Біз бұған Талас ауданының орталығы Қаратау қаласына ұйымдастырылған баспасөз туры барысында куә болып, қаныға алдық. Көргенімізден көкейімізге атқарылып жатқан шаруалардың ауқымдылығы һәм нәтижелілігі Талас ауданының әкімі Нұрбол Жүнісбеков пен Қаратау қаласының әкімі Дархан Баймбетовтің тындырымды тірліктерінің арқасында жүзеге асып жатыр-ау деген ой түйдік. Қаратау қаласында елімізде баламасы жоқ екі кәсіпорын жұмыс істейді.
Соның біріншісі – алтын өңдеуде пайдаланылатын натрий цианидін өндіретін «Talas Investment Company» ЖШС. Кәсіпорын 2014 жылдан бастап іске қосылып, қалыпты режимде жұмыс істеуде. Серіктестік директорының орынбасары Әбдіғали Жүнісовтің айтуынша, атаулы кәсіпорын жылына 15 мың тонна натрий цианидін, 5 мың тонна сульфат аммоний өндіре алатын қуатқа ие.
Қазір мұнда 700 адам еңбек етуде. Шикізат сырттан жеткізіледі. Өндіріліп жатқан химиялық өнімнің қоршаған ортаға ешқандай зияны жоқ. Өндіріс қуатын жылына 30 мың тоннаға дейін жеткізу мақсатында натрий цианидін өндіретін зауыттың екінші кезеңінің құрылысы басталып, қазір қарқынды түрде жүргізілуде.
Құрылысты биылғы жылдың желтоқсан айында аяқтау көзделуде. Екінші зауыт іске қосылғанда тағы 300 адамға жаңа жұмыс орны ашылып, кәсіпорында жалпы саны 1000 адам жұмыс істейтін болады. Баламасы жоқ деп айшықтаған екінші кәсіпорнымыз – «Karatau Chemicals» пиросульфит өңдеу зауыты.
Бас директоры Ергюн Рахим зауытқа 5 миллиард теңге көлемінде инвестиция жасаған түрік азаматы. Мұнда алтын өндірісінде соны тазартуға пайдаланылатын күкірт пен соданың қосындысынан жасалатын пиросульфинатрий өндіріледі. Кәсіпорын жылына 25 мың тонна пиросульфинатрий өндіру қуатына ие. Зауытта 30-40 адам еңбек етеді. Ауысым шебері Нұрғиса Идирисовтың айтуынша, бір ауысымда салмағы 1 тонна болатын 20 қап ұнтақ дайындалады.
Кәсіп түбі – нәсіп
Біз баспасөз туры барысында жеке кәсіпкерлікпен айналысатын екі нысанда болдық. Оның біріншісі – «ADINA» тігін цехы, екіншісі – «Нұр-Дос» жиһаз дүкені. Гүлім Балықбаева меңгерушілік ететін тігін цехында 3 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Тігіншілер сұранысқа сай қазақша ою-өрнекпен безендірілген ұлттық киімдерді және сәндік кешкі киім үлгілерін тігеді, сондай-ақ киімге жөндеу жұмыстарын да жүргізеді.
– Мен тігін цехымды 2021 жылы грант арқылы ашқанмын. Содан бері кәсібімді кеңейту үстіндемін. Қарамағымда әзірге үш адам жұмыс істеуде, солардың санын алдағы уақытта 10-ға жеткізуді жоспарлап отырмын. Материалды Тараздан, содан соң көбіне Бішкектен алдырамыз. Тауарымызға сұраныс бар. Тіпті Астанадан да тапсырыс қабылдаймыз. Негізгі тұтынушыларымыз, әрине, қаратаулықтар. Қоятын бағамыз қымбат емес. Мысалы, бір футболкамыз 5000 теңге, бас киіміміз 4000 теңге, кешкі сән киіміміз 30000-40000 теңге шамасында тұрады, – дейді Гүлім Балықбаева.
«Нұр-Дос» жиһаз дүкені асханаға, жатын орынға арналған жиһаздарды, сонымен қатар диван, кілемдер мен жапқыштарды сатумен айналысады. Оның қызметіне жеке кәсіпкер Нұрбол Байжанов басшылық жасайды. Бұдан 15 жыл бұрын басталған шаруаның бет алысы жаман емес. Мұнда жиһаздар дүкен ішінде ашылған арнайы цехта жасалып, сатылымға қойылады. Дүкенде 8 адам жұмыс істейді. Қаратаулықтардан бөлек Алматы, Тараз қалаларынан тапсырыс қабылдайтын кәсіпкер айына 15-20 жиһаз сатылатындығын айтты.
«Жиһаздарымыздың бағасы қолжетімді», – дейді жеке кәсіпкер.
Жол жөндеу жұмыстары да қарқынды
2024 жылы аудан орталығында 17 балалар ойын алаңшасы мен 1 шағын футбол алаңы салынды. 2025 жылдың мерзімді кезеңінде 12 ойын алаңшасы тұрғындардың пайдалануына беріліп отыр. Талас ауданы әкімдігінің тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Айдар Абсадықовтың айтуынша, Қаратау қаласында өткен жылы көпқабатты 5 үй (372 пәтерлі) пайдалануға берілсе, биылғы жылы сондай 3 үй (220 пәтерлі) пайдалануға беріледі. Оларға тұрғын үй кезегінде тұрған көпбалалы аналар, әлеуметтің осал тобына жататын жандар қоныстанады. Жол жөндеу жұмыстары да қарқынды жүргізілуде.
Салаға жауапты маман, Қаратау қаласы әкімінің орынбасары Ұлан Сәрсембектің айтуынша, қала бойынша биылғы жылға жөнделуі қарастырылған 10 көшенің 2 көшесі жөнделіп, асфальтталған, қалған 36 көшені 2027 жылға дейін ағымдағы жөндеуден өткізу жоспарланған. 10 көшенің ағымдағы жөндеу жұмыстарына 329 600 000 теңге бөлінсе, қайта жаңғыртылатын 3 көшенің жөндеу жұмыстарына 1 миллиард 133 миллион теңге бөлініп отыр.
Мәдениеттің мәйегі
Қаратау қаласы тек кеншілердің қаласы емес, мәдениет майталмандарының да қаласы. Қаланың тыныс-тіршілігімен таныса жүріп, Ұлбике ақын атындағы мәдениет орталығына бас сұққанымызда осыған көз жеткізгендей болдық. Өйткені дәл осы күні орталықта өткізіліп жатқан қолөнер шеберлері көрмесінің үстінен түстік.
Көрмеге қатысып жатқан Есейхан, Ойық, Қызыләуіт, Ақкөл, Тамды және Аққұм ауылдарының қолөнер шеберлері әзірлеген ұлттық нақыштағы бұйымдарды көзімізбен көріп, сүйсіне тамашаладық. Біз бір өзінде 198 қатысушысы бар 15 үйірме жұмыс істейтін орталықтың жұмысына жетістік тіледік.
Талғат ТАЛАПҰЛЫ
Ұқсас жаңалықтар
Дәріханалардағы дәрі бағасы бір түнде өскені ме?
- 4 желтоқсан, 2025
ЖИ-ді іске асыруда жастардың рөлі ерекше
- 4 желтоқсан, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




