60 мың теңге жұмсап, үш қызының да жолын байламайды. Соның нәтижесінде мектептің жоғары сыныбындағы қыздарының барлығы да – жеңімпаз, жүлдегер. Кезінде қыздарына жігер бере білді, қолдай білді. Енді сол қолдау жеміс беруде. Ата-ананың сенімі, қолдауы қандай жақсы, десеңізші!

Бүтін отбасы – мемлекеттің байлығы. Енді әпкелерінің жолын 3-сынып оқитын Қасиет те, мектеп есігін жаңадан ашқан Асылым, кішкентай Медина да жалғастыратыны анық. Кіші қыздары Медина қазіргі таңда екі жасқа жақындап қалды. Бірер жыл бұрын Ерлан мен Мөлдір Жаратушы нәсіп етіп, кіші қажылық сапарға барып қайтқан болатын. Сол сапардан оралған соң, өмірге келген қыздарының есімін «Медина» қойыпты. Одан бөлек 4 сыныпта оқитын ұлдары Санжар спорттың бокс, каратэ түрлерінен секцияға қатысып жүр. Бір жастан асқан Айсұлтан да – ерке.

– Біз ата-анамызға ризамыз. Қолымыздан қаққан жоқ, талабымызды шыңдады. Сол кісілер берген тәрбие – біз үшін басты байлық, – дейді айтыскер қыз Әсемай Ерланқызы.

Ерланның әкесі – Нұғман Сейдакбар, анасы – Гүлмира Нүриддинқызы. Екеуі де немерелері десе басқа дүниені ұмытады. Әсемай немерелерінің Ұзынағашта, Астанада өткен айтыстарына атасы мен әжесі арнайы келіп қатысты. Сол республикалық оқушылар айтысының бірінен Әсемай арнайы жүлде алса, бірінен бас жүлде алды. Ата мен әже тілегі осылайша қабыл болды. Мұндай қолдау отбасының ынтымағы мен бірлігі, тәрбиесіне де оң әсер ететіні анық. Мұндай тәрбие көріп өскен ұл-қыздар отбасының құндылығы мен жауапкершілігін сезініп жетіледі. Бұл шаңырақтың шаттығы сәт сайын молайып, перзенттерінен көретін қызықтары таусылмасын деп тілейміз.

Мөлдірдің аудандық ауруханадағы жауапты жұмысымен қатар 8 ұл-қызды тәрбиелеп өсіріп жатқаны қандай үлгі десеңізші! Мұндай жауапкершілікке төзетін келіндер аз ғой. Мөлдір болса жұмысынан күш қуат алып, үйге келгенде перзенттерінің күлкісінен күш алады. Ерлан да сондай. Балаға деген махаббаттары шексіз. Ерлан мен Мөлдір перзенттерінен қызық көруге өте лайықты. Оны өз шаңырақтарына төккен жылу мен нұр шашқан пейілдерінен байқадық.

 

Есет ДОСАЛЫ

Талас ауданы

Ұқсас жаңалықтар