«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Суғаратын судың 98 пайызын Оңтүстіктегі бес облыс пайдаланады

Суғаратын судың 98 пайызын Оңтүстіктегі бес облыс пайдаланады
Автор
Жыл басында Мемлекет басшысы республикалық «Ana tili» басылымына берген сұхбатында қоғамдағы маңызды мәселелерге назар аударып, еліміздің әлеуметтікэкономикалық әлеуетін, егемендігін және халықаралық аренадағы орнын нығайта түсу – басты мақсат екенін атап өтті.

Сұхбатта Президент көктемгі су тасқынында халқымыз ынтымақтың озық үлгісін көрсеткенін тілге тиек етіп, азаматтардың қоршаған ортаны қорғауға қатысты жауапкершілігін арттыра түскен жасампаз жоба «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының маңызына тоқталды.

Апатты жағдайлардың алдын алу бойынша кешенді жоспар жасақталғанын атап өтіп, алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстардың жалғасын табатындығын жеткізген болатын. Ел тарихында мұндай алапат тасқын бұрынсоңды болмағанын атап өткен Мемлекет басшысы олқылықтың орнын толтыру бағытында Парламентте жаңа Су кодексінің жобасы қаралып жатқандығына тоқталды.

– Су ресурстарын басқару тұжырымдамасы және оның кешенді жоспары бекітілді. Онда 2030 жылға дейін 40- тан астам су қоймасын салу және 37 су қоймасын жөндеу қарастырылған. Сондайақ жалпы ұзындығы 14 мың шақырымнан асатын ирригация каналдарын жаңғырту көзделген. Төтенше жағдайларды болжау және оның алдын алу жүйесін жаңғыртуға қатысты ауқымды жұмыстар басталды. Су мамандарының тапшылығы мәселесін шешу және зерттеу жұмыстарын жандандыру үшін Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті құрылды. Шын мәнінде, халықаралық қауымдастық су қауіпсіздігін қамтамасыз ету және климаттың өзгеруіне қарсы күресу үшін бірлесе әрекет етуі керек. Қазақстан осы мәселеге басымдық береді, – деді ел Президенті.

Су ресурстары және ирригация министрлігінің мәліметтері бойынша, қазіргі уақытта ел аумағындағы су қоймаларындағы су көлемі 19,2 миллиард текше метрді құрайды. Суармалы су көлемінің 98 пайызын оңтүстіктегі бес өңір – Жетісу, Алматы, Жамбыл, Түркістан және Қызылорда облыстары пайдаланады, бұл аймақтарда 1,2 миллион гектар жер суарылады. 15 шілдедегі жағдай бойынша әзірге 7 миллиард текше метр су жұмсалған, вегетациялық кезеңнің соңына дейін тағы 3,1 миллиард текше метр су берілмек. Бұл бағытта облыста вегетациялық кезең жоспарлы режимде өтуде.

Биылғы суару маусымында сәуірден қыркүйекке дейін Шу және Талас өзендерінің бассейні бойынша су берудің жиынтық жоспарлы көлемі 625 миллион текше метрді құрайды. Шілде айының басында Қордай ауданы Қайнар ауылындағы Шу өзенінде қосымша сорғы стансасы қосылды, бұл оның төменгі жағындағы учаскелерге су беруді арттыруға мүмкіндік берді. Бұдан бөлек, «Қазсушар» РМК филиалының күшімен Шу өзенінің учаскесі тазартылған.

– Өткен жылдың қорытындысымен мекемеге қарасты 10 су қоймасына, атап айтқанда, Жамбыл ауданындағы Сұлу көл, Жуалы ауданындағы Береке, Байзақ ауданында Қарабақыр, Ақкүмбез, Шу ауданында Бұланбай, Т. Рысқұлов ауданында Шілік, Меркідегі Ленин жол, Талас ауданында Тамды, Алтынкөл, Қордайда Ешкілі-Қордай су қоймаларына көпфакторлы зерделеу жұмыстары жүргізілді. Бүгінде 53,055 миллион теңге қарастырылған бұл жұмыстар «КазГипроВодХоз» ЖШС есебінен 90 пайызға орындалды. Аталған су қоймаларына көпфакторлы зерделеу жұмыстары жүргізілгеннен кейін, қорытындысына сәйкес жұмыстар жалғасатын болады. Биыл Тасөткел бөгетін қайта жаңғырту, Қайнар суармалы су құбыры, Андас-3 тоғаны, Мойынқұм ауданында гидроқұрылыс, Т.Рысқұлов ауданында Қарақат су каналы секілді бес нысанға 1,6 миллиард теңге бөлінді. Жыл қорытындысымен Тасөткел бөгетін қайта жаңғырту, Қайнар су құбыры мен Қарақат су каналы тапсырылады. Қалған екі нысан келер жылға өтпелі, – дейді облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Бауыржан Молдашев.

Жалпы өңірдің су қауіпсіздігін қамтамасыз ету және егіс алқаптарын суармалы сумен қамту мәселесін шешу мақсатында халықаралық қаржы институттарының несиесі есебінен облыстың 6 ауданында су шаруашылығы және гидромелиоративтік жүйелерді қайта құру бойынша құны 37,4 миллиард теңгені құрайтын екі жоба жүзеге асырылуда. Бүгінгі таңда жалпы ұзындығы 867,9 шақырымды құрайтын 315 каналдың 183-і жөндеуден өтіп, 47,5 мың гектар алқаптың ағын сумен қамтылу деңгейі артқан.

 

Нұрболат АМАНБЕК

 

 

Ұқсас жаңалықтар