«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Киікті ату – дала аңын емес,баба аманатын нысанаға алу

Киікті ату – дала аңын емес,баба аманатын нысанаға алу
Автор
Сонау жыраулар кезеңінен бастап, қазіргі поэзия мен прозада да киік тазалық пен пәктіктің бейнесі ретінде суреттеліп келеді. Киік – қазақтың жырдастандарында, мақал-мәтелдерінде жиі кездесетін киелі жануардың бірі. Оның бейнесі халқымыздың табиғатпен үйлесімді өмір сүруінің символы ретінде қалыптасқан. Киікті қыру – тек табиғатқа емес, ұлттың рухани мұрасына жасалған қастандық.

Қазақ қашанда «Киікті атпа! Киесі ұрады» деп, оны атуға жүрексінген. Ал қазір ше? Киіктің киесіне қарап жатқан ешкім жоқ. 2025 жыл еліміз үшін «киік дауының» қайта бас көтерген жылы болды. Ауыл шаруашылығы министрлігі киіктердің саны шамадан тыс көбейіп, жайылымды таптап жатыр деген уәжімен атуға рұқсат берді.

Бастапқыда бұл әрекет реттеу мақсатында жүргізіледі делінсе де, шын мәнінде бизнеске айналып бара жатқан сыңайлы. Себебі, киік етінен консерві жасау, оны ішкі нарыққа шығаруы туралы нақты жоспарлардың бар екендігі айқындалуда. Жайылым тапталды деу – көпқырлы мәселенің бір ғана жағы. Кеше қуаңшылықтан әлсіреген мал үшін алаңдаған ел, бүгінде киіктің молаюын ойланарлық жағдай деп қарай бастады.

Алайда табиғат өз заңымен тіршілік етеді – кейде көбейіп, кейде сирейді. Сол заңдылыққа ықыласпен қарап, тепе-теңдікті сақтап үйрену – біздің саналы қадамымыз болмақ. Табиғаттың бергенін реттеп емес, ретімен қабылдай білсек, ұтыларымыз жоқ. Бүгінде Батыс Қазақстан облысында киік санын реттеу мақсатында ату жұмыстары басталды. 2025 жылғы авиациялық есеп бойынша, өңірдегі киіктер саны 2,3 миллион басқа жеткен.

Ғалымдардың айтуынша, популяцияға зиян келтірмей, оның 20 пайызына дейін – шамамен 460 мың басқа дейін ғана реттеуге болады. Ауланған киіктердің еті арнайы белгіленген ет өңдеу кәсіпорындарына жеткізілмек. Бұл шешім қоғамда түрлі пікірлер туғызуда. Бір тарап экологиялық тепе-теңдікті сақтау мен ауыл шаруашылығы алқаптарын қорғау қажеттілігін алға тартса, екінші тарап киікті ұлттық байлық ретінде сақтауымыз қажеттігін алға тартуда. Киік – жай ғана аң емес, экожүйенің теңгерімін сақтап тұрған тірі тетік. Оның табиғаттағы пайдасы да ұшаң теңіз.

Біріншіден, киік – шөпқоректі жануар ретінде далалық өсімдіктердің тепе-теңдігін сақтап, жер шарын шөп басып кетуден қорғайды.

Екіншіден, ол – жыртқыш аңдардың азығы, яғни киіктің көп болуы қасқыр, қарсақ секілді жыртқыштардың ауыл шаруашылығы малдарына шабуыл жасауын азайтады.

Үшіншіден, киік жүрген аймақ – таза, экологиялық тепе-теңдігі сақталған жер. Киік таза су ішіп, таза ауа жұтатын жануар. Ол жүрген өңір – табиғи фильтр. Киік арқылы біз даланың жағдайын да, климаттың өзгерісін де бақылай аламыз.

Төртіншіден, киік – рухани, мәдени мұра. Қазақ даласында өмір сүрген ақын-жыраулар шығармаларында киікті табиғаттың шынары, сұлулық пен еркіндіктің символы етіп бейнелеген.

Сондықтан киікті ату емес, қорғау – табиғатты да, тарихты да сақтаудың көрінісі. Киіктің пайдасы – тек биологияда ғана емес, ұлттың болмысында жатыр. Осы орайда киікті ату бойынша да ғалымдардың пікірі әртүрлі. Бірі «реттеу керек» десе, енді бірі «бұл қырып-жоюдың бастамасы» деп дабыл қағуда. Ал халықтың пікірі тіптен алаңдатарлық. Әлеуметтік желілерде «Киікті қыру, қате шешім» десе, енді бірі «Еттің түрі құрып қалғандай, киіктің етін жеу не масқара!» деген сынды жазбалар күн сайын көбеюде. Мәселе тек киікте емес. Мәселе – біздегі құндылық өлшемінің өзгеріп бара жатуында.

Ақша мен табыс алдыңғы орынға шыққанда, кие деген ұғым екінші қатарға ысырылуда. Бірақ ұлттың рухани өзегі дәл осы киелі дүниелерде жатқанын естен шығара берсек, ертең ұлттық болмысымыздан айырылып қалуымыз әбден мүмкін. Керісінше киікті атудың орнына басқа, табиғатқа да, қоғамға да залал келтірмейтін оңтайлы жолмен шешімін қарастырып көруге болады. Мысалы:

1. Миграциялық бағыттарды реттеу: киіктердің көші-қонын ғылыми негізде зерттеп, арнайы табиғи қорық аймақтарын кеңейту. Бұл олардың ауыл шаруашылығы жерлеріне кіріп кетуін азайтады.

2. Киік популяциясын қадағалау: заманауи GPS белгілеу, дрон арқылы бақылау жүргізіп, нақты деректер негізінде шешім қабылдау.

3. Киіктермен қатар өмір сүруді үйрететін аграрлық саясат: малшылар мен шаруаларға киікпен қатар өмір сүрудің жолдарын үйрету, агроэкожүйені бейімдеу.

4. Қоғамдық түсіндіру жұмыстарын күшейту: киік – киелі жануар екенін жастардың санасына сіңіру, медиа арқылы ұлттық санада қайта жаңғырту.

5. Туризмге пайдалану: киік жүрген аймақтарды экотуризм нысанына айналдыру. Бұл әрі табыс көзі, әрі табиғатты қорғау тетігі болар еді.

6. Қоректік база жасау: қуаңшылыққа бейім жерлерде арнайы шөп егу арқылы киікке арналған табиғи азық алаңдарын қалыптастыру.

Осы сынды шешімдер табиғатты да, рухани құндылықты да сақтауға мүмкіндік береді. Киікті ату – ең оңай, бірақ ең қауіпті жол. Ақыл мен парасатты таңдау – бүгінгі ұрпақтың парызы. Қорыта айтқанда, киікті ату – тек дала аңын емес, баба аманатын нысанаға алу.

Даланың үнін өшіру, киені жоққа шығару. Киікті қыру – табиғатқа жасалған қиянат қана емес, рухани жадымызға мәңгілік өшпейтін таңба салу. Киелі жануардың қаны даланы емес, ар-ожданымызды былғап кетпесін. Киік – тіршілік тынысы. Киік – қазақтың тектілігі. Киік – жаратылыстың аманаты, сол аманатқа қиянат жасамау – нағыз ұлтқа тән ұлық іс.

 

Нұрсұлтан НҰРХОЖАЕВ,

М.Х.Дулати атындағы Тараз университеті Қазақ филологиясы мамандығының 3-курс студенті.

Ұқсас жаңалықтар