«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Тегін ұшу барлық балаға қолжетімді емес

Тегін ұшу барлық балаға қолжетімді емес
Автор
Ұшақпен ұшу – бір бақыт. Бала күнімізде әуеде қалықтап ұшып бара жатқан ұшақ көрсек, «Самолет, самолет, мені өзіңмен ала кет» деп айқайлап, ұшақ көзге көрінбей кеткенше жүгіруші едік. Бала арманымызда алып ұшақтың қалай көкке көтерілетінін, еңсесін тік ұстап, екі қанатын жайып алып ұшатынын көзге елестетуші едік. Ұшақпен ұшу бүгінде арман емес, жай ғана қажеттілік болып қалды.

Цифрландыру мен ақпараттандыру заманында туған балалары біз секілді таңғалмасы анық. Оларға бәрі алақандағыдай көрінеді. Қазіргі заманның балалары не деген бақытты! Олай дейтініміз, енді балалар ұшақта Қазақстан бойынша тегін ұша алады. Жолы қалай десеңіз айтайық, ел бойынша турпакет аясында балаларға арналған ұшақ рейстері тегін. Бірақ барлық балалар емес, арнайы талаптары бар. 2024 жылы бұл жеңілдікті 20 мың бала пайдалана алды.

2022 жылдың 1 қаңтарынан енгізілген бұл жаңа ереже барша балаға қуаныш сыйламаса да бастамасы жақсы болды. Енді тегін ұшақ билетіне қалай қол жеткізуге болады? Соны айтайық, 2019 жылы қолға алынған «Kids go free» жобасы арқылы 2 жастан 17 жасқа дейінгі балаларға туристік пакет сатып аласыз. Әдеттегіше туристік пакетте жатын орны, тамағы, экскурсиясы кіреді. Тек осы жағдайда ғана сізге ұшу билеті тегін болмақ.

– Бұл жоба ең бірінші кезекте туризмді дамыту, әсіресе балалар туризмін қолға алу мақсатында жүзеге асты. Көптеген ата-аналар демалыстарын тиімді пайдалану үшін, кезекті еңбек демалысын тамаша өткізу үшін турлар сатып алады ғой. Бұл да тура сол секілді. Тек бұл жерде тур сатып алғанда балаларға ұшақ билеті тегін болады. Қазақстанның барлық балалары тегін ұшады деп айта алмаймын. Бұл жақсы бастама. Тек туристік пакет алған жағдайда ғана балалар тегін ұша алады. Басқа жағдайда мүмкіндік жоқ, – деді «KAZAKH TOURISM» ҰК басқарма төрағасының орынбасары Қайрат Сәдуақасов.

Егер сіз Қазақстан бойынша саяхаттауды сүйсеңіз, балаларға еліміздің бай табиғатын көрсеткіңіз келсе, отбасылық туризмге арналған «Kids go free» бағдарламасын пайдалана аласыз. Біріншіден, сіз турпакет сатып аласыз. Турпакетті сатып алғаннан кейін балаларға тегін рейстер аласыз. Бағдарламаның арнайы шарттары бар. Қазақстан бойынша барлық авиакомпания арқылы ұшуға болады. Балалардың санына шектеу қойылмайды.

Балалар ата-аналарымен не жақын туыстарымен ұшуы керек. Әуелі «Kids go free kz» сайтындағы тізімде көрсетілген туроператорларға хабарласасыз. Отбасыңызға сәйкес келетін турпакетті таңдайсыз. Қажетті құжаттарды ұсынып, келісімшарт жасайсыз. Осы бағдарлама арқылы Ақтауға саяхаттағандардың бірі – төрт баланың анасы Сая Ахметова.

– Күнделікті өмірде ата-аналар көбінесе жұмыспен, істерімен және басқа да мәселелермен айналысады. Ал саяхатта сіз балаларыңызбен сапалы уақыт өткізіп, оларға жеткілікті көңіл бөле аласыз. Балалар – кішкентай зерттеушілер. Олар айналасындағылардың бәріне қызығушылық танытады. Бала табиғат, теңіз, таулар, адамдар, ойын-сауық және басқа да жаңа және беймәлім көріністерден керемет эмоциялар ала алады. Саяхат арқасында бала әлемнің әлдеқайда үлкен және көп қырлы екендігін таниды. Психологтардың бақылауларына сәйкес, жиі саяхаттайтын балаларда сөйлеу, есте сақтау, ойлау және шығармашылық қиял жақсы дамыған. Сондықтан мен балаларымның саяхаттағанын қалаймын, – дейді ол.

Жас туристер мен олардың ата-аналары арасында ТОП-3 тізіміне кіретін туристік бағыттарға Ақтау, Алматы және Түркістан қалалары кіреді. 2023 жылдың жазында «Kids go free» тренді Алакөл көліне саяхат турын ашты. Сонымен қатар туроператорлар жаңа бағыттарды әзірледі. Олардың қатарына Көкшетау + Бурабай курорты, Петропавл + Имантау-Шалқар, Павлодар + Баянауыл, Қарағанды + Қарқаралы бағыттары бар. Бағдарлама арқылы Астанада «Оазис» жағажай клубы мен «BalQaragai» демалыс аймағы және «Ailand» отбасылық демалыс орталығы, «Жетісу» саябағы таптырмас жанға жайлы орындарда қыдыруға болады. Турпакет 4-5 күнге есептеледі. Барған қалаңыздағы қонақ үйге тоқтап, ас ішіп, экскурсовод алсаңыз болады.

Алматыда балалармен демалуға арналған орындар тізіміне «Kids go free» ботаникалық бақты, «Family Park» пен «AlmatyHawaii & Miami Аквапаркі», орталық мәдениет және демалыс саябағын ұсынады. Кесенелер мен әулиелерді аралау, көне де киелі қала Түркістанда баруға болатын ұсыныстарға – «Қожа Ахмет Ясауи» мен «Арыстан баб» кесенелері көрсетілген. Бұл жайында оператор Кәмшат Орынбекқызы әңгімеледі.

– Балалар тарихқа сүңгіп, қазақтың ұлы хандары, батырлары мен билері туралы көптеген аңыздар және дастандармен таныса алады. «Керуен Сарай» кешенінде демалуға болады. Кешенге Жібек жолы дәуіріндегі саудагерлер мен қолөнершілер көшесі, «ұшатын театр», ат шоуын өткізуге арналған амфитеатр, Шығыс базары, сауда қатарлары мен бутиктер, қонақ үйлер мен мейрамханалар, СПА және фитнес, кинотеатр және отбасылық ойын-сауық орталығы кіреді. Қазақстанның үздік қолөнершілерінен мастер-класс алуға болады. Бір кездері Түркістан арқылы Ұлы Жібек жолы өтті. Сондықтан елдің оңтүстігінде өз қолөнерін ұрпақтан-ұрпаққа жеткізген үздік қолөнершілер өмір сүреді деп саналады. Бүкіл отбасы үшін қызығушылығы бойынша мастер-кластарға қатысып, шынымен ерекше шеберлікке үйренуге қызықты мүмкіндіктер мол деп ойлаймын, – дейді ол.

Нақты өткізетін құжаттарыңызға келер болсақ, ата-ананың жеке куәлігі, балалардың туу туралы куәлігі және туроператорлармен келісімшарт қағазы, төлем жайлы түбіртек керек. Біз туроператорларға хабарласып, төлем бағасын да білдік. Ол баратын адамның санына, қонақ үйдің сапасына, ас-судың бір реттілігін бе, әлде үш мезгіл тамақ па, міне осыларға байланысты болатынын естідік. Баға әрқилы. Себебі түсінікті. 300 мың мен 1 миллионның арасы. Тур сатып алу арқылы ақшаңыздың 30-40 пайызын үнемдейсіз. Қазақстан мен шетел арасында ұшатын ұшақтарда балаларға жеңілдік бар ма? Енді осы мәселені қарастырайық. 2 жасқа дейінгі сәбилер көп жағдайда тегін ұшады.

Дегенмен тіркеп, «бос билет» алуыңыз керек. Әйтпесе, балаңызды қалдырып кетуге, не өзіңіз де қалуға мәжбүр боласыз. 2-12 жас аралығындағы балаларға орын алу міндетті. Көбіне бағасы ересектер билетінің жартысына жуық болады. Тағы бір айта кететін жайт, егер дәл ұшатын кезде бала екіге толып қойған болып, билет алғанда «екі жасқа дейінгі бала» деп көрсетсеңіз, баланы өткізбейді. 3 жасқа дейінгі балалардың арбасын тегін тасымалдайды.

Мүгедек балалар тегін ұша алады. Біздегі әуекомпаниялардың ішінде мұндай жеңілдік тек SCAT-та бар. Бірақ жылына бір рет қана алуға болады. Әрі баланың жанында міндетті түрде ересек адам еріп жүруі керек. Оған билетті кәдімгі тарифпен алады. Баланың мүгедек екенін растайтын құжатты көрсету міндетті. Жеңілдікпен берілетін билеттер SCAT әуе компаниясының сату кеңселері мен өкілдіктерінде ғана рәсімделеді. Елімізде 2 миллионға жуық бала бар екен. Күн өткен сайын Құдайға шүкір, демографиялық ахуал жақсарып келеді. Алайда тегін билет барша балаға қолжетімді емес.

Дегенмен де тәй-тәй басқан бастаманың қарқыны жаман емес. Біртіндеп оңалып кетуі бек мүмкін. Жұртшылықтың қызығушылығын тудырған бұл жаңалық жақсылығымен келгей. Әзірге барды ұқсатып пайдалансақ та игі.

 

Эльмира БАЙНАЗАРОВА

Ұқсас жаңалықтар