«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Пішеннің бағасы қаншадан болып жатыр?

Пішеннің бағасы қаншадан болып жатыр?
Ашық дереккөз
«Қыстың қамын жаз ойла» деген ұстаныммен өмір сүретін ауыл шаруашылығымен айналысатын ағайын үшін қазіргі маусым нағыз маңызды кезең. Бәрінен де осы тұста малдың қыстық азығын дайындауға аса мән берілетіндігі сондықтан.

Сала мамандарының мәліметінше, облыс бойынша 2025- 2026 жылдардағы мал қыстатуға 474,3 мың бас мүйізді ірі қара, 3,6 миллион бас ұсақ мал, 186,7 мың бас жылқы, 8,5 мың бас түйе түседі деп күтілуде. Осыған байланысты қыстауға түсетін мал санына қарай 2,1 миллион тонна пішен, 99 мың тонна пішендеме, 88 мың тонна сүрлем, 470 мың тонна сабан және 353 мың тонна құнарлы жем дайындау жоспарланған. Қорымызда 2024 жылдан қалған 654,6 мың тонна пішен, 83,8 мың тонна сабан және 15,6 мың тонна жем және бар.

Бұдан бөлек, өткен жылғы мал азығы қорын жеке қосалқы шаруашылықтар үшін қосымша жинақтау бойынша облыс көлемінде 1,7 мың тонна пішен дайындалған болса, бүгінгі күнге сол қордан қалған 673 тонна пішен әлі де жинақталып тұр. Сондай-ақ 2025-2026 жылғы қысқа түсетін әрбір шартты малға 15,0 центнерден азық бірлігі дайындалуда, бұл өз кезегінде малдан алынатын жоспарлы өнім көлемін және төл алуға мүмкіндік береді.

Бүгінгі күні мал азығын дайындау жұмыстарына сәйкес табиғи шабындықтардағы шөп пісіп қатаюына қарай маусым айынан бастап шабыла бастаған болса, пішендеме дайындау тамыз, сүрлем дайындау қыркүйек айында басталады. Мерзімді кезеңде Байзақ, Жамбыл, Жуалы, Қордай, Меркі, Шу аудандарында нақты 4 438 гектар көпжылдық шөп алқабы шабылып, 14,2 мың тонна өнім жиналды. Жалпы мал азығын дайындау үшін 313,3 мың гектар жер шабуға белгіленді.

Сонымен қатар биылғы жылы жиналатын дәнді дақылдардың 152,8 мың тоннасын мал азығына бөлу жоспарлануда. Аудандарда барлығы 5 862 мал қыстату орындары бар, оның 1 020-сы шалғайдағы жайылымдарда, яғни, құм зонасында орналасқан.

Облыс аумағында 1 түк пішеннің бағасы тұрақты 500-600 теңге аралығында, 1 килограмм құнарлы жем (арпа) бағасы 110-120 теңге көлемінде сатылуда. Биылғы жылдың ауа райы жағдайына жасалған алдын ала болжамдарға сәйкес, облыстың аумағында жауын-шашынның аз болуы нәтижесінде құрғақшылық орын алу қаупі жоғары. Аудандардан алынған жедел ақпараттарға сәйкес, біршама жайылымдар мен шабындық алқаптарындағы табиғи шөптің шығымы төмен болуда.

Осыған орай облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшылығы ауа райының қолайсыздығына байланысты келесі кешенді шараларды қабылдауды ұсынып отыр.

Олар: аудандағы жайылым алқаптары мен табиғи шабындықтардың жай-күйін зерделеп, қауіпті аймақтарды нақтылау, жайылым тапшылығы орын алған жағдайда алыс аймақтарда (отгон) орналасқан жайылымдарды пайдаланудың арнайы жоспарын бекіту, мал азығын дайындаудың биылғы жылға белгіленген көлемдерінің орындалуын қамтамасыз ету үшін әрбір шаруашылық субъектісі кескінінде дайындалатын шөптің көлемін бекітіп, шаруашылық субъектілеріне жеткізу, ауылдық округтер кескінінде ірі шаруашылықтардың шабындық жерлерін пайдалану арқылы (меморандумға қол қою арқылы) жұртшылық шаруашылықтарына қажетті мал азығының сақтандыру қорын жасау, мал азығын дайындауда өзен аңғарлары, сай-салаларда шөп дайындауға жарамды алқаптарды анықтап, шөп шабылатын жерлер балансына қосу.

Сонымен қатар алдыңғы жылғы тәжірибеге сәйкес, әрбір ауылдық округте жеке сектордағы ауыл тұрғындарының малдарына арналған арнайы азық қорын толықтыру мақсатында қосымша 1,3 мың тонна шөп жинауды қолға алу.

Жалпы мал азығын дайындау шарасы облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасының жіті назарында. Сондықтан сала жұмысын ұйымдастыру үшін аудан әкімінің салалық орынбасарларына арнайы топ құрып, ісшаралардың орындалуы бойынша басқармаға апта сайын жиынтық ақпарат ұсынып отыру міндеттелген.

 

Талғат ТАЛАПҰЛЫ

Ұқсас жаңалықтар