«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Майдангер 98 жаста

Майдангер 98 жаста
Ашық дереккөз
Таразда әскери қызметшілер соғыс ардагерін 98 жасымен құттықтады. Тараз қаласының тұрғыны, Ұлы Отан соғысы мен кеңес-жапон соғысына қатысқан Иван Макеевтің туған күні салтанатты түрде аталып өтті. Ардагер 98 жасқа толды. Батырды құттықтауға «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының әскери қызметшілері мен жергілікті әскери басқару органдарының өкілдері келді.

Мерейтой иесіне ерекше құрмет көрсетіліп, Қорғаныс министрі атынан келіп жеткен Алғыс хат пен сыйлықтар авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосановтың қолымен табыс етілді. Құттықтау хатта оның ерлігі, табандылығы және жеңіске қосқан өлшеусіз үлесі үшін шынайы алғыс білдіріліп, денсаулық пен ұзақ өмір тілеген ақ тілектер жазылған. Ардагер үшін нағыз тосын сый соғыс жылдарындағы әндерді орындаған әскери музыканттардың концерті болды. Жастық шағындағы әуендерді естігенде Иван Федорович көзіне жас алып, қатты толқыды.

Иван Макеев 1927 жылдың 10 шілдесінде дүниеге келген. 1944 жылдың қарашасында әскер қатарына шақырылып, снайперлер мектебін тәмамдаған. Оның бөлімшесі Жапония тарапынан Кеңес одағының шығыс шекарасына қауіп төне бастаған аймаққа жіберіледі. Ол сол жерде ауыр соғыс жағдайында жүргізілген Моңғолия мен Қытай аумағындағы Харбин мен Мукден маңы шайқастарына қатысқан. Жарақат алғанына қарамастан аман қалып, соғыс жолын соңына дейін жүріп өткен. Ол соғыс аяқталған соң Находкада қызметін жалғастырады, ал әскерден 1951 жылы ғана босатылады. Кейін өмірін түгелдей ІІМ жүйесінде, желілік бөлімде қызмет етуге арнайды. Әріптестері оны әрқашан адал, ұстанымы берік және әділ адам ретінде еске алады. Бүгінде Иван Федорович қызы Ольгамен бірге тұрады. Ол әкесіне үлкен мейіріммен қамқорлық көрсетуде.

Ардагердің ұлы – алыс жол капитаны. Үлкен жасына қарамастан майдангер әлі сергек, оның қонақтарды жылы жүзбен қарсы алып, естеліктерімен қуана бөлісіп отыруы осыны аңғартады.

– Әскерилердің құттықтауы мен үшін үлкен мәртебе болды. Бізді, ардагерлерді ұмытпай, іздеп келіп, байланыс үзбейтіндері көңілімді толқытты. Қорғаныс министрінің құттықтау хатын алып, соғыс жылдарының әндерін тыңдағанымда ерекше қуандым. «Катюша» әнімен біз майданға аттанғанбыз. Бұл ән мені жастық шағыма қайта алып келді.– дейді Иван Федорович.

Мұндай кездесулер бізге бейбіт аспанымызды қорғағандарды әрдайым жадымыздан шығармай, оларға құрмет және ризашылық білдіріп тұруымыздың керектігін еске салады.

 

Талғат ТАЛАПҰЛЫ

Ұқсас жаңалықтар