Өнер жолына әкем тартты
– Қайрат Әшірәліұлы, сізді көпшілік мемлекеттік қызметкер – құрылысшы ретінде де, ақын-композитор ретінде де жақсы таниды. Меніңше сіз шығармашылық адамы болуды бала кезден армандаған сияқтысыз. Бірақ құрылыс саласына бұрылып кетуіңізге не себеп болды? Әлде біреулер әсер етті ме?
– Иә, кішкентайымнан өнерге жақын болдым. Анамның ән айтатыны бар еді. Ал әкем музыкаға онша құмар болмады. Бірақ, үйде аккордеоны болатын. Соны бір саусағымен басып отырып «Әке жыры» деген әнді тартуды үйреткені бар. Осы жайт маған түрткі болып, басқа әндерді тартуды өзім үйреніп алдым. Кейін аккардеон ауыр болғандықтан екі түймелі гармошкаға ауысып, соны үйрендім. Әлі есімде, 4-сыныпта «Біздің ағай тамаша» деген әнді айтып, аудандық көркемөнерпаздар байқауынан жүлде алып қайттым. Жалпы, мені өнер жолына өзі әнші болмаса да, өзі ән айтпаса да әкем тартты деп ойлаймын. Біздің кезімізде жігіттер кешке жиналып домбыра, гитара тартып, төңірегін думан қылып отыратын. Ауылымызда бір-ақ гитара бар. Кішкентай гитара.
Бізден 3-4 жас үлкен ағаларымыз сол жалғыз гитарамен ән айтып жатқанда мен олардың қай пернені қай саусақпен басатынын көріп, іштей жаттап отырамын. 6-сыныпта жүргенде біздің ауылдың бір жігітінде Львов деген концертке арналған гитара бар екенін білдім. Қайдан келгенін білмеймін, бірақ бағасы қымбат болғаннан кейін шығар, оны көп жерге шығармайды екен. Сол жігіт әскерге кетерінде гитарасын сататын болып, әкеме соны сатып әперуді өтіндім. Әкем «тарта алмайсың ғой» деп бір ауыз айтқаны болмаса қарсы келген жоқ, ақшасын төлеп, алып берді. Сонымен таң атқанша ән айтып шыққаным есімде... Сөйтіп гитараға деген құштарлығым басталды. Жалпы алғанда әкем біздің бетімізден қақпайтын, қайта әр ісімізді қолдап, көмек беріп отыратын. Әкем – мектеп директоры, анам мұғалім болды. 8-сыныпты бітіргенде әкеме «музыкант болғым келеді» деп арманымды айттым.
Біздің ауданда Ленинск деген жерде кешенді мектеп бар еді. Музыка, спорт, техника, табиғаттану бойынша тереңдетіп білім беретін. Соның музыка бойынша мектебіне түскім келді. Бірақ ол мектептің басшылығы «сен 9-сыныпта оқисың, есейіп кеттің, бізге 2-сыныптан кейін келуің керек еді» деп қабылдамай қойды. Сосын амал жоқ, сол Ленинскідегі спорт мектебіне түсіп, күреске қатыстым. Сөйтіп екі тоқсан оқып, жаңа жылда ауылға каникулға келсем, совхоз орталығында жаңадан ансамбль құрылыпты. Тіпті совхоз басшылығы ансамбльге күшті аппаратура әперіп, адам жинап жатыр екен. 9-сыныптың баласы болсам да бағымды сынап көрейін деп клубқа бардым. Жауынбай деген ағай бас гитарада, Қуанышбек ағай баян тартады, барабанда Нәстай деген аға. Енді бұлар гитарада ойнайтын солист таппай жатыр екен. Адамдар келіп ән айтып, өнерін көрсетіп жатыр. Бір кезде «Ағай, мен де ән айтайыншы» деп қолымды көтердім. «Кел, айт» деді. Екі ән айтқаннан кейін «қайда оқисың?» деп сұрады. «Ленинскіде оқимын» деп едім, «А-а, онда болмайды екен» деп басын шайқады. «Егер мен ауысып келсем, ансамбльге аласыздар ма?» деп мен де қоймаймын. «Ауысып келсең, аламыз» деді. Мен үйдегі балалардың үлкені болғандықтан әжемнің баласы саналамын. Басқа-басқа әжем менің айтқаныма сенеді. Содан әжеме келіп қара аспанды төндірдім ғой. «Интернатта менің көрген күнім күн емес, күнде ұрады, қарным аш, енді бармаймын, апа» деп...
Апам да мен ойлағандай шалқасынан түсіп, «жібермеймін» деп шырқырап кетті. Ал әкем өтірік айтқанымды сезді, бірақ қарсы келмеді, «қайтсаң, қайт» деді, болды. Сөйтіп ауылыма қайта оралып, совхоз құрған ансамбльге солист болып қабылдандым. Бір жылдан кейін мен тоғызыншы сыныпты бітіргенде барабанда ойнайтын ағамыз әскерге кетті, баянда ойнайтын ағамыз Мойынқұм ауданындағы мәдениет үйінің директоры болып ауысып кетті, жетекшіміз Ленинградқа кәсіподақтың жоғары мектебіне оқуға кетті. Сонымен ансамбльде жалғыз қалдым және бүкіл жаңа аппаратура да менде қалды. Жаз шыға каникулда аппаратураны үйге алып кеттім. Совхоз басшыларының кеңдігі ғой, 9-сыныпта оқитын балаға бәрін сеніп беріп қойған. Екі-үш сыныптасымды шақырып, күнде ойнаймыз, дайындаламыз. Сөйтіп қыркүйекте дайын ансамбль құрып шықтық.
Біздің ансамбліміз аудандағы жас ансамбльдердің бірі болды. Өнердегі жолым осылай басталды. Бірақ Алматыға консерваторияға оқуға барғым келіп еді, әжем жібермеді. Жасыратыны жоқ, сол 1980 жылдары әртістерге деген елдің көзқарасы дұрыс емес еді, «ойбай, әртіс болсаң бұзылып кетесің, арақ ішесің» деген әңгімелер өршіп тұрған. Әжеме осы ұнамады. Сонымен Жамбыл гидромелиоративтік құрылыс институтына оқуға түстім. Бірақ өнерден алыс кете алмадым. Институт қабырғасында қызылордалық Сәкен, жетісайлық Қайрат және жамбылдық Сұлтан деген жігіттермен бірігіп, төртеуміз факультеттің ансамблін құрдық. Жатақханада біраз аспаптар бар екен, соны іске қостық. Сонымен қатар институтта оқып жүріп бимен де айналыстым. 1985 жылы 3-курсты бітіріп жатқанда Мәскеуде бүкіл дүниежүзілік жастар мен студенттердің ХІІ фестивалі өтіп, соған қатыстым. Институт басшылығының да, облыстық комсомол комитеті басшыларының да таңдауы маған түсіп, Мәскеуге ұшақпен барып келдім.
Былайша айтқанда, құрылыс саласына тағдырдың өзі айдап келген екен ғой... Атаананы, үлкенді сыйлап өскеніңіз көрініп тұр...
– Иә, әкем 1970 жылы ауылдан үй салды. Ол кезде кішкентай баламыз ғой. Ауылдағылар «Ойбай, Әшірәлі үлкен баз салып жатыр екен» деп сыртымыздан біраз әңгіме қылыпты. Ол кезде біз қоржын тамда тұратынбыз. Жанында атамның үйі. Кейін құрылысты түсініп, пайымдайтындай жасқа жеттік қой. Сол кезде әкем үйді қазіргі заманға сай қылып салғанын байқадым. Залының ұзындығының өзі 6 х 9 метр, 2 жатын бөлме, 1 шағын зал, шынында сол заманда ең үлкен үйдің бірі болды. Кейде үйге келген қонақтар «Бұл үй соңғы үлгімен салынған екен» деп жатады. Жоқ, бұл 1970 жылы салынған үй, әкеміз сол кезде осындай үлгімен салған екен деп айтып жатамыз. Әкемнің осы әрекеті де құрылысқа деген қызығушылығымды оятқаны анық. Кезінде атамыз тұрған қоржын тамды жаңарттық. Тым көне болса да жөндеп, екі бөлмесінің бірін отбасылық намазхана жасадық. Әкем салған үй де тұр. Қасында бертінде салынған, жаздық шағын үй бар. Оны біз салып бердік. Сонда бір аулада үш ұрпақтың қолынан шыққан шаңырақ тұр деген сөз. Үйге келген қонақтарға бұл үш шаңырақты міндетті түрде көрсетіп, тарихын айтамыз.
Менің әкем отбасында екінші ұл. Атамыздың алдыңғы жұбайынан бір ұлы болған. Содан кейін біздің әжемізден осы менің әкем туылған. Негізі әжем 14 құрсақ көтерген, бәрі шетінеп кете беріпті. Ақыртөбеде Топағаш деген әулие ағаш бар. Сол жерге барып түнеп, әулиеден сұраған ғой. Сонда түсіне бір ақсақал кіріп, кішкентай қанжар беріпті. Өткір қанжарды түсінде әжем риза болып қабыл алған екен. Содан осы әкем дүниеге келеді. Әкем өте қатал болатын. Сабақ берген кезде сыныпта шыбынның ұшқан ызыңы естіліп тұратын және алғыр еді. ҚазПИ-де оқыды. Студент кезінде шахматтан институт құрамасының мүшесі болған. Бертінде де ауданда шахматтан жарыстар өткен кезде ұйымдастырушылар «сіздің комбинацияларыңыз өте керемет» деп шақырып тұратын.
Аудандағы үздік математиктердің бірі болды. Қойшының баласы ғой, жас кезінде «осы ауылдағы мектепте мұғалім болсам, директор болсам» деп армандайды екен. Сол 28 жасында ауылдағы 8 жылдық мектепке директор болды. Мұғалім болды, арасында завуч болды, қайтадан директор болды. 30 жыл сол мектепте басшылықта болып, 1998 жылы 58 жасында қайтыс болды. Атам Бисембай бір сөзді кісі болған екен. Мал базарға барған кезде қалтасында ақшасы жоқ болса да «Бисембайға сенуге болады» деп сатушылар малын қарызға беріп жіберетін көрінеді. Ал әжем марқұм бір намазын қаза қылмаған кісі еді. Көршілер, абысын-ажын, кемпірлер жиналып шай ішеді ғой. Сондай жиындарға әжем бармайтын. «Неге бармайсың?» дегендерге «ол жерде өсек айтылады, маған оны естіген харам болады» дейтін.
Осылайша қонаққа көп бармайтын әулие жан еді. Оқыған намазын, ұстаған оразасын еш қаза қылмай, 86 жасында қайтыс болды. Өтірік айтпауды осы әжемнен үйрендім. Кешірімді болуды анамнан үйрендім. Анамыз Ақмола облысының қызы. Институтта әкемді төртінші курстан кейін сол жаққа тәжірибеден өтуге жіберген екен. Сонда мектепте 9-сыныптың қызын көріп, бір-бірін ұнатып, әкем өз өтінішімен сол мектепке екі жыл қатарынан тәжірибеден өтуге барып, анаммен сөз байласып, екеуі үйленген. Анам 2017 жылы қайтыс болды. Өте кешірімшіл жан еді.
«Қайрат, адамдарға өкпелеме, босқа өзің ауырасың, жүрегің ауырады. Сондықтан кешіре сал, шақырса, тойына бара сал. Көмек сұрап келген болса, қолыңнан келсе, көмектес. Көмектесе алмасаң да жылы қабылда» деп айтып өтті анамыз. Міне, құрылыс саласына деген қадамым әкеме еліктеуден, соған ұқсаудан басталған сияқты. Жалпы ата-анам, ата-әжем мен үшін идеал жандар. Өмір бойы соларды үлгі тұтып келемін және ұрпағына да өнегесін айтып келемін.
Бәрінен бала кездегі достар артық
– Балалық шақ дегенде ең алдымен көз алдыңызға қандай көріністер елестейді? Қандай жайттар еске түседі? Жалпы қандай бала болдыңыз? Ортаңыз қандай болды?
– Біздің балалық шағымыз керемет кезеңде өтті ғой. Қазіргідей телефонға шұқшиып немесе теледидарға телміріп жататын кез емес. Кешке таман өрістен мал келеді. Мал өрістен қайтардың алдында ауылдың балалары жиналып, ақтереккөктерек деген ойын ойнайды. Доп тебеді. Малдың өрістен келіп, бәрінің абыр-сабыр болып жатқаны – біз үшін мереке. Балалар арасында достық деген қасиет керемет еді. Менің «Бала дос» деген өлеңім бар.
Балалық бірге басталған,
Ержету болып – басты арман.
Артықсың өзің бала дос,
Өмірде басқа достардан, – деген жолдары бар. Әрине, өмірде дос көп. Әріптестер, курстастар, басқа да достар. Бірақ, бәрінен бала кездегі достар артық, оған басқа достарым ренжімес деп ойлаймын. Ауылға барсам, сол достарымды іздеймін. Сонда келіншегім айтады «Қайрат, сен ауылға келсең, біртүрлі сөйлейсің» деп...
«Бота, мен ауылда өз тілімде, бала кездегі достарымның тілінде сөйлеп отырмын» деп айтамын. Шынында достарымды сағынып барамын ғой. Ауылдағы достарың үшін сен бастықсың ба, қандай көлікпен келдің, не киіп жүрсің, ол жағы қызықтырмайды. Бәрі тең, бәрі бірдей. Не айтсаң да жарасады. Әлі күнге дейін бас қосып тұрамыз. Балалық кез дегенде ең алдымен сол бала достарым көз алдыма келеді. Өкінішке қарай, біразы өмірден өтіп кетті.
– Қызмет – шығармашылықтың жауы деп жатады. Мемлекеттік қызмет сіздің талантыңызды толық танытуға кедергі жасаған жоқ па? Сіз шығармашылық жұмыспен қай кездерде айналысасыз?
– Негізі қай жерде, қандай жұмыс істесең де жаныңды салып істеуің керек. Әйтпесе жұмысыңнан нәтиже болмайды. Бұл да әкемнің айтқан өсиеті. «Балам, Алла қолдап қандай қызметке барсаң да, алдыңа келген адамдарды дұрыс қабылда. Содан кейін артыңнан адам тасыма. Сол жердің халқын құрметтеп, сол елдің азаматтарымен жұмыс істе» деуші еді. Бүгінгі күнге дейін қай жерде қызмет етсем де, өзіммен бірге ешқандай кадр әкелген емеспін. Шығармашылық өзі көңілдің күйінен туындайды ғой. Кейде бір нәрсеге риза болып, көңілің асқақтайды. Немесе көңілің түсіп, ренжіген кезде көкірегіңде бір мұң пайда болады. Ол әнге немесе өлеңге айналады. Мен үнемі қызметте келе жатырмын.
Рас, қызмет қолды байлайды, былайша айтқанда шығармашылықпен алаңсыз айналысуға мүмкіндік бере бермейді. Жалпы, мен өзімді ақынмын немесе сазгермін деп айтқан емеспін. Өйткені өзімнің дүниелеріме керемет деп баға бере алмаймын. Сәтті шықты ма, сәтсіз шықты ма, бағасын халық береді. Сосын мен кез келген уақытта отыра қалып, төгіп-төгіп жазып тастай алмаймын. Тапсырыспен мүлдем жаза алмаймын. Өлең де, ән де өзі көкейге келеді, іштей қайнайды, піседі, сөйтіп азғана уақытта дайын боп түсе қалады. Институтты бітіргеннен кейін жолдамамен Торғай жеріне келіп, жарты жылдан аса уақыт жұмыс істедім. Бірақ тұрғын үймен қамтамасыз ете алмады. Оны жергілікті басшылардың өздері де түсініп, ақырында «Ауылыңа қайтасың ба?» деп ұсыныс жасады. Сонымен ауылға қайттым. Ауылдағы совхоз директоры бірнеше жұмыс ұсынды. Совхоздың профкомы Болат Махамбетқұлов директорға алып кіріп, әбден мақтады. Директор «Өз ауылыңа меңгеруші болып барасың ба?» деп сұрады. «Бармаймын. Шаруашылықты білмеймін» деп бас тарттым. Мамандығым – құрылысшы. «Бізде прораб бар. Соның жанында екінші прораб бол» деді. Оған да барғым келмеді. «Гидротехник боласың ба?» деді. Ол жұмысты да білмеймін.
«Енді сені қандай жұмысқа жіберсем екен? Айтпақшы, бізде орталық клуб меңгерушісінің орны бос тұр. Өнерлі азамат екенсің, соған барасың ба?» деді. «Барамын» дедім бірден. «Әй, сен жоғары біліміңмен завклуб болуға келісіп отырсың ба?» деп қайталап сұрады. «Аға, боламын, қолымнан не келетінін сіздерге көрсетемін» дедім. Клубтар ауылдық кеңеске қарайды екен. Ауылдық кеңестің төрағасы Қола Назарбеков деген керемет кісі болатын. Сол кісі арнайы бір штат ашып, екі адамның жалақысын алатын болдым. Осы қызметте жүріп екі ансамбль құрдым.
Біреуі – эстрадалық ансамбль. Тез танылып, тіпті бізді облыста өтетін ісшараларға шақыратын болды. Екіншісі – «Сұлутөр перзенттері» фольклорлық ансамблі, жеті жігіттен тұрады, көп дауыста айтады. Сол заманда ол да біраз жетістіктерге қол жеткізді. 1992 жылы өткен қазақтардың бірінші құрылтайына біздің ансамбльді арнайы шақырып, Алматының үлкен сахнасында Роза Рымбаева, Марат Омаровтармен бірге ән айтқанымызды мақтаныш тұтып қайтқанымыз бар. Екі жыл завклуб болып, совхоздың өнері мен мәдениеті ауданда ең алдыңғы орынға шықты. Содан кейін комсомол ұйымының хатшылығына сайлауға түсіп, жеңіске жетіп, комсорг болдым.
1991 жылы Ленинградтағы жоғары партия мектебіне тыңдаушылар қабылдап жатыр дегенді естіп, Алматыға барып емтиханын тапсырып, партия мектебіне түстім. Енді жолға шығуға дайындалып жүргенде тамыз айында Мәскеуде үлкен көтеріліс, яғни, бәрімізге белгілі путч болып, артынша партия тарап кетті. Сөйтіп Ленинградқа бармай қалдым. Комсомол да тарап кеткендіктен совхоз директорының жастар ісі жөніндегі орынбасары болып тағайындалдым. 1993 жылы ауылдық кеңестің төрағасы Қола Назарбеков көкеміз зейнет жасына шығып, артынша қайтыс болды. Сол қызметке сайлауға түсіп, ауылдық кеңестің төрағасы атандым. Арада төрт ай өткенде әкімшілік жүйе пайда болды. Ауданның алғашқы әкімі С.Садықов мені Өрнек ауылына әкім етіп тағайындады. Сол жерде төрт жыл қызмет еттім.
1,5 жылда мемлекеттік тілдің үлесін 96 пайызға жеткіздік
– Талай қызмет атқардыңыз. Ұзақ жыл басшы да болдыңыз. Соның ішінде қайсысын ерекшелеп айтар едіңіз?
– Жалпы атқарған қызметтерімнің ішінде – Алматы облысы, Қаратал ауданындағы кездерімді сағынышпен еске алып отырамын. Осы ауданда сегіз жыл, яғни, бес жыл аудан әкімінің орынбасары, одан кейін үш жыл ауданның әкімі болып қызмет еттім. Мен үшін ең бір кереметі – өзімнің бар мүмкіндігімді пайдаланып, қолымнан іс келетінін көрсете алдым деп ойлаймын. Күні бүгінге дейін сол аудандағы танитындар – үлкені бар, кішісі бар хабарласып тұрады. Осыдан екі жыл бұрын Қаратал ауданы жазушы Кемел Тоқаевтың 100 жылдығын атап өтті. Қонақ ретінде шақырды. Үлкен той болды.
Жамбыл облысының делегациясы құрамында ағамыз Еркінбек Солтыбаев та келген екен. Сол ақсақалдар сыртымыздан байқап отырыпты. «Қайреке, сізді осы елдің орысы да, кәрісі де, үлкені де, кішісі де құрметтейтінін көрдік. Сіз келген кезде сыртыңыздан қарап қызығып, риза болып отырдық. Бәрі келіп амандасып, суретке түсейікші деп сүйреп жатыр», – дейді Еркінбек ағамыз. Тура осы сөзді жақында ғана маған Алматы облысының әкімі қызметін атқарған Амандық Баталов та айтты. «Қайрат, сен ауданда жақсы жұмыс істедің, қаншама тірліктің басын қайырдың. Жанымызды қоймай, республикадан қаншама қаржы алып келдің. Сен барған кезде ауданның көрсеткіштері төмендеу еді. Сен бірбір жарым жылда соның бәрін көтеріп, кейбір позицияларды алдыға шығардың. Мен бәрін көріп отырдым ғой. Сол тойда сыртыңнан қарап отырып, сені сонда әкім қып қойғаным дұрыс болған екен ғой деп қуанып отырдым.
Мынау Қараталдың адамдарының барлығы бір атақты адам келгендей саған келіп амандасып, құшақтап, суретке түсіп, бетіңнен сүйіп, қимай, бәрі қасыңда жүргенін көріп, қатты сүйсініп қалдым. Саған рақмет, Қайрат, менің сенімімді ақтадың», деп Амандық ағам ризашылығын білдірді. Қаратал ауданы әкімінің орынбасары кезімде құрылыс, архитектура, тұрғын үй шаруашылығы, энергетика, байланыс саласы, одан аудан әкімі Қыдыргелді Медеуов ағамыз «қабілетің жақсы екен» деп білім, денсаулық сақтау және мәдениет салаларын да қосып берді. Былай қарап тұрсаң, Қаратал қазақи аудан болып көрінеді, дегенмен ауданда 34 ұлт пен ұлыстың өкілдері тұрады. Яғни, 1937 мен 1944 жылдар аралығында Қаратал ауданына сырттан көп халықты депортация жасаған. Ономастика комиссиясы маған қарады. Сондағы байқағаным, ауылдың аттарының барлығы дерлік орысша. Жұмысты осыдан бастадым.
Жалайыр деген атаның 18 әулиесі – атақты Ескелді, Балпық, Жолбарыс билер осы ауданда жерленген. Аудан орталығы Үштөбе қаласына кіреберісіне «Қасиетті Қаратал – әулиелер мекені» деген шығыс стилінде арка қойылды. 7 әулиенің суретін жолдың бойына билборд қып ілдім. Сонымен қатар әулиелердің сөздерін жазып қойдық. Кейін елдер айтады ғой, машинамен жүйіткіп келе жатқандар бабалар суреттерінің тұсына келгенде кәдімгідей жай жүріп, рухына бас иіп өтетін деп...
Әкімдікте мемлекеттік тілдің үлесі 34- ақ пайыз екен. Ауданда тілге жанашыр 3 кісі бар еді. Солардың біреуін бөлімге басшы, екеуін қызметкер қылдық. Осындай табанды жұмыстардың нәтижесінде 1,5 жылда мемлекеттік тілдің үлесін 34 пайыздан 96 пайызға жеткіздік. Ономастика комиссиясының шешімімен 1,5 жылдың ішінде 9 ауыл, 2 ауылдық округ, 6 мектеп, 43 көшеге қазақша атау бердік. Әлі есімде, республикада ең алғашқылардың бірі болып белгілі спортшы Бекзат Саттархановқа Үштөбе қаласынан көше бердік. Осындай еңбектерімді бағалап, Алматы облысының сол кездегі әкімі Серік Үмбетов облыстың Құрмет грамотасымен марапаттады. Ал 2017 жылы сол облыс басшылығының ұсынысымен «Құрмет» орденінің иегері атандым.
Біздің әулетке түскен келіндерге алдымен анамның ақ жаулығы салынады
– Қайрат аға, қайбір кезде өзіңізбен сөйлескенде «Біздің қара шаңырақта бір дәстүр бар, жаңа түскен келін ауылдағы қара шаңыраққа түседі, сол жерден алғашқы тіршілігін бастайды» деген сияқты едіңіз. Егер шатаспасам, осыған ұқсас бір керемет әңгіме айтқансыз. Ауылдағы қара шаңырақ, ағайын-туыспен байланыс, жалпы ұлтымыздың салт-дәстүрі, қазіргі жастардың тәрбиесі туралы не айтуға болады? Сіздің әулеттің елге үлгі болатын қандай ерекшелігі, тәртібі, өз ережесі бар?
– Иә, 1998 жылы әкеміз дүниеден өткеннен кейін анамыз 4 ұл, 1 қызды жинап, «Әкелерің келмеске кетті. Өте жақсы адам еді. Мен ризамын. Енді мен аналарың болғаныммен сендерге әкелеріңдей бас ие болмаймын. Әулетті бір ер адам басқаруы керек. Сондықтан Қайрат ағаларың бүгіннен бастап сендерге әке орнына әке болады. Ағалық пен әкелікті қатар алып жүреді», деп айтты. Содан бауырларыма «Маған Алла қандай күш-қуат, қандай мүмкіндік береді, еліме адал қызмет етемін, қолымнан келгенше сендерге және балаларыңа қамқор боламын. Менің өз балаларыма не жақсылық жасаймын, сендердің балаларыңа да соны жасаймын. Менің балаларыма жасаған тойды сендердің балаларыңа да жасаймын», деп уәде бердім.
Сонымен біздің әулеттің бұзылмайтын бір дәстүрі бар. Әрине, бәріміздің өз үйіміз бар ғой. Бірақ қай-қайсымыздың ұлымыз үйленіп, келін түсірсек, ең алдымен қара шаңыраққа түсіреміз. Жаңа түскен келіннің басына анамыздың ақ жаулығы салынады. Анамыз ұстаған шымылдыққа кіреді. Иә, келінге анамның өмірде тағып жүргенжаулығы бірінші салынады. Ары қарай өзі басқа орамал тағуы мүмкін. Сол қара шаңырақта беташарын өткіземіз. Содан кейін ғана келінді өздері үйлеріне алып кетеді. Қыз ұзатылатын болса да құдаларымыз бірінші қара шаңыраққа келіп, қызымызға сол жерде сырғасын, үкісін тағады.
Құдалық болса да алдымен құдалар қара шаңырақтан дәм татып, ары қарай өз жөнімен жалғаса береді. Міне, біздің қара шаңырақта осы дәстүр қаншама жылдан бері жалғасып келеді. Тағы бір айтарым, анамыз көзі тірісінде біраз әшекей бұйымдар жинаған екен. Сол бұйымдар қара шаңырақта сақтаулы. Қыз ұзатсақ та, келін түсірсек те құдалық кезінде құдағиға ырым қылып бір бұйымын береміз. Осындай үрдіс бар. Бұл бәріміз өсіп-өніп шыққан қара шаңырақты қастерлеуден, шыққан үйімізді ұмытпаудан кеп туындаған дәстүр. «Әр қара шаңырақ – қазақтың Отаны» деп ақындар дөп жырлаған ғой.
Ешқандай әнші әнімді кері қайтарған емес
– Бүгінгі ақындар мен сазгерлер өз туындыларының бағын жағуда өздері ізденуі керек сияқты. Сіз өз әніңізге орындаушыны қалай таңдайсыз? Жалпы шығармашылық ортамен байланысыңыз қалай?
– Көптеген өнер адамдарымен араласып тұрамын. Соның ішінде Досымжан Таңатаров өзімнің інім, бауырым, бір туған ағалыінідейміз. Көрші ауылдан. Досымжанның жаңадан терме айтып жүрген кезінен білемін. Оқушы кезі еді. Досымжан інім бір әңгімесінде «Аға, баяғыда сіздер бас қосқан жерге барып, әңгімелеріңізді естісек, ауылға келіп «Қайрат ағалардың қасында тұрдық қой, әңгімесін тыңдадық қой» деп төбеміз көкке жетіп мақтанатынбыз. Сіздерге еліктеп өстік қой», деп еді. Ал белгілі актер Жалғас Толғанбаев біздің ауылда құрылған ансамбльдің мүшесі болды. Әлі есімде, Жалғасты «Жігіттің сұлтаны» байқауына дайындап, республикаға дейін апарып, жеңімпаз болуына бар күш-жігерімізді салғанбыз. Саят Медеуов, Бауыржан Есебаев сияқты таланттармен Алматыға келіп таныстым. Кейін Бауыржан менің өкіл балам болды. Біздің Жамбыл жақта сондай бір дәстүр бар.
«Әкені аңсау» деген әнімнің аранжировкасын жазғызбақ болғанда Досымжан арқылы белгілі композитор Бағлан Омаровпен таныстым. Міне, осындай өнер иелерімен жақынырақ араласамын, сыйласамын. Егер бір әнім дүниеге кеп жатса, алдымен осы жігіттерге жіберемін. Өйткені мен жаздым деген ән басқа біреудің әніне ұқсап кетіп жатса, оның соңы соттасып, «менің әнімді ұрлап алыпты» деген сөзге қалып жатсақ, масқара емес пе?! Осы жігіттер менің әнімді алдымен тыңдап, кем-кетігін айтып, толық дайын болған кезде «Бұл әніңіз мына әншінің табиғатына келеді, соған беріңіз» деп ақыл-кеңестерін айтып отырады. Әзірге мен ән ұсынған әнші ешқандай дүниемді кері қайтарған емес. Соған қарағанда әннің орындаушысын дұрыс тауып жатқан сияқтымыз.
– Тараз төрінде үлкен шығармашылық есеп бергелі жатырсыз? Бұл идея қайдан туындады?
– Енді шығармашылық кеш өткізу идеясы қайдан туындағанына тоқталайын. Жалпы өзім мерейтой жасауға құмар емеспін. Ердің жасы елуге толған кезде де ешқандай той істемедім. Енді алпыс жасқа аяқ басқан кезде ойландым. Себебін айтып берейін... Әкем марқұм алпысқа толмай тұрғанда «Сіздің алпыс жылдық мерейтойыңызды керемет қып өткізгім келеді. Үлкен сахна қоямын. Той палаткада өтпейді. Жиырма киіз үй тігеміз, әрқайсысында жиырма адамнан болса, тойға төрт жүз адам жиналады. Сахнада ақындар айтысын ұйымдастырамын. Сіздің атыңыз ақындардың аузыменен жырланады» деп айтушы едім. Ол жылдары елімізде айтыс өнері қатты дамып жатқан кез. Жамбылдық мықты айтыскерлермен қоян-қолтық араласып жүрдік. Негізі республикадағы «сен тұр, мен атайын» деген айтыс ақындарының көбісі біздің Жамбылдан еді ғой. Шорабек Айдаров, Мұхамеджан Тазабеков, Айнұр Тұрсынбаева, Ербол Қамбатыров, Алтынгүл Қасымбекова, Айтмұхамед Исақов, Серік Қалиев, Аңсар Жұмабеков, Күмісай бар, шетінен мықтылар... Бірақ адамның емес, Алланың дегені болады екен. Әкем 58 жасында қайтыс боп кетті. Алпыс жасқа жетпеді.
Бірақ 2016 жылы әкеме ас берген кезде Балғынбек Имашев, Айтақын Бұлғақов, Сырым, Алтынкүл, Күмісай, Жуалыдан Қанат, тағы да басқа ақындарды шақыртып, айтыс жасадым. «Әкені аңсау» деген ән жинағым сол кезде дүниеге келді. Енді әкем көре алмаған алпыс жас Аллаға сансыз шүкіршілік, маған бұйырған екен, шынымен атап өткім келді. Онда да басында Алматының бір мейрамханасында той жасап, атап өте саламын ғой дегем. Бірақ бұл ойымды Досымжан, Саят, Бауыржан, Жалғастар бұзды. Бір бас қосып қалған кезде «Аға, сіз неге шығармашылық кешіңізді өткізбейсіз?» деп қалды жігіттер. «Әй, ұят шығар, мен өзімді композитор, ақын деп айтпаймын» деп едім, «Жиырмадан астам әніңіз бар, тағы да жаңа әндер жазсаңыз, бір концертіңізді өткізуге болады ғой» деп тосын ой салды.
Қысқасы, сонымен «Ендеше концертті туған жерім – Таразда өткізейін, туған еліме, туған жеріме есебімді берейін» деп келісімімді бердім. Енді өнерімнің бағасын халық береді. Менің сөзіме жазылған басқа да композиторлардың әндері бар. Осы концертте жаңа әндер айтылады. Бұл кештің шығу тарихы осындай...
«Сіз менің өмірім үшін жаралған сияқтысыз»
– Отбасы – ұлттың тірегі, сыйластық, жарастық орнаған орта, кішкентай Отан. Енді бала-шаға, немерелер туралы, олардың тәрбиесі туралы, жеңгеймен қалай таныстыңыз, мамандығы жайлы аз-кем айтып кетсеңіз...
– Келіншегімнің есімі – Ботан. Бәрі Бота деп кеткен. Көрші ауылдың қызы. Біздің бір-бірімізге сезімімізді білдіру ерекше жағдайда өткен. Бота менен 8 жас кіші. Мен ансамбль құрып ойнап жүрген кезде Бота билейтін. Кішкентайынан биге қатысқан. Жап-жақсы өнері бар. Кейін мектеп бітіріп Тараздағы пединститутқа оқуға түсті. Қасында Бұлбұл деген жан құрбысы бар. Бұлбұл десе бұлбұл, әнді керемет айтады. Бота билейді. Екеуі мектептен, интернаттан бірге келе жатыр. Институтта да жұптары жазылмады. Бір-бірінен ажырамайды.
Тіпті «Екеуміз егіз жігіттерге тұрмысқа шығамыз» деп айтады екен. Сол Ботаны «Айша бибі» ансамбліне алуға өтініш жасап, әйгілі биші Байдәулет Сазабековке алып бардым. Байдәулет ағамыз Ботаның өнерін көріп, жоғары бағалап, келісімін берді. Содан екеуміз Тараздағы орталық саябаққа бардық. Бота бірінші курсты бітірген. Сол жерде алғаш рет сезімімді білдірдім. Шынымды айтайын, Бота шошып кетті. Оның сондағы сөзі былай болды: «Ағай, ұялмайсыз ба? Мен сізді ағам деп жүрсем, ойыңыз басқаша екен ғой, ұялмайсыз ба?» деді. Енді мен сасқалақтап қалдым. Дегенменде Ботаны да, оның отбасын да өте жақсы танитынымды, қыз бен жігіттің арасында осындай сезім болатынын айтып жатырмын. «Менің де жүрегім сезеді, сенің де маған деген сезімің бар.
Содан кейін бүгін батылдық танытып, сезімімді білдіріп отырмын», дедім тағы. Бота ойланып қалды. Сөйтті де «Шынымды айтсам ағай, сіз менің өмірім үшін жаралған сияқтысыз», деді. Міне, Ботаның осы бір ауыз сөзі бүкіл тағдырымызды шешті. Қаладан екеуміз қол ұстасып қайттық. 1991 жылдың 28 қыркүйегінде отбасын құрдық. Аллаға шүкіршілік, бүгінде 2 ұл, 2 қызымыз бар. Ол кезде де армандадым. Осыдан келіншегім ұл туса Мұхаммед Қайдар Дулати атасындай үлкен ғұлама болсын деп есімін Қайдар қоямын. Бір жағы Қайрат деген есімге де ұқсас болады деп... Қыз туса Торғын қоямын деп армандадым. Бірақ тағы да адамның емес, Алланың дегені болатынына көзім жетті. Тұңғышымыз қыз болды. Өзіміз 4 ұл, 1 қызбыз ғой. Ең кішкентай ерке қарындасым Салтанат «сәбидің есімін мен қояйыншы» деп рұқсат сұрап, соның қалауымен Әйгерім деп қойдық. Екінші қызым дүниеге келгенде құрдастарым туу туралы куәлікті көріп «Қате жазып қойыпты. Сен қызымның есімін Торғын деп қоямын деп едің ғой, мына жерде Тоғжан деп жазулы тұр» деп аң-таң болады. «Жігіттер, биыл Абайдың 150 жылдығы. Сол тойға қосқан үлесім болсын деп екінші қызымның есімін Тоғжан қойдым. Абай сияқты менің де қасымда Әйгерім мен Тоғжан жүрсін» деп әзілдедім. Әйгерім анасына тартып биші болды.
Бірнеше рет аудандық, облыстық, республикалық арулар байқауына қатысып, жеңімпаз атанды. Оқуда да зерек болды, Лондонда ағылшын тілінен өткен халықаралық олимпиадада жеңіске жетіп, оқуға грантпен түсті. Тоғжан қызым физикадан Швецияда өткен халықаралық олимпиадада жеңіске жетіп, жоғары бал иеленіп, грантпен оқуға түсті. Қайдар ұлым да математикадан Мәскеуде өткен халықаралық байқаудың жеңімпазы атанып, ол да грантқа ілікті. Қайдарым былтыр үйленген. Алланың берген сыйы – Хадия деген немереміз бар.
Ең кенжеміз Қайнар Гумилев атындағы Еуразиялық университетінің екінші курсын бітірді. Бауырларым туралы айтатын болсам, өкінішке қарай, менен кейінгі Талғат деген бауырымның хабар-ошарсыз кеткеніне міне, биыл 29 жыл болды. Бірақ екі ұлын ұяға, екі қызын қияға қондырып, үй-жай қылып, әрқайсысын жұмысқа тұрғызып, бар қамқорлығымызды жасадық. Одан кейінгі інім – Садат. Ботаның жан құрбысы Бұлбұл екеуі отау құрған. Бота мен Бұлбұл екеуі егіз жігіттерге тұрмысқа шығамыз деп армандайтынын айтып едім ғой, Алланың қалауымен екеуі егіздерге бармаса да ағайынды жігіттерге тұрмысқа шықты. Аллаға шүкір, екеуінің 6 қыз, бір ұлы бар. Бұлбұл – «Алтын алқа» иегері. Одан кейін қара шаңырақта отырған Марат пен Ләззаттың 6 ұл, 4 қызы бар. Ләззат – Батыр ана. Қара шаңыраққа барғанда бір қабақ шытпай, барлығымыздың жағдайымызды жасайтын осы екеуі. Қарындасым Салтанат пен күйеу балам Қайсар үш ұл тәрбиелеп отыр. Жалпы біздің әулет ұстаздар әулеті. Төрт келінім де, үш інім де, қарындасым да мұғалім. Ата-анамыз да мұғалім болды. Нағыз ұстаздар династиясы деп айтуға болады. Сол жолды енді әке-шешеміздің немерелері жалғастыруда. Аллаға сансыз шүкіршілік, міне, бүгінгі тіршілігіміз осылай. Біреуден ілгері, біреуден кейін тіршілік көшін жалғастырып, әке-шешеміз жаққан отты өшірмей, ұрпақ сабақтастығын өрбітіп келеміз.
– Әңгімеңізге көп рақмет
Сұхбаттасқан Оралхан ДӘУІТ
Ұқсас жаңалықтар
«Еңбек еткенде қарапайым ережені сақтау маңызды»
- 4 қараша, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




