Жиында облыс әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Сандуғаш Абдралиева есепті кезеңдегі өңірдің экономикалық даму көрсеткішіне тоқталды.
– 2025 жылдың қаңтар-маусым айларының қорытындысымен облыстың қысқа мерзімді экономикалық индикаторы 113,8 пайыз деңгейінде қалыптасты. Бұл өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, құрылыс, тұрғын үй, сауда, көлік, байланыс салаларындағы өсім есебінен қамтамасыз етілді. Негізгі капиталға тартылған инвестиция 48,1 пайызға артты. Өнеркәсіп саласында есепті кезеңде облыстың өнеркәсіп кәсіпорындарымен 627,6 миллиард теңгеге өнім өндірілді. Бұл тау-кен өндіру саласында өндіріс көлемінің 45,7 пайызға, электрмен жабдықтауда – 11,8 пайызға, сумен жабдықтауда 5,1 пайызға арту есебінен орын алды, – деді Сандуғаш Ермаханқызы.
Басқарма басшысының айтуынша, өнеркәсіптің 64 пайызын құрайтын өңдеу өнеркәсібінде 401,9 миллиард теңгеге өнім өндіріліп, химия, тамақ, құрылыс индустриясы, мұнай өңдеу мен машина жасау, қағаз өндірісі, резина және пластмасса салаларында өсім айтарлықтай артқан. Сондайақ ауыл шаруашылығы саласында жалпы 98,9 миллиард теңгеге өнім өндірілген.
Оның ішінде өсімдік шаруашылығында өнім көлемі 4,6 миллиард теңгені құраса, мал шаруашылығының өнімі 94,2 миллиард теңгеге жеткен. Бұл бағытта өңірлер бөлінісінде барлық аудандарда өсім байқалған. Десек те, есепті кезеңде облыста бірқатар салаларда, атап айтқанда, құрылыс, көлік және қоймалау, сауда бағыттарында тиісті межеге қол жеткізілмей келеді. Мәселен, жауаптылардың сөзінше, көлік және қоймалау саласында өсім транзиттік жүк көліктерінің азаюынан және жүк айналымының азаюынан орын алған.
– Бүгінгі күні аталған бағыттағы облыстық көрсеткіш өткен жылғы кезеңмен салыстырғанда 11,8 пайызға өсіп отыр. Алайда биылғы жоспарға сәйкес, алты айлық кезеңде аталған көрсеткіштің төмендеуі құбырмен жүк айналымы есебінен төмендеп отыр. Оған себеп құбырмен тасымалдаудың 98 пайызы «Азиялық газ құбырлары» ЖШС арқылы өтеді. Бүгінде Алматы, Атырау, Түркістан облыстарынан Түркіменстан, Өзбекстан елдері мен ҚХР-на тасымалданатын газ экспортының азаюына байланысты өңірімізде де тиісті межеге қол жеткізілмей отыр. Бұл бағытта тиісті көрсеткішті төмендету бойынша салалық министрлікпен бірге жұмыстар жүргізілуде, – деді облыс әкімдігі жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ерболат Сейітбеков.
Сонымен бірге әкімдік мәжілісінде облыста бюджеттің игерілу барысы қаралды. Ол жөнінде облыс әкімдігі қаржы басқармасының басшысы Батырхан Әкектің баяндамасы тыңдалды. Батырхан Базарбайұлының айтуынша, есепті кезеңде облыс бюджетінің кірістері 102 миллиард теңгеге орындалған. Жиында бірқатар басқарма басшысы мен аудан әкімдері де баяндама жасап, өзекті мәселелер ортаға салынды.
Бұл ретте аймақ басшысы Ербол Қарашөкеев денсаулық сақтау мен құқық қорғау салаларындағы демографиялық ахуал, жасөспірімдер қылмысындағы түйткілдерге айрықша тоқталып, басқарма басшыларына салаларда орын алған мәселелердің алдын алу бойынша нақты тапсырмалар жүктеді. Сондай-ақ өңір басшысы бірінші тоқсанда облыста көлік-логистика хабын құруды қолға алу туралы тапсырмасын еске салды. Бүгінде өңірде бұл бағытта барлық мүмкіндіктер қарастырылғанын атап өткен облыс әкімі жауаптылар істі ширатпаса тиісті шара қолданатынын қатаң ескертті.
– Бірінші жарты жылдықтың қорытындысымен облыстық экономикалық өсім баяндамашы айтқандай, 113,8 пайызды құрап отыр. Бұл бағытта инвестиция мен өндіріс жағынан алатын болсақ салыстырмалы түрде алдыңғы қатарда келеміз. Дегенмен бірқатар мақсатты көрсеткіштерге қол жеткізілмей отыр. Мәселен, сауда, көлік және қоймалау, құрылыс салаларында экономикалық өсімді қамтамасыз етудің қамын жасамасақ, жыл соңында тиісті көрсеткіштер орындалмау қаупі бар. Әсіресе өңірімізді көлік-логистика орталығына айналдыруға барлық мүмкіндіктер бар екендігін бұған дейін де айтқан болатынбыз. Мәселен, ҚХР республикасымен шекаралас Алматы облысы бүгінде бұл бағыттағы әлеуетін толығымен іске асырып, тиісті межеге жетіп отыр. Онда шетелдік инвесторлар үшін бос жер табу үлкен мәселеге айналуда. Сондықтан алдағы екі жылда Жамбыл облысы қытайлық инвесторлармен байланыс қақпасына айналады. Бүгінгі күннің өзінде бұл бағытта қызығушылық танытып отырған шетелдік ірі инвесторлар бар. Сол себепті аудан әкімдері инвестиция саласындағы жетістігімізбен шектелмей, жұмысты жандандыра түсуі керек, – деді Ербол Шырақпайұлы.
Жиын соңында облыс әкімі Мемлекет басшысы тапсырмасына сәйкес өңірлердегі атқарылған жұмыстың сапасы инвестиция тарту мен халықтың әл-ауқатына байланысты сараланатындығын алға тартып, бюджет қаражатын тиімді пайдалану арқылы даму көрсеткішіне қол жеткізу бойынша жұмыстарды күшейтуді тапсырды.
Нұрболат АМАНБЕК
Ұқсас жаңалықтар
Дәріханалардағы дәрі бағасы бір түнде өскені ме?
- 4 желтоқсан, 2025
ЖИ-ді іске асыруда жастардың рөлі ерекше
- 4 желтоқсан, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




