
Ерлан Құрмантайұлының сөзінше, облыста барлығы 181 нысанның құрылысы жүріп жатыр. Оның ішінде 137 нысан жыл соңына дейін пайдалануға берілмек. Қалған 44-і келесі жылға өтпелі ретінде қарастырылған. Атап айтқанда, білім саласында сметалық құны 32,8 миллиард теңгені құрайтын 22 нысанның құрылысы жүргізілуде. Жыл соңына дейін 11 нысанның құрылыс жұмыстарын аяқтау жоспарлануда. Қазіргі таңда 3 нысанның құрылысы толығымен аяқталған. Ал денсаулық сақтау саласында сметалық құны 32,1 миллиард теңгені құрайтын 7 нысанның құрылысы жүргізілуде. Спорт саласында да қыруар жұмыс атқарылып жатыр. 15 нысанның құрылысы басталса, биыл төртеуін пайдалануға беру жоспарланып отыр. Мәдениет саласына келсек, сметалық құны 4 миллиард теңге болатын 12 нысанның құрылысына 800 миллион теңге бөлініп, жыл соңына дейін тоғызының құрылысы толық аяқталады. Ауыл шаруашылығы саласында 5 ірі жобаның құрылысына 1,6 миллиард теңге бөлінді. Жыл қорытындысымен 3 нысан тапсырылса, қалған екеуі келесі жылға өтпелі, – дейді Ерлан Құрмантайұлы.
Басқарма басшысының сөзінше, биыл 765 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі деп күтілуде. Оның 33,6 пайызы бюджет қаражаты есебінен болса, 66,4 пайызы жеке инвестиция есебінен жүзеге асырылмақ.
Жалпы облыста бүгінгі күні коммуналдық тұрғын үй кезегінде 40 174 азамат тіркелген. Оның ішінде 30 045-і әлеуметтік осал топтағы азаматтар. Осыған байланысты биыл кезектегі азаматтарды әлеуметтік тұрғын үймен қамтамасыз етуге бюджеттен 36 миллиард теңге бөлініп, нәтижесінде 3 805 отбасын баспанамен қамту жоспарланған.
Жиында облыс әкімі Ербол Қарашөкеев «Жайлы мектептердің» жай-күйіне тоқталды. Айта кетейік, биыл облысымызда «Жайлы мектеп» жобасы аясында 13,5 миллиард теңгеге 3 мектептің құрылысы басталған. Жыл қорытындысымен нысандардың барлығы да пайдалануға беріледі деп күтілуде. Білім ошақтарының құрылысы тікелей Мемлекет басшысының назарында екендігін, бұл бағыттағы жұмыстар кешіктірілмеуі қажеттігін атап өткен аймақ басшысы жауаптыларға бақылауды күшейтуді тапсырды. Сонымен бірге облыс әкімі құрылыс жұмыстары сапасында салғырттыққа жол берілмеуі үшін жобалық-сметалық құжаттамаларды әзірлейтін компаниялардың жауапкершілігін заң аясында қарастыруды тапсырды.
– Құрылыс жұмыстарының кешігуіне көбіне кеш қаржыландыру немесе сот шешімінің негізінде тоқтатылуы себеп. Алайда бұған көбінесе бюджеттік бағдарлама әкімшілерінің жылдық жоспарды дұрыс түзбеуі себеп болып отыр. Қаржылық мүмкіндік бола тұра, мемлекеттік сатып алу рәсімдерін кешіктіріп, жауапкершілікті әлсіретуге болмайды. Құрылыс жұмыстары сот шешімімен бекерден-бекер тоқтатылмайды. Сондықтан жосықсыз мердігерлерге заң аясында тиісті шаралар қолданылуы керек. Алдағы уақытта «саны бар, сапасы жоқ» мердігерлер өз мүмкіндігін нақты бағалап барып ғана конкурсқа қатысатын болады. Егер сапасыз жұмыс қайталана берсе, сотқа беріңіздер. Тек бір ғана жолды ұстануымыз қажет – сапа, жауапкершілік, тиімділік. Қаражатты үнемдеу мен дұрыс жоспарлау әрбір басшының күн тәртібінен түспеуі тиіс. Сол себепті күрделі жөндеу, қайта жаңғырту және құрылыс жұмыстары бойынша әзірленетін жобалық-сметалық құжаттар актбюроның терең сараптамасынан өтуі керек. Қаржылық жоспарлауға жеке мүдде араласпауы қажет, – деді Ербол Шырақпайұлы.
Бұдан бөлек, жиын соңында аймақ басшысы биыл жоспарланған құрылыс нысандарын бақылап, жұмыстардың сапалы әрі уақытында аяқталуын қамтамасыз ету, тұрғын үйге мұқтаж азаматтарға арналған баспаналарды сатып алуды жеделдетуді тапсырды.
Нұрболат АМАНБЕК
Ұқсас жаңалықтар
Төтенше жағдайға қаншалықты дайын?
- Бүгін, 03:44
Кәсіпкерлер аулаларды асфальттап беруде
- Бүгін, 03:41
Ақпарат
Сотқа деген сенім – бәрінен маңызды
- 1 шілде, 2025
Жамбылда ҚАЖД қызметкерлері қан тапсырды
- 14 маусым, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді